Жастар жүрегін жаулаған жасанды махаббат мерекелері
Жастар жүрегін жаулаған жасанды махаббат мерекелері
Автор
Махаббат- мәңгілік тақырып, таусылмас әңгіме. Махаббатсыз дүние тұңғиық. Махаббат- жүректің лүпілі, жан әлемінің мөлдір жалындаған көкжиегі. Махаббат- жас кеудеге ұялаған көңіл-күй қоймасы. Арманшыл азаматтар мен ақ пейілді арулардың сан мәрте қуанып, сан мәрте сағыныш зарығуына түсетін көкірек шері мен шаттығы. Балауса күннен бозбала шаққа қадам тастаған сәттердегі құпия сезім елесі. Әр пендеге тәңір сыйлаған қос жүректің қосылуы, тілектің тоғысуы. Махаббат- төл ұлттық жүйеге бағынатын мәдениет мәйегі, ұрпақты түлететін рухани серпіліс ошағы. Әр пенденің бойында жүретін ескірмес ертегі.
Жалынды жастар арынды азаматтықтың жолын, алтын уақыттарын, гаухар табыстардан бастау үшін адал махаббатқа жетуді аңсайды. Азаматтар алып ұшқан көңілін арман аруға жеткізуді алынбас қамал санайды. Дерлігі кіршіксіз, асыл махаббат жолын таңдап, сүйіспеншілік жолында адалдық пен ар-намысты биік қояды. Азамат жасындағы жастар сөзсіз ұлы махаббат керуеніне жолығады. Бір көріп ұнату, сыртынан ғашық болу, сыбырлап жай сөз салу, бал дәуреннің бақыт гүлін ұсыну, бақшадағы құсын қолға қондыру, алтын ұя құрып жанұя шаттығымен бөлісу сынды сан тарау жолды басып өтеді.
Қазақ жастарының махаббат жолы қастерлі де қасиетті. Ұлтымыздың жастары ата салттан аттамай, адал ниетпен, таза мұратпен махббат байласады. Ашық- шашық кететін махаббат жәрмеңкесін жаны сүймейді. Жасырын кезігіп, жасырып жүріп бас құрайды. Ана тәрбиесінен аттап шықпай, ата-ана разылығымен жұбын тауып, бірігіп өмірлік отасып өтеді. Бағзы заманның барлық кедергілеріне төзе білген махаббат қаһармандары жыр арқауына алынып жырланады. Олар ұлтымыздың бүгінгі ұрпақтарына махаббаттың ізгілігін, мәңгілігін тастап кеткен. Ғашықтар символы Қозы мен Баян, Төлеген мен Жібек, Әлібек пен Айман, Сәмен мен Сәлиқа, Еңлік пен Кебек, Қалқаман мен Мамыр тұлғалары ескірмес махаббат шырақшылары. Ғашықтықты пір тұтқан махаббат бағының көгершіндері. Олар туралы хикая заманнан заманға, ғасырдан ғасырға жалғасып жатады.
Заман- ескен жел, қоғам- қораланған көл, уақыт- белгісіз келген сел. Уақыт ұзаруына ілесіп, дәуір жаңаланады. Дәуір өзгерісіне сай, тұрмысқа да, болмысқа да жаңа дүниелер қабылданады. Оның бір парасын халық ұнатса, енді бір шоғырына қарсы бағасын береді, өйткені халық табиғатына қазақы салт-санасына сіңбейтін қоспалар қосылып кеткеніне кейістік білдіреді.
Қазақ жастары ежелден мерекемен, берекемен жетілген ұрпақ. Қасиетті ғашықтар бейнесін тудырған, махаббатты жаны жайсаң пейілмен қасиет санаған ұрпақ. Махаббатты маусымға бөлмей әр күнін мерекеге айналдырған ұрпақ. Сосын да жаңа дәуір қазақ жастары да бабалар жолын жалғастыруга міндетті. Әсіресе махаббат іздеу, махаббат мерекесін тойлау әрекетінде еліктеуге, ұшқалақтық, көзсіздікке салынуға болмайды. Жаңа заман жастары жақсы жар, сенімді серік табуда сүйгенін қуантамын, қымбақ сауғат беремін деп шетелден кірген жасанды мерекелерде ала шапқын болып шауып жүреді. Өзге ұлт жастарының арманына көзсіздікпен табынады. Туған күнді тойға айналдыру, Жаңа жылды жар құлағы жастыққа тимей сарыла күту, шетелдің ғашықтар мерекесі күнін түн жамылып шарапқа тоя сауық-сайран құрып тойлау, 8- наурыз арулар мерекесін ат шаптырым дастарқан жайып шәй және шараппен қарсы алуды мақтаныш санайтын болып барады. Қазақ тарихында орын алған елеулі мерекелер ұйқы ашар, бастаңғы, қымыз мұрындық, сабан тойларды тойлау қалып, шетелдің мезгілсіз, мағынасыз мереке күніне бас ұра бастады. Бұл көңілімізді құлазытып, қарынды аштыратын қалыпсыз құбылыс. Қазақ ырымында перзент туылған соң, қырық күннен кейін жарық дүниеге келді деп есептейді. Туылған күнін дәл айтпайды. Шілдехана күзетіп, бата-тілек айтып, ұрпақтың қатарға қосылып кетуін төрт көзбен күтеді. Ертеде туылған күнді мүшел жас бойынша тойлау дәстүрі бар. Қырық жастан соң, он жылдық белесін алтын тойға ұластырған. Бәрінде бата-тілекпен, тәңірлік бұйрық және сауаппен өткізуге ерекше көңіл бөлген. Деседе қазіргі жастар туылған күнін тойлап, болашақ жарын тауып жатса және бір сән. Басқа мерекелер күнінде жар іздеп, өзегі өртене өлердей табынғанына таң қаласың, ашынасың.
Қазақ еліктегіш халық. Еліктеудің басы білместіктен, білімсіздіктен келеді. Біліп, көріп айтқан парасатты, білікті бабалардың сөзіне құлақ аспаған ессіз ұрпақ азады. Мерекелердің тегін біліп, мақсатына үңіліп барып тойласақ нетті. Ал қазіргі жастарымыз қырық қылық шығарып, қыз ойнаққа айырбастап жүрген мереке күндерінің тегін тектеп көрсек, ұлттық салт-дағдыға, дін мен ділге, этикаға мүлде үйлес келмейтінін байқауға болады.
Рождество мерекесі- Христан дініне сенетін халықтардың әр жылдың 15-желтоқсанында Иисус Христостың туған күніне арнап өткізетін көне діни мерекесі. Христан діні көктен түскен Исаның тағылымымен жазылған «Інжіл» кітабынан туындайды. Христан діні Исаның дүниене келген кезі 1-ғасырдан бастап Рим империясының шығыс бөлегінде мойындалады. Дінде құдайды адам бейнесінде кескіндеп, оны Иисус Христос деп атайды. Бұл діннің тағылымы біздің ислам діндеріндегі жол жосынға мүлде ұксас келмейді.
Жаңа жыл мерекесі- Христан діні католик тармағына сенім артатын әлем елдеріне ортақ діни ұғымнан келіп шыққан жыл басын еске алу мейрамы. Рим империясы кезінде жаңа жыл немесе жыл басы деп наурыз мезгілін алып келген. Кейін Рим империяторы Юлий Цезарь жыл басын христан діні құдайын пір тұтып, Иисус Христостың туған күнінен соңғы әр жылдың 1-қаңтарына өзгертеді. Бұл күн Иисус Христосты еске алу мен оның мейір -шапағаты жер, әлемге жайылған күн деп бағаланады. Жаңа жылда әр үйге бір- бірден кесілген шырша орнатып, Аяз ата мен Қарша қызды күтеді. Аяз ата есігін қаққан жанұяға бақыт, байлық дариды деп сенеді. Қызыл шырайлы Аяз атаға мол сый кәде беріледі. Бұл айтылған жаңа жыл мерекесі қазаққа жат мереке. Қазақта жыл басына қарата екі мереке болмаған. Тек біреу, Ол Наурыз. Наурыз мерекесінде католик діні саласын ұстанған пенделердей құдайды қолдан жасап алмаған. Тек нұр мен шуаққа кенелу, ақша қарды сықырлатып Аяз атаның үйге енуі наурыз мерекесіндегі Қыдырдың қимылына ұқсап кетеді. Бірақ өзі емес. Қыдыр әсте сәлем-сауқат алмайды. Бұл күнде ұстанған наным-сенім қазақ болмысына қабыспайтын дүниелер боп саналады.
8- наурыз халықаралық әйелдер мерекесі, әуел баста әйелдердің құқығын қорғау, жұмыс ақысын көтеру, жағдайын жасауды қолдап, қуаттаған мереке күні. 1975-жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Кеңес Одағы идеологтарының ықпалымен ресми түрде 8-наурызды Халықаралық әйелдер күні ретінде жариялайды. Оның төркіні 1910-жылы Копенгагенде жұмысшы әйелдер қатысқан 2- Халықаралық конференцияда социалдемократ партиясы әйелдер тобының жетекшісі Клара Цеткина 8-наурыз Халықаралық әйелдер күнін жыл сайын атап өту туралы ұсынысы арқылы іске асқан шараға жатады. Ең алғаш рет бұл күн Нью-Йорктегі тоқыма, аяқ-киім фабрикаларының жұмысшы әйелдерінің наразылық шеруі, яғни «бос кастрюльдер маршынан» бастау алған деп айтылады. Басында Америкада әйелдер жұмыс ақысын жоғарлатуға теңдік сұраса, кейін Еуропадағы бір бөлім мемлекеттің жезөкше әйелдері осы күні өз жұмыстарын заңдастырып беруді сұраған. Көп санды адамдар бұл мерекені кеңестік дәуірдің қалдығы ретінде қарайды. Бұл күнді мемлекет көлемінде демалыспен тойлайтын екі -үш мемлекет ғана қалды. Қазақстанда халқына үш күн демалыс беріп, ел болып мәре-сәреге түседі. Америка мен Ресей халқы да бұл күннің бәсіресін қағыс қалдырмайды. Елімізде демалыс берілмейді. Халықтың өз еркіне тастайды. Әлемнің көп санды елдері осы жүйеге өтіп кеткен.
Сәлесдесу мерекесі- табиғат өзгерісіне қарай «Амал» дейтін төл мереке. Батыс Қазақстан аймағындағы халықтардың 14- наурыздан бастап бір апта жол сапарға шығып тойланатын көрісу, қауышу мерекесі. Бұл күні жасы кішілер қарттарға, әжелерге, әкелерге, апаларға, аға-әпекелерге және өзге бауыр-туыс, жұрағат, құда-жегжаттарға амандаса барып алыс болса қонып, жақын болса емен-жарқын қауышып тамақтанып қайтады. Тарихта қазақ елінің қоныстанған жерлерінің шалғай болуынан арнайы ат арытып туыстарын іздеу дағдысынан тарап, бір апталық мереке тойына ұласқан көрінеді.
Наурыз мерекесі- Түркі тектес халықтар ортақтасып тойлайтын жыл басы немесе жаңа жыл мерекесі. әр жылғы 22-наурыздағы күн мен түн теңелетін, тепе-теңдікті ту еткен, табиғат пен ғарыш заңдылығын ескеркен ескі мерекелік салт. Қазақ жыл қайыруы бойынша бұл күн әсілі күн мен түн теңесетін 21-наурыз сағат 12 ден басталады. Дәл осы түнді Қазақтар «ұйқы ашар» деп те атайды. Соңынан «селт еткізер» жалғасады. Жастар Қыдыр немесе Қадыр, Қызыр түнінде ұйықтамай, от жағып айналасын қоралап тамаша өткізеді. Таң сәрі асау тайыншаны ерттеп, жанды куыршақты мінгізіп, құйрығына ескі шелекті байлап үркітіп қоя береді. Бүкіл ауыл адамдарын оятады. Таң азаннан таза үйге Қадыр бас сұғады деп түсінеді. Қазақ мерекені көрісуден бастайды. Сосын ұлттық ойындарға жол береді. Көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, ақсүйек, балтамды тап, тең көтеру, бағанаға өрмелеу, арқан тарту, жаяу жүгіру қатарлы толып жатқан қимыл ойындары оздырылады.
Сөз басында айтылып жатқан Рождество мерекесі күні, Италиян жерінен тараған Жаңа жыл кеші, 8- Наурыз әйелдер мерекесі, Қазақтардың көрісу күні, Наурыз мерекесі қатарлы жиынға қатынасатын адам саны, жасы шектелмеген. Сайып келгенде қазір бұл күндерді жастар жаулап алды. Көңіл ашатын жынойнақ, арақ ішетін, нәзік жандыларға сөз салатын, бос ермектің сәтіне балады. Тегін тектемей бәрі біздің төл мерекеміз деп ауыз толтырып айтатын болды. Бұл жастардың бойына жұққан жаман дерт. Енді жастарға арналған мереке күндерін таныстыру арқылы сөз түйіні сабақталады.
Ғашықтар мерекесі- «жәрдемші әулие», «тәңір құпиясы», «Киелі Валентин» әрекеттеріне арналған діни, жасанды мереке. 12-ақпанда Христан дінінің католик шіркеулері Валентин және оның інісі Валентинистерді еске түсіруден туындаған мереке. Италияндар аңызында Әулие Валентин 3-ғасырда Римде дін таратқан діндар адам болған. Сол кез «Клаудис Ⅱ» империясы үстемдігі жүріліп, бүкіл жастар әскерге кетіп, махаббаттасуға, бас құрауға қатаң тиым салыпты. Валентин патша жарлығын елемей түрме бастығының қызымен махаббаттасады. Соңында патша бұйрығымен түрмеге алынып, қинаумен өлтіріледі. Сүйген жарына сәлем дат қалдырады. Хаттың аяғына: "Сіздің Валентин!" - деген қол таңбасын қалдырады. Ол аңыздарда «ғашық хат» жолдаған тұңғыш діндар адам болып тарихта қалады. Бұны қолдаған Христан дініне сенетін жастар көтеріліп, Рим империясын әлсіретеді. Кейін Келасюс поп жаңа эраның 498-жылы 14-ақпанды Әулие Валентин күні немесе "Ғашықтар мерекесі" деп тұрақтандырады. Оның да тарихи себебі бар. Жаңа эраның ақпан айының орта шеніңде Валентин өлген. Христандықтардың Паган Лю Персалия мерекесіде 15-ақпанға тура келеді. Қос мерекені католиктер бірге тойлауды ойлап, 14-ақпанды таңдайды. Содан бастап Еуропа жастары арасында хат жазу арқылы сүйгендеріне тез қосылатын болыпты. Римдегі және өзге елдердегі шек тастау, хат жазу, открытка беру арқылы романтикалық жұптасулары христан еместер мен заңға қайшы келгендер тобына жатқызылатын болған. Қалай десекте, бұл мереке күні де қазақтың мінезіне мүлде сай келмейді. «Валентин», «Қасиетті Валентин», «Валентин -нама» бәрі- бәрі батыстың біздің санамызды жаулауға бағытталған қитұрқы әрекеті. Әулие Валентин күні - ешбір діни негіздемесі жоқ мереке. Ислам сеніміне сәйкес мұсылмандар бір-бірін мәңгі және бір жыл бойы сүю керек. Ал жылына бір күнді соған арнайы бөлу мүлдем ақталмайды. Қазақ ұғымына да кедергі. Қолдан жасап алған жасанды открыткалар мен хаттар арқылы немесе тікенегі бар раушан гүлін ұсынумен бір жолда қосылған қазақтың қара көздері санаулы шығар.
Қазақы махаббат мейрамы -Қазақстан Республикасында тұратын қазақ жастары арасында жаңадан жобаланған төл мереке, әр жылдың 15-сәуіріне тура келеді. Алматы қаласынан шығатын «Жас алаш» гәзеті ең алғаш 15-сәуірді ұлы махаббат символы қос ғашық «Қозы көрпеш-Баян сұлуды» еске түсіру күні немесе махаббат мейрамы ретінде атап өтуді ұсынған. Жобалаған қаламгер Серік Аббас. Қазақ елінде аталмыш махаббат мейрамы 2003-жылдан бастап жалғасын тауып келеді. Басында Қозы Қөрпеш күні ретінде Мырзалар мерекесін, Баян сұлу күні ретінде арулар мерекесін бөлек-бөлек тойлау жобасы көпшілік талқысына салынған. Әр қайсысына уақыт бекітілген. Кейін алқалы топтар мен жігерлі жігіттер және ақылды арулар екі мерекені біріктіріп, бір мерекелік күнге әкелуді іске асырды. Расында қазір 15-сәуір қазақ жастарының төл махаббат мейрамына айналып бара жатқанын жасыруға болмайды.
Қазақтың махаббат көзқарасы тылсым түйсіктен тысқары туған емес. Адалдық, мейірімділік, әдемілік, сұлулық, сүйіспеншілік, тазалық, еңбекқорлық, бауырмалдық, үміткерлік, төзімділік, қайсарлық, қайраткерлік, батырлық қасиеттер шебер қабысқан толық қанды махаббат жолын талдауға бейім тұрады. Әсіресе адалдық пен ар-намысты бәрінен жоғары қояды. Кезінде жер шалғайлығынан ата-ана ержеткен ұлдары мен бойжеткен қыздарына жар құлағы жастыққа тимей, жатса да, тұрса да сан ойланып, мың толғанып лайықты жар іздеген. «Қызың өссе, қылықтымен көрші бол» деген аталы сөзге тоқтап, айналасында инабатты орта мен келісімді көршілерді қондырған. «Жан қимақ бар, жар қимақ жоқ» дегендей ұл-қыздары үлкендердің сөзін алып, тектіден таңдаған ақ еділ жарлармен отасып, бір ғана өмірлік жақсы отбасын кұра алған. Қазақтың қылықты қызы мен құлықты ұлы баба өсиетін жерге тастамаған. Серт байласқан серігіне сенім артқан. Ажырасуды асқан арсыздыққа балаған. Баласын қаңғыртпаған. Қазір заман өзгерді. Бәсекелі қоғамның бел ортасында жүру үшін озық санамен ойлауға ұнтылыс жасалды. Жастар түрлі идеяларды қабылдай бастады. Жастардың бір бөлігінде "Бақыт батыстан келеді" деген шолақ оймен өзгенің қаңсығын, өзінің таңсығына балап жүрген сыңай бар.
Тарих тағылымы талай жайдан сыр шертер. Сол алтын тамырдан нәр алған дәстүріміз бүгін де жалғасын табуда. Дегенмен жаһандық жат ұғымдардың уақыт сынынан өткен төл тәрбиемізге ауыз салғанын көзіміз көріп жүр. Жастардың ғашықтар мерекесін тойлауы әбестік емес. Бірақ қазақтың әдет- ғұрпынан туған, рухи серпіліс беретін мереке күнін таңдап алған жөн сияқты. Әдет-ғұрып дегеніміз белгілі бір қоғамда белгілі бір тарихи жағдайға байланысты адамдар арасында қалыптасқан қоғамдық тәртіптің түрі. Жастарға да қоғамдық тәртіп пен тәрбие керек. Жүрегінің жылуына балап үлгерген Рождество мерекесі мен Қаңтардағы қалыпсыз Жаңа жыл болса адам өлімінен қалған бөгде діннің бөлшегі. Халықаралық әйелдер мерекесі әйел шеруінен туған, сылқым бикелердің жеңіл жүрісін қолдап жүрген санаға селкеу салатын әрекеттің жемісі. Әулие Валентин күні де адам қанына ортақ болған, католиктердің көтеріп шыққан тірлігі. Бұларға табыну бізге мақтан болмасын, ағайын! Оның орнына көрікті көктем сыйлайтын Наурыз мерекесі, "Амал" көрісу мерекесі, қазақы махаббат мейрамы яки 15-сәуір «Қозы мен Баян» күндері шаттық пен күлкіні бірге бөліскеніміз мың артық. Наурыз алдындағы Қадыр түнінде «ұйқы ашар», «селт еткізер, дір еткізер» болады. Ұйқы ашар -ауыл қыздары өздері ұнатқан мырзаларына соғымның қалған етін уызға салып пісіру, қадыр түні тамашалап көз ілмеу қимылы. Селт еткізер, дір еткізер- жігіттердің сүйген қыздарына, арулардың ұнатқан мырзасына арнаған тартуы, сый кәдесі. Қыздар жағы кестеленген орамал, шыт ұсынып адалдығын әйгілесе, жігіттер жағы айна, тарақ, иіс май, күміс жүзік сыйға тартады. Олар айна- пәктік пен жастықтың, тарақ- әдемілік пен сұлулықтың, иіс май- бүршігін жаңа ашқан жауқазындай құлпырудың, күміс жүзік- тазалықтың асыл образдарына балайды. Бұдан сырт қазақта жазда қымыз мұрындық яғни бие байлау тойы, күзде сабан той, қыста соғым басына шақыру тойлары дүрілдеп өтеді. Алтыбақан, ақсүйек, ине жасырмақ қатарлы толып жатқан қазақы ойындарда және тойларда жастардың танысуына шарт-жағдайлар жасалған. Өзгенің мерекесінен артық төл мерекелер түлектерге бақыт сыйлап бас қостыра алады. Ал бүгінгі қазақ жастарына ғашықтар күні керек болса қазақ еліндегі қандастар көтеріп жүрген 15-сәуірді ортақ қабылдауға күш салу өте қажет. Бұл мезгіл барлық тіршілік жанданып, ағаштар бүр жарып, гүл ашып, бәйшешек шешектеген мамыражай шуақты жылуымен ерекшеленеді. Бабалар Табиғат қыста- «қысылады»; жазда - «жазылады»; күзде - «күзеледі», ал көктемде - «көктейді»! деп болжам жасайды. Көктемде жасыл шөп шығып, жас төлдер төлдейді. Адамдардың да жазғытұрым жайдары жүруін қалайды. Ырымдап барлық жақсылықты көктемнен бастайды. Қадірлі Қадыр Мырзалиев ақын:
«Сәуір ғажап, сәуірдегі гүл ғажап,
Күбір- сыбыр, күмбірлеген жыл ғажап.
Жасыл көктем, сары күзден жаралған,
Әрі бала, әрі дана бұл қазақ»
-деп толғап кетуі тегін емес. Бар тіршіліктің басы көктемнен бастау алсын дейтін ортақ тілек, ортақ үміт.
Түйін: Қазақ махаббатты маусымға бөлмеген. Бір жолда махаббат байласуды шектеп, болашақ жарын бір жылда байыппен бағалай білуді дәріптеген. Сағымдай сөніп кететін жалған сезімге тіс, тырнағымен қарсы болған. Қазіргі жастарымыздан махаббатты жанына, ғашық дертін жарына, аруларды арына балайтын, асыл қасиеттерімен ұлт тірегі бола алатын алға басар қосын кұруын тілейміз. Қазақтың салтынан туған мерекелерді сүйіп, қазақы махаббат мейрамы яки 15-сәуір «Қозы мен Баян» күнін қолдауын үміт етеміз.
Нұржан Дәулеткелді ұлы,
Ақын, этнограф, зерттеуші