Жыланның тілін білген Шошана әулие

Жыланның тілін білген Шошана әулие

Жыланның тілін білген Шошана әулие

Жылан төтемі

  Адам мен табиғат етене. Табиғат пен жан-жануар, жәндіктер, насекомдар тыныстас. Адам бойында ашылмай жатқан табиғи дарын, асыл қасиеттер болады. Табиғаттың сырын, жан-жануар, жәндіктердің тілін, іс-қимылын бақылап, өзіне бағындыра алады. Жылан адамнан ерекше қорқады, әлемде адамзаттың түрі ең суық, қатал деп қарайды. Ал біз жыланның түрінен шошимыз. Бірақ адам жыланды да бағындыра білген. Қазақ арасында жыланды арбап, өз еркіне бойсындыратын адамды «тарымшы», «дарымшы» деп атайды. Бұл ілкі заманнан жалғасқан адам бойындағы сырлы, құпия жоралғы. Жыланмен сайысқан небір дарымшылардың арбау-байлау жырларын А.Байтұрсынұлы, Ә.Диваев, С.Сейфуллин, Ә.Марғұландар хатқа түсіріп, халық поэзиясының қайнар көзі, мәдени ескерткіш ретінде қарап, мол ауыз әдебиет қорына енгізген. Қазақ мифінде жылан қасиетті саналып, ол жасаған орта жер асты әлеміне жатады. Мифологияда адам өмірге келгенге дейін, оның жаны (рухы) жылан кейпінде болады да, ал өлген соң (рухы) қайтадан жыланға айналады деген ұғым болған. Адам жер астынан қайта туып, жер астына қайта кетеді деген түсінік белең алған. Жылан туралы түркілік түсінік төтемдік санамен қабысады. Жыланға да табыну болған. Қазақ аңыз, ертегілерінде жылан кейпіне арналған мифтік образдар кезігеді. «Жеті басты жалмауыз», «Аждаһа», «Тұзбасты жылан», «Жылан қабықты жігіт» секілді ертегі кейіпкерлері Жыланның кесірлі, зиянды жақтарымен адамзат баласын сақтандырып отырады. «Іштен шыққан шұбар жылан» деген сөз орамында адамның қараңғы әлемнен жылан кейіпте туып, жарық әлемге адам баласы болып өсетін өмірін бейнелейді. «Жылан ілкі төрдің ақиқатын сақтаушы, күзетуші, қорғаушы» (С.Қондыбай). Анығы су әлемі мен жер әлемін жалғастырушы киелі күш. Оны «марту», «сұмырай» деп те атайды. «Сұмырай келсе суы құриды», «су аяғы құрдым» деген сөздер осы түсініктен қалған. Өйткені "сұмырай" бұлақ көзін басып жататын мифтік тұлға. Жыланды тіке атамай «абақай», «түйме» деп атайды. Тіпті жылан туралы түсініктер ұлттық тәрбие құндылықтарына сіңдіріліп жіберілген. Қазақ мақал-мәтеліне арқау болған. Айталық, Жылан ирелеңдеп жүреді, сүйреңдеп күледі. Жыланның сырты жылтыр, іші у. Жылан иір-иір жүрсе де, ініне түзу кіреді. Жыланның аузы жесе, құйрығы семіреді. Жыланды өлтіргеннің сауабы бар. Қазына бар жерде жылан бар. Жыланның сүймес асы інінің аузынан шығар. Жұмыртқадан қыран да, жылан да шығады. Жыланның басына ақ құйып шығарады. Жыланға түк біткен сайын қалтырауық. Жылан өз бойына қарамай, Түйе мойнын иір дейді. Жыланның үш кессе де, кесірткедей қауқары бар. Көп жүрген жылан аяғын көрсетер. Жатқан жыланның құйрығын баспа. Биік таудың басына, Қиялап ұшып қыран да шығады. Жер бауырлап, жылжып, жылан да шығады. Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады. Жыланның іні тік. Улы жыланның терісі жұмсақ. Жылан терісін тастаса да жылан. Жылан жалбыздан қашар. Іштен шыққан жыланның,Иреңдеуінің жақсысы-ай. Ордалы жыланмен ойнама. Жылқының жауы-бөгелек, жыланның жауы-дегелек. Қазақтың әдеби тілінде "жыланды үш кессе де, кесірткелік әлі бар", "жыланға түк біткен сайын қалтырауық", "жылан шаққан ала жіптен аттамас", "жағыңа жылан жұмыртқаласын", "жылан жалағандай тап-тақыр", "торғай жұтқан жыландай", "оқ жыландай атылды", "айыр тілді жыландай", "жылан тіл, жылан сөз, жылан көз" деген сөз тіркестері бар. Бабадан қалған нақылдар мен ғақылия сөздер де жыланды ауызға алады. Қазақтың тиым сөздерінде де жалпыға қарата қарсы әрекет жасамауға үйретеді. Жыланды өлтіре сап тастап кетуге болмайды. Денесін жеті бөліп, жеті жерге көміп кету керек. Болмаса тіріліп кетеді. Ақ боз үйге кірген жыланның басына ақ құйып қайтарады. Жазық далада ысқыруға болмайды, жылан шақыру болып саналады. Жыланға ақ бер, жыланды ұрма, жыланның ұясына тиме, жыланның жолын қима деген тиым сөздер әрбір қазақ баласының санасына сіңдіріледі. Сол арқылы көп қатерден сақтандырады. Жылан төтемі қазақ мифтерінің айрылмас бір бөліміне жатады.

                                       Тарымшы-Шошана

  Іле бойында, көрікті Күнес сахарасында Шошана, Шаншарбек, Разбек дейтін жылан тілін білетін тұлғалар өтіпті. Олар жыланның тілін буып, денесін тарымдап, ісіндіріп, уытын қайтаруға аса қабілетті жандар болғаны анық. Сол ортада әңгімесі аңыз болған әулие, балгер тұлға-Шошана.

 Шошана Нұқайұлы-ҚХР ШҰАР Іле қазақ облысы Күнес ауданы Зекті ауылы Темірлік селосы Бестамақ деген жердің тумасы. 1915 жылы сәуірде Бестамақта туып, 1979 жылдың соңында Темірлікте 58 жасында қайтыс болған. Найман-Қызай-Есенгелді руының ішінде Досқана атасынан тарайды. Болашақ әулие Шошананың әкесі Ноқай табиғат өзгерістерін сезе білетін, ауа райын дәл болжағыш балшы, бәлгер адам болған. Қазақ арасында бұндай адамдарды «Жұлдызшы» деп атайды. Жұлдызшы– ежелгі дәуірлер мен орта ғасырларда аспан денелерінің қозғалыстарын бақылаумен шұғылданған адам, астроном. Қазақ ұлтының жұлдызшылары Айдың тууы, тоғысуы, аралық шағын байқап, бағамдап, сол арқылы ауа райын алдын ала болжай алады. Олардың жорамалдары қате кетпеген, дәл жорамалдайтын болған. Әр айда келетін амалдарының саны жиырма төрт. Бұл амалдар он екі айға бөлінген. Он екісі жазғы маусымға, он екісі қысқы маусымға жатады. Бұлар іштей тағы бөлінеді: алтауы көктем, алтауы жаз, алтауы күз, алтауы қыс маусымына тән. Нұқай ақсақал Күнес алқабында тұрып осы қазақтың амалдары негізінде табиғат құбылыстарын бақылап, алда болатын табиғи апаттардан ел-жұртын сақтандырып отырған. Мал, жандарын да лайықты орындарға көшіртіп, көп істердің жай жапсарын сезе білген. Жылдың төрт маусымын, көктемнің райын, жаз жайлау ауқымын, күзгі жиын-терім науқанын, қыстың әр айларында болатын апаттарды болжап, ғылыми-танымдық нұсқау беруге шебер болыпты.

  Шошана Нұқайұлы-бір әкеден жалғыз өскен ауыл шаруасы. Бала кезінде көп оқи алмайды. Қоғам-мектеп, ауыл-аудитория болады. Жас кезінен атаның асыл сөздерін жаттап, нақыл-өсиеттерін жаттап, өз өмір дағдысын қалыптастырады. Жылан туралы аңыз-әпсаналарға құмартып, оның тілін білуге бар зейін-зердесін жұмсайды. Өзі туып өскен жері Темірліктің таулы қыраттарында, күнгей беттерінде жылан көп болған. Сол жерлерді аралап жылан ұстап, оны өзіне үйретіп, қалтасына салып жүріп, түрлерін зерттейді. Жылан шаққан мал мен адамдарды дер кезінде емдей бастайды. Сол кездерден бастап қай жерлерде адамды, малды жылан шақса, Шошананы іздеп келіп, қосарлы ат әкеліп алып барып, оған жыланды тарымдатып, сол арқылы жылан тиген адам мен малды арбап-байлап, әр түрлі ем-дом істетіп сақайтып отырады. 1934 жылы жаңа ғана отау көтерген ауылдасы Жаппас Мұхаметұлы Тасбұлақ деген жерде отырады. Ол отырған там үйден жылан ордасы шығып, қаптаған жылан үйдің ішіне де, сыртына да өрмелейді. Бүкіл аулаға да жайыла бастайды. Бұған ауыл адамдары еш амал таба алмайды. Ақырында Шошана әулиені шақырып, оқытады. Шошана қалың жыланды тарымдап, көбінің басына ақ тамызып, там үйден жылжытып жібереді. Бұл жағдайды Темірліктің тұрақты тұрғыны кезінде 85 жасқа келген қария Сылқымбай өз көзімен көріп, таң қалады. Шошананың бұл қасиетті ісін, ел арасына таратады. Шошана ауыл арасынан бірте-бірте аймақ, облыс, өлкеге танымал бола бастайды. 1938 жылы Шыңжаң өлкесінің орталығы Үрімжіден су істері мамандары Күнес жеріне келіп, Су кемерін қаздыру жұмыстарын бастайды. Су істері маманы, Өлке дәрежелі бастық Мәжит жауапты болады. Күнес өзенінен бұрып, оңтүстікке үлкен тоған қаздырады. Қара жерді қазу барысында төбелерден қордалы жылан ордалары шығады. Ел тоған қазудан қорқып, жұмыс тоқтап қалады. Осы кезде Шошана да жұмыс басында жүрген кезі екен. Ол еш сескенбей жыландарды сортқа, түрге айырып, оның адамға қас қылатын және қас қылмайтын түрін ажыратып елді есіне келтіреді. Шақпайтын жыландарды қолмен ұстап, қалтасына, қойнына салып ойнатады. Ал улы жыландарды нақ майданда ұрып өлтіріп, елді қорғайды. Осы ордалы жыландарды көшірген соң, Шошана әулие, тарымшы атанады.

  Шошана-ел қадіріне бөленген әулие. Тілсіз жәндік жыланды үнсіз түсініп, оның сырын кезіп, оқыту көп адамның қолынан келмейді. Тарымшы, дарымшы атағы қазақ даласына тараған Шошана ел аралап, адам емдеген. Ол барған жердің бәрінде құрметке бөленген. Егер жақсы қабыл алмаса, қалтасына салып алған жыланды шығарып, қорқытатын әдеті де болыпты. Қарау байлардың үйіне әдейі қонып, ниеттерін байқайды екен. Егер олар қара шаймен қатыратын болса, жылан өргізіп, үрейін алады екен. Содан көп адам Шошана келгенде мал, жанын жыланнан сақтау үшін қой сойып, қонақ асын беріп, аттандырған. Шошана жоқ, жітіктерге жебеуші, демеуші жомарт жан екен. Ешкімге әдейі жамандық жасамаған. Жансебіл шарапатты әулие болған көрінеді. Шошананың ел арасына тараған әңгімелері өте көп.

  Қытай үкіметі 1949 жылы азаттық алған соң, асыра сілтеу науқаны жүргізілді. Бұдан ауыл адамдары көп зәбір көрді. Жапалы еңбекке шегілді.  Тіпті төрт зиянды жәндікті жою науқаны жүріп, табиғаттың тепе-теңдігін бұзуға дейін барды. Тұрғындар еріксіз сол науқанға зорлықпен қатыстырылды. Күнес ауданы Зекті ауылы «Қызыл ту» ел бірлігі одағы Темірлік жерінде жыланды жою сынды науқанды жұмысты бастады. Сол кезде тарымшы Шошананы іске қосып, жылан ордасын табу, жыландарды тарымдау, жыландарды жою жұмысына жегілді. Ол әрбір жаз айларында қыруар қордалы жылан ордаларын тауып, он мыңнан астам жылан түрін өлтіруге жол нұсқап, асқан көрегендігін білдірді. Сол кезгі іс-шара кезінде Темірлік қыстағы зиянды жәндікті жоюдың озат қыстағы болып, сыйланды. Бұл Қытай үкіметінің бір кері саясаты болып, кейін өз жұмысын тоқтатады.

  Шошана – ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген. Ел арасында оның әулиелігі туралы көптеген аңыз-әңгімелер бар. Бұл аңыз-әңгімелердің дені оның жылан тілін білетіндігі жайында. Өзінің айтып қалдыруы бойынша бұл қасиет оған бала күнінде дарыған. Тайдан жығылып көл жағасында есінен танып жатқан балаға жылан келіп, «өсімдіктің тілін білгің келе ме?» «Жылан тілін білгің келе ме?» дегенде Шошана жылан тілін білуді қалапты. Сол қасиетімен ауа райын, табиғат жағдайын болжап, елді тосын апаттан аман алып қалып отырған. Жылан шағып, өлім халінде жатқан адамды да жыландармен тілдесу арқылы уытын қайтарған. Бір жолы Қали деген баланы жылан шағып алады (Қазір бар адам). Зар жылаған ата-анасы Шошанаға келеді. Шошана бір төбенің басына шығып, екі жағына екі қарын сарымай қойғызып, жан-жағына жігіттерді алдырады. Оларға өзінің атын атамауды, жылан үш сызықтан өтіп кетсе, оны дереу өлтіруді тапсырады. Күбірлеп біраз отырғаннан кейін анадайдан жіңішке қарасұр жылан ирелеңдеп келіп, әулиенің алдындағы үш сызықтың біріншісіне келіп тоқтайды. Сарымайды уыстап асап отырған әулие дұғасын күшейтеді. Жылан да ісіп-кебеді. Екінші сызыққа жақындайды. Әулиеден тер моншақтайды. Жылан да жуандайды. Жылан екінші сызықтан өтіп, үшінші сызыққа тақайды. Екі қарын сарымайдан да екі-ақ уыс қалады. Жігіттердің біреуі әулиенің қиналып кеткенін байқап, кеудесіндегі түймесін ағытып жібереді. Сонда барып жылан жарылып өледі. Хал үстінде жатқан бала да аман қалады. Артынан әулие бұл жайды елге былай түсіндіріпті: Бұл жылан алыстағы қызын іздеп шыққан екен. Жолда демалып жатқан жерінде бала басып кетіп, байқаусызда шағып алыпты. Әдейілеп шақпағаннан кейін, арбасу ұзаққа созылды. Кеудем қысылып, тамағым қылқынып қиналып отырғам. Түймемді ағытып жібермегенде мені де шағатын еді,- деген екен. (Хазірет Әбділда. «Қамшы» сайыты. 2015 жыл. 24 мамыр).

  Қытай жерінде солшылдық ауқым асқынып, он жыл мәдениет зор төңкерісі жүрілді. Ел ішіндегі зиялы қауымды жер аударуға жіберіп, көріпкел адамдарды өз қалаған мүддесіне бейімдеп істетті. 1968 жылы көктемде Қытай ғылым академиясы жануарлар әлемін зерттеу орталығы қызмет группасы Іле облысы Күнес ауданына келеді. Олар жыланның тегін, түрін зерттеу жұмысын бастап кетеді. Оған ең керек адам Шошана болады. Темірлік селосы әкімшілігінде істейтін Даниярбек Шалтабайұлын шақырып алып, жыланмен тілдескен көріпкел Шошанаға жұмсайды. Бұйрықты бұлжытпай атқаратын алмағайып кезең ғой. Шошана келіп, жылан туралы ұзақ жыл байқаған, бақылаған, ізденген білімдерін, мамандарға толық түсіндіріп жеткізеді. Темірліктің тұрғыны Дәниярбек ақсақалдың естелігі былай баяндалады: « Біз барған кезде Темірліктің жоғары сағасында екі қос тігілген екен. Айнала толы бие бау. Сол қостың біріне Шошананы шақырып алдық. Шошана қымыз ішіп отырған үстімізге келіп жан қалтасына салған екі тірі жыланды дастарқан үстіне қоя береді. Үй толы адам екі жыланнан қорқып, жан-жаққа жапырыла қалады. Шошана қайтадан қалтасына салады. Қатысты мамандар группасы Шошананы ертіп, жалама жартастарға жол тартады. Шошана жаңқа тастардың арасынан төрт жылан тауып әкеліп, тарымдап оқыды. Екі жыланды ұстап қойнына салды. Екі жыланды қамшымен ұрып өлтіріп тастады»,-деген болатын.

  Жылан тышқан індерін қоныс етеді. Жыланның өзі иір болғанмен, іні тік болады. Шошанада кезінде жыланды індерін иіскеу арқылы парықтаған екен. Шошана әулиенің айтуында өзі туған мекен Күнесте жыланның түрлерін былай баяндайды: «Күнес ауданында тоғыз түрлі жылан бар. Оның алты түрі усыз, үш түрі улы жыланға жатады. Улы жыландар құрғақ, тастақ, қара отты қағыр далада, изен-жусанды жерде өседі. Оның ішінде айыр бас сұр жылан өте улы болады. Тарымдауға, қолмен ұстауға болмайды. Тек екі тісіне шүберек тістету арқылы жұлып тастап, уын таратқан соң, ұстауға болады. Ал усыз жыландар түріне сары бауыр жылан, көлбар жылан, ақ жыландар жатады. Олардың басы доғал болады. Тісінде у болмайды, ұстасаң да шақпайды.

  Улы жыланның мойыны жіңішке, басы үлкен әрі үшбұрыш келеді. Ал усыз жыланның басы кішілеу, сопақ келеді. Улы жыланның көбінің үстінгі жақ сүйегінің алдында, ал бір бөлімінің артқы жағында бір жұп имектеу жылжымалы тісі болады. Тісінің ортасы түтік секілді қуыс болады. Ауыз қуысының үстінгі құлағы астында у бөліп шығаратын бір жұп улы безі болады. Улы жылан адам мен малды көргенде қашпайды. Айбар көрсетіп арбайды, жүректі болады. Ал усыз жылан адам мен малды көргенде қашып кетеді, қорқақтау болады. Усыз жыланда бір жұп имектеу тіс болмайды».

  Шошана әулие Қас, Күнес таулары мен Мұқыр, Жырғалаң сынды елді мекендерді аралап, жылан шаққан мал мен адамды емдейді. Тарымшының емдеу әдістері мынадай болып келеді: Жылан мал мен адамдарды шаққан кезде, уыты денеге тез таралып кетпеу үшін, жылан шаққан жердің алдынан жіппен мықтап буып тастайды. Буылған жер шамамен 2-3 сағаттан соң босатылу керек. Жылан шаққан жерді дереу пышақпен ойып алып, одан кейін ауызбен үнемі түкіріп отыру керек. Уытты сорып, түкіретін адамның тісі кетік болмауы, ауыз қуысында жарақат болмауы тиіс. Бұл емдеу әдісі аяқталған соң, шаққан жыланды тауып алып, оқып тарымдап, оның улау күшін бекітеді. Жерлік шөп дәрілері можығын, теңбіл жапырақ, жылан шөп, марал жусан қатарлы шөптерді қайнатып сөлін ішкізу арқылы емдейді.

  Шошана талай адамды осы әдістер арқылы емдеп, жазып алған. Бұған Сылқымбай ақсақалдың сөзі нақты куә бола алады: «Дарымшының Атағы алашқа жайылып, жылан тілін буып, жыланды қолында ойнатып жүрген кезі болатын. Шешем Мәкенді жылан шағып алды. Дереу Шошанаға әкеліп көрсеттім. Ол кісі жыланды тарымдап, шөп дәрі беріп, анамды аман алып қалды. Жылан шаққаннан тарымдап емдеп жазған адамдары өте көп. Әр жылы 10 да 15 адам мен 100-150 ге тарта малды емдеп сауықтырады», дейді. Халық айтса қалт айтпайды. Шошана Нұқайұлы тау мен тасты, орман тоғайды аралап, жылан түрлерін тауып, оның әрбір қимылын, қасиетін бақылап, ел арасында әулие, көріпкел, балгер атанды. Көп еңбегі ел арасында аңыз болып таралды. Бертінгі дәуірде де бақсылық сарынның бар екенін бір мәрте дәлелдеді. Ел еңбегін адал атқарып, 58 жасында бақиға аттанды. Артында Сатыбалды, Қаратай даген екі ұлы ұрпақ жалғады. Бірақ тарымшылық төл қасиеті ұлдарына дарымапты. Темірлік жерінде қарапайым шаруа адамы ретінде қазірде тұрмыс кешіріп келеді.

Арбау-байлау ұғымы

  Қазақ ұлтында бақсы сарыны алғашқы қоғамнан бері жалғасып келеді. Кіші бақсылар арбау, байлау өнері арқылы адамды, малды емдей алады. Арбау сөзі-дұғалау, дуалау, сиқырлау сөзіне жуық келеді. Арбаушы-дұға оқу арқылы жадыланған, ауырған адамдарды айықтырушы-емші. Адамды жылан шаққанда, уын қайтару үшін сол шаққан жыланды ұстап алып арбайды. Арбаудың күші өте басым болса, жылан сол жерде өледі. Арбаушы сұлық жатып қалады. Кімнің арбауы күшті болса сол жеңеді.

  Ертеде бақсыға құдірет беретін күш-жылан культі. Ол адамға сөзбен де, іспен де қасиет дарытушы. Адам жылан кейпінде дүниеге келіп, арғы дүниеге жылан кейпінде кетеді. Бұл-мифтік түсінік. Ертөстік жер асты жылан еліне барып келеді. Қорқыт баба қайрақ жыланның шағып алуымен су әлеміне кетеді. Көп көріпкелдердің көзіне жылан көріну арқылы бақсылық дариды. Мәселен,   Балбике бақсы: «Біраз күннен кейін тағы да үстіне ақ жамылған жылан әрі бері секіріп өтіп, баламның жанына жата қалғанда балам «шыр» етіп шошынып оянды. Тұра салып «біссіміллә» деп тілімді кәлимаға келтіріп едім, жылан жоқ болып кетті»,-дейді. Бір бөлім сәуегейлер жыланды серік етіп, басылып, жабығып қалған, әлсіз жандарды емдеуге шақырады. Бақсы пірі Қойлыбай сырлы сөздер мен көркем тілдерді қолданып, арбау емін жасаған. Сол кезде Жыланы келеді. «Қойлыбай қобыз тартып салады ұран, Істеткен жындарының бәрі қыран. Ысқырған ызғарына жан шыдамас, Келеді одан кейін айдар жылан»,-деген өлең жолдарында шаңырақтан түскен жылан адамның бойындағы кеселді алып кетеді. Жылан-ауру-сырқаудан, қаскөй көштерден сақтаушы мотив. Өзіне қарсы келгендерге-қарсылық көрсетуші. Жер әлемі мен су әлемін жалғастырушы. Жыланның бұрынғы наным-сенім бойынша екі образы бар. Бірі-рақым беруші, енді бірі-зұлымдық иесі. Қалай десекте ел назарында жылан адамға қастық жасайды деп қаралады.

  Тарымшы-арбау, байлау өлеңі арқылы жыланның тілін буады, уытын қайтарады. Кәдімгідей абақаймен тілдеседі. Бұл алғашқы қоғамдағы сөзге сену, сөзге илану дағдысы. Қазақтың арбау өлеңі жыланға да қаратылады. Жылан шаққанда уытын қайтаруға өте сырлы сөз, арбау өлең айтылады. Айталық, «Кер, кер, кер жылан, Кереге басты мер жылан,-бір жылан бар сұм жылан, бір жылан бар сұр жылан. Бір жылан бар жеті жылға ту жылан, Құралай таудың басынан, қуып келген қу жылан. Ақ жылан, аты жылан, кіші жылан, мышы жылан, сары жылан, сары бас жылан, Көл жылан, көбер жылан, Шық тәңірден парман келді! Отыз бес көзді, Қырық жүзді, Орман түнінің басынан Лек-лек келді шық, жылан!»,-деген өлең жолдары арқылы жыланның үш мың түрін, оның ішінде зәрлі жыландардың иесін, киесін айтып, олардың кесірлі ісін өзіне ұғындырып, адам бойынан шығып кетуін бұйырады. Ол төрт түліктің қайсы түрін жақса да олардың қорғаушы пірлерін шақырып, бір демде малды сауықтырады. Ғұрыптық өлеңдердің басы осы арбау-байлау өлеңдері есептеледі. Наурызда айтылатын өлең, бұлт шақыру, жауын жаудыру өлеңі, шақыру, арбау, байлау өлеңі, бақсы сарыны, күн жайлату өлеңі, жылан шаққанда уын қайтару арбау өлеңі, бүйі шаққанда, қара құрт шаққанда, бәленгі шаққанда, түйені жылан шаққандағы арбау өлеңі, байлау өлеңі осы топқа жатады. Сырлы сөздер мен сиқырға негізделген өлеңдерді Сәкен Сайфуллин бірнеше түрге ажыратады: 1) Адамзатқа зиян келтіруді көздеген кейбір «иелердің» адамзатқа, малға істеген кеселдерін келтіріу мақсатыменістелетін ырымдар мен «тыйымды», «сырлы» арбау сөздер. 2) жауын болмай құрғақшылық болып, жер шөлдегенде бұлт-жауын шақырып істейтін ырымдар мен айтылатын «сырлы» сөздер. 3) Адамға «қас» жыланның, құрттардың тілін «байлау» мақсатымен айтылатын сөздер. 4) «Қылышын сүйретіп қыс» өтіп, жарқырап шығатын жаз басталардағы жыл басы «наурызда» істелетін ырымдар мен айтылатын сөздер. Халық ауыз әдебиетін танушылар бұл ғұрыптық өлеңдер мен сырлы сөздерді шамандық кезеңге жатқызады. Бірақ бұл өлеңдер бүгінгі дәуірге дейін жұрнағы жетіп отыр. Өлең айтылған соң, байлау сөзі де бірге жүреді. Сол арқылы адам мен малдың бойындағы дерт айығады. Байлау сөзі қарапайым, тұжырымды келеді. Мәселен, «Бастан, бастан, бар бастан, Құс құрайда, құптан нұрайда, Шикі зеңде шимиті керез, Ағаштай байлап, тастай қат! Абыр-абыр, абырлама, мен тұрғанша жыбырлама, қой қорадан өрген жоқ, бала-шаға тұрған жоқ, Мерт байладым, шарт байладым, тура жыланның аузын байладым», - деген тіркесті сөздермен жыланның тілін байлайды.

      Сөз соңы, Тарымшы-туа біткен қабілет. Дарымшы-жыланмен тілдескен тәуіп. Оның бойында дуалау, байлау, сиқырлау өнері дарыған көріпкел. Өткенді білетін, бүгінге үлес қосатын емші. Шошана, Шаншарбек, Разбек қатарлы тұлғалар жылан ілімін зерттеуші, тілге келтіріуші, бақсының сарқыты. Ел арасында сандаған қасиетті, қастерлі тұлғалар туады. Олар халық жағында тұрып, ел мүддесін қорғайды. Адамның наным-сенімі қисынсыз, қияли аңыз емес,  өмірдің сабағы, тұрмыс қортындысы. Ел есінен кетпейтін егей тұлғалар ел арасынан туа береді.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Қазақ бақсы-балгерлері. Қ: Жақау Дәуренбеков, Едіге Тұрсынов-Алматы: Ана тілі, 1993, -224 бет.
  2. Күнес тарихи материалдар. №5 кітап. Қ: Андас Омарақынұлы. ҚХР ШҰАР Құлжа-халық баспасы. 1993 жыл. 77-бет.
  3. Мифология: құрылымы мен рәміздері. Қ: З.Ж. Наурызбаева, Ш.Ә.Нұрпейңсова. –Алматы: Жазушы, 2005, -568 бет.

 

                                                     Нұржан Дәулеткелдіұлы,

ақын, этнограф

Бөлісу: