Қазақ амалдары жайлы сыр-сұхбат
Болат БОПАЙ:
Наурыз айы – жақсылықтың, қуаныштың, жаңарудың айы. Көктеммен ілесе келген мереке – жайнаған өмірге, шат заманға бастайтыны анық. Жазушы-этнограф Болат Бопайұлы наурыз айының маңызы, осы айдағы ырым мен жоралғылар, ауа райы, амал туралы сұхбат барысында таным дерегі мол, қызғылықты әңгіме айтады.
– Халқымыз наурыз айын жылдың басы, көктемнің келуі деп есептейді. Ендеше сұхбатымызды наурыз айының маңызы туралы әңгімеден бастасақ…
– Күн мен түн теңеліп, Самарқанның көк тасы жібитін осы ай – халқымыз үшін орны бөлек мезгіл. Осы кезде біздің бабаларымыз малдың аузы көкке, жанның аузы аққа тиді деп қуанған. Сол үшін бұл мереке – салт пен дәстүрге, наным мен сенімге, ырым мен әртүрлі жоралғыға толы ұлағатты мереке. Наурыз айында жеті дәм салып, көже жасап, ат бәйгесі, балуан, көкпар сияқты ұлттық спорттық ойындарымызды жаңғыртып, кейінгілерге ұлағаттап, ренжіскен адамдар татуласып, өкпе-реніштерін кешіріп жатады. Осының бәрі баяғыдан бері келе жатқан ұлы мерекеде істелетін іс-әрекеттер. Жылдың басы қалай басталса, аяғы да солай болады деп ырымдайды. Наурыз мейрамы – ұлттың коды, рухы, ұлт мәдениетін өзгелерге таныстыратын көпір. Кешегі дәстүрімізден жаңылып, отарлық тұмшалаған жылдары осы мерекеден адасып қалып ек. Қазір міне қалпына келіп, жылда тойланып жатыр. Сол үшін біздің еліміздегі әртүрлі марапаттаулар, шен беру, сыйлау сияқты шараларды наурыз мейрамында өткізсе, бұл мерекенің қадірі бөлек болар еді.– Бұрынғы кезде Қыдыр ата жерге түседі деп 21 наурыз күні түнде үйге қос шырақ жағып қояды деп естуші ек…
– Дұрыс айтасың. Халықтың танымы бойынша, Қыдыр қонған үйге бақ дариды, Қыдыр аралап кеткен мал өседі, тоғай көбейеді деп айтады. Бұрыннан келе жатқан салт бойынша, көже жасаған үйге ел болып келіп, көжеден ауыз тиеді. Сол үйдегі адамдар келген қонақтардан бата алуға асығады. Ал, қыстық амалдарға байланысты ақпан, тоқпан, зымыстан деген кейіпкерлеріміз бар. Осыны халыққа кең түсіндіру үшін, сахналық шығармалар ретінде жасап, елге, ұрпаққа ұғындыру керек.
– Бұрын наурыз мерекесі күні халық таңмен таласа тұрады екен. Осының жөні қалай?
– Бұл – таңмен ерте тұрған адам Қыдыр атаның келгенін өз көзімен көре алады деген сенімнен пайда болған. Әдеттегі күннің өзінде де қазақтар ерте тұрып, тіршілік істейтін болған. Бірақ күн мен түн, хан мен қараша теңелген наурыз мерекесі күні маңдайын күнге сүйгізіп, әдемі киініп, жарық нұрды қарсы алған. Тіпті, сырмақ, кілем, киім-кешектерді сыртына қаратып, жайып қояды. Осылай істесе олар да қуанады дегені ғой.
…
Сұхбаттасқан
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН