МІНЕЗ ЖЕРІК АСҚА ТАРТАДЫ
МІНЕЗ ЖЕРІК АСҚА ТАРТАДЫ
БАЛА МІНЕЗІ АНАСЫНЫҢ ЖЕРІК АСЫНА ТАРТАДЫ
Қазақ тәжірибесінде ауыр аяқ, екі қабат әйел ер- телі-кеш әйтеуір бір тағамға жерік болады. Мә- селен кейбір ана төрт-түлік малдың етіне, кейбір ана аң
мен құстың етіне, кейбір ана жеміс-жидек сынды тәтті шырынды нәрселерге, көк тат тәрізді жемектіктерге, кей ана ащы бұрыш, басқа да ащы-тұщы нәрселерге, қышқыл кермек жемектіктерге, кей ана ойда жоқ қай-қайдағы қиын қиырдағы қол жетпес нәрселерге жерік болады. Кейбір аналар жыртқыш аңдар етіне, кей аналар топы- рақ, күл тәрізді ұсақ-түйек нәрселерге құмартады.
Жә, қызығы да, қиыны да сол, бір асқа жерік болған ана сол жерік асын жегенше күні-түні көксейді. Аңсап- асығып тұрады. Аңсаған асқа аңсары ауа береді. Сілекейі шұбырады, ұйқысы қашады. Ойы бұзылады. Қарадай бағасы кетеді. Мінезі өзгереді. Жерік асын қашан бір тауып жесе, сонда жерігі қанады. Көксігі басылады. Жерік асқа ауған аңсары тоқтайды. Көңілі жай табады, бойы кеңйді. Ойы сергйді. Жайбарақаттанып қалады. Мұны қазақ «әйел жерігі», «жерік асы», «жерік немесе көксік», «көксеу» деп атайды.
Қазақ азаматтары әйелі бір асқа жерік болған күннен бастап, сол жерік асын қайдан болса да тауып әкеліп жегізеді. Өйткені жерік асын қанып жемеген, жерігі қанбаған, көксігі басылмаған әйелден жетесіз бала туады. Ол баланың ерні жырық, мұрны тәмпіш, таңдайы шұңқыр, қол-аяғы қисық, бос сүйек, әлсіз болады деп ұйғарады. Сондықтан жерікті әйелге ерекше көңіл бө- леді, бөлекше назар аударады. Қандай қиын жағдайға қарамастан, әйелінің жерік асын іздеп тауып жегізеді.
Ал әйелінің жерік болған асы – Арқар, Құлжа, Бөкен, Қарақұйрық, Тауешкі, Елік, Бұғы сынды бейуаз қоңыр аңдардың еті болса, онда қасына жолдас-жораларын ертіп, қару-жарағын асынып, тазысын алып, аң ау- лауға шығады. Құдай қалап, сол аңды атып алса, үйіне әкелген соң аңның қаракесек етін күлдей ұсақ етіп турап, жұмсақтап былқытып қуырады. Қалған сүйек- саяқтарын қазанға асады, ауылдағы көрші-қолаңдарын шақырып, өзімен бірге аң аулауға барған достарының әйелдерін жерік асын бірге жесуге шақырып, дастарқан әзірлейді. Яғни, «жерік ас» деген атпен дастарқан мәзірін өткізеді. Осы құрметке жйналған әйелдердің арасынан көпті көрген, көнекті тескен, көнені білген бір кейуана ақ білегін сыбанып тастап, дастарқан мәзірін басқарады. Жерік әйелге дайындаған бақырдағы қуырдақ пен қазандағы еттен басқалар ауыз тимей тұрғанда астың алдын бөлек алып, ең алдымен сол үйде жерік болып отырған әйелге береді.
Егер жерік әйелден бұрын басқалар ауыз тиіп қойса, жерікті әйел шала бала туады немесе түсік тастайды деп ырым етеді. Жерікті әйел қашан бір жерік асын жеп, терлеп-тепшіп жерігі қанып, көні көншіп, зарығы басылып болғанша басқа келген қонақтар ол астан ауыз тимей, әңгіме-дүкен құрып отыра тұрады. Кейуана жерік асты жеп отырған жерікті әйелдің қасына келіп, жерік асы туралы, жерік туралы өлең-жыр айтып, жерікті әйелдің тілеуін тілейді, батасын береді:
Жерік-жерік, жерден шық,
Жерігі қанса көктен шық.
Жерігі қанған балақай,
Басқа баладан өктем шық..
Жерігі қансын, бағы жансын.
Тілеген тілегін, Алла қабыл қылсын.
Жолы жарық ашылсын,
Көксігі дереу басылсын.
Көксеткен көксеу жерігі ,
Жақсылық болып жазылсын.
Құрсақтағы бөпе айдай толсын,
Ақырына дейін аман болсын.
Анасы мен баласының денсаулығы, Қортылған мықты құрыштай болсын.
Жерік ырымы құтты болсын,
Дастарқанға ырыс толсын.
Бай дәулетін берсін,
Артынан азамат ерсін.
Келген аяғымыздан құт қонсын,
Туылар бала ұл болсын.
Жеген жерік асыңа,
Ақ тілектен жол болсын.
Жерік-жерік жегізсін,
Жерігің жетерлі дегізсін.
Жерік астың артынан,
Сегіз ұлды ергізсін.
Міне, осы ақ тілек жарма жүрек сөзден кейін әлгі жерікті әйел терлеп-тепшіп отырып, жерік асын жейді. Қанып, сорпа-суын ішеді. Сосын барып балбырап, тәтті ұйқыға кетеді. Алпыс екі тамыры түгел иіп, топса-топ- сасы босайды. Дидары нұрланады, жерігі басылады.
Мұнда тағы бір назар аударар мәнді мәселе, кей ананың жерігі бір жолғы жерік асымен басылады. Тас түйін жерігі тоқтап қалады. Тоқырап тынады. Кей ананың жерігі екі-үш күнге созылады. Кей ананың жерігі бір жұма не бір айға жалғасады. Кей ана ұқсамаған бірнеше түрлі асқа арты-артынан жерік болады. Бірінен соң бірін жеп барып, жерігі басылады. Мұны қазақ «жұп жерік» немесе «қайталама жерік», болмаса «созылмалы жерік» не «жарыспалы жерік» деп те атайды.
Иә, жерік дегеніміз не? Оның көксікпен қандай байланысы бар?
Әйел жүкті болғаннан кейін оның құрсағындағы бөбегі суретке айналғаннан бастап ана денесіндегі дәрумендермен, қажетті қоректіктермен қоректене бастай- ды. Іште жатып-ақ сол қоректіктермен тоғыз ай, тоғыз күн қоректеніп өседі. Кей ананың денесіндегі керекті дәрумендер іштегі баланың өсіп жетілуіне, азықтанып, ауқаттануына жетіспейді. Не мүлде жоқ болуы да ықтимал. Жаңа ғана адам суретіне айналып келе жатқан бөбек ана денесінен таба алмаған азығын ендігі жерде сырттан іздейді. Осы кезде іштегі баланың қажет еткен дәрумендерін анасы өз денесімен қамдап бере алмайды. Бала көксігіне қарай қажетті бір асқа жерік болады. Аңсары ауады. Көксікті ас іздейді, жегісі келеді.
Тоқ етерін айтқанда, жерік асы – әйелдің организмінде жоқ не мүлдем кем дәрумендер болып табылады. Мұны қазақ «ананың жерігі», «іштегі баланың көксігі» деп атайды.
Иә, дана қазақ, дара қазақ қандай «жерік», қандай «көксік» болса да, сол асты қайдан тапса да тауып жегізуге, жерік пен көксікті басуға тырысады. Егер , жерік өтіп кетсе жерігі қанбаған әйелден мінезі шадыр, кем бала туылатынын біледі, ырым етеді.
Ата қазақта , осыған орай туған мынадай мақал-мәтел бар. «Көксігі қанбаған әйелден «көк соққан ұл» туады», «Жерік асын жемеген, жерігі қанбаған әйелден жетесіз кем-кетік ұл туады», «Жерік асын жеген – жетілер, жерік асын жемеген кетілер», «жерік асын жеген әйелден жетелі ұл туады, жерік асын жемеген әйелден жырық ерін қыз туады», «Жерікті әйел желкілдеп тұрмайды, жеріксіз әйел бұған ұқсамайды», «Жерікті әйел ас таңдайды, жеріксіз әйел мұны аңдамайды», «Жерікті әйел жерігін жегенше қаншардай қатады, жерік асын жеген соң балдай ұйқыға батады», «Жерік желкілдетер, көксік көкшеңдетер» деген сөз тіркестері жерікті әйелдің дара табиғатын айшықтап, аша түседі. Ас таңдап, дәм талғап жейтін дара мінезін көрсетеді, көрнектілендіреді.
Жерік асы – тума мінезді қалыптастыратын ең негізгі фактордың бірі. Сүтпен бітіп, сүйекпен кететін адамның дара табиғатын тасқа басқандай танытатын, бітімдер мен пішіндерді, жан мен тәнді айқындайтын, мінез бен сырды сырмалдайтын, адам қасиетін қалып- тастыратын, кие мен иені көрсететін аса көрнекті астың бірі саналады. Біз төменде жерік асының қыры мен сырын ата-бабаларымыздың басынан өткен оқиғаларынан алып, жазуды жөн көрдік.
АНА АЮ ЕТІНЕ ЖЕРІК БОЛСА
Қазақ халқында мынадай бір ырым бар. «Екі қабат әйел не нәрсеге жерік болса кейін туылған бала- сының мінезі жеген жерік асына тартады» деп нанады.
Егер анасы аю етіне жерік болса, туылған баласы бейне аю секілді болады. Әрқандай жұмысқа қаражон, күшті келеді. Алпамсадай үлкен, дәу азамат болып ер жетеді. Мінезі аңғал-саңғал, аңқау келеді. Жұмыс істегенде қорбаңдап, икемсіз болады. Әрекеті баяу, аяқ алысы ауыр, балпаңдап, жайбасарланып жүреді. Айтқан сөзді желкесімен тыңдайды, құлағы ауыр, мінезі сабырлы көрінеді. Бір жұмысқа жұмсасаң, орнынан әзер қозғалады. Сараң сөзді келеді. Жүргенде екі жаққа ырға- лып, балпаң-балпаң етіп, аспай-саспай жүреді. Есейе, ес біле келе, ешкімге де дес бермейді. Қаруы ақылына сай, арыстандай азамат болып ер жетеді. Көзі жұмық- тау, құлағы шұнақтау келеді. Қол-аяғы балғадай, екі беті алмадай, шымыр денелі болып өседі. Атағы жеті жұртқа жеткен, жетелі азамат болады. Бір кемшілігі – қорқақтау, табансыздау болады. Дүйім жұрт жиналған жерге көп байыздап тұрмайды. Үлкендерге, өзі теңдес- теріне, тіпті өзінен кіші адамдарға да қарсы келмейді. Күші қаптал жетіп, ойы орап тұрса да, бір нәрсеге батылдық етпейді. Содан қарадай қашқақтап, шегіншек- теп, бойын сыртқа тарта береді. Көп нәрсеге үрейленіп, үркектеп қарайды. Әсте алдыға түсіп, басқалардан қара озып жүгірмейді.
Ал ашу-ызасы келсе, бәрін де тас-талқан етіп, апы- рып-жапырып кетеді. Таудан тас құлағандай қопал-қопал қылықтар көрсетеді. Жерді жарып, айқай салады. Тіпті, бақырып-шақырып кетеді. Әйтеуір бір жақсысы, ондай мінез ұзаққа бармайды. Өзі сыйлап, жақсы көріп жүрген әлдебір үлкен адам ақыл айтса болды, ашуын тежеп, айбарын жоғалтып, тоқырап, тоқтап қалады. Ойланып, ашуын ақылға жеңдіреді.
Аю етінің жерігінен туылған азамат – елге еш жамандық ойламайды, қастық сайламайды. Басқалармен бәсекеге түспейді. Қызарақтап, қызғанбайды, қашанда өзіне бұйырған несібесін алып, оған қанағат етіп, жұмысты апырып-жапырып бітіріп тастайды да, қарны тойса, жұмысы бітсе, балпаң басып қасқайып кете барады.
Мұндай адам біреуге жұмыс істесе, істеген жұмысынан ақы дәметпейді, сүйінші сұрамайды. Біреуге істеген ісін достық көмек, кісілік ниет, адамгершілігім деп, есептеспей жүре береді. Тіпті, азаматтығым деп те біледі.
Мұндай адамдардың өң-тұрқы көбінде қара торы не ақ сары, не аққұбаша болып келеді. Сұлу шырайлы болады. Бармақ саусақтары барбиған жуан болады. Ерні салбыраңқы келеді. Мінезі жақсы болса да, көбінде қабағын түйіп түксиіп жүреді.
Мұндай жеріктен туылған адамның біразы кебеже қарынды, ет жеңді келеді. Дөң, күдіс жауырынды, бура санды болады. Даусы аюдай күрілдеп шығады. Мінезі бірбеткей болады. Айтқанынан қайтпайды, ойға алғанын орындамай тынбайды. Өтірік айтпайды, шындықты бетке бадырайтып айтып салады. Сосын жайбарақат қарап отыра береді. Кедей-кембағал, жоқ-жітік, жетім-жесір, мүгедек-кәріп адамдарға жаны ашып, қарайласып жүреді. Қолдан келген көмегін аямайды. Қолда барын бір-ақ бере салып қарап отыратын тұстары да болады.
Иә, аю етінің жерігінен туылған мұндай адам дүниені елең құрлы көрмейді. Топан суды тобығынан келтірмейді. Жалғанды жалпағынан басады, алған бетінен қайтпай алға қарай жүреді.
Егер , осындай аю етінің жерігінен туылған қыз бала болса, дене бітімі кесек, қол-аяғы ірі, жалпақ бетті, жалпақ алақанды, жалпақ табанды, қалың етжеңді ерінді, тана көзді, дана сөзді, дара мінезді еркекшора болады. Қару-қайраты ер адамдардан кем түспейді. Өзіне қарсы келген әйел болсын, ер болсын, белінен бүктеп, алып ұрады. Қолы жомарт, ақшелек, жарқын жағымды жүзді болады. Бір айыбы – қызғаншақ, ұрыншақ, қылжақ сөзді жындыбастау келеді.
Махаббатқа жауапкерсіз, дала кезбелеу болады. Үй жұмысына сақ болғанымен жауапкершілігі аз болады. Тамақ істеу, бала бағуға мойын бұрғысы келмейді. Ыдыс-аяқ жаққа барса, салдыр- гүлдір еткізіп, бірін-біріне соғып, кемінде бір кесені сындырып кетеді. Киімді олпы-солпы киеді. Жарасса да, жараспаса да үстіне іліп алып, хан базарда, қонақта, тойда тартып жүреді. Басқалар өзіне қандай көзбен қарайды, қандай баға береді, онымен есептесіп жатпайды. Бәрі өзіне дұрыс болса болды. Өз сезімі қабылдамаған, басқалардың айтқан қандай да ақылын қабылдамайды. Әйел адамдардан көрі ер адамдармен сырласуды, әйел адамдардың жұмысынан көрі ер адамдардың жұмысын істеуді ұнатады.
АЮ ЕТІНІҢ ЖЕРІГІНЕН ТУЫЛҒАН
БАЙҒОЗЫ БАЛУАН
Жә, жерік асының ырымдық түп-тамырын өткен ғасырдағы аңыз әңгімелерден із сабақтап көрейік. Баяғыда өмір сүрген аты аңызға айналған Байғозы балуанды естімеген қазақ баласы аз шығар. Бірақ Байғо- зы балуанның Хадиша анасы жүкті кезінде аю етіне жерік болғанын бір қазақ білсе, бір қазақ білмесе керек-ті.
Байғозы балуанның әкесі Бұланбай балуан елге атақ- даңқы кең жайылып, тараған адам екен. Ол көп жылдары балаға зар болып жүріп, бір күні Бұланбай балуанның әйелі Хадиша апамыз жүкті болады. Бір ай өткен соң, аю етіне жерік болыпты деседі. Төбесі көкке тиіп қуанған Бұланбай балуан Қалба тауына аңға шығып, аю атып алады да, оның етінен мол қуырдақ қуырып, әйелі Хадишаға жегізеді. Сонда бебеулеп тұрған Хадиша апамыздың жерігі басылады. Бір қызығы, осыдан бір ай өткен соң Хадиша апамыз енді қозының етіне жерік болады.
Мұны білген Бұланбай балуан қорасынан бір ақсарбас қойды ұстап, оны әйелінің жерік асына ар- нап сояды. Әйелі бір қозының етін бір жұмада тауысып жеп, жерігі басылады. Мұны қазақ ырымында «жұп жерік» деп атаушы еді. Осы жұп жеріктен кейін Хадиша апамыз тоғыз ай, он екі күн өткен соң, ұзақ және ащы толғатып барып, балпанақтай бір ұл туады. Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып, ұл сүйіп қуанған Бұланбай балуан баласына «шілдехана» ырымын өткізеді. Үлкен той жасайды. Әйелінің қалжасына көк қасқа тай атап, атан өгіз сояды. Бесік той жасайды. Осы тойда Бұланбай балуан дүйім жұрт алдында молдаға баласының оң құлағына азан шақыртып, сол құлағына тәкпір айтқызып, «Байғозы» деген есімді таңдап қойғызады.
Иә, Бұланбай балуанның баласына Байғозы деп ат қоюының да өзіндік сыры бар еді. Хадиша апамыз бірде аюдың етіне, бірде қозының етіне жерік болды. Осыны ой елегінен өткізген Бұланбай балуан баласына Аюбай деп қойсам жараспас, харам нәрсенің есімі болар, Қозы деп қойсам мал төлі, халал есім болар. Бай деген сөзді қоссам дәулеті артар, мінезі жақсы болар, анасының соңғы жеген жерік асына тартар деген ырыммен Байғозы деп осы есімді таңдаған екен.
Жә, «Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» деген сөгіс сөз бар.
Бұл дұрыс па?
Ырымның да озығы бар, тозығы бар. Атадан қалған, анадан жеткен салт-дәстүр, ғұрыптар ешқашан қиялдан, ойдан туған нәрсе емес. Ұзақ ғасырлық тәжірибеден өткен, өмірмен бірге жасап жеткен, тіршілік аясында дәлелденген тәрбиелік мәні бар ырымдар жай ырым емес, «Қазақы ғылымдар» деуге болады.
Ал көр жерді, көрінгенді, түкке тұрғысыз нәрселерді ырым ете берсе, өмірге көрсетер өнегесі, жастарға берер тәрбиесі, тіршілікте мағынасы болмаған ырымдар- дың қырын кететіні де рас-ау.
Аңыз түбі – ақиқат. Мына аңыздағы ырымды қырын кетеді деп ешкім де теріске шығара алмас. Өйткені, бұл өмірде болған тіршілік тәжірибесінен өткен көнекөз қа- риялар көзімен көріп, аузымен айтып ұрпаққа жеткізген. Уақыт өтісімен аңызға айналғаны ақиқат...
Байғозы есейе келе әкесі Бұланбай балуанға тартқан тартымды азамат болып ер жетті. Бүкіл қазақ-қалмақ даласына атақ - даңқы кең жайылып тарады. Өз дәуірінде Байғозы балуанды еш пенде мықты балуан белдесіп жыққан былай тұрсын, сүріндіре алмады...
Бір жылдары Байғозы балуан әкесінен жүз қара жылқы алып, енші бөліп, өз алдына отау тікті. Сол жылы төр жайлауда Байғозы балуанның қара шаңырақтан еншіге алған жүз жылқысы түгелімен жоғалып кетті. Астына есік пен төрдей тор жорғаны мінген Байғозы балуан Қалба тауының сай-саласын тінтіп жылқысын іздеді. Үш күн, үш түн ат үстінде аш жүрді. Ақыры жылқы- ларды таба алмай, түн ортасында үйіне оралды. Әбден қапырық атып, сусап келген Байғозы балуан киіз үйдің есігінен кірер-кірместе шырт ұйқыда жатқан келіншегін дауыстап оятып:
– Әй, келіншек, сусын бар ма? Әбден сусап, қаным кеуіп кетті, – деп аюдай күркіреген даусымен тіл қатты. Үлкен үмітпен жатқан келіншегі:
– Е, Балуаным, келдің бе? Әлгі жылқылар бар ма? – деп сұраққа сұрақ қоя сөйледі.
Байғозы:
– Келдім, жылқы жоқ, табылмады. Саған сусын бар ма деп сұрап тұрмын, – деп келте қайырды.
Жылқы табылмағанына біраз шамырқанған келін- шегі:
– Есік жақтағы сабада іркіт тұр. Қазанда сүт бар. Астауда айран бар. Таңдағаныңды іше бер, – деп қайтадан жастыққа басын қойды.
Әбден көні кеуіп, сусап келген Байғозы балуан есік жақтағы ыдыс-аяқтарды салдыр-күлдір еткізіп, сусындарды жұтты да, төсегіне қисайды. Аюдай күрілдеп ұйтап кетті.
Таңертең ертемен тұрған Байғозы балуанның келіншегі жастықтан басын көтеріп, есік жақтағы қабысып жатқан сабаны, құрғап қалған қазанды, босап қалған астауды, төңкеріліп жатқан тегенені көріп қайран қалды да, жалғыз өзі сық-сық күлді. Күле отырып, есік жақтағы ыдыстарға тағы да көз салды. Төрт құлынның терісінен құрастырылып тігілген дәу сабадағы іркіт жоқ. Қабысып бос жатыр. Үлкен тайқазандағы қаймақты сүт жоқ, түбі көрініп бос тұр. Астауда айран жоқ. Бәрін де қойшы, ең қызығы, таң қаларлығы сол, үлкен астауға салып, иге малып, сапсып қойған екі ешкі терісі де жоқ. Бәрі жылан жалағандай тап-тақыр. Осыларды түгел көзден кешіріп шыққан келіншек:
– Әй, батырым, балуаным, Байғозы, тұр. Ана астаудағы иге малып қойған екі ешкінің терісін қайда жібердің? – деп дауыстады.. Жатқан орнынан абың-күбің етіп, аюдай қоржиған ірі денесін зорға қозғап, басын көтерген Байғозы сығырайған жұмық көзімен есік жаққа қарады. Біраз жымиып отырды да:
– Түнде сусын ішіп отырғанда кеңірдегімнен қаймақ тәрізді екі жұмсақ нәрсе өте шығып еді, бәлкім екі терің сол болған болды-ау, – деп келіншегіне жымия қарады. Күйеуінің алып денесі мен ожар мінезіне қайран қалып, ішек-сілесі қанқанша күлген келіншегі:
– Е, сенің шешең, менің қайын енем саған жүкті кезінде бірде аюдың, бірде қозының етіне жерік болды деп естігенім бар еді. Рас екен-ау. Сендей шылғи теріні қылғи салатын батыр ұл туғаны, бала жерік асына тартады дегені ып-рас екен, – деп Байғозыға ерке - назды көзімен бір қарап алды да, сық-сық күлді.
Міне, нағыз мінез. Нағыз ерлік. Нағыз ерлі-зайыпты жарастық. Ақиқи махаббат жарасымы. Жоғалған жүз жылқыны мүлде ұмытып, жайраң қағып күліп отырған ерлі-зайыпты екеуінің мінезі кім-кімді де қайран қал- дырары хақ. Ірі мінез, дархан жомарттық, кең пейіл, кешірімділік, бақыт-байлық, қуаныш-шаттық деген адамдар ортасында дәл осылай болуға тиіс.
Тоқ етерін айтқанда, жерік асынан жетілген жетелі мінез ұрпаққа ұласқан ұлағатты мінез деген осы.
АНА БӨРІ ЕТІНЕ ЖЕРІК БОЛСА
Қазақ – екі қабат әйел көкбөрінің етіне не жүре- гіне жерік болса, кейін туылған баласы көкжал бөрідей қайсар, жаужүрек батыр болады. Ел қорғайтын
ер, сөз бастайтын шешен, қол бастайтын көсем, көре- ген көзді алып азамат болады деп ырым етеді.
Қазақ халқында осыған орай туған «көкжалдың тұ- қымы», «бөрі мінезді», «бөрі азығы жолда», «бөрі жеті күн жерден, бір күн елден азық алады», «қасқырға же- ген атақ емес, қырған атақ», «бөрінің ұлығаны – тәңір- ге налығаны», «бөрідей шапты», «бөрібасты ұланым», «бөрі жүрген жерде шайтан жүрмейді», «бөрі шапқан қой семіреді», «бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан» деген сөз тіркестері бар.
Ал анасы осындай аты шулы жыртқыш аңның етіне жерік болып туылған бала батыр болмай кім болады. Қазақ мұндай жеріктен туылған баланың бітім-пішіні ерекше болады, өңі сұсты, өткір көзді, қанжар сөзді, дөңгелек жүзді, шымыр денелі, қарымды азамат бо- лып өседі деп нанады. Көкбөрінің бойындағы барлық қасиет балаға дариды деп сенеді. Мұндай бала киелі, иелі болады. Ел ішінде қадірлі болып өмір сүреді. Ха- лық құрметіне бөленеді. Ер жеткенде ер жүрек батыр болады. Қарсы келген жауларын апырып-жапырып жалғыз жеңеді. Елін қорғайды, елін сақтайды. Халқы- на жеңістік алып береді. Жаман мінезден аулақ болады. Адал жолда жүреді. Жойқын, ер жүгін көтереді, ел қа- мын жейді. Сол арқылы қымбаты артып, жалпақ жұрт арасында бет-беделі өседі. Ақыл-парасатты, толғамды, иманды азамат болады.
БӨРІ ЕТІНІҢ ЖЕРІГІНЕН ТУҒАН
ЖӘНІБЕК БАТЫР
Керей-Жәнібек батырдың туылғанына үш жүз жыл толса да, ел аузындағы бұл әңгіме су жаңа болып айтылып жүр. Ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ғасыр-
дан-ғасырға өтіп, әңгіменің ұйытқысы ретінде бүгін де кітабымызға түсіп отыр.
«Ер Жәнібек» деп те аталады. Жәнібек батырдың әкесі Бердәулет орта жүз, арғынның қаракесек руынан шыққан айтулы шешен Қазыбек бидің қызы Шашамен үйленеді. Шаша апамыз Бердәулетпен тұрмыс құрған соң, бес-алты жыл бала көтере алмай, бедеу жүреді. Бір күні түнде Шаша апамыз ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде екі көкжал арлан бөрі көреді. Осыдан көп ұза- май Шаша апамыз Жәнібекке жүкті болған деседі. Екі ай өткенде Шаша апамыз көкбөрінің еті мен жүрегіне жерік болады. Ағынан жарылып қуанған Бердәулет қа- сына жолдас-жораларын ертіп, көкбөрі іздеп аң аулауға шығады. Алланың қалауымен тау жақтағы бір көкшал- ғынның ішінде суға жүзгендей бір көкжал арлан жон терісінің жүні желкілдеп көзге түседі. Ылғи ығай мен сығай батыр жігіттер мықты аттармен көкжал арланды қоршап, шалма тастап, тірідей ұстайды. Аузына кескек байлап, көкбөріні Шаша апамыздың алдына арсалаң қақтырып алып келеді. Сонда бебеу қағып жерік асын іздеп отырған Шаша анамыз көкбөріге қарай «жүрегін жеймін» деп тұра ұмтылады.
Бұл не?
Бұл – «нағыз жерік», «асқан көксік».
Мұндай жерік болған аналар әуелі толғататын әйелдей бебеулеп жерік асын жегенше басқа еш ас жемей, үйге тұрмай, асау аттай тулап, тыным таппайды екен. «Жерік» деп осыны айтамыз.
Бердәулет атамыз Шашаның тірі көкбөріге жүгіргенін көргенде одан бұрын арғымақтан атылып түсіп,көкбөрінің жүрек тұсына үлкен кездікті салып жіберіп, көкбөрінің жүрегін жұлып алып, шикідей Шаша ана- мызға ұсынған деседі. Көзін қан басып, жерігі әбден ұстап тұрған Шаша анамыз көкбөрінің жүрегін жеп ба- рып, ұйықтап кеткен екен. Осыдан кейін бір апта көк- бөрінің етін түгел қуырып, асып жеп, жерігі басылған деседі. Шаша анамыз тоғыз ай, он екі күн дегенде тол- ғатып балпанақтай ұл туады. Маңдайы нұрланып, көзі күндей күлген Бердәулет ақ түйенің қарнын жарып, көк қасқа тай, ақ сарыбас қой сойып, үлкен «шілдехана» той жасайды. Жеті күн өт- кен соң баланы бесікке салу ырымын өтейді. Ауылдағы дүйім халықты түгел тойға шақырады. Жұрт мәре-сәре болып жатқан қуаныштың үстіне арғын руынан шыққан атақты батыр Шақшақ Жәнібек келіп, ат басын тірейді. Атағы жер жарған батырдың тойға келгеніне қуанған Бердәулет батырдың алдынан шығады. Ат сулығынан ұстап тұрып, баласына ат қойып беруді өтінеді. Мұны мақұл көрген Шақшақ Жәнібек батыр есік пен төрдей күрең қасқа аттың үстінде тұрады. Аттан түспейді. Бұ- рынғы батырлар алыс сапар алып бара жатқанда, шай- қасқа, жауға кетіп бара жатқанда, жол ортада аттан түсіп аялдамаушы еді. Сол жол бойынша ат үстінде тұрып:
– Баламды бесігімен маған берші,-деп сұрайды. Бердәулет бесікке енді ғана салынған баланы үйден алып шығып, шақшақ Жәнібек батырдың қолына ұстатады. Ат үстінде тұрып, баланы салмақтап көреді. «Көтергенде салмағына көңілім толды»,–деп енді бетін ашып көреді. Балпанақтай ұл екен. «Дидарына көзім мен көңілім толды. Аты Жәнібек болсын. Жасын Алла берсін, жолымды қуып батыр болсын»,–деп азан шақырып атын қояды да, баланы Бердәулетке беріп былай бата- сын жаудырады:
Керей деген елің көп,
Ел айналар шешен бол.
Жағаласар жауың көп,
Жауға шапсаң есер бол.
Ел ішінде дауың көп
Жұрт алдында көсем бол.
Жабыққан жауды жапырып,
Шайқасқанда есен бол.
Жеке шықсаң жауыңа,
Жауыңның басын кесер бол.
Садақ тартсаң жауыңа,
Ақ сауытын тесер бол.
Бытырап кеткен елің көп,
Басын жиып қосар бол.
Қаптап жүрген жауың көп,
Алдын алып тосар бол.
Маңдайы қалың соры көп,
Бағын жарып ашар бол.
Тұйықталған жолың көп,
Жолын тауып ашар бол.
Батыр болсаң, кие бол,
Бар қазаққа ие бол.
Жұрттың жүгін көтерген,
Қайыспайтын түйе бол.
Қысыр сөзге қысқа бол,
Ұлы сөзге ұста бол.
Хан мен биге, халыққа,
Алтын арқау тұтқа бол.
Аллаһу әкбар!!!
Деп ықылас батасын береді.
Бүкіл қазақ сахарасына атақ-даңқы кең жайылып тараған ер Жәнібек батыр дүниеге осылай келді. Аты осылай қойылды. Расында, кейін атақты батыр болды. Абылай ханның оң тізесін басқан сенімді серігіне айналды. Жоңғар соғысында жауларын ойсырата жеңді.
Иә, бөрі етінің жерігі осымен біткен жоқ. Одан қанға сіңіп, қалыптасқан сүтпен бітіп сүйекке жеткен мінездің ізі арнасын ашып, ары қарай жалғасты.Жәнібек батырдың әкесі Бердәулет жастай дүние салды да, Қазыбек би жиені Жәнібекті алты жасынан бастап өз тәрбиесіне алды. Қасына ертіп жүріп тәрбиеледі. Үлкен алпауыт сыншы Қазыбек би Жәнібекке алты жасында: «Алысса білегі бар, арбасса жүрегі бар, ұятқа толы ары бар, қайтпас жігері бар, мұқалмас азаматтығы бар»,– деп баға берді. Ерте таныды. Бетінен қақпай, талабын тоспай, еркін шыңдап, қатаң талаппен өсірді.
Жәнібек ат жалын тартып мініп, азамат болғаннан бастап оған ауыр талаптар қойды. Қиын қиырға, қызық шиырға салып шынықтырды. Сөйтіп ерлік пен бірлікке баулып отырды. Жәнібек он бес жасқа шыққан жылы Қазыбек бидің қаптаған қалың жылқысының ішінен бөгенайы бөлек, тұлғасы ерек бір көк дөненге көзі түсті. Оған қызыға, құмарта қарап жүрді. Бір орайы келгенде Жәнібек нағашы атасы Қазыбек биден осы көк дөненді «мен мініп жүрейін» деп өтінді. Оған нағашы атасы риза болып, мақұлдығын берді. Бірақ Қазыбектің алты ұлы Жәнібектің алты нағашы ағасы оған көнбеді. Жәнібекті жетім деп менсінбей, көк дөненнің орнына бір жаман қотыр тайды ұстап берді. Күндердің күнінде түйе табынын аралап жүрген Қазыбек бидің түйешісі алты атанның тілерсегі қиылып, қан жоса болып жатқанын көрді. Майданда шауып келіп: «Алты атанның тілерсегін біреу қиып кетіпті. Солай жатып арам қата ма, әлде бауыздап тастайын ба?»–деп Қазыбек биге мәлімдеді.
Қыранды тұғырда ұшпай танитын, жүйрікті кермеде шаптырмай танитын сұңғыла Қазыбек би: «Алты атанды бауыздап таста»,–деді де, мұны істеген кім екенін сұрамады түйешіден:
– Жәнібек батыр қайда? – деп сұрады.
Түйеші:
– Анау белді асып кеткенін көргем...
Қазыбек би атына мініп, Жәнібек кетті деген белді бетке алып жүре берді. Бір белді асса, басын құбылаға беріп, екі аяғын күн шығысқа қаратып, екі қолын екі жаққа сермеп, шалқасынан түсіп, дөң басында ұйықтап жатқан Жәнібекті көрді. Қайран қалары сол еді, Қазыбек би өз көзіне өзі сенбей, қайта-қайта қадала қарады. Бұл өңім бе, түсім бе деп зерделеді. Жоқ, өңім. Мұндай да ғажап болады екен-ау деп іштей таңырқады. Қазыбек биді таң қалдырған көрініс мынау еді. Жәнібек шалқасынан қорылдап ұйықтап жатыр. Екі иығында қос бөрі ойнақтап, көкке қарап ұлып тұр. Ар жағында арқан бойы жерде алты ағасы бермей қойған көк дөнен екі аяғын көкке көтеріп кісінейді. Қазыбек би терең ой түйді. Жәнібектің шешесі түсінде екі бөрі көріп еді. Бұл Жәнібектің «киесі» болды. Ауыр аяқ кезінде бөрінің еті мен жүрегіне жерік болып еді, бұл оның «көкжал мінезі» болды. Ал көк дөненді менен сұрап еді, бұл оның «мініс тұлпары» болды. «Батыр туғанда тұлпары бірге туылады» деуші еді, бұл сөз рас болды. Ал алты атанның тілерсегін қиғаны көкжал мінезіне басып, алты ұлыңа да осыны көрсетем деген Жәнібек болды деп бірден айтқызбай-ақ білді.
Қазыбек би батырды айқайламай, түртіп, шошытпай баяу қасына барып, желпіп оятты.
– О, батырым, тұр орныңнан, көтер басыңды. «Біліп тұрып, білмегенді кешпесең, білгенің қайсы». Алты ағаңның білместігін кеш. «Алты атанның тілерсегін қиғаның – көкжал мінезіңе басқаның, алтауыңа да осыны көрсетем дегенің болды ғой. Тұлпарың әне тұр, қасыңда. Бүгіннен бастап сенікі, ешкім таласпайды. Ақ ниетіммен бердім. Қайратыңа қайрат төтейтін, ер қарызын өтейтін, қуса жететін, қашса құтылатын, астыңда жүріп аритын арғымақ болсын», – деп нағашы атасы Жәнібектің көңілін тауып, көк бөрі мінезін жұмсартты.
Иә, бұрынғы дана билер мойындаған «көк бөрі мінез» деген осы. Алған бетінен қайтпайтын қайсарлық, табандылық, шыдамдылық, беріктік, батырлық, бірбет- кейлік деген де осы. Нағыз іргелі, ірі мінез.
Ол ғана емес, Жәнібек батырдың бөрі мінезі осымен тоқтап қалған жоқ. Жоңғар шапқыншыларының ат тұяғы бір сәт басылған бір күндері Жәнібек батыр қызын ұза- тып той жасайды. Жәнібектің ордасына күйеу жігіттің жүгі келеді. Оған қыз жасауы қосылады, үй іші базардай жайнайды. Той салтанаты арта түседі. Тойға жолдас-жо- ралары, ел-жұрты жиналады. Таудай ет тартылады, көл- дей қымыз құйылады. Не ғажап әндер, не керемет әңгі- мелер айтылады. Күйлер шертіліп, қобыздар сарнайды. Қызық қызыққа ұласып, бойлары кеңіп, ойлары сергіп, бір жырғап қалады. Ертесінде қыз ұзатылып, үйдегі жа- сау мен жүк түйеге артылады. Ұзатылған қыз көші бір белді асып, көрінбей кеткенше Жәнібек қызын қимай, артынан қарап тұрады. Ол қанша батыр болса да, жүре- гі сонша нәзік еді. Бірақ ұзатылған қыздың артынан қыз әкесі бармайтын қазақ салтын аттап кете алмайды. Құр- мет етеді. Қызын қимай-қимай, үйге кірсе, үй іші үңіре- йіп қалған. Біреу оны алып, біреу мұны алып, қорс-қо- пасы шығып жатқан. Жаны құлазып, қызын қимай үйге кірген Жәнібек: «Қанша жау көрсем де, қыздан үлкен жау жоқ екен ғой, үйді қойшы, жүрегімді алып кетіпті» – деп қолына көк сүңгіні алып, көк дөненге мініп, қыз кеткен жаққа қарай тұра ұмтылады.
Жәнібек батырдың қарасын алыстан танитын көк дөненнің шабысының дүбірін көз көрім жерден еститін Жәнібектің бәйбішесі асып-сасып күйеу баласына:
– Күйеу бала, аттан түс. Атыңды көлденең тарт. Батыр атаң айбаттанып атқа қонған екен. Қан шығармай қайтпайды. Иә, Құдай, жазым қылмаса игі еді,–деп иман иіріп тұра қалады. Зәре-құты ұшқан күйеу жігіт атынан түседі де, атын батырдың алдына көлденең тартады. Құйғытып келген хас батыр күйеу баланың атын көк сүңгімен түйреп, көтеріп арқан бойы жерге лақтырып жібереді. Сонда аттан қорқырап аққан қанды көргенде барып, жаны жай тауып артына қайтады.
Міне, көкбөрі мінез бе?
Мінез.
Көкбөрі қойға шапқанда қан шығармай қайтпайды. «Қасқырға жеген атақ емес, қырған атақ». Көкбөрі түні бойы тісін қайрап ұйықтайды. Жәнібек батырдың жауға шапқанда, жауларын жеңген сайын жауларының қанын төккен сайын ерленіп, ереуілдеп, батылданып кетуі сол ана құрсағында жатқан кезіндегі жерік асынан жұққан, көксігінен қонған көкбөрі мінезінің көрінісі деуге болады.
Жәнібек батыр әбден қартайған шағында Қалба тауының етегінде жатып түс көреді. Түсінде Жәнібек батыр бір ұлы таудың етегінде тұрады. Сонда арт жағы- нан бір алып арыстан Жәнібек батырдың қасына келеді. Батыр оның жонынан рақаттана ары-бері сипайды. Жолбарыс рақаттанып тұрып-тұрып Жәнібекке тиіспей алға қарай кетеді. Әлден соң, дәу өгіздей бір қара аю келеді. Жәнібек оған қарғып мініп алады. Ол аю Жәнібекті көтере алмай жатып қалады. Жәнібек аюдың тісін ашып қараса, қартайып кеткен аю екен. Ол аю да Жәнібекке тиіспей келген ізімен кері қайтып кетеді. Енді бір уақытта Жәнібектің қасына арсалаң қағып бір көк бөлтірік келеді. Ол Жәнібектің етегін иіскелеп, бейне тістеп алатындай алды-артын орап, ойнақтайды. Жәнібек сәл тітіркенеді де, тістеп алмасын деп сезіктеніп, бөлтіріктің тұмсығына шертіп қалады. Сосын ол бөлтірік көтеріліп, бір белге шығады да, көк бұлтқа сіңіп ғайып болады. Оянса, түсі екен. Жәнібек батыр таңғы асын ішіп отырып, өзінің түс жорушысын шақыртып түсін жорытады, сонда түс жорушы:
– Е, батырым, ашық аян көріпсің. Түсің киелі екен. Жолбарыс – батырлығың, айбатың еді. Бет пен беделің еді. Саған тиіспей алға кеткені – болашаққа кеткені. Ал- дағы ғасырдағы ұрпақтарың аузынан тастамай айтып, батырлығыңды мақтан етіп жүреді. Аю – қайратың еді. Батырым, қайратың қайтқан екен. Аюдың сені көтере алмай жатып қалуы – соның нышаны. Кері қайтқаны – күшіңнің қайтқаны. Енді жекпе-жекке түспе. Түссең де жеңе алмайсың. Түсіңде бір жараспаған жер бар екен. Соны айтайын ба, айтпайын ба?»–деп сұрады Жәкеңнен.
– Айт, айт. Айтушыда айып жоқ. Тыңдаушы ғибрат алады.
– Көкбөрі – ұрпағың еді. Тұмсығына бекер шертіп- сің. Енді сенің ұрпағыңнан жекпе-жекке шығатын ба- тыр шықпас болар. Шықса да ұзаққа бармас, – деп жо- рыды.
Иә, бұл аңыз, бірақ ақиқат. Осының бәрі де болды. Айнымай келді. Кейінгі ұрпақ құлақпен естігенді көзі боп көрді. Қарап отырсақ, жерік асының құдіреті сон- шалықты ер Жәнібектің сонау ана құрсағынан тартып, алып, батыр болғанға дейінгі тұтас өмірі, мінезі, ерлігі, батырлығы, жомарттығы, батылдығы, шешендігі, бей- несі, түр-түсі көкбөрімен өрнектеп қойғандай образды көз алдымызға келтіреді.
АНА СИЫР ЕТІНЕ ЖЕРІК БОЛСА
Қазақ – ауыр аяқ әйел сиыр етіне жерік болса, кейін туылған баласы сиырдай күшті болады. Зор денелі ке- леді, адуын азамат болып ер жетеді деп нанады. Сиыр етінің жерігінен туылған бала өңі суық, мінезі қырсық, бірақ ішкі әлеті жылы, сезімі ыстық болады. Егер мұндай адамға әлдебіреулер көңіліне қарамай қарсы келсе, ол қарсы жағын мүлде мүсіркемейді. Бұқадай бұрқы- рап, сиырдай шайқап, мүйізді сөзбен аямай іреп-іреп тастайды. Ол адамды екінші ары іздемейді. Тіпті, ат кекілін кесісіп, одан біржола бойын аулаққа салып, қол үзісіп кетеді. Қарсы жағы оның алдына кешірім сұрап келсе де, мінезі қатқылданып, оңай-оспақ иілмейді. Тез сына салмайды. Қатқыл келеді. Соған қарап кейбір адамдар бұларды «қырсық мінезді» деп жатады.
Қазақта «сиыр судан жаралған», «сиыр пірі – зеңгі баба», «сиырдай қыз», «бұқадай азамат», «сөзі сүзеген бұқадай», «сиырдай кимеледі», «сиырша күйседі», «енемнің сиырындай дәу қыз», «тана көзді», «тайын- шадай момақан», «сиырдай өкіріп жылады», «сиырдан жығылсаң мүйізін тосады, жылқыдан жығылсаң жа- лын тосады», «сиыры барда қатық бар», «сауда – сауын сиыр тәрізді» деген теңеу сөз тіркестері төрт-түлік мал баққан малшы қауым арасында әр күні қолданылып жүрген үйреншікті сөздер. Бірақ, осы сөздер кейде адам мінезін де ашып көрсетеді.
СИЫР ЕТІНІҢ ЖЕРІГІНЕН ТУЫЛҒАН
СИЫРШЫБАЙ БАЛУАН
Байғозы балуанмен тетелес өмір сүрген, Алтай өңірінде дүниеге келген, Ақарал бойында есейіп, ер жеткен Сиыршыбай Қарағұлұлы Залыңның аңыздық
өмірбаянынан да біраз сыр шерте кетуді жөн көрдік. Сиыршыбай балуанның атының Сиыршыбай қойы- лып, ел таныған атақты балуан болуының да жерік асы- мен қатысты туылымдық көрінісі бар...
Қарағұлдың әйелі Батима Сиыршыбай балуанға жүкті кезінде қызыл сиырдың етіне жерік болады. Жерігі ұстағаны соншалық өрістегі, қорадағы көрінген қы- зыл сиырға қарай ұмтылады. Әуелі, қызыл сиыр жатып, тұрып кеткен орынға барып жылқыша аунайтын да болады. Әрі дәулетті, әрі мансап иесі, көреген де білгір Қарағұл Залың әйелінің бұл қылығын көрген соң одан сұрамай-ақ біліп, «Е, мына байғұс қызыл сиырдың етіне жерік болып жүр екен ғой» деп ой түйеді. Сиыр бақ- қан құлы Әбубәкірді шақырады да:
– Біздің сиырлардың арасындағы меңсіз қызыл сиыр болса, мүйізі бүтін, құлағы бүтін, дені сау біреуін алып келіп, есік алдына «жерік асқа» шал. Жеңгең қызыл сиыр етіне жерік болып жүрген көрінеді,–дейді.
Әбубәкір қожайынының айтқанын екі етпей орындайды. Жерігі әбден ұстап, көксіктен көзі көрмей жүрген Батима анамыз сойылып жатқан сиырдың иісін иіс- кеп, шикі етінен де ауыз тиіп үлгереді.
Қазақ салтында үлкен ірі қара малға жерік болған әйелді құттықтау салты бар. Жерік асына арналған ақ бата бар. Ондай кезде жерік асына ер адам емес, ауылдағы көпті көрген, көнекті тескен, аты елге мәлім, ел ішінде беделі бес батпан, жұрт түгел тегіс сыйлайтын, үлкеннен балаға дейін түгел білетін, жолы жақсы, қолы жомарт, пиғылы кең, мінезі жайдары, аузы дуалы, ар- дақты кейуаналардың біріне жерік асына арнап шалы- натын малға арнап бата жасататын болған. Сонда жерік асы қайырлы болады, іштегі балаға жұғысты болады, сол бала туылса жерік асына және сол бата берген анаға тартады, ардақты адам болады деп ырымдаған. Сондай батаның бірі осы қызыл сиырға жасалған екен:
Ау, Батима, Батима,
Сиыр еті аузыңа тати ма?
Қызыл сиыр сойылды,
Жерік болған асыңа.
Ау, Батима, Батима,
Құрсақтағы бөбегің
Қызыл сиырдай ұл болсын,
Осы бір айтқан тілегім
Жерік асыңа жол болсын.
Балдан да тәтті жерік ас,
Қазанға сыймай мол болсын.
Туғанда осы ұлыңа
Бұдан да үлкен той болсын.
Ау, Батима, Батима,
Қызыр да келсін қасыңа.
Қыдыр да қонсын басыңа.
Береке берсін асыңа.
Бас қосылсын басыңа,
Жас қосылсын жасыңа.
Осы бір ұлың туғанда
Ұлық та болсын халқыңа.
Ау, Батима, Батима,
Балуан болып туылса,
Жауырын жерге тимесін,
Батыр болып туылса,
Жаудың оғы өтпесін.
Отта қалса қамалып,
Ешбір жері күймесін.
Арыста жүрсе ағалап,
Дұшпан тілі тимесін.
Киелі болған істерін
Харам көңіл білмесін.
Ау, Батима, Батима,
Құрсағыңдағы бөбекке
Сиыршыбай деп ат қойдым.
Есен-аман туылса,
Жасын берсін бір Алла.
Бақыт берсін бір Алла,
Береке берсін бір Алла.
Тілегімді қабыл қып,
Бәрін де берсін бір Алла.
Атадан қалған арысты
Ары қарай сен жалға.
Жағымды болсын халқына,
Аман болсын бағына.
Осы батадан кейін , Қарағұл Залың сойылған сиырдың етін қазанға бірақ асып, ауылындағы үлкен-кішіні түгел шақырып, алғашқы «жерік ас» дастарханын жайды. Батима апамыз жеті күн қызыл сиырдың етінен тоя жеп барып жерігі басылды. Осыдан кейін тоғыз ай, он екі күн өткен соң, бір қызыл шырайлы көрікті ұл туды. Ұлдың атын Сиыршыбай деп қойды. Шілдехана тойын жасады, баланы бесікке салды.
Иә, атақ-даңқы елге кең жайылып тараған Сиыршыбай балуан дүниеге осылай келді. Сиыршыбай екі жасқа келгенде Батима апамыз тағы жүкті болды. Бір қызығы, бұл жолы қызыл өгіздің етіне жерік болды. Алғашқы жерік асындағы әрекетін тағы қайталады. Бұл жолы Қарақұл атамыз жерік асына дәу бір қызыл өгізді сойды. Ай-күні толып, Батима апамыз тағы бір қызыл шырайлы ұл туды. Оның атын тағы да жерік асына бай- лап, Өгізшібай қойды. Өгізшібай да зерделі, сұңғыла, қармаулы азамат болып ер жетті. Ағасы Сиыршыбайға қарағанда салмақты, сабырлы, ғылым-өнерге бейім, ел билеуге жуық, әкесі Қарағұлға жақын болып өсті.
Ал Сиыршыбай аңғал-саңғал, даңғойлау, астым-үс- тім сидаң қағып жүріп кететін, отырмайтын, көп сөйлейтін, аузына сөз тұрмайтын, қыдырғыш болып өсті. Ағайын екеуі де елден ерек қарулы болды... «Әке – балаға сыншы» демекші, Қарағұл екі ұлының қару-қайратын сынап көру үшін бір амал тапты. Үйіне жақын бір белдің астынан құшақ жетпейтін жуан қа- рағайды кесті де, Өгізшібайды қасына шақырып алып: «Мына қарағайды сүйреп үйге апарып таста»,–деп бұйырды. Өгізшібай кесілген қарағайды қара қашалап темір қақты да, мықты арқанмен байлап, жотаның үстіне қарай сүйрете жөнелді. Қарағайлардың бұтақтары тасқа соғылып, ұшып-ұшып кетіп жатты. Өрдің аты өр ғой. Жотаның басына шыққанда, Өгізшібай өкпесі қағып біраз отырып қалды. Осы кезде Сиыршыбай да далбаң қағып, олардың қасына жетіп келді. Қарағұл Залың ұлы Сиыршыбайға: «Ана інің тартып апара ал- маған қарағайды үйдің қасына сүйреп апарып таста», – деп бұйырды. Сиыршыбай қарағайды еңкейіске қарай іркілмей сүйреп, үйдің қасына зу еткізіп тастай салды.
Қарағұл әрі-сәрі ойда болып, біраз отырды. Өгізші- бай қарағайды өрге қарай тартты. Оған да оңай емес, ал Сиыршыбай қарағайды еңіске қарай сүйреді. Оған да жеңіл түскен жоқ. Бірақ екеуінің қайсысы қармаулы екендігін мұнымен өлшеп болмас. Тағы да бір амалын тауып байқармын деп ой түйді. Қарағұл екі ұлының адам айтқысыз қарулы екеніне іштей сүйінді. Сүйіне жүріп, тағы мынадай бір сынақ өткізді. Бір күні Сиыршыбай үйге кіріп бара жатыр еді, Қарағұл Залың қасында отырған Өгізшібайға қарап:
– Балам, Өгізшібай, тез үлгер,анық мықты екеніңді білейін. Ана ағаң Сиыршыбайдың белбеуінен тартып, мықтап ұстап, тұра қал. Сені үйге сүйреп кіріп кетсе ,ол мықты, сүйреп кіре алмай, тұрып қалса, сен мықтысың ,-деді.
Бұл сөзді естіген Өгізшібай орнынан қырғидай шапшаңдықпен тұрды да, үйге кіріп бара жатқан Сиыршыбайдың белбеуінен ұстап, тартып тұрды. Сиыршыбай ары тартып, бері тартып, табандап тұрып қалды. Тағы бір күні Өгізшібай үйге кіріп бара жатқанда Қарағұл:
– Сиыршыбай, балам, әнеукүні Өгізшібай інің беліңнен тартып үйге кіргізбей қойғаны есіңде шығар. Енді кезек саған келді. Тез ұмтыл, белінен тарт та, есіктен кіргізбей қой, мықты екеніңді білейін,–деді. «Бәлем, есемді бір алмасам» деп қаршығадай қарпынған Сиыршыбай атылып барып, Өгізшібайдың белбеуінен ұстап, табандап тартып тұр еді, Өгізшібай оны елең құрлы көрмей, қаңбақтай жеп-жеңіл сүйреп үйге кіріп кетті. Осы көріністен кейін Қарағұл екі ұлы туралы мынадай қорытынды шығарды. Сиыршыбайда бір сиырдың күші бар екен. Осы өлкеде Сиыршыбайды жығып, тізесін бүктіре қоятын балуан шыға қалмас. Даңғой, ұрыншақ, мақтаншақ, аузына сөз тұрмайтын, сиырдай кимелеп, бар нәрсеге араласатын жаман мінезі бар. Бірақ, ақкөңіл, ешкімге жанмандық істемесе де қарадай зиян тартып жүретін жігіт болар. Орныма отырғызғаныммен ел басқарып, билік ұстап жырғатпас. Өгізшібайда бір емес, екі өгіздің күші бар көрінеді. Күшін қайтейін, салмақты, сабырлы, қозғалмайтын қорғасындай ауыр мінезді, жұртқа жағымды, елге беделді, он ойлап, бір пішетін, сан талғап, бір кесетін саналы азамат болатын түрі бар. Қара күшіне қарап, ел аралатып арысқа салып қайтем. Күш өгізде де бар. Бәрінен ақыл-білім қымбат емес пе. Осыған орнымды беріп,ел билетейін,еліне әділ басшы болсын.
Ал Сиыршыбай сол сиырдай күшімен де, ел ішінде жанын бағып, малын бағып, отын жағып, өз беделін өзі тауып жүре берер. Екеуінің де өлмейтініне көзім жетті. Енді өмірге келгеніме өкінбеспін деп ұзақ күндер ойланып жүріп, мықты қорытындыға келді.
Қарағұл дүниеден өткеннен кейін Өгізшібай ел би- леді, Сиыршыбай балуан болып, арысқа түсіп атағы шықты.
Біз бұдан не аңғарамыз? «Алып – анадан, тұлпар – биеден» деген мақалдың мәйегінде өркешті ұғым бар екенін аңғарамыз.
Ол ғана емес.
Жерік асынан жетілген ақыл-парасат, қару-қайрат, қан-тек, атақ-абырой, өнер-білім, ген қуған мінездік болмыстардың сапасы жерік аспен қатысы бар екенді- гін аңғарамыз. Расында, жерік асы жай ас емес. Оны ана сонша көксеп, сонша іздеп, түн ұйқысын төрт бөліп, бебеу қағып безілдеп, тірі малға неге жүгіреді? Оның сыры да, сиқырлығы да дәл осында жатыр.
АНА ТҮЙЕ ЕТІНЕ ЖЕРІК БОЛСА
Қазақ ана түйе етіне жерік болса, кейін туылған баласы түйедей үлкен, дәу азамат болады. Ірі мінезді келеді. Нар көңілді болып туылады деп ырым
етеді. Мұндай жерік асын көксеп туылған бала ұл не қыз болсын оның қол-аяғы ұзын, дене бітімі зор, шақша басты, тана көзді, дана сөзді, жылы жүзді, нар мінезді, сырбаз, сырлы, сұлу шырайлы, маңқиған маңғаз, тоқ көңілді болады деп қарайды.
Түйе етінің жерігінен туылған бала қара жұмысқа келгенде қайыспайды, жүктің ауырын көтереді, алда жүреді. Әрекеті баяу болады. Мінез-құлқы бір қалыпты болады. Жан сарайы таза келеді. Көңіл-күйі үнемі кө- теріңкі жүреді. Достыққа мықты, опадар болады. Сыр сақтауға келгенде алдына жан салмайды. Әртүрлі қиын- дыққа мойымай, барлық істе табанды келеді. Еш уақыт- та асып-саспайды, ұшып-қонбайды, жеңілтектенбейді. Алдағы болар істерді сараптал санаға салып, қорытады. Он ойлап, бір пішеді. Әр істің обал-сауабын айырады. Ақты ақ, қараны қара дейді.
Тұтқиылдан бір істі естіп қалса, не бір ауыр жұмысты істеуге тура келсе, басқаларша байбалам салмайды, басын аулаққа салып қашқалақтамайды. Сол жұмысты орнықты істеп, ойдағыдай бітіреді. Жұмысты бітіріп тастаған соң, маңғаз түйедей маң-маң басып, былқ етпей өмір жүгін көтеріп, тіршілік көшінде жүре береді. Аспайды, саспайды, алған бетінен қайтпайды. Жалпақ табанын аударып, алға қарай тарта береді. Түрінен, түсінен еш абыржу байқалмайды. Қай уақытта көрсең де, қай ортада жүрсе де, сол баяғы момақан, салмақты, сабырлы қалпында көресің.
Ал мұндай адамға біреу-міреулер орынсыз қарсы тұрса, бет алды жолын тосса, бейкүнә мазаласа, қытығына тиіп, шамын қоздырса, онда ол адамды оңдырмайды. Бейне ақ түйедей тарпып тастайды. Сосын тағы да топан суды тобығына ілмей, маң-маң басып, алға қарай аяңдап бара жатқанын көресің.
Мұндай мінезді адам ақылды, арлы болады. Арына дат жұқтырмайды. Адамгершілігіне тот шалдырмайды. Барлық адамдармен етене қою байланыста болады. Береке-бірлікті сақтайды. Өсекке ермейді. Жаман жерге жүрмейді. Ғайбат айтуды білмейді. Бәрін өзі бағамдап, терең бағалап отырады. Алысқанды ардай айымен, жа- ғаласқанды жайсаң жақсы жанымен оп-оңай жеңеді. Береке сақтап, пейіштей көңілмен жүреді...
Қазақтың әдеби тіл өнеріндегі «түйедей азамат», «нардай жігіт», «атандай атпал азамат», «наркескен жі- гіт», «бурадай бұрқырады», «боз інгендей боздады», «ақ түйедей тарпыды», «бота мүсін ару қыз», «бота көз», «көзі боталап тұр, көңілі жоталап тұр», «түйенің төрт емшегіндей, биенің екі емшегіндей», «нар жолында жүк қалмас», «түйе үлкені – кие үлкені», «түйелі бай – биелі байдан артық», «түйе баққан–түйме таққан», «түйеге мінген құдайға жуық», «түйеден жығылсаң шу-дасын төсейді», «түйе жолда шөксе жұт болар, қораға кеп шөксе құт қонар», «түйе барда – ие бар», «түйеге тас лақтырсаң – айналып басыңа тиеді», «екі нардың ортасында шыбын өліпті», «бурадан жын да қашады» деген бейнелі сөз тіркестері түйе табиғатын одан ары ажарландырып, аша түседі, сонымен қатар түйе мінезді азаматтардың да бейнесін сомдап, түйедей мінездерін өркешімен көрсетеді.
Қазақ ұғымында төрт түлік малдың ішінде түйе түлігі де киелі саналады. Киелі бағаланады. «Аруана», «ойсылқара», «қара жердің қайығы», «жүк кемесі», «шөл- дің көлігі» деп түйе жануарын да ерекше қастерлейді. Адал көлікке санайды.
ТҮЙЕ ЕТІНІҢ ЖЕРІГІНЕН ТУЫЛҒАН
ҚАЛЫШ БАЛУАН
Ертеде тағы да қазақ арасында Қалыш атты ана- мыз болған екен. Іле өзені бойында 114 жас жасап аты аңызға айналған батыр қыз балуан анамызды
біреу білсе де, біреу білмесе керек...
Қалыш анамыз баяғыда Қазақстан жерінде туылып, 14 жасында атқа қонып, ерлерше соғысып, қалмақтар- ды жеңіп, Іле өзеніне келіп, қоныстанып, дүниеден өт- кен деседі. Аңызда айтылуына қарағанда Қаныштың анасы екіқабат кезінде бураның етіне жерік болады. Қа- зақ ырымында аталық мал бураны қалжаға шалмайды. Бірақ зәру етім болғанда жерік ас үшін бураны да шалған көрінеді. Қалыштың анасы жерігі ұстағанда жарап тұрған бураны да қуған. Тірі түйенің үстіндегі шудасын да аузына салып шайнап, иісін иіскеп, түйе жатқан жерге аунап, түйе ішіне қонып, үйге де оралмай қойған де- седі. Бір бураның етінің жартысын жеп, жерігі қанған Қалыштың анасы тоғыз ай, тоғыз күнде бураның жараған кезінде, ақпан айында Қалышты босанған екен. Бір қызығы, Қалыштың анасы бір үйде жалғыз босаныпты. Құдайдың құдіретінше басқа елдер сыртқа шығып кет- кен кезде, толғағы қысыпты. Сол кезде күркіреп жара- ған көкбас бура толғақ қысып жатқан әйелдің үйінің есік алдына шөгіп, жатып алып сырттан жәрдемге келетін «туыт аналарды» босанғалы жатқан әйелге кіргізбей қояды. Бір заманда сәбидің шырылдаған дауысы естілгенде, әлгі көкбас бура үй есігін сүзе-мүзе басын сұғып, мойнын жан-жағына созып-созып бұлғайды да, көбігін шашып жіберіп, сыртқа шегініп шығып, қырдағы жа- йылып жүрген түйе табынына қарай тайраңдап жорта жөнеледі. Содан соң барып, далада күтіп тұрған туыт аналар үйге кіреді...Бұл қыз бала түйе етінің жерігін көксеп туылды. Анасының толғағын көкбас бура күзетті. Дүниеге келе сала бура көбігін шашты. Бура сол кезде «қалш-қалш» етіп жарап тұрды. Бұл тегін іс емес. Жай оқиға емес, Құдайдың құдіретімен болған ашық аян болса керек. Қыздың атын Түйе немесе Бура деп қойса оғаш бо- лар. Бураның бір белгісін алып, жараған кезіндегі ең үлкен айбары – «қалшылдау». Сол айбар, киесі дары- сын. Сондықтан қызымыздың атын Қалыш деп қояйық деп туыт аналар таласпай-ақ бекітті...
Қалыш ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу қыз болып, бой жетіп келе жатты. Тез өсті. Бойшаң болды. Қарулы болды. Ақылы мен ары ажарына сай болды. Қалыш он төрт жасқа толған жылы ауылдағы еркек кіндікті түгел соғысқа аттанды. Үйде жаман қатын, жас ба- лалар қалды. Әлден уақытта: «Азаматтарымыз жаудан жеңілді. Күннің көзін, жердің жүзін көрсетпей, қапта- ған жау келе жатыр, ауылды тастап қашыңдар»,–деген хабар да жетті. Осы кезде ашуға мінген Қалыш шашын желкесіне түйді. Ер адамша жасанды. Қолына көк сүңгі ұстады, мойнына садақ асты. Бір түйені мінді де, ауылындағы сексен үйлі қатын-баланы алдына салып, Іле өңіріне қарай көш бастады. Көш артынан қуалап жау да жетіп қалды...
Қара құмырсқадай қаптап, қапталдай шауып келе жатқан жауды көргенде Қалыш қыз бағанағы көк бураның күйіне келіп қалш-қалш етіп жарады, тісін қайрады. Бура мінезі көрінді. Ызалы, долы күйге келді. Көк сүңгіні серт ұстап, басқаларға «Тоқтамай, алға қарай көше беріңдер», – деп жаудың алдын жалғыз тосты. Алыстап келген жауды құрықпен ұрып құлатты. Жа- қындап келгенін қылышпен шауып сұлатты. Қарсыдан келгенін қақ айырды. Қырынан келгенін қырғидай түйреді. Жалғыз келгенін жамбастан ұрды. Тобымен кел- генін топырлатып түсірді. Бәрін елең құрлы көрмеді. Қара борандай ұйытқып, құжынаған жауды топандай ұшырды. Сөйтіп жаудың бетін жалғыз қайтарып, қарасы азайған жауды қырқа асырып қуып жіберді. Қалыштың бурадай бұрқыраған күші, айбарлы мінезі жауға төтеп беріп, елін аман сақтап қалды.
Иә, осыдан кейін ел есін жиды. Бейбіт өмір басталды. Тамаша тыныш күндер, тымық түндер жетті. Осындай бейбіт күндердің бірінде қызай елі атақты Сасан болысқа ас берді. Тұтас бейбіт жатқан қазақ еліне сауын айтты. Алтай, Тарбағатай, Іле, басқа да аймақты елді мекендерден ақын-жыршы, батыр, балуан, шешен, шежіре, сәйгүлік, жүйрік жорға алдырды. Жарыс бас- талды. Астың құрметіне небір шонжар байлар мал ата- ды. Алтын-күмістерді үйіп төкті. Тай-тұяқ, жамбылар сыйлады. Ақсақаналарын әсемдеп әшекейлеп, оюлап, өрнектеп, сән салтанат пен бедерге келтірді...Талай күндер жалғасқан арыс өтіп жатты. Осынша көп балуанның бәрін жеңген Тарбағатай аймағының «түйе балуаны» ең соңғы майданда түйедей тайраңдап жалғыз күрес майданына шықты. Оның аты Сыдық еді. Ер болып туғалы жалпақ елде ешкім оның тізесін жерге тигізіп, сүріндіріп көрмеген еді. Түйе балуан аталатын жөні де бар. Шын айтқан кісіге түйедей, асырып айтқан кісіге төбедей алып жойқынның өзі еді. Басқа аймақ- тардан келген балуандар ол дәудің қасында бес-алты жастағы баладай ғана көрінуші еді. Ел күрескен былай тұрсын, алыптығынан да сескенуші еді. Қай асқа, қай тойға барса да, күреспей-ақ бәйгесін алып үйренген еді. Сөйтіп, бас балуан да атанып кеткен еді. Бұл жолы да есік пен төрдей қаракер жорғаны мініп, майданда ары- бері тайраңдатып, «Қане, бәйгемді шаппай беріңдер, күресетін ер азамат болса шықсын, омыртқасын үзейін, белін сындырайын. Қол-аяғын шырпыдай быртылдата- йын», – деп айқай салды. Ақсақалдардың басуына дес бермеді. Қымыз ішіп қызарып, бөртіп алған түйе ба- луан, расында, аттың үстінде төбедей болып отырған- да қаракер жорғаның белі де майысып бара жатқандай көрінді. Елдің десі бір сәт су сепкендей басылды. Ерлер күрескенге шыққанды қойып, таңырқап-таңырқап қа- рап тұрысты. «Әке-ау, мынау адам ба, мақұлық па, адам баласында да мұндай ірі денелі болады екен-ау», – деп таң қалысты. Осы топтың ішінде Қалыш апамыз да бар еді. Бірақ жасы өтіп, қаруы қайтып, жасанып қалған кезі еді. Ер намысына тиіп, жерге бөлініп, түйе балуан «бәйгемді әкел» деп айқұлақтанып тұрғанын көргенде, Қалыш апамыздың бура мінезі тағы ұстады. Қалшыл- даған киесіне басты. Ол еру жұрт арасында ерше киінді де, майданға шықты. Түйе балуан Сыдық мұны біліп қойды да: «Мен әйел адаммен күреспеймін, күресетін болса еркек кіндіктісінен шықсын мына елдің», – деп өзінше намыстанып Қалыш апамызды ат кеудесімен соғып құлатып кетпекші болып ұмтылды. Тебініп Қа- лышқа қарай келе жатқан түйе балуанды Қалыш апа- мыз ат-патымен бір-ақ көтерді де, арқан бойы жерге сілтеп, лақтырып жіберді. Аты да мертігіп, өзінің бұғана сүйегі, бір аяғы сынғанда барып, әлгі түйе балуан:
– Иә, Алла, иә, Алла, иә, Құдай, иә, Құдай, – деп иман үйірді, Әйел адамға да мұнша қару-қайрат бере ді екен-ау, иә? «Алып – анадан» деуші еді. Анадан алып қыз да туады екен ғой. О, Жасаған, ерден жығылмай, әйелден жығылған мен Сыдық қалған өмірімде енді белдеспеспін,– деп күреспей алған бәйгесін Қалыш апасының қолына ұстатып, жанының қалғанына тәубе деп еліне қайтыпты деседі.
Атам қазақта «Күш атасын танымайды» деген мақал бар. «Киелі-иелі батырды жау ала алмас» деген тәмсіл бар. Осы сөздер дәл Қалыштай анамызға арнап айтылған сияқты.
Біз бұдан нені аңғарамыз?
Аңғарарымыз көп. Білеріміз жеткілікті. Біз бұл жер- де бір ғана жерік асы туралы айтып отырғандықтан, адам геніне жерік асының сонша үлкен әсері бар екенін білген үстіне білгеніміз жөн болар. Жерік асында – жетелі сыр бар, теңіздей терең құпия ырым бар. Оны да тану, табу, білу, түсіну біз үшін парыз.
АНА ҚОЙ-ЕШКІ ЕТІНЕ ЖЕРІК БОЛСА
Қазақ ана қой етіне жерік болса, кейін туылған баласы қойдай қоңыр мінезді, қозыдай момақан, жуас болады, жібек сөзді, қой көзді, жұқа жүзді, мар-
жан тісті, шебер істі, мөлдір сезімді, иманнан ұят, ақылынан қуат төгіліп тұратын, жүрегі нұрлы адам болады деп ырым етеді. Өйткені, «қой Меккеден жаралған», «қой пірі – шопан ата» деп ұйғарады.Мұндай адам жан баласына қас қылмайды. Жамандық ойламайды. Жадылық істемейді. Бәріне қарайласып, қамқоршы болып жүреді. Жүрегі жылы, сезімі ыстық келеді. Сөйлесе, бұлбұлдай сайрап кетеді. Сөз мағынасы шекердей тәтті, балдай дәмді болады. Дүйім жұртты, бір тайпа елді аузына қаратады. Көреген көзді, шешен сөзді, иманды болады. Жаны жақсылықтан нұр төгіп тұрады. Сосын байызды болады. Әлдебіреулер сияқты сыздап, шиқандай қызарып тұрмайды. Ішімдегіні тап деп томырықтанбайды. Бұлтсыз, мөлдір аспандай көңілмен, тас жарып аққан тас бұлақтай таза сезіммен жайнап жадырап, мұңсыз көзбен алдыңда тұрады. Мұндай бала өнерлі, шебер, іскер келеді. Өзінің қызыққан нәрсесін іске асырмай тынбайды. Еңбекқор, бейнетқор, көнбіс мінезді болып келеді.
Қазақ ана ешкі етіне жерік болса, кейін туылған ба- ласы ешкідей бақырып жылап туылады. Есейгенде заржақ өлеңші болады. Мінезі ұшқалақ келеді. Сабырсыз, сасқалақ, ұшып-қонған, бір жерге тұрмайтын, өрлі-құрлы, жоғары-төмен шауып жүретін, бір есіктен бір есікке кіріп, қыдырып жүретін, сыйдаң аяқ, қу мінезді болады. Әрекеті тез болады. Денесі нәзік келеді. Дүниеқұмар, қызғаншақ, бұлданшақ, шамданшақ болады. Айнала- сындағылармен қазір ұрсысып, қазір шығысып жүреді. Мұндай ешкі етінің жерігін көксеп туылған ұл не қыз болсын сұлу шырайлы болады. Қыз болса, көзі айнадай жарқырап жанып тұрады. Ақша жүзді, алма бетті, қыр мұрынды, қыпша белді, нәзік жанды, қаймақ ерінді, ойнақы сезімді, от мінезді, сетер келеді. Жаңалықтарға бой ұрып, елең қағып елдің алдында жүреді. Құлағын түріп тұрады. Топ жиналған жерден қалмайды. Сауық- сайранға келгенде алдына жан салмайды.
Ал ер адам болса сығыр көзді, сыбыр сөзді, қаба сақалды, қыңыр мақалды, қушық денелі, шор шекелі, қылжақ мінезді келеді. Айналадағыларын мазақтап, мысқылға қосып, түйреп сөйлеп тұрады. Сабырсыз, сасқалақ, өкпелегіш, ашушаң келеді. Сын көтермейді, мақтау сүйеді. Титтей кемшілігін айтсаң, ол саған жау болып шыға келеді. Көңілі бос, жылауық келеді. Өнерге келгенде алдына жан салмайды. Дүйім жұртты өзіне бағындырып, ел аузына тез ілінеді. Топырағы жеңіл болады.
Қазақтың әдеби тіл өнерінде қой мен ешкіге қатысты мақал-мәтел, бейнелі сөз тіркестері бар. «Қойдың сүті – қорғасын, қойды қырған оңбасын», «Қой Меккеде жаралған», «Ақсарбас қойдың садақасы адамды ажалдан ап қалады», «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймай- ды», «Қойлы ауылда құт бар», «Семіздікті қой көтереді, қойдан басқа не көтереді», «Қойдан қоңыр, жылқыдан торы», «қой көзді», «қозы құйрық», «қошқар тұмсық», «қошқардай сүзісті», «қойдай маңырап», «қой тісті», «қой мойын», «қой басты», «қозы ерін», «қозы мұрын», т.б. толып жатқан бейнелі сөз тіркестері бар. Осы сөз- дердің кейбіреулері малдың ажарын ашса, кейбіреулері адамның мінезіне қатысты айтылады. Сымбат көркін білдіреді...
Ал «Ешкі сүті – емге, еті – желге тиеді», «Ешкілі бай – көшпенді бай», «Ешкі баққан жылап бағар», «Ешкілі қой өреген, Қызды ауыл өсеген», «Атан серке жол бас- тар, Атпал азамат қол бастар», «Қорыққан қасқыр ешкі- ні апа дейді», «текедей бақ-бақ етеді», «ешкінің құйрығындай шошаң-шошаң етеді», «теке мүйізін көрсетті», «ешкі еті ермендей, жерден шипа тергендей», «серке мүйізіндей», т.б. теңеу сөздер мен мақал-мәтелдер тағы да адам мінезін аша түседі.
ҚОС ЖЕРІКТЕН ТУЫЛҒАН ҒҰЛАМА
Алтай тауында 1868 жылы дүниеге келіп, 1940 жылы бақиға аттанған атақты қажы Әділғазы үлкен дін ғұламасы, ақын Ақыт Үлімжіұлы Қарымсақ
анасы Жібектің қос жерігінен кейін дүниеге келген... Ақыттың әкесі Үлімжі Барлыбай бидің немересі Бе- кежанның қызы Жібек анамызбен некеленеді. 18 жасында келін болып түскен Жібек 33 жасына дейін бала көтере алмай, бедеу жүреді. Оның бедеулігі ел ішіне өсек болып тарайды.
– Ой, ой, ой, Құдай, кексе әйел болғанша бала көтермеді, тақыр құрсақ бедеу жүрді, Үлімжі шаңырағы ұрпақсыз кететін болды,– деген қаңқу-шаншу аралас қызыл өсек есік-есіктен кіріп, ірге-іргеден ұлып-үріп тұрды. Бұл өсекті естіген Жібек, расында, кінәлі адамдай ұялып, жиі қымтырылып, топ ортаға, той-томалаққа бара алмай жүрді. Бір күні көз жасы бұлақтай ағып жы- лады. Алладан тілек қып бала сұрады. Сол күні түнде Жібек мынадай бір түс көрді. Түсінде оң қолына алтын сақа ұстап, мойнына асыл ақық тас тағып, сол қолына жарық шырақ тамызып, аппақ көйлек киіп, тау басында тұрып оянды. Таңертеңгі шай дастарханында Жібек түсін жолдасы Үлімжіге жорытты.
– Е, Жібекжан, Алладан аян келіпті. Түсің оң бол- сын, Алла екеумізге бір ұл береді. Оң қолыңа ұстаған алтын сақа – сол. Мойныңа таққан асыл ақық иман. Сол қолыңдағы жанған шырақ-оның білімі. Асқар таудың басында тұрғаның – шаңырағымыздың бет пен беделі. Ақ көйлек кигенің қайғыдан құтылып, қуанғаның. Иә, түсің қайырлы болсын, берекетін Алла берсін,– деп бетін сипады. Осы түстен кейін Жібек көп ұзамай жүкті болды. Жүкті болып жүріп, ақсарбас қойдың етіне жерік болды. Үлімжі Жібектің жерік асына қоралы қойынан таңдап, дені сау бір ақсарбас қойды сойып, жерік дастарханын жайды. Бір ай өткен соң, Жібек енді ешкінің етіне жерік болды. Үлімжі қоралы ешкісінің ішінен бір сұржағал атан серкені жерік асына шалды. Осыдан кейін тоғыз ай, он екі күн өтіп, Жібек балпанақтай бір ұл туды. Үлімжінің әкесі Қарымсақ немере сүйгеніне қуанып, үлкен шілдехана той жасады. Бесік тойында Қарымсақ немересінің оң құлағына азан шақырып, сол құлағына тәкпір айтып, немересіне «Ақыт» деп ат қой-
ды.Қарымсақтың немересіне Ақыт деп ат қоюының мәнісі Жібек түсінде мойнына ақық тасын таққан еді. Мына немерем ақықтай асыл азамат болсын, көкірегіне иман қонсын, жүрегі қуанышқа толсын, бәр істе жолы болсын, атын ел білетін болсын, асыл тастың қасиеті дарысын деп ырымдағаны еді.
Иә, Ақыт өте білімді болып, бүкіл қазақ халқына та- нымал ақын, қажы-қазы, дін ғұламасы ретінде елге та- нылды. 1907 жылы қажыға барып, екі жарым жыл қажы парызын өтеді. Құран кәрімдегі қасиетті сүрелерді, аяттарды қазақ тіліне аударып, өлең етіп жазып ел ішіне кең жайып таратты. Қасиетті Құран кәрім кітабын араб тілінен қазақ тіліне аударды. Бүкіл қазақ халқының ғұламасы атанған Абай Құнанбайұлынан 18 жыл бұрын «Қазан» баспасында кітап шығарып үлгерді.
Ақыт қажының осынша білімдар және шешен шежіре болуының себебін ауылдағы ұлы қариялар жаңағы жерік асымен де байланыстырады. Сол заманда Ақыттың бір құрдасы бар еді. Оның аты Бажақ деп аталатын. Бажақтың шешесі оған ауыр аяқ кезінде ешкінің етіне жерік болыпты. Бажақтың мінезі ел аузында «бажыл- даған ешкідей», Ақыттың мінезі «қоңыр қойдай» деген сөз әлі күнге айтылады.
АНА ЖЕМІС-ЖИДЕККЕ ЖЕРІК БОЛСА...
Қазақ – ана тәтті шырынды нәрселерге, дәмді тағамдарға жерік болса, кейін туылған баласы ай дидарлы, сұлу шырайлы, күлім көзді, жұмсақ сөзді,
майда мінезді, әдепті-ибалы болады деп ырым етеді. Қазақтың тағы бір ырымында мұндай жеңіл астарға жерік болған әйел қыз туады деп ырым етеді. Егер ұл туса
онда ол өнерлі болады не мансапты болады, хан, сұлтан болады деп ырымдайды. Мұндай жерік асынан туыл- ған қыз бала ашаң жүзді, алма бетті, құмырсқа белді, нәзік жанды, нәркез көңілді, бұла сезімді болып бой жетеді. Даусы тұнық, ажарлы келеді. Мұндай балаға тіл мен көз тез тиеді. Денесі нәзік, күші аз болады. Бірақ рухани күші басым, сезім тасқыны жойқын келеді де, өміршең, өнерге бейім болып өседі.
Егер ұл бала болса, ақ маңдай, сұлу өңді болып өседі. Мінезі жібектей жұмсақ келеді. Сезімі тас бұлақтың суындай тасып тұрады. Кеудесінде шуақ шашып тұра- ды. Тілі тәтті, көркем сөзді келеді. Ел алдында жарқ- жұрқ етіп, жарық жұлдыздай жанып жүреді. Ғұмыр жасы ұзақ болады, денсаулығы мықты болады. Кей- кейде тартыншақтаған, қыз мінезді, ұяң кездері де көрінеді.
АНА ҚҰС ЕТІНЕ ЖЕРІК БОЛСА
Қазақ халқы аспанда ұшқан құсты, жерде жүгірген аңды ту сыртынан таниды. Көгілдір аспанда самғап бара жатқан қыран құстарды анау ақиық Алтайдың қыран бүркіті, мынау Қобданың
қаракері, әне Сауырдың сапалақ жүнді саршегірі, мынау қырғи ғой, анау қаршыға ғой, мынау қанатын жайған кезқұйрық, анау аққу, әне тырна, сарыала қаз, үйрек, қоңыр қаз деп кеңістікте ұшып жүрген құстарды бірінен-бірін айырып, жазбай таниды...
Ал ұланғайыр сайын дала төсінде жортқан аңдарды да, алыстан күн салып қарап, қарсы көрінген жерден танып аңдардың атын ауыстырмай айтады. Анау таутеке, мынау ақбөкен, анау құлан, мынау киік, әне ақ- қоян, міне ор қоян, түлкі, бөкен деп әрқайсысын кең сахара төсінде жұлдыздай ағып кетіп бара жатқан жерінен анық айырып, дәп басып, нақ айтады. Кермеде мың ат тұрса, бәйгеден қайсысы келетінін ат мүшесінің сынына қарап, жай ғана айта салады. Расында, сол ат бәйгеден келеді. Бүркітті тұғырында, жүйрікті кермеде таныған қазақ халқы адам мінезінің де қыры мен сырын анық айыра білген.
Қазақ аналардың біреу-міреуі құс етіне жерік болса, кейін туылған баласы құстай жеңіл болып туылады. Әуел толғағы білінбейді. Мұндай бала ғұмыр жасты болады, бұлбұлдай сайраған әнші болады. Бірақ мінезі ұйытқымалы келеді деп ырым етеді. Құс етінің жерігі- нен туылған бала ата-анасына, туыс-туғандарына, жол- дас-жораларына, көрші-қолаңдарына, мейірімді, қай- рымды, опадар келеді. Жеміс-жидек сынды жеңіл, тәтті тағамдарға құмар келеді. Сезімге көп бой алдырады. Сулы, нулы, таулы, орманды өлкелерде, айна көлдер- де серуендеп жүруді ұнатады. Мұндай бала ер болсын, қыз болсын қою қара қасты, қара шашты, қара мөлдір көзді, қыр мұрынды, құс тұмсықтау болып келеді. Таңдайы тақылдап тұрады, бірнәрсені тез сезеді. Басқалар орнынан қозғалып болғанша, ол жұмысты істеп үлгеріп те болады. Ұйқысы, тамағы аз болады.
Құс етінің жерігінен кейін туылған бала өз сезімі қа- былдамаған әр қандай істі қабылдамайды. Беті бұрылып кетсе, қайта оралмайды. Қазақ аналары қаз, үйрек, шіл, кептер, кекілік, тауық, ұлар сынды халал құстар- дың етіне жерік болса, бірін-бірі мазақ қылады: «Құстың етін жеп, құзғын туайын деп жүрсің бе?»
Ал ақсарбас қой, көкқасқа тай, атан өгіз, ақ түйенің етіне жерік болса «батыр», «балуан», «шешен-көсем», «патша туайын деп жүр екенсің ғой», «құтты болсын» деп әзілдесіп жатады. Осы әзілдің өзінде де дүниеге келгелі тұрған нәрестенің болашақ мінезі туралы же- рік асынан жорамал тауып айтатын жақсы әдеті көрініп тұр.
Ал қазақ аналары ауыр аяқ кезінде харам асқа, көзіне не көрінсе соған жерік болса, мұндай жерікті «ит жерік», «көр жерік», «сасық жерік», «көп жерік», «күл жерік» деп қырық мүшел түрге бөліп атайды. Бірақ ба- ланы бақытына балайтын қазақ халқы мұндай жерік асынан кейін туылған балаларды да «батыр болады, ба- луан болады, бақытты болады, ғұмырлы болады» деп ылғи да жақсылыққа жориды.
Қазақтың әдеби тіл өнерінде тұрақты сөз тіркесте- рінде құсқа байланысты да адам мінезін ашатын тір- кестер бар. «Құстай ұшып», «сандуғаштай сайраған», «бұлбұл көмей», «қаздай қаңқылдап», «тырнадай ты- раулап», «тырна көз», «құс тұмсық», «қырандай самға- ды», «қаз балапанындай», «бүркіттей түйілді», «бүркіт қабақ», «қырғи қабақ», «аққудай таранды», «сауысқан- дай сақ», «сарыауыз балапан», «үкі қауырсынындай үлпілдеп», «құстың қос қанатындай» деген сөздердің бәрі адам баласын құстардың сын-сипатына ұқсатып суреттеу арқылы бір жағы ерекше сымбатын көрсетсе, енді бір жағынан сол сымбаттар арқылы ішкі мінезін аңғартады.
-жалғасы бар.
Болат Бопайұлы