Қазақтың балаға ат қою әдеттері
Атың кім, айналайын?!.

Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ,
«Ana tili»
Қазіргі кезде жалқы есімдердің жиынтық атауы ретінде ономастика ғылымы берік қалыптасып, термин ретінде кеңінен қанат жайғаны рас. Антропонимика ғылымының бөлімдеріне фамилиялар, адам аттарын зерттейтін ғылым, әке аттары, бүркеншік аттар, этноантропонимдер, антропотопонимдер және тағы басқалар кіреді. Ономастика құрамына енетін атаулардың бір тобы – мекеме, газет, журнал, кітап атаулары екені белгілі. Бұлар жөнінде, қазіргі тіл білімінде, кейбір кішігірім ақпараттар болмаса, арнайы зерттеулер жоқтың қасы. Жер жүзі халықтарының бәрінде де әрбір адам жаратылысының өзіне тән, сипатын, мінез-құлқын, не сырт келбетін айшықтайтын аты-жөні бар. Адамзат қоғамында есімі, аты жоқ адам кездесуі мүмкін емес.
Қазақ есімдерінің тарихы зерттелген бе?
Белгілі түрколог, филология ғылымының докторы, профессор Телғожа Жанұзақов «Қазақ есімдерінің тарихы» атты кітабында «Қазақ есімдері туралы мақалалар ХІХ ғасырдың екінші жартысынан шыға бастаған. Ондай алғашқы мақалаларға А.Алекторовтың, А.Диваевтың мақалалары жатады. Мұның екеуі де көлемі жағынан тым шағын, пікірлері де жұтаң еді. Бірақ алғашқы бастама ретінде олардың маңызы зор, аса жоғары бағаланады. Батыс аймақта тұратын қазақтарының этнографиясын зерттеген ғалымдар Р.Карутц, Р.Харузин еңбектерінен де кісі аттарына байланысты материалдар барын көреміз. Қазақ антропонимикасы туралы кейбір пікірлер, азды-кем этимологиялық талдаулар В.Бартольд, Ш.Уәлиханов, В.Даль, Н.Ильминский, А.Самойлович еңбектерінде де кездесіп отырады. Бірақ оны ғылым ретінде терең зерттеу, жолға қою жұмысы қолға алынбаған еді. Қазақ антропонимикасы кеңестік дәуірде, қазақ тіл білімінің қауырт дамуымен байланысты ұдайы зерттеліп келеді»,- деп атап көрсеткен.
Ғалымның аталған еңбегі қазақ антропонимика тарихында мәні зор тұңғыш еңбек қатарына қосылады. Сондай-ақ профессор І.Кеңесбаевтың мақаласында қазақ есімдерінің дара, біріккен тұлғалары, араб-иран тілдерінен енгендер, фамилиялардың қосымшалары және олардың жазылуы, орфографиясы сөз етіліп тереңінен талқыланған.
Ал қазіргі тіліміздегі кісі аттарының көбісі шығу тарихы жағынан көне түркі заманы мен орта ғасырларда пайда болған антрополексеманың ізін жалғастырырушылар болып саналады. Олардың көне түркі есімдерімен түбірлес, мағынасы үндес, жасалу тәсілі мен құрылымы жағынан ұқсас келуінің сыры да осында. Бұл – жалпы түркі тілдеріне тән, ортақ құбылыс. Өйткені ол дәуірде түркі халықтары жеке бөлінбей, біртұтас ел болып, шаруашылығы, күнделікті тіршілігі, діні мен әдет-ғұрпы ортақ болған дәуір еді. Осынау ортақ қасиеттер соңынан олардың жеке халық болып өсіп, дамыған кезінде де ізін сақтаған. Олай болса, ана тіліміздегі көне заманға тән, көненің көзін көрсететін, жалпы түркі халықтарының ортақ есімдері туралы да осыны айтуымыз жөн.
Ал қазақ балаға ат қоюға ерекше мән берген. Жалпы ұнамды, жарасымды ат қою – ертеден келе жатқан дәстүр, дағдылы әдет. Бұл жөнінде қазақ есімдерінің қойылуы мен қалыптасуы туралы құнды деректер де аз емес. Әр ата-ана баласының үлкен азамат болып қалыптасқанын қалайды және соған қарай есімдерін де ерекшелеп қояды. Ата-бабалардың есімдерімен атап, олардың үлгілі өмірін мадақтап, ұрпақтан-ұрпаққа тарату дәстүрі де қазір жалғасып келеді.
Қазақ есімдері өмірдегі алуан түрлі жақсы заттар мен көптеген құбылыстардың немесе қайратты, ерекше жаратылысты жануарлар мен құстардың, әлемдегі табиғат көріністерінен және тағы басқа атаулардың сипатына орай қойылып отырған. Ал қазақ халқының ат қою рәсімінің айрықша белгісі – белгілі бір сенім мен ырымға байланысты екенін жоққа шығармаймыз. Қазақ халқының көне заманнан бергі кәсібі мал шаруашылығы мен егіншілік болғаны мәлім. Сондай-ақ табиғат атауларына байланысты балаға ат қою дәстүрінің ертеден келе жатқаны мәлім. Әсіресе, қымбат тастар мен материалдарға, алтын, күміс, болатқа халқымыздың ертеден таныстығын қазақ тарихының көне есімдерінен де байқап жататынымыз сондықтан. Бұған қоса, материалдық қолданбалы заттар, қолөнер, үй бұйымдары мен жиһаздарына байланысты қойылған есімдер де кездесіп отырған.
Қазіргі кезде ата-аналар балаға ат қоюға аса талғампыздықпен қарайды. Шектен тыс талғампаздық та, әсте есімнің дұрыс қойылмауына әкеліп соғады. Алайда олардың ішінде бірен-саран мағынасы түсініксіз есімдер кездеспей қалмайды. Сол себепті, ескі, көне атаулардың ішінен заман, дәуір ағымына лайықтыларын ғана таңдап ала білуіміз керек.
Есімдер мен фамилиялардың баршасы ерте кезден-ақ тіліміздегі мағыналы сөздерден қойылып отырған. Бірақ олардың кейбірі арғы заманнан келе жатқандықтан, бастапқы мағынасы ескіріп, ұмыт болып, халық санасында тұрақтап қала алмады. Ондай есімдер тегі жағынан екі түрлі. Олардың бір тобы – ерте заманнан келе жатқан ескі есімдер болса, екінші топтағылар – араб, парсы, монғол тілдерінен еніп, көнеріп кеткен есімдер. Бұл тәрізді есімдердің түп төркіні мен беретін мағынасын тек этимологиялық тұрғыдан талдау арқылы ғана анықтай аламыз.
Араб, парсы, моңғол, тағы басқа тілдерден енген есімдердің бәрі бірдей қалың қазаққа түсінікті бола бермейді. Бұл тілдерден енген есімдер тіліміздің дыбыстық заңына сәйкес қатты өзгеріске түсіп, бастапқы тұлғасынан өзгеріп, түрленіп жасалып отырған.
Ана тіліміздің байырғы төл сөздерінен жасалған есімдердің де, тектерінің де мағынасы түсінікті, бұлар бергі кезде пайда болған, мерзім, уақыт жағынан бұрынғылардан әлдеқайда жаңа. Мәселен, Азамат, Арай, Бақыт, Дастан, Ербол, Ержан, Жанболат, Тұрсын, Алма, Айжан, Ботакөз, Сәуле және тағы басқалары. Есімдердің енді бір тобы үстеме мағынаға ие болып келеді. Мәселен, Тасболат, Темірболат, Бекболат, Балтабай есімдерінің қойылу себебі, баланың әл-қуаты, тастай берік, мықты, бекем және ұзақ жасасын деген ниетпен қойылған.
«Қазақ есімдерінің дәуір бойынша тарихы»
Бірінші дәуір – көне түркі заманын, V – VIII ғасырлардағы антропонимдерді қамтиды. Бірінші дәуір кезеңінде үй хайуандары мен жабайы аңдардың, табиғат атаулары мен өсімдіктердің және қымбат металдардың атаулары кісі аты ретінде қойылған. Мысалы, Айжарық, Айтолды, Күнсұлу, Күнтуар, Бөрі, Барысбек, Арыстан, Бұқа, Түлкібай, Қоянбай, Алтын, Күміс т. б. Ол кезде ай мен күнге табыну, табиғатты, аңды, құстарды тылсымға теңеу мен тотемшілді ру-тайпаның белгілі бір жан-жануарлармен, өсімдіктермен тылсым туыстық байланысы бар деп білген ежелгі наным-сенім болды. Демек қазақ халқының тарихи даму аспектілерінде есімдердің қойылуы түбегейлі шешім шығаруға байланысты болған. Сөйтіп, қазақтың ен даласындағы мәдениет пен тіл бірлігі, әдет-ғұрып, салт-сана тұтастығының негізі халықтың жер, территория бірлігіне байланысты болған. Жалпы қазақ халқының есімдері халықтық этнографиямен, әдет-ғұрып, салт-сана, ырым мен дәстүрге байланысты қойылып отырған.
Ал кісі аттарының бара-бара қысқаруына алып келетіні туралы не білеміз?
Кісі аттары толық және қысқарған түрінде де келеді. Екі немесе үш сөзден құралған кейбір аттар өмірге бейімделіп, тілдің жалпы құрылымына икемделіп, қысқарып кеткен. Мысалы, Сәдуақас – Сәду, Сағидолла – Сәкен, Шаймерден – Шәкен, Әбдірахман – Әбіш, Гүлбаһрам – Гүлпаш – Күлаш; Мағрипа – Мағыш сынды есімдерден осы тектес формалы өзгерістерді көруге болады. Кейде екі сөзден құралған кісі аттарының бір сыңары түсіріліп те қолданылады: Темірбек – Темір, Оразымбет - Ораз, Есмағамбет – Есмет.
Қазақ антропонимдерінің тарихын, шығу, пайда болу кезеңдерін талдағанда бір заманға қатысты деп қарамай, оны бірнеше дәуірге тән деп санаймыз. Сондықтан да қазақ антропонимиясының тарихын шартты түрде болса да төрт дәуірге бөлдік. Олар: бірінші дәуір –5-8 ғасырлар, екінші дәуір –орта ғасырға тән антрополексемалық типтер, үшінші дәуір – тарихта жаңа заман саналатын, 17-19 ғасырларда дамыған көп салалы антропонимдерді қамтыса, төртінші дәуір қазан революциясынан кейінгі кеңес заманында туып, дамыған антропонимдік типтерді қамтитынын айта кеткен жөн.
Еліміздегі ең танымал есімдер
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2023 жылғы маусымда ұл балаларға Әлихан, ал қыздарға Медина есімі көп қойылған. Ал ұл балалар арасында Әлиханмен қатар, Айсұлтан, Нұрислам есімдері жиі қойылған. Үздік бестікте сондай-ақ Омар, Алан есімдері де тұр.
Алихан – (298), Алдияр – (262), Амир – (240), Омар – (233), Алан – (227), Айсұлтан – (208), Мұхаммед – (188), Нұрислам – (182), Хамза – (180), Али - (171).
Қыз балалалар арасында ең көп қойылған аттардың қатарында Аяла, Айша, Айлин есімдері бар. Сондай-ақ қыздар арасында Медина, Айлин, Айша есімдері танымал. Медина – (551), Айлин – (482), Айша – (452), Асылым – (440), Томирис – (305), Сафия – (284), Раяна – (283), Айым – (266), Амина – (257), Аяла – (246)
Қазақша «ұлы, қызы» деп жазылуы керек
Ұлттық дәстүрімізге сай, тілімізге де сәйкес келетін, мағынасы да ұғынықты, әдемі атты қойған анағұрлым дұрысырақ. Жас ата-аналар, сол себепті, тіліміздегі араб-иран сөздерінен қойылған есімдердің дені діни мәнде болғандықтан, толығырақ түсіндірме кітаптарды алып, оқып, ондағы есімдерді талғаусыз қоя бермеу қажет.
Жаңа туған нәрестенің есімі, әкесінің аты және тегі туу туралы куәлікке белгілі тәртіппен заңды түрде толтырылады. Қазақ тіліндегі «әке аты – ұлы, қызы» дегендер қоса жазылады. Сөйтіп, дүниеге жаңа келген жас нәресте ата-аналары арқылы есім, әкенің атын және тегін иемденіп, қоғамның заңды мүшесі деген құқыққа ие болады. Бұл дәйектің әлеуметтік және саяси зор мәні бар. Кітапта жаңа туған нәрестелерді тіркеу тәсілімен байланысты жаңа дәстүрлер келтірілген, қазақ есімдерін орыс тіліне аударудың кейбір заңдылықтары сөзсіз болады.
Қазақ тегі орыс тілінің -ев, -ов, -ин, -ева, -ова, -ина жұрнақтары косылып, орыс фамилияларының типінде құрылған. Елімізде атаудың + есімі + әкесінің аты + тегі түріндегі үш мүшелік жүйесі ресми түрде қабылданғандықтан, ресми құжаттарда тегі – бірінші, есімі – екінші, әкесінің аты үшінші болып жазылады. Мәселен Имашев Аслан Айдарұлы, Ғалымжанова Айкөркем Русланқызы және тағы басқа. Анықтамада әке аттары мен фамилияларының құрылу формасы көрсетілген.
1924 жылы Орынбор қаласында өткен тұңғыш қазақ сьезінде қазақ азаматтарының аты-жөнін қазақша рәсімдеу мәселесі сөз болғанда Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханұлы: «Бұдан былай қазақ азаматтары өз аты-жөндерін ұлттық дәстүрмен Абай Құнанбайұлы деген сияқты жаздырсын, біз де Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы болайық!» деп ұсыныс жасайды. Бұл ұсыныс қабылданып, «бүгіннен бастап қазақтар аты-жөнін «-ұлы, -қызы» үлгісімен жазатын болсын!» деген қаулы қабылданады.
Міржақып Дулатұлы «Қазақ» газетінде (1915 ж. №121) «Гaзет, журналдарымызда көбінесе «ұлы», «баласы», «қызы» дегеннің орнына «ов», «ова» жазылады. Бұл қазақ тілінде болмаған себепті, құлаққа тіпті ерсі естіледі, «ов», «ев», «ин», «ова»-лар жалғыз-ақ орыс халқында бар деп айтуға болады, басқа Еуропа халықтарында да жоқ, бізден өзге патшалы мұсылмандарда да жоқ. Бұларды орыстан көріп еліктеуіміз орынсыз, басқа жұрттың сөздерінің құйрығын әкеліп өз сөзімізге тағудың қанша қажеті бар? «Ов»-тарды орысша жазғанда қолдансақ та, қазақша «ұлы», «баласы», «қызы» деп жазуымыз келіспей ме. Мұнан былай жұртқа өнеге беретін газет-журналдарымыз мұны ескерсе, қандай жақсы болар еді, қиындығы да болмас еді» – деп жазды.
Міне, содан бір ғасырдан аса уақыт өтсе де, біз әлі «ов», «евтен» құтыла алмай келеміз. Бұған қатысты Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылдың 2 сәуірінде шыққан №2923 Жарлығы да бар. Онда: «Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуы тиіс. Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып, бірге жазылады» делінсе, «Неке және отбасы туралы» заңның 28-бабында: «Тууды тіркеу кезінде ұлты қазақ азаматтардың аттарын, әкелерінің аттарын және тектерін мына төмендегі үш мүшелік антропонимдік белгілеу жүйесі: аты, әкесінің аты, тегі бойынша дұрыс жазуға және айтуға назар аудару керек. Мұнымен қатар азаматтардың қалауы бойынша қазақтардың тектері мен әкелерінің аттарын жазу кезінде қазақ тіліне жат -ов, -ев, -ова, -ева, -ин, -и, -ины, -на, -овна, -евна, -ович, -евич жұрнақтары алынып тасталып, олардың орнына «ұлы, қызы» жалғаулары бірге қосылып жазылады» делінген. Бірақ осы күнге дейін аты-жөн, текті жазуда бірізділік сақталмай келеді. Мұны реттейтін уақыт жетті деп ойлаймыз.