Әлімбек Қабдоллаұлы мен Гүлназ Мақанқызының жазба айтысы
Әлімбек Қабдоллаұлы мен Гүлназ Мақанқызының жазба айтысы
Айтысты жүргізген: ақын Салтанат Солтанкелді сөзімен
Әлімбекке:
Дей алмаймыз жүрегінде жалын жоқ,
Ақындықтан алған жігіт тәлім көп.
Гүлназ қызға айтпаса да бағын деп,
Жетерме екен мықты ақынға әлің деп.
Шымылдығын бұл айтыстың ашпақшы,
Мойынқұмдық сері жігіт Әлімбек.
Гүлназға:
Менің де алған оңай емес тәлімім,
Талайлардың басқан қызбын арынын.
Орысша оқып, сауатымды ашқанмен,
Қазақ болып қалыптасқан тәлімім.
Сөз сайысып бір көрейін тәуекел,
Сері жігіт қыздан болса салымың.
Айтысам деп меніменен ағасы,
Солқылдайды- ау, алпыс екі тамырың!
Әлімбек Қабдолдаұлы айтыскер,ақын.Білімі жоғары.1981 жылы тамызда ҚХР ШҰАР Құмыл аймағы Баркөл ауданында өмірге келеді. 2023 жылы қазанда ата жұртқа қоныс аударған. Қазір Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында тұрады.
Әлімбек:
Жақсыға ел құшағы жайлы бесік,
Көрмеген салт-санасын сәл жүдетіп,
Ассалаумағалайкүм бердік сәлем!
«Таланыт тағзым» топқа тағзым етіп,
Есен сау жүрсіздерме? есіл халқым,
Бұйырып жақсы күннен жайлы несіп.
Алуан соқпағы бар тарап жатқан,
Алашта айтыс дейтін әйдік есік.
Өрнекті өлең өрген ұл-қызыңды,
Айтысқа шақырыпсыз жарлық етіп.
Тәмәм ел талап етіп тұрғаннан соң,
Отырмай жыр бастадым төр күзетіп.
Шыққан соң бұл айтыстың майданына,
Шабайын шамам келсе шаңды үдетіп.
Ақ жүрек алқалаған айбоз елге,
Інжудай ұсынайын әнді көсіп.
Бұл топта нелер заңғар шайырлар бар
Тұратын талғамынан таң нұры есіп!
Сайып қыран ағалардың сабағынан,
Алуан алтын арқау алдым есіп.
Сыйлы да, сыйласымды айтыс болсын,
Алмайық жан кейітіп, жал жүдетіп.
Ал жұртым ақындарға ақ жол тіле,
Шалқысын шарқтасын айбыны өсіп!
Ауыл-аймақ аманба? Гүлназ ақын,
Айтыста сіз болыпсыз бір қанатым.
Шығыстың шығандаған шынарсың,
Тамырың тас ұматып, шың жаратын.
Тұнып тұрған тарихтың теңізісің,
Өмірге өжет жырың із қаласын.
Сөйлесең сөзден жібек судыратып,
Қүлімдеп- күллі дүние нұрланатын.
Тарам-тарам шежіре нөсерлейді,
Сілкінсе көрікті ой, гүл қанатың.
Айшқты аңыз, ертек, ақылияң,
Төрінен әр жүректің бүр жаратын.
Сағымы сарайыңның жарқылдаса,
Түндігін түріп қашар зіл қара түін.
Ұлпан, Абақ аналар ізін басқан,
Батыл да, батыр жүрек қыз баласың.
Мен дағы мерейлі елдің мырзасымын,
Кісілік кірлетпеген жыр жағасын.
Ағаңды шамаң келсе шаңға көміп,
Жүлдені жүйрік санаң бұйдаласын.
Жыр орып отырған соң жұрт алдында,
Басыңды болбыр ой мен бусандырма.
Биіктен биіктерге самғағайсың!
Қырандай ықласы іңкәр құзға,
Ақтарсын ағыл тегіл асыл жырын,
Берейін сөз кезегін сұңқар қызға.
Гүлназ Мақанқызы ақын, журналист. 07.09.1994ж. білімі жоғары.Абай облысы Абай ауданының тұрғыны.
Гүлназ:
Амансызба? Әлімбек ақын ағам,
Шүкіршілік ел тыныш басым аман.
Недеген жыр төгіле салған демде,
Су жорға болады екен ақын адам,
Тасқын су келе жатқан сияқты ғой,
Ағынмен алай дүлей арқыраған.
Мен де білем ұзақтан атыңызды,
Шыдамайтын ақынсыз қасына адам.
Әріптесім сіз екенін білмей қалдым,
Білсем едім шықпастай жатып алар…
Дейді ғой кет ағаңды шаңға көміп,
Ондай күш қарындаста барма делік?
Ере алсам жаман емес жаялатып,
Көмбеге шын жүйрікке барған озып…
Дей алман ақын болып егей көрдім,
ағам-ау, тым асылға теңей бердің.
Тым артық талпынғанмен шамам осы,
Ой емес боп тұрмайма өлең болбыр…
Бұлт болып басқаныңмен күн сөнеме?
Теңелмес қай заманда құл төреге.
Айтыста сөз саптауы ғажап екен,
Ағамның жазған жыры бір төбеде.
Әлімбек:
Жаныңнан тұр төгіліп жыр бұлағы,
Көркемдеп көрген дүние гүлгүл әні,
Жалған мақтап жағымсып отырғам жоқ,
Әділет зеректігің шындық әлі.
Шыдамас екпініне еш адам деп,
Батырға теңеп айттың дұлығалы.
Артық мақтап үрікпеші атағымнан,
Мен де сендей өмірдің бір бұлағы.
Асылсың егескеннен есеңді алар,
Батырсың әр қадамын бекем қадар.
Көрмедім өлеңіңнің еш осалын,
Ақынсың ақ көмейден нөсер борар.
Дарының талпыныспен жетілмейме,
Деген бар сөйлей сөйлей шешен болар.
Сен өзі перісің бе? пендесің бе?
Мөлдіреп сөз ұйыған зердесіне.
Көктемнің гүлін аңсап неғыламыз,
Көбейсе өзіңдей қыз жер бетынде.
Рулық тансудан бей мәлімбіз,
Төгіліп кеңескенмен тор бетінде.
Текті сұрау тектілік деген бабам,
Туылдың қайсы ру, ел көшінде?
Гүлназ:
Аға ау! аға тағы да жебеп мені,
Бар жақсымды айтыпсыз бөлек көріп.
Молқының жаман қара қызымын мен,
Ешкімнен артығы жоқ өрескелдік.
АЛЛА бізді жаратса да текті ел ғып,
Отарлықтың қамытына кептелдік,
Қазақ болып туғанменен жат елде,
Оралманбыз, Отанымыз деп келдык,
Соғыстарда жаттың жерін қорғады,
Наубеттерде мәңгі өткелде сорлады.
Бөтен елдің босағасы бұйырып,
Бабам менің кетті ішінде толғағы.
Боп кетсе де жазу өзге, тіл өзге,
Қан өзгермей қояды екен лезде.
Өзін қиып өзгеге де симады,
Бабалаларым болғаннан соң түрі өзге.
Екі мыңда оралдық та отанға,
Қосылғандай боп жатырмыз қатарға.
Қайда апарып домалатар білмеймін…
Басымызды өмір дейтін от арба?!
Мұнда да сол бір қалыпты жалаң күн,
Жалаң күнде жар салады алаң бір,
Ең жақсысы ел аңсаған еңіреп,
Өз үйірін тапты ұрпағы бабамның.
Отырарды қоспасақта алғашқы…ә,
Отырғызбай тарих шері жалғасқан,
Ғасырында, шауып жүрген халық бар,
Астанасы төртінші рет алмасқан.
Әлімбек:
Қалдырған әр қадамы ғасырға жүк,
Аумаған әулетінен асыл даңық.
Тебініңнен тектілік көрініп түр,
Ежелден Молқы елі батыр халық.
Күллі қазақ таныған Оспан бабаң,
Қараңғы түнді тілген жасын жарық.
Киесі сол бабаңның өлең болып,
Бойынан ұрпағының жатыр жанып.
Қайда бар баяғыдай сайран дәуір,
Зарды ойласаң соғады заңғар дауыл.
Сарарқа сай сүйегі сырқыраған,
Арқадан алғаш рет ауғанда ауыл.
Бұл қазақ не көрмеді қайда бармады,
Қаншама ғасыр болдық жаудан жауыр.
Алтай мен Анадолы арасында,
Қапталы қара таулар толған қабыр.
«Орнында бар оңалар» деген бабам,
Орданың амандығын ойлан бауыр.
Соңғы көші қазақтың біз болайық,
Әлемді заман тербе қойдан қоңыр.
Білмеймын тірлік қанша біздің қалқа,
Сыпырып әкетеме сырды ұққанша.
Өз елің, топырағыңда өлген жақсы,
Бөтеннің тұзағында бұрлыққанша,
Тіліміз түзелер еді әрбір ана-
Үйінде ұлт тілімен тірлік қылса.
Ұяда нені көрген балапаның,
Ұшқанда соны алары шындық болса.
Бір жолда теңіз кетпес бұтін тұнып,
Сыртым бүтін боп жұрмын, ішім сынық.
Берекеде бола алсақ күллі қазақ,
Тастармыз қыйындықтың күшін түріп.
Отырар құлағанмен отан бар ғой,
Бұғанда иә, тауба! шүкіршілік.
Гүлназ:
Дұрыс аға, біз түркі баласымыз,
Бірлік елдің ең асыл қарашығы.
Әлемде қазақ батыр мен білерім,
Әлемде ұлы болса алаш ұлы!
Басынан дәуір ауған ғұн, сақтардың,
Шегі жоқ бар әлемде бағасының.
Көк түрік Тұран тұрса бірлігінде,
Дес бермес тепкісіне табашының.
Көбік езу, көп ұлттар көпіріп жұр,
Бұл күнде аяқ асты бағы ашылып.
Ертеңі жарық болып қырандардың,
Болады бір ұядан табатын үн.
Білмейді өйткені олар асыл тектің,
Жүрегі тек қаным деп соғатынын.
Балағы жыртылмаған ел едік біз,
Тістеген жерде қалсын оратылып…
Біз деген кім болмадық, тайпа болдық,
Ұлыс болдық, тұлпарға қайта қондық.
Ұлт болып ұйысқалы бес ғасырда,
Жетеді тере берсең айтар ерлік.
Мың жылда төрт атауға ие болып,
Соңғы рет қазақ болып қайта келдік.
Пері болдық, от болдық, өрт те болдық,
Әулие боп аңызбен көкте қондық.
Бір ғасырда саналып бітпей жатыр,
Кешегі ұлыларым еткен ерлік.
Адасқан жұрт емеспіз атландтай,
Жатырмыз ата баба текпен өрбіп.
Сондықтан біз өшпейміз ешқашанда,
Енді қайта тұратын шекке келдік.
Өткен күннің зобалаңы құрысын!
Жанын берсін бірі қазақ, бірі үшін.
Берекеміз бес баттам боп нар елім,
Ақшыл түнде айға қарап ұлысын!
Әлімбек:
Бойлапсың тарихтың тамырына,
Бабалар басқан жолдың бәрі мұра.
Қазақпыз қасқыр емген қайсар өжет,
Шыдаған сан дәуірдің даулына.
Еуір құл, мүкіс алаң оғыз бен сақ,
Қазаққа кеп қосылған қаңлы да.
Бір кезде билік құрған білікті ел ек,
Әлі тұр Азияның жазығына.
Құрлыққа қанша тозып кетсек тағы,
Ешкімнің айланбадық азығына.
Қазақтың қайнап жатқан тарихы бар,
Үңілсең ала шардың жазуына.
Жота, дөңес, белдері бір-бір дастан,
Айтып тауыса алмайсың жазып, ұға.
Тұтасып түгел қазақ тұғыр тіктеп,
Отаның қалқан болсақ қадырына.
Елім деп ер жүрегін баптағасын,
Баулиық болашақтың пәк санасын.
Шетелмен елді бейбіт ұстап тұрған,
Көп таға бермеу керек патшаға сын.
Өсекшілер өзіңді өзің сөксең,
Кім саған әкеп береді жақсы ағасын.
Ордаңдай қорға қазақ отаныңды,
Көксемей көрінгеннің бас панасын.
Ана отан, баба жұрт деп қам жемесең,
Алдында ақиқаттың аш қаласың.
Жылдардың жылғасынан жиып маржан,
Ізетті ел ықласынан иықтанған.
Өркеш-өркеш өмірдің қатпарына,
Тарам-тарам тарих ұйып қалған.
Өмірдің қиынына қыңқ етпейтін,
Жігері біздің елдің жілікті арлан.
Ал, Гүлназ тағы біраз төгілдірші,
Моншағын тарихтың тұнып қалған.
Айтысымыз дәмсіздеу боп барады- ау,
Көжедей көп сапырып суып қалған.
Жатырсың ізетті ойдан інжу бүркіп,
Тарих айдыныңда тұрдым кілкіп.
Жоқ әлде демді ала қаламызба?
Жетектеп Көктөбеге дізгінді іркіп.
Гүлназ:
Е, аға, өткенді айтып марқаямыз,
Еңіреген елес қой сай саламыз.
Келімсектер құтырды төбемізде,
«Казсад» қа орын бердік айқара біз.
Доктрина жұтылып ырқына біз,
Секталарда серппедей жұлқынамыз.
Кеден одақ жат жұртты үймелетіп,
Қаптап кетті жаттардың жылтырағы.
Шахталарда қырылып талай қазақ,
Пайдасын шетел көріп құлпырады.
Кешегі Қызылағаш есіңдеме,
Тоспасы бос болғасын шырқырады.
Байқоңыр, Балқашты атты пратонмен,
Жер үшін қайсы қазақ құн сұрады?
Сан тұғырға талатып тілдің өзін,
Тулақтай тозып біткен жұлқылады.
Мұнай, мыстың иесі қазақ емес,
Жұмысқа алмай қазақты қырсығады.
Қолды болған жерлердің өлшемі жоқ,
Қазақ жерсіз тұлдыр боп құр шығады.
Бала саттық ұялмай өзге елдерге,
Сәби үні шетелде шырқырады.
Жүзге, руға, сектаға, партяға,
Бөлініуді шығардық бұл күні әлі.
Соның бәрін қалыпқа келтіретін,
Қашан аға, қазаққа күн туады?
Кеше дейміз әттең- ай, кеше деймыз,
Қашан біздер бақытты еселейміз?
Кешегіге марқайып отырғанмен,
Ертеңгіні қай жаққа жетелейміз?
Кейде менің кетеді жаным күйіп,
Алатындай бұл қазақ бағын жуып.
Жүргенін-ай, десеңші жарқын таңның,
Мұнар басып ата алмай сағындырып.
Кейде ойлаймын қайсы бір қаской келіп,
Әкетті деп қазақтың бағын бұрып.
Дауыл қазақ кешегі қайда кетті?
Жарты әлемді жайпаған шауып жүріп.
Таусылмас шын жыласа мыңы мүңның,
Жеткен жоқпа? кіл шағы тірілудің.
Өз еліме қайтейні өкпемді артып,
Сынағы шығар бұл да шынығудың.
Тілерім ашық аспан түсіп тұрсын,
Өр елдің маңдайына нұры күннің.
Әлімбек:
Ертеңнің шежіресін елім шертер,
Биікке жете алмайсың ерінсеңдер.
Ол саған жеңіс келе жатқандғы,
Біреуден қапылыста жеңілсеңдер.
Қазақты аман болса асқақтатар,
Мұқалмас болат бірлік, сенім серпер.
Бастап ек бұл айтысты басқа сеніп,
Болмады-ау, дарын құрғыр артқа теуіп.
Дардай уақыт қарындас қан, тер болдық,
Шамам да келметұғын тас көтеріп.
Екеуміздің айғайға сел етеме?
Абайды ұқпаған ел бас көтеріп.
Осыменен айтысты доғарайық,
Кесімді кеткен екен шақта толып.
Бұл орта өнегелі дәстүр орда,
Ұнаса болды өлең жақсыларға.
Өзіңе үлкен алғыс қарындасым,
Дарының дамылдамай тартсын алға!
ТТ әдеби-өнер ұжымы whatsapp тобы. 16.01.2025ж.
Әлімбек Қабдоллаұлы мен Гүлназ Мақанқызының жазба айтысына шағын сараптама
Бұл айтыс – қазақтың байырғы сөз өнерін, айтыс дәстүрінің озық үлгілерін жалғастырған, сонымен қатар жаңғыртқан бірегей өнегелі туынды. Әлімбек Қабдоллаұлы мен Гүлназ Мақанқызының жазба айтысы ақын Сара мен Біржан салдың классикалық айтысынан өнеге алып, соны үлгі ретінде пайдаланғанын анық байқаймыз. Бұл ерекшелік олардың сөз қолданысынан, ой тереңдігінен, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуынан, әдепке бағынған сыйластықтарынан, ұлдың ұлағаттылығын көрсеткенінен, қыздың иба сақтағанынан бастап, өнерді ұлық орында ұстанаынан көрінеді.
Езуінен ерен енші өлең берген Әлібек Қабдола ұлы бауырыма, таңдайынан таң нұрындай тап-таза тамаша жыр төккен алтындай ақын қарындасым, Гүлүаз Мақанқызына алғыс білдіре отырып, өлеңдеріңе патша көңілден тілік білдіруді жөн санадым…
Айтыстың ерекшелігі мен өресі: Өлең құрылысы мен тақырыптық көпқырлылығы: Айтыс тек тартыс немесе өнер жарысы емес, ол – ақындардың ой өрісі, дүниетанымы, ұлттық сана-сезімі көрінетін әдебиет саласының биік шыңы.
Ерекшелігі: Екі ақын да поэзиялық ойды ұлттық тарихпен ұштастырып, әр тармақта терең мағынаны жеткізе алған. Бұл айтыс бір мезетте тарихи-танымдық, әлеуметтік-сыни, рухани-өнегелік мазмұнды қамтыған.
Айтыстың мәдени мұра ретіндегі маңызы: Айтыста қазақтың өткені, бүгіні және болашағы туралы ойлар тоғысады. Әлімбектің: «Қазақтың қайнап жатқан тарихы бар,Үңілсең ала шардың жазуына»,
– дегені ұлттық болмысты терең түсінуге шақырады.
Гүлназдың:
«Біз деген кім болмадық, тайпа болдық,
Ұлыс болдық, тұлпарға қайта қондық»,
– дегені тарихи сана мен ұлттық тұтастықты нығайтудың айқын көрінісі.
Ақын Сара мен Біржан салдың айтысымен үндестігі: Бұл айтыс Сара мен Біржанның классикалық айтысымен тікелей үндеседі. Атап айтқанда:
Сөз әдебі мен сыйластық: Сара мен Біржанның айтысында қарсыласын сынап, өз күшін дәлелдеумен қатар, оны құрметтеуді, бағалауды ұмытпайтын дәстүр қалыптасқан. Мұнда да осы үрдіс сақталған.
Әлімбек:
«Ақ жүрек алқалаған ай боз елге,
Ұсынайын інжу сөзді әнді қосып»,
– деп, қарсыласын құрметтеп, сөз кезегін әдеппен береді.
Гүлназ:
«Ассалаумағалейкум, ақын ағам,
Шукіршілік ел тыныш, басым аман» – деп, сөзді ізетпен бастайды.
Тарихты терең толғау: Сара мен Біржан айтысында да қазақтың тұрмыс-салты, әлеуметтік теңсіздік, халықтың мұңы ерекше орын алған. Бұл айтыста ақындар тарихқа терең үңіліп, ұлттың басынан өткен қиындықтарды шынайы бейнелейді:
Әлімбек: «Сар Арқа сай сүйегі сырқыраған
Арқадан алғаш үрет ауғанда ауыл».
Гүлназ: «Алла бізді жаратса да текті елі қып,
Отарлықтың қамытына кептелдік».
Әйел бейнесінің көрінуі: Сара қазақ әйелінің намысын, терең ойы мен шешендігін паш еткен. Бұл дәстүрді Гүлназ да жалғастырады. Оның:
«Пері болдық, от болдық, ортада болдық,
Әулие боп аңызбен көкте қондық»,
– деген жолдары әйел затының рухани күшін, батырлығын айшықтайды.
Тартыстың өткірлігі: Сара мен Біржанның айтысында сын, әзіл-оспақ арқылы тартыс қызу жүреді. Бұл айтыста да сол үрдіс сақталған. Әлімбек қарсыласын сынап:
«Айтсаң да сөзден інжу суыратып,
Күллі дүние күлімдеп нұрланатын»,
– десе, Гүлназ оған жауап ретінде:
«Ерегіссем жаман емес жаяулатап,
Көмбеге шын жүйрікке барған озып»,
– деп, қарсыласына ілтипат білдіре отырып, өз мүмкіндігін көрсетеді.
Айтыстың тәрбиелік мәні: Айтыс – тек өнер жарысы емес, ол ұрпақты тәрбиелейтін рухани құрал. Ақындар өз жырлары арқылы ұлттық бірлік пен тұтастықты насихаттайды:
Әлімбек: «Қазақты аман болса асқақтатар,
Мұқалмас болат бірлік сенім сертер».
Ұлттық санаға шақырады:
Гүлназ: «Өз елімде қайтейін өкпемді артып,
Сынағы шығар бұл да шынығудың».
Тарихты ұмытпауға үндейді:
Гүлназ: «Кешегіні мақтан етіп отырғанда,
Ертеңгіні қай жаққа жетелейміз?»
Айтыстың көркемдік шеберлігі, образдар мен теңеулердің байлығы: Айтыста табиғатқа, тарихи тұлғаларға, халықтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты теңеулер кеңінен қолданылған.
Әлімбек: «Сар Арқа сай сүйегі сырқыраған».
Гүлназ: «Пері болдық, от болдық, ортада болдық».
Тақырыптық үйлесім: Айтыс құрылымы тақырыптық бірізділікті сақтаған. Ақындар тарих, салт-дәстүр, ұлттық рух мәселесін кезең-кезеңімен қозғай отырып, өз ойларын көркем жеткізген.
Әлімбек Қабдоллаұлы мен Гүлназ Мақанқызының жазба айтысы қазақтың әдеби мұрасын жаңа белеске көтерді. Айтыстың тереңдігі мен өрісі ақын Сара мен Біржан сал дәстүрімен тығыз байланысқан. Қарсыластың өнерін бағалау, ұлттық мұраға адалдық, болашаққа үмітпен қарау – айтыстың басты ерекшеліктері.
Бұл айтыс – бүгінгі әдебиетке ғана емес, бүкіл қазақ ұлтының рухани өміріне үлгі боларлық дүние. Екі ақынның шығармашылығы айтыс өнерінің мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
(Дүйсен Бағдалұлының ұсынысымен жаздым)…
Жазушы, этнограф, сыншы Болат Бопайұлы
17.01.2025ж. Алматы.