МАЛДЫБАЙ ТАУАСАРҰЛЫ – ӘРІ БАТЫР, ӘРІ БИ
МАЛДЫБАЙ ТАУАСАРҰЛЫ – ӘРІ БАТЫР, ӘРІ БИ
Ақын Жұбан Молдағалиев: «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген, Жөргегімде таныстым мұң тілімен...» – деп жырлап өткендей, қазақтың басынан небір алмағайып заман өтті. Ертеде халқымыз өз тарихын тасқа қашап жазды, одан бері ауыз әдебиетінде жыр-толғауларды, эпостарды, аңыз-әңгімелерді қалдырып, әлемдік өркениетке сүбелі үлесін қосты. Соның бірі – би институты мен шешендік өнер. Көшпенділер рухының мықтылығы да осында.
Қазақта құрметті би атағы халық тарапынан қандай да сайлау жолымен немесе халықты билеп отырған өкіметтің бекітуімен емес, тек рәсімін терең білетін, оған қоса шешендік өнерін меңгерген қазаққа ғана берілген. Би атану үшін ер-азамат ел алдында әлденеше шешендік сайысқа түсіп, өзінің заң-жораны білетіндігін, сөзге шешендігін танытатын болған [1, 352-б.].
Би – бүгінгі ұғыммен алғанда саяси тұлға. Қазақ әлмисақтан сөзге тоқтаған халық болатын. «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады» деп, сөз осылай құдіретке, қасиетке, шындық семсеріне айналды. Осы шындық семсерін ту еткен тұлғалардың бірі – Тауасарұлы Малдыбай би. Ол Дулаттан шыққан, Орбұлақ шайқасына қатысқан Сырымбет батырдың немересі.
Ол үш жүздің басы қосылған жерде дауға араласып қана қоймай, «мәті би» сайланған. Демек, ол ағайын арасындағы қатынастан үлкен еларалық қатынастарға дейінгі ортада жөн-жосықты айтып, жоғары дәрежеде жол көрсете білген, ұлттық мәселеде «ертеңнен шапса кешке озған» текті тұлпар тақылеттес ерен тұлға.
Малдыбай би жастайынан аса зерек, тапқыр әрі пысық болып өседі. Оның ерен тұлға болып, тарих толқынында аты алтын әріптермен жазылуына өскен ортасы мен туған-туыстарының ықпалы зор болған. Малдыбай биді адалдыққа, кішіпейілдікке тәрбиелеген әкесі Тауасар болса, оған үлкен үлгі-өнеге танытып, дұрыс бағыт-бағдар берген – рулас атасы Әз Төле би мен немере ағасы Мүйізді Өтеген батыр болған. Сонымен қатар аты аңызға айналып тарихта қалған кіші анасы Жұмагүл ана. Даңқты Төле биден үйренгені көп еді, сол мектептен өткен оған билік айту қиынға соқпады. Әділдігімен ел аузына ілігіп, «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп, қара қылды қақ жарған би атанды. Әділдікті бұзып, арамдық істегендерге төзбеген. Сырт адам тұрмақ өз баласына да қатал болған. Нашарды, аш-жалаңашты жақтап, ешкімнің ақысын жегізбегеннен кейін халықтың ықылас-құрметіне бөленген, елді береке-бірлікке шақырып отырған.
Малдыбай би Әз-Төле биден басқа аты қазаққа мәшһүр немере ағасы Мүйізді Өтеген батырдан да үлгі-өнеге ала білді, елі-жерін қорғау үшін бес қаруын асынып сарбаздармен бірге жауға аттанды. Малдыбай бидің балалық шағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» тұспа-тұс келген еді. Жасөспірім болса да немере бауыры Мүйізді Өтеген әскерінің сапында жауға шабады. Ол жайында Өтегеннің ұрпағы Тілеміс шешен «Ер Өтеген» дастанында:
Қойкелді, Сәмен, Наурызбай,
Қасындағы батырлар.
Райымбек, Шінет, Тауасар,
Жаңа өспірім Малдыбай
Бір жағынан килікті, –
деп жыр-дастанына қосады [2,104-б].
Сонымен бірге, қалмақ пен шүршіттерге қарсы болған шайқастарға қатысып жауға шапқаны жайында Абылай ханның бас кеңесшісі, атақты данышпан Бұқар жырау:
Атағы озған жаныстан
Ағайынды арыстан
Сеңкібай мен Шойбек бар,
Шымырдың қос қыраны
Таңсыққожа, Мәмбет бар,
Қасқараудан Малдыбай,
Қатардан жақсы қалдырмай, – деп өзінің жырына қосып, айшықтайды [3, 43-б].
Іргеде өткен «Аңырақай соғысында» қазақтың хас батырлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Сіргелі қара Тілеуке, Қарақалпақ Қылышбек, Хангелді, Сатай, т.б. батырлар көзге түсті. Сонымен бірге, Малдыбай бидің бір шоғыр бауырлары: Андақұл, Тәңірқұл, Жылқыайдар, Мүлкаман, Қабанбай, Найманбай, Игілік, Қарабай, Қонысбай, Жарылғап, Ерсары, Байсары атты батырлар қатысады.
Малдыбай бидің тағы бір ақылманы – кіші шешесі Жұмагүл ана. Өз анасы Жекеапар ерте қайтыс болып, кіші анасы Жұмагүлге қолғабыс болып, үйдің тұңғышы болғаннан кейін артындағы іні-қарындастарына бас-көз бола білді. Бала кезден тетелес інісі Қонысбай екеуі үй шаруасына ерте араласып, желі байлап, көрші қырғыз елінен кіре тартып, арасында аң да аулайды. Есейе келе билікке араласа бастағанында, әсіресе, Абылай ханмен Сарыарқаға жол тартқанда әкесімен қоса кіші анасынан да ақыл-кеңес сұрап, батасын алатын.Малдыбай би туралы қазақтың атақты би-шешендері мен ақындары тілге тиек етіп, ерлігі мен азаматтығын елге паш еткен. Ақиық ақын Кенен Әзірбаевтың «Ұлы жүз жайында» өлеңінде Малдыбай бидің әділетті болғанын келесі жолдар дәлелдей түскендей:
Өтеғұл, Өтеп туған Сырымбеттен,
Байы көп, батыры көп дүрілдеткен.
Өтегендей аңызды батыр туған,
Ел қамын жеп, жасынан жиһан кезген.
Әділетті деседі ел аңызы
Сырымбет, Малдыбай би ертеде өткен [4, 20-б.].
Сонымен қатар, Ысты Қуандық ақын 1855 жылы Қаржау деген байдың асында Сарбас ақынмен айтысып:
Малдыбай би атамыз
Алысқа жақын бұрмайтын.
Айтқаны көпке жөн екен,
Айналайын Дулаттың,
Кесірлі мінез бітпеген, –
деп бидің әділеттігін меңзейді [5,175-б.].
1897 жылы ұлы жүз Албан руының жайлауында Шәрипа деген қыздың ұзату тойында Жамбыл мен Құлмамбеттің айтысы өтеді. Әрине, қос ақын да әр рудың бетке ұстар беделді адамдарын тілге тиек етеді. Құлмамбет:
Аманжол, Қасқарауда бек – Ноғайбай,
Түп-түгел мал мен бастың бәрі де сай.
Ерте жатып, кеш тұрған өңшең сырбаз,
Ішкені шай, бұлардың жегені май.
Атасы қызыр шалған Малдыбайдан, –
деп Малдыбай би туралы жырлайды [6, 71-б.].
Сонау сыр елінен Жетісуға ат басын тіреген атақты Майкөт ақынның: «Қасқарауда жеті құт бар: бірі – Малдыбай, бірі – Бесжалаңаяқ», – деп дуалы аузымен айтқан байламы бекер болмаса керек. Малдыбай би қара қылды қақ жарған әділ би болуымен қатар, арына дақ салмаған адал адам екен. Малдыбай би кейде ретіне қарай жеңіл-желпі дау-шарды тындырып қайту үшін тұңғыш ұлы Мөңкені жұмсайтын көрінеді. Бәлкім бұл ұлына сенім артқаны болар, бәлкім ізбасарына балап, баулығаны болар. Сондай бір кезекті шаруасының тұсында Мөңке бір ақ тайлақты олжалап қайтады. Тайлақтың бітім-сымбаты өзгеше әдемі әрі түсі де өте сирек ұшырасатын ақшаңқан болса керек. Ұлының ауылына жолы түскен би тұсаулы жүрген тайлақты байқайды да, ата-баба, үрім-бұтағына бітіп көрмеген тұқымы бөлек малдың қайдан келгенін сұрайды. Мөңке қапелімде әкесіне қисындатып өтірік айта алмай, шынын айтуға жүрегі дауаламай, жол жүргелі тұрғанын сылтауратып, әлденені міңгірлей аттанып кетеді. Тайлақтың адал келген мал еместігін бірден түсінген би ұлының бұл жаман қылығы жұқпалы індеттей ел ішін бүлдірер кесапатты «өнеге» екенін ойлап, ұзап бара жатқан баласының соңынан: «О, ардан безген, құры осы бетіңде! Атың қайтсын,өзің қайтпа!» – деп, қарғыс оғын атқан екен. Көп ұзамай атқосшылары атын жетектеп, мәйітін алып келеді.
Негізінде Малдыбай бидің түкірігі жерге тимейтін дуалы ауызды, алғысы да, қарғысы да мүлт кетпейтін, назасы қатты адам болған. Келе жатқан адамын төмен қарап отырып-ақ кім екенін біліп отырған. Малдыбай бидің Шүрегей атты немере інісі болады. Ол аса қайратты, жүрек жұтқан аңшы, саяткер болған. Жүрек жұтқаны соншалықты, қолындағы бар қаруы шоқпармен ғана жолбарыс аулауға шыға береді. Інісінің жолбарыс аулайтынын, оның көп сөзге жоқ, томырықтау мінезін білетін би ағасы: «Шүрегейді жүнінің ығына қарай сипаңдар, қарсы сипасаң жолбарысша гүр ете түседі», – деп қалжыңдайды екен.
Бір күні Малдыбай бидің үйіне Арқа жақтан сыйлы қонақтар келіп жатады. Сыйлы қонақтар келгеннен кейін өз деңгейінде күтіп, саятшылыққа да шығармақшы болып, інісі Киікбайды «тазысын сұрап кел», – деп Шүрегейге жұмсайды. Ол келгенде Шүрегей шоқпарын тақымына қыстырып, бір құлаш арқанын қанжығасына байлап, Іле өзенінің бойына жолбарыс аулауға кетіп бара жатады, тазысын дәл қазір бере алмайтынын ескертеді. Оны айтып келген Киікбайға Малдыбай би: «Жолбарыс соққыр, Шүрегей-ай» – деп назаланыпты. Сол жолы Шүрегейді жолбарыс иығынан шайнап, көп ұзамай 1-2 күн жатып қайтыс болады. Шүрегейдің әйелі бұл суық хабарды жеткізу үшін Малдыбай қайнағасына кісі жіберіп:
– Жолбарыс соқсын деп қарғап отыр еді, тілегі қабыл болыпты. Би ағаға айта бар, соғымын жинап алсын! – деп сәлем жолдайды. Батыр інісінің қазасын естіген би бармағын шайнап отырып: «Әттеген-ай, Шүрегейім жел жағымның ығы еді ғой. Киікбай-ау, ең болмағанда бір уақ өтірік айтсаң қайтетін еді, қайтейін енді», – деп өкінішін білдіріп, көз жасына ерік берген екен [7, 179-б.].
Әттең, би бабамыздың артында қалған ұлан-ғайыр аңыз-әңгімелерден бізге жеткені некен-саяқ. Малдыбай би астықты көрші қырғыз еліндегі халыққа сыйлы атақты Сауранбай манаптан алатын болған. Бірде би кірешісін Сауранбайға жіберіп сәлем жолдайды. Кіреші сәлемін көпшіліктің алдында төбеде айтқан екен.
Сауранбай сол кезде атынан секіріп түсіп, кесір болады деп кірешіні тоқтатып, оңаша жерге сайға алып барады. Жеке шыққаннан соң кіреші: «Малдыбай би сізге сәлем жолдады», – дейді. Сонда Сауранбай тұрып: «Сәлеміне құлдық», – деп үш рет құбылаға қарап құлдық ұрады. Кіреші ауылға қайтып келгенде би ата сұрағанда «ол үш рет құлдық ұрды» депті. Сонда би атамыз жатқан орнынан тұрып, «әттеген-ай, жеті рет құлдық ұрмапты ғой, енді ырысы үш атасынан қайтатын болды-ау» деп өкініш білдіріпті.
Бірде Сауранбай ұрасына (астық көметін жер) келеді. Сауранбайды және онымен келген кісілерді көрген біреу баласына: «Ей, Малдыбай, бері кел! Қонақтарға соятын мал әкел», – деп шақырады. Мұны естіген Сауранбай «кіпиятты» адамның атын бекер қойған екенсің, жолың болмай жүргенің осыдан ғой» деп ренжиді. Сауранбай әлгі адамға қазақта Малдыбай атты қыдыр шалған би бар екені туралы айтады. «Сен бір малыңды әкеліп сой да баланың атын өзгерт» деген екен. Сөйтіп, Сауранбай әлгі баланың атын үш рет азан шақыртып «Жобалай» деп өзгерткізіп қайтады [8, 31-б.].
Алмағайып аласапыран кезде дүниеге келіп, ел басқарып, талай оқиғаларды бастан кешкен, талай көріністің куәсі болған Малдыбай бидің ақ батасын алуға ат терлетіп қырғыз-қазақтан адамдар келетін болған. Атақты Сыпатай батыр да ағайыны Андас батырмен бірге әдейілеп барып, Сұлутөрдің төрін жайлап отырған Малдыбай биден бата алады, сондағы берген ақ батасы:
Тәңірің жарылқасын, шырағым,
Айбынды елдің ай алды азаматы бол.
Жыртылғанға жамау, шаршағанға демеу бол!
Қалың елдің ары бол,
Жау түршігетін нәрі бол!
Ауырғанға дәрі бол,
Өз еліңнің нәрі бол,
Біз сияқты кәрі бол! [9, 10-б.].
Кезінде шала туған жас нәрестені ағайын-туыстары бидің үйінің керегесінің басына түлкі тымаққа салып, іліп кететін болған. Малдыбай би қайтыс болғаннан кейін бала тумаған әйелдер бейітінің басына қонып зиярат етіп, сәбилі болған. Сенбей келген адамның үсті-басына жара шыққан, бейітінен топырағын алған адамдар мазасызданған, кейбірі науқасқа да ұшыраған. Әрине, естіп-білгеніміздің бәрін тізе беруге болмас, бірақ Малдыбай бидің өте мықты Алла сыйлаған қасиеті болғаны шындық.
Жоғарыдағы фольклорлық деректермен қатар ғылыми еңбектерді саралайтын болсақ, төмендегі еңбектерді атап өтуге болады.
Қасқараудан шыққан Малдыбай Тауасарұлы туралы тарих ғылымдарының докторы Айткүл Махаеваның «Қазақ-қырғыз саяси байланыстарының тарихы» (ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың бас кезі)» атты ғылыми еңбегінде: «Ұлы жүз қазақтарының ішінде дулаттар Іленің сол қанатындағы өз қоныстарын иеленуге күш салады. Үшалматы бойын, Сарытауқұм (Сарытоқым) жайлауын алу үшін қазақ батырлары Ботбайдың Тілеуқабыл мен Жайсаң батыры, Шапырашты Қаумен, Кәшке мен Дәулет батырлар, Қасқараудың Малдыбай мен Қонысбай батырлары, Шанышқылы Бердіқожа батыр атқа қонды. Бұл кезде Іленің сол жағалауын қырғыздың Сарыбағыш рулары қоныс қылып алған еді. Сондықтан Үшалматы үшін екі жақ көп уақыт бір келісімге келе алмай, бір-біріне жиі шабуылдайды. Осындай атыс-шабыстың бірінде Сарыбағыш батырларының қолынан Шапырашты Кәшке батыр, Солто батырларының қолынан Ботбай Жайсаң мен Шапырашты Қаумен батыр қаза табады. Үмбетей жырау осы қырғынды «Әскерді қырғыз қырғанда, басынан оба қылғанда» деп суреттейді. Бұл қырғынның себебі Көкжарлы Барақ батырдың жорығымен байланысты болған. ХVІІІ ғасырдың 60 жылдарының соңына қарай қырғыз саяқ руының Жаманақ батыр бастаған қолы Іле бойындағы қазақ қоныстарына шабуылдайды. Оған жауап ретінде Көкжарлы Барақ батыр мен Тама Шыңғожа батыр бастаған 2 мыңдық қол Алатау қырғыздарына шабуылдап, олжалы болып қайтып келе жатқанда Ақсу, Шымкент бойындағы қоңыраттарды шабуға даярланып жатқан қырғыз жасағына жолығып қалып, қырғынға ұшырайды. Қырғыз жасағы басым түсіп, Көкжарлы Барақ батыр мен Тама Шыңғожа батыр бастаған қолды түгелге жуық қырып, Шу өзені бойында бір шым, бір бастан қалап, келді мұнара тұрғызады. Қырғыздың Садыр батыры: «Көкжарлы Барақты алдым, екі көзді қарақты алдым» деп мақтанға басады. Осы қырғында қазақтың Айтақ, Арзы, Күржі деген батырлары қаза тауып, Көкжарлы Барақ батыр Кескен тас деген жерде ұсталып, өлтіріледі.
Ұлы жүз қазақтары Абылайға кісі салып, жәрдем сұрайды. Абылай хан мен Әбілпейіз сұлтанның қолы 1773 жылы қырғыздарды ойсырата жеңіп, Қарабалта түбінде Атаке батырды жеңіп, Таласқа дейін шегіндіреді [10, 70-б.].
2006 жылы Бішкектен шыққан «Алымбектің санжырасы» атты еңбекте:
«...Сарыбағыш, Солто, Чакып; булар Иле, Чүй-ушул жака ооп келген казака да аттанып барып, казак аттанып келип, ортодо далай уруш болот. Иледен бери өткербөйт. Бугу, ал жактагы саяк өз бетин казактан коргойт, ушундай тынчтык жок заман болот. Ал ушундан соң Абылайканга барып, арыз болуучулар көбөйөт. Абылайкан: «кыргыздын өзү келбей калган конушуна конгула, жана тийбегиле дебедим беле? Ынтымак болуп, ортого киши салып, сүйлөшуп тургула дебедим беле? Тыныч жаткан элге, калмактан жаңы кутулуп алган өзүңөр барып тийесинер, анан мага арыз болосунар: Эсенкул, Садыр баланчаңызды шауып кетти деп, кыргызды күнөкөр кылып, өзүңөр ак киши болосуңар. Мен качан чаап ал дедим элее? – укпай койгон экен дешчү эле, мурункы карылар-казактын арызын Абылай кан. Ал сары уйсун, кашоаро, жансейит, садыр, чапырашты, ышты, ботбай, шыйкымдан каракойлуу, аккойлуу, куушыйрак, уйсын урыгынан Сарытокум, Учалматы, Иленин бер жак жээгин басып келип, отуруп алат. Аны менен карап турбайт. Сарыбагыш, Солтого кол салат. Чанчкулу Бердикоожо баатыр, чапырашты Комаан, Жапек деген, Качыке, Дөөлөт деген төртөө бир туган экен, жана Ботбай Түлөөкабыл, Жайсаң деген адамдар жана Кашкороо Малдыбай, Конушбай деген адамдар аттанып келе берет, кыргызга. Сарыбагыштын колунан Качыке өлөт. Солтонын колунан Ботбай Жайсан өлөт...» [11, 25-28 бб.].
Абылайдың қырғыздарға қарсы соғысы жайында Тауасарұлы Қазыбек бек: «Абылай бұл жерде де асқан ғақылдылық көрсетті. Ол ұрысқа Үйсін қолын әдейі араластырмай, жеке батырларды ғана алып, соғысты өзі жүргізді. Бұған үш мыңдай қолмен Қабанбай араласты. Абылайдың өзінің төңірегіндегі батырлары Байғозы, Баян, Оразымбет, Елшібектер ұрыста көзге түсті. Ал Қабанбай қолы азғантай қырғызды тіпті таптап жіберер еді, дегенмен аяушылық болды. Ақыры Әтеке, Садыр, Надыр өздері ала болып, олардың ішінде де қазаққа қарсы ұрысқысы келмегендер табылып, қырғыздар ойсырап қалды... Қазақпен соғысуға қырғызды көбірек үндеген Жайылханды сегіз ұлымен қолға түсірді. Қолға түскен Жайылханнан Жауғаш: «Көрші отырып мұның қалай, қазақтың бар жазығы саған жерін бөліп беріп, пәруа жасағаны ма?» – десе, бұл семіздіктен әбден асқақтап кеткен адам екен: «Сегіз ұлымның ұрыста қызығын көрейін деп едім» – депті» [12, 384-б.].
Cонымен бірге, «Жайыл қырғынынан» кейін Абылай ханның Сарыарқаға аманатқа алып кеткен қырғыздардың сол жердегі қазақтар құрамына сіңген ұрпағы – Шөже Қаржаубайұлының «Малдыбай бидің шөбересі қырғыз-қазаққа танымал Ноғайбай биге айтқаны» атты жырында:
«...Ноғайбай, құлағың сал бұлбұл құсқа,
Шөже ақын сөз айтады ескі нұсқа.
Отқа жуық, жалынға жақын дейді,
Ноғайжан, бұл мінезің енді таста.
Малдыбай Арқадан келген ауып,
Ерегіскен дұшпанын алды шауып...» – деп, Малдыбай бидің Абылай ханмен бірге қырғыздың батыры Садырға қарсы соғысып, Сарыарқаға ханмен бірге барғанын меңзесе керек [13, 146-б.].
2004 жылы «Өнер» баспасынан шыққан «Бәйдібек баба – алып бәйтерек» атты шежіре кітаптың 966-бетінде: «Малдыбай Тауасарұлы – ХVІІІ ғасырда өмір сүрген атақты би. Үш жүздің басы қосылған жиындарда мәті би сайланып, қиын дауларды шешкен. Әділ билігімен даңққа бөленіп, соңында көптеген аңыз қалдырған адам. Қасқарау Сырымбет батырға шөбере болып келеді. Атақты Ноғайбай шешен осы кісінің тікелей ұрпағы. Бейіті Күрті ауданының жерінде. Есімі Қасқарауға ұран болған» деп жазылған [14, 966-б.].
Қорыта келгенде, Малдыбай Тауасарұлы – заманының қара қылды қақ жарған әділ биі, қолына бес қаруын алып жоңғар мен қырғызға қарсы шапқан батыры, шоқтығы биік ірі тұлғасы, бір анадан туып бүкіл халық қамын ойлаған қазақ даласының арда туған ұлы перзенті.
Жандарбек Қарабасов,
тарихшы, Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Уәлиханов Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. 3-том. Алматы, «Толағай груп». –352-бет.
2.Сейітқызы А. Өтеген батыр. – Алматы: «Мерей», 1994 ж. – 128 б.
3.Дәуіт С. Абылай хан. – Алматы: «Жазушы», 1993. – 414 б.
4.Қилыбаев Ү. Қоңыртөбе баурайы – тарихқа толы қойнауы. – Алматы, 2016. – 221 б.
5.Жолдасбеков М. Асыл арналар. – Алматы: «Жазушы»,1986. – 328 б.
6.Жабаев Ж. І том. – Алматы: «Ғылым»,1996. – 308 б.
7.Ысқақбай М. – Асу-асу бел Қордай. Алматы: «Маматай агенттігі», 2007. – 260 б.
8.Қарабасов Ж. Тура биде туған жоқ. – Алматы: «Балауса», 2006. – 128 б.
9.Аманкелдиев К. Асуда. – Алматы: «Жалын», 1984. – 142 б.
10.Махаева А. Қазақ-қырғыз саяси байланыстарының тарихы (ХVІІІ ғ. екінші жартысы – ХХ ғ. бас кезі). Диссертация. – Алматы, 2009. – 311 б.
11.Алымбектин санжырасы. Жоопту редактор Т.И.Асанов.– Бішкек, 2007. – 144 б.
12.Тауасарұлы Қазыбек бек.Түп-тұқияннан өзіме шейін. – Алматы: «Жалын», 1993. – 415 б.
13.Қарабасов Ж. Ноғайбай шешен. – «Алматы-Болашақ», 2014. –251 б.
14.Ысқақбай М. Бәйдібек баба – Алып бәйтерек. – Алматы: «Өнер». – 991 б.
"Ақиқат" журналы,30 Сәуір, 2025