Ұлыс күн-ұлық мереке
Ұлыс күн-ұлық мереке
(Дәстүрлі наурыз мерекесіне тиесілі ғұрыптық наным-сенім белгілері)
Наурыздың этникалық тегі және аты: Наурыз-бес мың жылдық тарих үрдісінде мәлім болған ежелгі этностық топтар тойлайтын ғұрыптық рәсім. Қазақ тілінде ұлыстың ұлы күні деп аталады. Қазақ ұғымында ру мен тайпа ұжымы бірігіп, ұлысты құрайды. Ол ұлысу деген сөздің қысқарған түрі. Көшпенді халықтар бөріге табынып, оны төтем тұтқан заманнан бастап бар ұғым. Көшпенділер бөрінің ісі мен қарым-қатынас жасау тәсіліне барынша табынудан туындайды. Бөрінің қайсарлығы мен ақылдылығын, мәрттігі мен шыдамдылығын, сезімталдығы мен табандылығын ардақтап, құрмет тұтады. Ру- адам баласының біртіндеп дамуынан пайда болған әлде бір қоғамдық жік немесе тарихи құбылыс. Осы қоғамдық жіктен барып, тайпалар, ұлыстар бірігеді. Ұлысу-тарихи ұран болып, бірігу, ұйысу дейтін мағынаны беріп тұрады. Жер жүзіндегі алғашқы жазулардың бірегейі руника десек, сол «руника» сөзінің шығуы «ру», «ұлыс» ұғымдарымен астасады. Рулардың бірлігі–ұлыс. Ұлыстың ұлы күні–кішігірім рулық мемлекеттердің бірігуінің символы. Себебі дәл осы күні, яғни 21-нен 22-не қараған шақта Күн календары бойынша аспан денелері бастапқы нүктесіне келіп, жаңа тірлік басталады. Бұл аспан шырақтарының шоқ жұлдыздар бір жылғы айналымнан кейін бастапқы айналу нүктесіне келіп, жаңа жолды-шеңберді бастайтын күн. Қазақ қауымы «Ұлыстың ұлы күні» деген тіркесті тектен текке айтпайды. Бұл атау қазақ халқында ғана сақталып қалған көне тіркес.
«Ұлыстың ұлы күні» деген тіркес қазақтан өзге бірде-бір төркі тілдес елдерден кездеспейді. «Ұлыс» сөзінің екінші мағынасы бірігу дегенді білдіреді. Ұлыс күн-Еуразия кеңістігін мекендеген тілі мен дүние танымы, салт-санасы мен дәстүрлі ортақ рулардың тұтастығына негіз болған, қазақ этносының бірлігін айқындайтын есте жоқ өте ежелгі дәуірден сыр шертетін қасиетті күн. Наурыз айын тас бітікте «Ілкі ай», яғни «Бірінші ай» деп атады.
Наурызды қазақ танымында “Ну” мен “Ырыс” деген екі сөзден таратады. “Мол ырыс”, “үлкен байлық”, “ырысты алап”, “қасиетті ай” деп бағалайды. Бұл ұғым бір айдың жалпы атауына қаратылады. Ал қазақ жеріне араб, парсы елдері ат басын бұрған кезеңдерде бұл атау осы отаршыл елдердің сөздік қорынан ізделді. Наурыз сөзі – парсы тілінде «нав» – жаңа, «руз» – күн, яғни «жаңа күн» деген сөз. Бұл ұғым сол ислам дінін таратқан халық өкілдері арқылы жетті. Бір ғана мерекелі күн ретінде қаралды. Қазақтарда бұл айдың өз атауы көкек айы аталған. Бірақ көкек атты құс тұрақсыз, ұшқалақ, жеңілтек болған соң, оның атын орта ғасырдан кейін наурыз айына өзгертті. «Көкек келді, көктем келді, көкек келсең көптен бер, көптен берсең көпке бар» дейтін тілек сол кездерден қалыпты. Наурыз-көкек айында басталатын бүкіл халықтық ұлы мерекенің аты. Ұлыстың ұлы күні осы айға тұспа-тұс келеді.
Ұлыстың ұлы күні ұлан-ғайыр қазақ даласында екі рет тойланады. Мұның себебі ай күнтізбесі бойынша жыл басындағы ілкі айдың 14 де ай толып, жаңасы басталады. Міне, дәл осы күні аспан денелері өзінің бастапқы нүктесіне келіп, бір цикл аяқталып, жаңасы басталады. Қазақстанның батыс өлкесіндегі қазақтар Ұлыстың ұлы күнін наурыз айының 14 жұлдызында мейрамдау әліге дейін дәстүрден қалған жоқ. Екінші-Күн күнтізбесі бойынша Ұлыстың ұлы күнін, яғни жаңа жылды тойлау осы айдың 22 жұлдызына сәйкес келеді. Наурыз -біздің тілімізге орта ғасырдың ішінде енген кірме сөз.
Наурыз мерекесін бір тәулікке балап, әлемдегі елдер де тойлайды. Атын да әр түрлі жазады. Бұл мейрамды ежелгі Гректер “Патрих”, Бирмалықтар “Су мейрамы”, тәжіктер “Гүл гардон”, “Бәйшешек”, “Гүл наурыз”, хорезмдіктер “Наусарджи”, татарлар “Нардуган”, буряттар “Сагаан сара”, соғдалықтар “Наусарыз”, армяндар “Науасарди”, чуваштар “Норис ояхе”, ұйғырлар “Нороз” деп түрліше атайды. Шығыс халықтары да орта ғасырдан бастап ұлық мерекені мемлекет көлемінде еске алады. Қазақстан, Әзербейжан, Албания, Авғанстан, Босния және Герцеговина, Үндістан, Иран, Қырғызстан, Пакстан, Тәжікстан, Ресей құрамындағы Татарстан, Башқұрстан, Түркия, Өзбекстан қатарлы мемлекеттер демалыс беріп, тойлауды дәсдүрге айналдырады.
Наурыз мейрамының тайпалық дәуірден қалған дәстүрі және дерегі айқын. Бес мың жылдың алдыңда жасаған ру, тайпа, ұлыстар тірлігінен сыр шертеді. Наурыздың 2500 жылдық жазбаша тарихы бар. Әз Наурыз Шығыс елдерінің отырықшы халықтарының, егінші жұрттардың мейрамы және Еуразия төсін тұлпар тұяғымен дүбірлеткен көшпенді бабаларымыздың ортақ мерекесі саналады. Ертеде Александр Македонский (б.з.д 356-323 жж. өмір сүрген) орта Азия елдерін жаулап алу сапарында Самархан жерінен ұлық мерекенін өткенін естелікке алғызған. Мәшһүр-Жүсіп бабамыз: «Төле би заманындағыдай кең ауқымды Наурыз бұрын-соңды тойланған емес», -дейді. Мәшһүр Жүсіп еңбегінде: “Ол күні қожаларға оқытатын наурызға арналған кітап болады. Оны “Салдама” деп атағандығын мысалға келтіреді. Хакым Абай кейін мейрамның жыл басы екінін жайып салған: “ол күнде наурыз деген жазғытұрым мейрам болып, наурыздама қыламыз деп той-тамаша жасайды екен. Сол күнін “Ұлыстың ұлы күні” дейді екен. Асып туған ақын Мағжан Жұмабаев бір кезде «Қазақтың Наурызы-діни мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы», -деп қадай, шегелей айтып, жазып қалдырады. Қазір сол жамып наурызнама немесе наурызтану саласына кеңейді.
Наурыз мерекесінің дәстүрлі сипаты. Ұлыстың ұлы күні тойланатын ұлық мереке-тепе-теңдіктің, береке-бірліктің, еңбек пен шаруаның, ізгіліктің, татулықтың, тазалықтың, балдай бақыттың мерекесі. Ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту мерекесі. Табиғаттың түлеу, жаңару мерекесі. Дәстүрлі жаңа жыл мерекесі. Әр отбасының, әр ұжымның өз басындағы шаттық мерекесі. Маусымды өткеретін еске алу мерекесі. Ұлыс күнде ең алдымен теңдік орнайды. Күн мен түн, қыс пен жаз мезгілдері теңеледі. Табиғат пен ғарыш заңдылығы ескеріліп көже жасалады. Қазақ ұғымында бір жыл екі үлкен маусымға бөлінеді. Алты ай жаз, алты ай қыс болса, ол дәл наурыз күнімен парықталады. Күн мен түн де тең уақытта ататын, бататын болады. Барлық алаш жұрты көрісіп, ақ пейілмен сәлемдеседі. Реніш жойылып, татулық орнайды. Құл мен күң бір күнге жұмысынан босап, қара көктермен теңеседі. Кей елде патша жақсы көрген құлына бір күнге тағын түсіп береді. Жанұя шаттығы құрылып, жан-жақ тар тазаланады. Көне бұйымдар тасталады әрі жаңаланады. Барлық адам бақытты бау-бақшада жүргендей сезімде болады. Табиғатқа адамзат еңбекпен, шаруамен жауап қайтарады. Әр отбасы қазан асып, өз туысқан, бауырларына мейіріммен тілек асын береді. Күллі әлем жаңа түске енген, рухани серпілу көңіл күйін бастайды.
Наурыз мерекесінің әр елде аталып өтуі. Қазақ халқы ұлыстың ұлы күнін аса жоғары думанмен, мәні мол мерекемен атап өтеді. Тіреукөже (Наурызкөже) жасалып, түрлі дәстүрлі сауық-кештер өтеді. Тәулік бойы ұлттық спорт ойындары жүріледі. Әр елдерде де қызықты ғұрыптық рәсімдер жасалады. Өзбектер 21 наурыздан 22 наурызға қараған түні ұйықтамай “Сомолок” қайнатады. Сол кеште жамағат би билеп, дәстүрлі әндерді шырқайды. “Cомолок” қайнатылған қазанға 20 тал жұмыр таза тас салады. Сол тастар кейін кімнің ыдысынан шықса сол бақытты жан есептеледі. Ат шаптырып, жамбы атысып жарысады; бір-біріне гүл ұсынып, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою-“Күн символын” салады; үйдің тіреу ағашына гүл іледі. Ежелгі түркілер болса алты күн қатарынан садақ тартып машықтанған соң, жетінші күні алтын теңге-жамбы атып жарысады. Наурыз күні ертедегі Иран патшасы қол астындағы адамдардың біріне патша шапанын сйға тартады деген де деректер бар. Әзербайжандар наурыз күні ерте тұрып, тәттіден ауыз тиеді. Қырғыздарда мереке қарсаңында әлуетті жігіт аюмен алысады. Қарулы жандар қарымын шығарып, өнер сайысына түседі. Тәжіктер мерекеде жігіттер бойжеткен қызы бар үйдің қорасын тазалайды. Таза болса отағасы, былғаныш болса, реттелмесе отағасын жігіттер күтеді. Бұл дағды адамзат қауымы ортақ мерекені тойлағаннан кейін қалған ұлттық таңбасы бар қызықты наурыз тойлау салты. Ол өзге жұрттарда да танылып жатса, таңдануға болмайды.
Наурыз мерекесіндегі ғұрыптық нанымдар. Ұлыстың ұлы күні қазақ ұлтына тәнірлік діни наным-сенімдер арқылы жеткен ұлық күн. Бағзы заманнан қалған тасқа таңба болып басылған байырғы мереке. Ұлы күнде орындалатын, дайындалатын, ырымдалатын рәсімдер мен шараларда ескі этно мәдени қасиетер көрініс тауып тойланатын мереке.
Көрісу амалы. Күнді негіз еткен күнтізбе бойынша наурыз айының бірінші күні. Жаңаша календарда 14 март дәл амалға жатқызылады. Осы күні Қазақстанның батыс аймақтарындағы жұрттарда сәлемдесу, көрісу салты жүріледі. Жыл басы жылқышы торғай (Наурызек) дың ұшып келуімен жасалатын сәлемдесу салты. Бұл күні жылы жерге ұшып келетін құр атын бірде “Наурызкөк” деп де шақырады. 14-17 күнге дейін бір апта тойлайтын үрдіс. Бұл амал ұлық мерекемен де байланысты аталып өтеді. Ұлық мерекеде халқымыз әуелі күнге сәлем беріп, содан кейін төс соғыстырып амандасып, алыс-жақын ағайын жиылып, қол алысып, алқа-қотан сырласады. Дәстүрде қол алысу еңбек ететін екі қолым аман болсын, төс соғыстыру бірлігім берік, жүрек қалауым таза болсын деген тәңірлік жосынның шындықтағы көрінісі.
Қадыр түні. Күнтізбе арқылы тізілген наурыз айының 21 күні түнгі сағат 3 те жаңа жыл қонағын күтіп алатын ырыс түні. Бұл ежелгі отқа табыну (Зороастризм) ескі нанымының, рухқа, аруаққа табыну (Анимизм) сенімінің жемісі. “Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша 21 март түнгі даланы Қыдыр аралайды екен. Сол себепті осы түн-“қыдыр түні” деп аталады. Қыдыр-адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, ақсақал кейпінде көзге көрінетін киял-ғажайып персонаж. Жақсылық әкелуші, жаңа түскен күн нұрының сймволы-Қыдыр ата даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, тасты ерітіп жібереді екен” [1,13].
Бір бөлім зерттеушідер Қадыр немесе Қыдыр деген мифтік кейіпкерді Қызыр деп ислам дініне тәуелдеп, қате атап келеді. Қыдыр алғашқы адам. Ол ислам діні енгеннен соң Қызыр атты мұсылман әулиеге ауыстырылады. Қыдырдың түп төркіні Қадыр немесе Қыдыр деген сөзден шыққан болу керек. Қадыр болса, “Қадырлы”, “Құрметті” деген сөз. Қыдыр болса “Қыдырып жүрген жолаушы” деген ұғым. Қызыр-алла мәңгілік өмір берген киелі тұлға. Діндік филология мен діни аңыздарда кезігетін аңыздық (Мифтік) бейне. Есімі Ілияс пайғамбармен қатар айтылатын дін таратушы әулие. Наурыз мерекесінде ел аралап бақыт, байлық таратушы Қыдыр ырыс пірі ретінде бағаланады. Оның келуіне бір түн от жағып қарсы алу рәсімі жүріледі.
Әз жүру. Халық санағы бойынша наурыздың 20-22 күндері аралығында әз кіреді. Ол әуелі болмашы діріл мен гуілдің пайда болуы арқылы білінеді. Әз қазіргі ғылыми тілде тсиклон немесе ауаның жылы ағысы деп аталады. Әздің жүруімен көк, ағаш, тал, бұтақ сынды тіршілік атаулыға жан бітіп, жаңа тірлік басталады. Қазақта наурыз күнін кейде әз наурыз деп атауы осы амалдың жанды дәлелі.
Нұрды күту. Шығыста таңғы 6 жарымда таң қылаң беріп ата бастағанда түркі жұртының бір бөлім жерлерінде түнгі 3 ке сәйкес келеді. Сол үшін өрімдей жас ұйықтамай, киелі нұрды күтеді. Ақ сәуле дегеніміз Күн-Ананың нұры, шуағы, жылуы. Байырғы түсінік бойынша ақ сәулені “ақша қардың” жауып, ашылуымен жақсылыққа балайды. Бұл алғашқы жауған ақша қарды “Наурызша” деп те атайды. Ұлыс күні қар жауса, “Нұр жауды” деп, туар жыл жақсы болатынын болжайды. Таң сәрі асау тайыншаны ерттеп, жанды қуыршақты мінгізіп, құйрығына ескі шелекті байлап, үркітіп қоя береді. Ауылды оятып жаңа жылдың ең алғашқы күнін, оның жарық нұрын ұлы құдыретке балап, қарсы алады. Бұл Төтемдік санадан, көкке, күнге табинудың жоғары өлшемі.
Тілеукөже үлестіру. Нарқазан, Тайқазанға ұлыс күні ас пісіріледі. Ол жеті дәмнен құралады. Тегіннен бұл ұлы тағамды тілеу көже деп атаған екен. Әсте наурызкөже демеген көрінеді. Оны аударсаң жаңа күнгі көже болып шығады. Сол үшін әр күндерде дерлік ішілетін тілеукөже деп атау орынды. Бұл төтемдік әрі магиялық түсініктен жасалатын қасиетті ас мәзірі. Қазақ жеті санын аса жоғары бағалайды. Ұлттық таным бойынша 7 қазына, 7 ата, 7 күн, 7 қат көк, 7 музыкалық дыбыс, 7 түрлі түс, 7 қат әлем сынды жеті санымен өрнектелетін тіркес бар. Бұнда зороастра дініне жақын келетін жеті нәрсе де қамтылып кетеді. Аталған дінде жеті құдайды әлемді құрайтын жеті нәрсемен: аспанмен, сумен, өсімдікпен, малмен, отпен, жермен, адаммен байланыстырады. Тілеукөжеге салынатын жеті дәм жеті түлік малдың киесіне, жеті түстің реңіне, жеті қасиетті нәрсенің құдыретіне теңеліп, ырымдап қосылады. Арпа, бидай, тары, сұлы, қонақ, күріш, бұршақ қатарлы және басқа жеті санымен талданған жеті өсімдіктің жерден сәтті өсіп шығуына тілеу тілейді. Жеті дәмді Көк, ақ, сары, қара, қызыл, қоңыр, жасыл қатарлы алуан түстің сиволы ретінде алып та қарастырады [2,3]. Сол жеті дәмге қоса, етті бөлек пісіріледі, сүзбе, малта құрт айырым езіледі. Барлығына су құйылады. Қазанның төрт бұрышына төрт май қойып, ерітіледі. Бұл мифизм ұғымы бойынша төрт жақ, төрт кереге, төрт көз түгел болуы үшін жасалатын ырым.
Өгіз сойып, шекеге бауыздау қанын жағу. Ұлыстың ұлы күні ескі наным бойынша сиыр түлігінің асылы алып бұқа сойылады. Бұл үрдіс ислам діні қазақ даласына енумен, жойылған. Тек құрман айт шаттығында ғана мал сою дағдысы орнын басқан көрінеді. Өгіз сою төтемдік ұғымның төл тумасы. Күнге, айға табынудың айғағы. Көкек немесе наурыз айында үркер көрінбей, күн жолы оны басып өтеді. Тек дешті қыпшақтың кей жерлерінде ғана үркердің қос жұлдызы бұқаның мүйізі секілді батқан күн жолының екі жағынан қылтиып көрінеді. Көшпелі даланың жартастарында бабалар өз қолымен мүйізімен қүн көтеріп тұрған алып көк өгіздің суретін салады. Бұл өшпес сурет жаңа жылдың көк нұрымен жерге енетінін бейнелейді. Үркердің жоғалуын еркек малды әсіресе бұқаны бауыздау арқылы еске салады. Оның қанын жас өркеннің қасының ортасына жағады. Күннің мәңгі жарқырауын тілейді. Кезінде “Үркер” сөзі мен “Өгіз” сөзі қатар аталған көрінеді. “Қазіргі көптеген түркі тілдерінде өгіз, көне түркі тілінде өкуз түрінде айтылатын бұл сөздің көне формасы вакер чуваш тілінде және ухер моңғол тілінде сақталған деген пікірді көптеген тілші ғалымдар қолдайды” [3,1]. Ескі тілде үркерді сақтап қалу үшін тастағы бейнеге қарап, өгіз атына беруі ғажап емес.
Көк тастың еруі. Бағзыда көк тастың еруі-магиялық түсінік түрлі тілсім затқа, сөзге жан-тәнімен сенуден келген ғұрыптық нанымның бірі. “Самарханның көк тасы еріген күн”, “Самархан-ер түріктің бесігі ғой, Самархан-ер түріктің есігі ғой” тейтін тіркестер тарихта орталық шахар Самарханда жаңа жыл мерекесі тойталанатын аймақ екенін деректейді. Бұл кезде тасаттық беру рәсімі өткен көрінеді. Сол ұғымнан да тас еритінін білуге болады. Жұрт жауын болмаған жылдары су атасы Сүлейменге арнап ақ боз келген ірі қара шалынады. Су бойына етін асып, су тәңіріне жалбарынады. Мұны “тасаттық” деп атайды. Ақ боз мал түлігінің өтінен шыққан тасты “Жай тасы”, “Жады тасы” деп атайтын салт бар. Бұл тас малдың өт сұйықтығынан пайда болған қатты зат. Ол суда ерісе, дұға қабыл болып, жауын жауады деп сенім артқан [4,32-33].
Әуелі қазақ мифтерінде судан ағып келген көк тасты екіге қақ жарып, бір-біріне соққанда от пен судан бірігіп тіршілік жаралған деген аңыздық түсінік айтылады. Негізі көк тастың еруі өгіз сойып, оның өтінің ішінен шыққан тасты еріту арқылы өмір жолының ашық болуын тілейді. Сөзге сенуден Қыдыр ата тасты ерітеді деп те ырымдайды. Самархан саласындағы көк тастан күн нұрынан да еріп кетеді. Көк тас аспаннан түскен тіршілік білтесі. Содан да қалтамызға салып, кеудемізге тағып алу оның шексіз құдыретін түсінген дағды. Наурыз айында ауа райы өзгерісін көрсететін қазақы амалдар да өмір сүреді.
Құс қанаты- алғашқы қардың атауы. Ол наурыздың алғашқы күні өткеннен кейін, араға апта салып, жапалақтап жауатын қар.
Отамалы-14-17 наурызда болатын табиғат өзгерісі. Ұзын сары-наурыз айындағы күннің ең ұзарған сәті.
Алтын күрек-наурыз айы мен сәуір айының өлара күндерінде оңтүстіктен есетін ескек жел, табиғатқа енетін жылы ағыс. Бұл амалдар қазақы атаумен аталатын маусымдық өзгеріске арналған дәстүрлі ауарайы болжамдары. Осы арқылы көшпенділер наурыз айындағы болатын табиғат құбылысын біліп отырады.
Наурыз мерекесіндегі фольклор туындылары. Ұлыстың ұлы күні халық парасатынан туған ғұрыптық туындылар мол. Ол-бабалар аманаты. Ол халық сенімінің сезімдік өлшемі. Сәулелі сананың асыл нұры. Ұлыс күнінде ең көп жасалған әдеби еңбектер жалпылай наурыз жыры деп айтылады. Бұны “ұлыс жыры”, “ұлыс күнгі ұлы жыр”, “ұлық мереке туындылары” десек те болады. Ұлыс күні кие тек жыр мен өлең ғана айтылып қалмайды.
Наурыз мейрамына арналған аңыз, миф, ертегі үлгілері бар. Прозалық жанр түрлеріне наурыз әңгімесі (Наурыз, қазақ, созақ атты ағайындылар әңгімесі), қар мен қоянның тілдесуі, Көк тасқа, Көк өгізге, жылқышы торғайға арналған мифтік әңгімелер т.б жатады.
Поэзиялық жанр түрлеріне наурыз батасы (ақ пен қара бата), наурыз әні, бәдік өлең, Аушадияр (жұптыр өлең), ғұрыптық айтыс (өлі мен тірінің айтысы, қыс пен жаздың айтысы, түн мен күннің айтысы), қыз бен жігіт айтысы, наурыз тақпақтары енеді.
Бұл мол әдеби мұралар толық жанр түрі болып ғылым саласында мойындалып, танылып кеткен жоқ. Халық арасында бұрын да қазір де құнын жоймай келеді. Ертеде сахналық көрініс жасап шыққан наурыз айтысы да болыпты. Мәселен, Бағзыда Александр Македонский (б.з.д 356-323 жж. өмір сүрген) көрген Самархандағы ұлан-асыр Наурыз думанын айтуға болады. Грек тарихшылары Самархан алаңында өткен ұлыс күнгі ұлық мерекеде күнді бейнелейтін 365 түрлі киім киген адам мен Түнді бейнелейтін 365 түрлі киінген адам сырнайлатып-кернейлетіп, бір-біріне қарсы жүрді деп жазады. Бұл көрініс күн мен түннің теңелуін көрсеткен айтыс өнерпаздарының бір қатары. Наруызға арналған өлең-жыр, айтыс, әңгімелерде қазақ болмысына келетін ұлттық дағды болумен қатар, көне наным мен түсінік араласып жүреді. Батада сөзге сену (Магия) нанымы, өлі мен тірінің айтысында рухқа, аруаққа (Анимизм) тәу ету рәсімі, Наурыз әңгімесінде табиғатқа, жануарларға (Төтемизм, Натуризм), аушадияр (жұптыр өлең) да жыл, маусым, ай, күн, сағат немесе мезгіл санағы (астрономиялизм) қатарлы этно мәдени ұғымдар бейнеленеді.
Наурыз мерекесінде орындалатын дәстүрлі ойындар. Ұлыс күнін қарсы алған қадыр түнінде Ұйқы ашар ойыны, селк еткізер, дір еткізер ойыны, отты айналу ойыны, алтыбақан ойыны, ақсүйек жасыру ойыны, күндіз орындалатын асық үйіру ойыны, бүлдіршіндер мен жастардың бұғыншақ, қашқаншақ ойыны мен қарттардың “Бел босатар” дейтін ойын түрлері кезігеді. Ұлыс күнгі ұлы мереке бір күнмен шектелмейді. Тек парсы елдерінің сөзі “Наурыз” немесе “Жаңа күнмен” шектелмеген. Оны бір ай бойы дәстүрлі өнермен атап өту науқаны жүріледі. Ұлы мейрам деңгейіне көтереді. Сақ, ғұн, үйсін дәуірінен бері сақталған қазақы спорт түрлері де қалпын бұзбай орындалады.
Наурызда орындалатын халықтық спорттық ойын түрлері: Көкпар-көне түркі бірлігінен келе жатқан маусымның алмасуына арналған ат үсті ойыны. Бұнда халықтық календармен есептеу арқылы алты ай жаз, алты ай қыс болған да, оны жануар немесе аң бейнесінде тұжырымдайды. Қыс айларын “тастан жаралған” ешкі, “түз тағысы” көк бөріге балайды да, жаз айларын “Оттан жаралған” қой түлігіне балайды. Қыс ызғары арымен кетсін деп символдық бейнесі ешкі түліктерін ат үстінде тартуды ұлттық ойын түрі ретінде жасап, көкпар тартуды дәстүрге айналдырып қалдырады. Аударыспақ, ұлттық күрес, қыз қуу, алтыбақан, балтам сап, тоғыз құмалақ, тең көтеру, тас көтеру, бағанаға өрмелеу, арқан тартысу, жаяу жарыс, қол қайырыстыру, мешкейлер жарысы, жамбы ату, суға жүзу, ат үсті доп ойыны қатарлы толып жатқан дәстүрлі спорт ойындары ұлық мейрамның думанына арналып шыққан көрінеді. Бұл ұлттық ойындардың халық санасыман, болмысымен, тіршілік ету дағдысын көрсетіп, ұлттық наным-сеніммен сабақтасып жатады.
Қазіргі наурыз мейрамының түрленуі: Дәстүрді жаңалап, дағды бойынша дамытуға болады. Әсте өзгертуге келмейді. Қазір әлем қазақтарында және еліміз қазақтарында ұлыс күнгі ұлы мереке тар өрісті бір жанұяның көп көже жасауымен өтіп келеді. Ол бұрынғы ұлт болып, ел болып өткізетін халықтық сипаты солғындай бастады. Көже жасап, жақын туысқандарды шақырумен ғана шектеледі. Ұлттық ойындар көрсетілуден қалып барады. Қазақстанда үш күн демалыс береді. Бірақ оны думанға айналдырған алаш жұртын сирек кезіктіруге болады. Бәсеке заманында наурызды думандатып, ұлттық ойындарды ұйыстырған қазақ қауымы жоққа тән. Ұлық мейрамды у-шуға салып қойғанымыз жанға батады. Әр ауыл, әр аудан, әр аймақ, әр облыс, өлке, автоном орындары концерт өткізсе ғана міндет орындалады. Ол сахналық қойылымды бір жыл теледидарда көрсетумен болады. Көп санды наурыз кештері ұлық мерекеге тән ән, өлең, театр, ойын жасап шықпайды. Жаңа заман жастары дайындаған арзан өнерге бой ұрады. Сосын да наурыз шаттығы, өзгертілген саздарға айырбасталғандай әсер береді.
Елімізде немесе қазақ қауымы арасында ұлыстың ұлы күнін тойлауға бірнеше ұсыныс айтуға болады: (1) Ұлыс күні наурыз бақшасы, ауылы болу тиімді. Ақ боз үй, нар қазан, алтыбақан, дүйім халық жиналған ортаны үкімет орындары жасап, ұрпақ санасына дәстүрімен сіңіру керек. (2) Ұлық мейрамда ұлттық би мен ән-күйлерін ашық сахнада орындалумен бірге, көнцерт сахна төрінде де наурызға тән мақалдар, әуендер әуелеп тұру керек. Болмаса жаңа жазылған наурызды көтерген әндер шырқалу өте қажет. Биден халықтық би өрнектері шығып, Мұқағали Мақатаевтың сөзі мен Талғаттың әуені сіңген “Наурыз-думан” сынды жаңа әндер орындалу тиіс. Мейрамды жаңа заман тойына айналдыруға мүлде болмайды. (3) Ұлттық тұлға мен тарихи дәстүр жалғастығы насихатталу қажет. Ұлт тарихын көтеретін шағын театр мен таныстырулар сахнаға кірістірілу керек. Наурыздың тарихы көк жәшікте дұрыс, дәл, ұтымды ұғындырылуға орын берілу керек. (4) Ұлық мейрамның әр жылдағы іс-шаралары жазылып, көрерменге жетуі тиіс. Шығыстың Махмұт Қашғари, Әбу Райхан Бируни, Фирдоуси, Омар Хайям секілді данышпандары және қазақтың Абай, Сәкен, Міржақып, Ахмет сынды ғұламалары наурыз туралы өз өлеңдерінде, еңбектерінде ұлағатты, жақсы сөздер қалдырды. Сол жолды жалғау ұрпақ борышы. (5) Ұлық мейрам жекенің мүлкіне немесе арзан күлкіге құрылмауы тиіс. Қазір наурыз кешін көтеріп алатын атымтай жомарт жігіттер де шықты. Олар жеріне тартып, еліне тартып наурызға қатысы жоқ беймәлім әншілерді сахнада жұлдыз жасайды. Ал мейрам аяқталған соң, олар жоқ. Әлемде қала салса да атын атауға мақұлдық бермейтін жомарт жандардың алдында бұл азаматтар неге тұрады. Өзін жарнамалау ғана. Ұлық мейрам у-шуға айналмай, сәтімен де, сәнімен де, сахнада да, сақаралық көріністе де майдан құруы тиімді. (6) Ұлық мейрамның төс белгісі мен құрмет моделін бір үлгіге түсіру өте қажет. “Көтерген ай сұлуды алып өгіз, көтерген аспан туы ол–наурыз» (Низами). Бұл жануардың қос мүйізіне қонған күн белгісі. Қалайда наурыз моделінде жануар мен аң кескіні кірістіріледі. Елімізде наурыз жайлы моделдер қайта қаралып, бір үлгімен жасалу керек. (7) Ұлық мейрамның күн тәртібі бір тәулік емес, бір айлық жоспармен істелуге болады. Осы кезде жас ұрпаққа ұлттық ойындар мен спорт түрлері көрсетілуі шарт. (8) Тілеу көже көкек (наурыз) айында жасалып, көп болып ішілуі керек. Қазір ақпанда, қыс ызғары кетпеген кезде жасалып жүр. Ол Юлий күнтізбесі бойынша есептелген. Кейде қытай қазақтарында “Юан Щаужие” күні қазақтарда көне есеп наурыздың 15 жұлдызына балап көп көже жасайды. Алда Григориян күнтізбесі бойынша көкек (Наурыз) айының 14 күнінен басталған жөн сияқты. Сол шақтан бастап көктем кіретінін ұмытпаған абзал. (9) Наурыз жайлы топтама жинағы немесе Наурызтану кітабы шығып, Ұлыс күнінде ұлт болып оқу керек.
Ұлыс күн-ұлық мереке. Ол діни мейрам емес, шаруа, еңбек мейрамы. Халық түсінігі, парасаты, танымы, нанымы сіңген ұмытылмас мейрам. Ұрпақ барда ұлық мейрам ұрпақ жүрегіне нұр сәулесін құя берері сөзсіз. Ұрпақ барда ұлт мұраты өшпек емес.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Қ: Мұхтар Қазбеков. Наурыз: Жаңғырған салт-дәстүрлер. ҚР Алматы. “Қазақстан” баспасы. 1991 жыл.
- Ә: Г.Базылқызы. Наурызкөже неге жеті түрлі дәмнен жасалады? ҚР Ақтөбе. Өңірлік гәзеті. 2012 жыл 20 наурыз.
- Ш.Құсайынов, Ы.Дүйсенбаев. Қазақ ауыз әдебиеті және халықтық ойындардағы театр-драматикалық элементтер. ҚР Алматы. АН Каз ССР 1950 жыл, І выпуск.
- Бексұлтан Кәсейұлы. Қазақ әдебиетінің тарихы. 1 том. ҚХР ШҰАР Үрімжі. Шыңжаң халық баспасы. 1996 жыл 7 ай. С: 32-33 беттерде.
Нұржан Дәулеткелдіұлы,Ақын,этнограф