ҚАЗАҚТЫҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ

ҚАЗАҚТЫҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ

ҚАЗАҚТЫҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ

Тамаша ғалым, көрнекті ойшыл, ержүрек саяхатшы, қазақ халқының даңқты ұлы – Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов ел тарихында ең ардақты орынға ие. Ш.Уәлихановтың ғылыми мұрасы – отандық ғылымның алтын қоры. 
Әлкей Марғұлан

Шоқан Уәлихановтың қалдырған әдеби мұрасы қандай ұшан-теңіз мол болса, сол бай мұраны, асыл қазынаны жан-жақты терең зерттеп, игеру үшін сондай ұшан-теңіз мол еңбек ету керек.
Қайым Мұхамедханов

Биыл ұлы ғалым, ағартушы-демократ, гуманист Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толады. 
Осы датаға орай өздеріне үлгі тұтар тұлға іздеп жүрген өскелең ұрпақ біле жүрсін деген ізгі ниетпен Шоқан туралы кезекті мақаламызды жариялауға бел будық. Өзіміз Шоқан жерленген Алтынемел өңірінде, Шоқан ауылында ер жетіп, жастайымыздан Шоқан мен Тезек төре туралы көптеген әңгіме-аңыздарды естіп өскен едік. Мектеп қабырғасынан бастап шамамыз келгенше Шоқантану ісімен айналысып келеміз.
Осы күнге дейін «Шоқан кімге керек?», «Шоқан және Тезек төре», «Шоқан музейіндегі балбал тастар құпиясы», «Шоқан салған суреттер», «Шоқан ілімінің көкжиегі», «Шоқан қазақтың тұңғыш прозаигі», «Шоқанның әзіл-сықақтары», «Д.Қонаевтың Шоқанға тұрғызған ескерткіші», «Шоқан сүйген Айсара» сынды ғылыми-зерттеу мақалалар жарияладық.
2025 жылдың Шоқан туралы алғашқы мақаласында өзіміздің ойтолғауымызды жазып тыраштанбай, оның орнына қазақ халқының аяулы перзенттері, ғұлама ғалымдары Әлкей Марғұлан мен Қайым Мұхамедханов мұраларынан бастауды жөн көрдік. Осы талпынысымыз арқылы жаңа 2025 жылмен қатар келген Ережеп айының басында Шоқан Уәлиханов, Әлкей Марғұлан, Қайым Мұхамедханов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев сынды қазақ оқымыстыларының рухына тағзым еткіміз келді.
Сонымен, құрметті оқырман, назарларыңызға әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған материалдарды ықшамдап, ұсынбақпыз. 
Біріншісі, 1980 жылдардың басында Ә.Марғұланның Алматы қаласындағы М.Әуезов музейінде Шоқан туралы оқыған дәрісінен (бейнетаспасын https://www.facebook.com/share/v/15SGFQBWxr/ - сілтемесі арқылы көруге болады) және екіншісі, Қ.Мұхамедхановтың 1985 жылы Шоқанның 150 жылдығы қарсаңында жариялаған «Өнегелі өмір, өшпес мұра» атты мақаласынан үзінді (Мұхамедханов Қ. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы, «Ел-шежіре», 2007. 5-том. – 344 бет.).
1.Әлкей Марғұланның Шоқан Уәлиханов туралы дәрісінен үзінді:
(Бұл дәрісті Әлекең ауызша түрде аудиторияға айтқанын сөзбе-сөз қағазға түсіріп отырғанымызды ескертемін). 
«Қадірлі, достар! 
Біріншіден айтатын нәрсе, XIX ғасырдың ішінде халықтың жүрегіне күн сәулесін түсіретін аяулы, ардақты кемеңгер ойшылдар көп шықты. Соның ішінде ең жарқынының біреуі – бізден шыққан Шоқан Уәлиханов еді. Ол қазақтың тіршілігінен, оның өмірінен, оның географиясынан, тарихынан, этнографиясынан, әдебиетінен, өнерінен тағы басқа не түрлі нәрселерінен көп дүниелер қалдырды. Сондай нәрселерді қырғыздар мен ұйғырлардан, өзбектерден көп жазды. Осы жағынан алғанда XIX ғасырда Шоқанның жазғандарына жететін осы күнге дейін, ешбір ондай білім жоқ. 
Ол ұлттарды ашық, айқын, әдемі суреттеген кісі. Мен Шоқанның материалдарымен студент кезімде, Ленинградта шұғылдана бастадым, 25-30 жылдары. Әр уақытта академия архивында отырып, оның жазғандарын келтіргенім сол кездегі екі дәптер. Арасында Шоқанның сөздері сондай қызық еді, мен соны студент кезімде жазып алдым. 
Кейін академияға келгеннен кейін, Мұхтар мен Қаныш марқұм екеуі қосылып, Шоқанды қайтадан бастыру мәселесін қойды. Оны олар маған тапсырды, «Сен осыған кіріс, Шоқанды жақсылып шығар, неше том шығарасың өз еркіңде» деп ұсыныс берді. Бұл мәселеге көп еңбек сіңірген Мұхтар, Қаныш, Сақтаған Байышов. Осы үшеуі де өте жүйрік білгіш, Шоқанды ерекше жақсы қадірлейтін, аяулы көретін қазақтың данышпан адамдары. Ол Мұхтарға, Қанышқа, Байышовқа жететін кісілер өте аз, олардың жүйріктігі ерекше еді. 
Шоқанды жақсы көрген кісінің бірі – Сәкен Сейфуллин, ол да арасында Шоқанды еске түсіріп отырады. Сәбит Мұқанов та Шоқан туралы көп жазды. Сәбиттің жазғанында реализмнен көрі, фантазия басымырақ болып отырады. 
Сол кезден бастап біз Лени­нградтың, Мәскеудің, Омбының, Қазанның, Орынбордың, Ташкенттің, Алматының архивтерін тегіс араладық. Не заманнан бері архивтерде шашылып жатқан әдемі жазбаларын, автографтарын, кейбір қағаздарын ақырындап отырып таптық. Біздің бұл зерттеуіміз профессор Веселовскийдің зерттеуінен басқалай еді. Ол кісі Потанин Григорий Николаевич берген материалды басып шығарды. Оның ішінде Шоқанның революциялық идеяларын тегісімен қалдырып отырған, әсіресе, патшаға қарсы жазған жерлерін. Біз ол жерлерін орнына келтірдік, патшаға қарсы жазған жерлерін де. Ол айтқан сөздер орыс халқына революцияда қалай айтса, Шоқан да солай әдемі революциялық мотивпенен ашық айтып отырған. Ол туралы Веселевский кітабында қалдырып отырған. Ол қарындашпен өшірген жерлерін тегісімен көрсеттік. Мұны бір кезде Фетисов әдебиетті жақсы зерттейтін Қазақстанды жүйрік білетін литератор, ол жігіт те көңіл қойып өзінің пікірін айтқан еді. Ақырында 5 том Шоқанның шығармаларын шығардық. 
Профессор Березин «Хандар жарлығын» зерттегенде көп ескі сөздерді түсіне алмай, Шоқанға хат жазған. Сонда Шоқанның Березинге Кадет корпусында оқып жүрген шағында жазған хаттары керемет. Ондай хатты осы күнгі балалар еш уақытта жаза алмайды. Мұнда бір профессордың, атақты ғалымның тілі бар. Қырғыз халқының тарихын қандай әдемілеп жазған. 
1856 жылы Шона батыр, Қоқан, Өзбек тарихын сондай сұлу жазған. Өзбек хандарының қысымшылығы, олардың қазақ пен қырғызды қанауы, осылары жақсы айтылған. Мұның барлығында Шоқан өзін әр уақыт орыс революционерлеріне жақындатып, өзін ашық ойлы, революция ойын ойлаушы, жарық дүние көрсететін кісі етіп көрсетеді. 
Шоқанның көп жазған нәр­селерінің бірі, әдемі жазғаны – «Предания легенды казахов Большой Орды». Қандай әдемі жазған. Соны 18-19 жасында жазған Шоқан. «Оглядывая поэзию», «Жоқтау» жырын қандай әдемі келтіреді. Сонда неше түрлі мысалдар келтіреді. Абылай туралы әдемі аңыздар, Абылайды қазақтардың қандай қадірлейтіні, оны ардақтаудың қандай әдемі жырлармен қалдырғанын келтіреді.
Шоқанның кішкене күнінен әдемі жазған нәрсесі «Едіге» жыры мен «Қорқыт ата». Қорқытты қазақтың әдебиетін, музыкасын жасаушы атасы деп бірінші айтып кеткен Шоқан. 
1856 жылы Ыстықкөл жағасына барып жүріп, Қырғыздың «Манас жырын» табады. Онда айтқан ғой, «Единственное романтическое произведение киргизского народа» «Манасты» бірінші рет жазған. Елуінші жылдары олай айту ешбір Еуропа ғалымдарының есіне келмейтін сөз ғой. «Манасты» «единственное романтическое произведение киргизкого народа» деп бір ғана Шоқан айта алған. 
«Қозы Көрпешті» Жанақ ақыннан естіп, қандай қадірлеген. Сол кезде Шоқан жеті жасар бала, әкесімен екеуі Жанаққа айтқызып, бірге отырып жазады ғой. 
Бір айтатын нәрсе, Шоқанның туып өскен жері Көкшетау, Сырымбет. Өзі 1835 жылы Обаған қаласында туып, жас күнін Обаған өлкесінде Күнтимес деген Шыңғыстың сарайында өткізді. Бес жасынан Обағандағы қазақ мектебінде оқыды. Онда шығыс тілдерін жақсы үйренді. Алишер Навои сияқты шайырларды жақсы оқыды.
Сондықтан жеті жасында ол араб тілін сонша жүйрік біліп, әкесімен отырып сонда Жанақ, Жұмағұл сияқты ақындардың айтқандарымен бірге, қазақ фольклорын жазып алып отырған. 
Шоқанның көп айтқан нәрселері – қазақтың музыкасы, қобыз күйлері. Ол 15 шақты күйдің атын келтіреді. 
Мысалы, Уақ Сабыр батырдың «Сыбызғыдан тартқаны» деген күйі, соны сол кезде өз құлағымен естіген.
Бағаналы Балақай бақсының «Қорқыт күйі». «Қорқыт күйін» Балақай бақсыдан әдемі тартқан кісі болмаған. 
«Жанқожаның басқаны» – Жанқожа, қай Жанқожа екені белгісіз, мүмкін Сыр бойындағы Жанқожа болуы мүмкін. «Жанқожаның басқаны» – атақты күй. 
«Суға кетті ер Қотан» – Досжан дейтін атақты күйшінікі. 
«Балбырауын», балбырауынды осы күнгі музыканттар осы замандікі дейді. Шоқан 50 жылы жазып алған. Балбырауын Досжандыкі, әдемі би, қазақша балбырату, әдемі домбырамен тартатын күй. Осы күнгі музыканттар оны осы күнгі заманның кісілеріне әкеліп жайып жүр. Осы арасы дұрыс па? Анығын Шоқаннан білу керек еді.
«Ала байрақ» дейтін күй – соғыс кезінде тартатын, Досжан әдемілеп тартатын «Ала байрақ». Байрақты бүлкілдетіп домбырамен әдемі тартатын күй, соны Шоқан өз құлағымен естіген. 
«Қызыл қайың» - Өтеболат дейтін атақты күйші. Өтеболат қай ел екені белгісіз, бірақ Шоқан өз құлағымен естіген. 
«Шығыс жібі бес бармақ», – дейді, домбыраның қоңыр үніменен, Шығыстың жібегі сияқты әдемі күйде бүлкілдетіп тартатын, соны жазады.
«Қапыда өткен қарбалас», – дейді, мұны тартқан Жанақ ақын. «Қапыда өткен қарбалас» – тегінде Еңлік-Кебекке арналған сияқты.
«Тайлақбайдың сыбызғыдан тартқаны», – дейді. Тайлақбай күйшінің кім екенін ешкім білмейді, қазіргі музыканттар да білмейді. Оның күйінің аты – «Қыз жылытқандай», – дейді. Күйдің аты әдемі, сайрап тұратын жақсы күй. 
«Болтанның басқаны» дейді. Болтан деген атақты күйші, оны қазір ешкім білмейді. Сол бойымен ұмытылып қалған.
Ершедегі Еткейсің дейді қазақтың ескі аңызы бойынша, Ерше дейтін атақты күйші, өзі жалайыр. Күйшілер ол кезде жалайырдан шығады ғой. XIII-XIV ғасырда жалайырлардан артық күй тартатын ел болмаған. Мынау «Ақсақ Құлан», «Жошы хан» күйінің XІІІ ғасырда тартқан бір түрі. Күйде Жошы ханды тірілтіп берсең деген мотив бар әлгінің ішінде. Құланның Жошыны қалай өлтіргені, оны топтап басқан аяқтың ізі, соның барлығын қобызбен әдемілеп келтірген. Сөйтіп, Шоқанның бізге қалдырған тарихи-географиялық, мәдениет жүзіндегі, өнер жүзіндегі, музыка жайындағы, елдің тұрмысы жайындағы жазып кеткендері біз үшін еш уақытта ұмытылмайтын ғажайып бір дүние. Оны Шоқандай ешкім жаза алмайды, оның сөздерінің өзі қызық қой, тез тапқыш, жаңа айтқан сөздері басқа кісі айтып келтіре алмайтын өз алдына бөлек болып отырады. 
Қазір Шоқанды қазақшаға аударатын кісі болса, оның тілін жақсы білетін кісі аудару керек. Қазақша жүйрік білетін, қазақтың мақал-мәтелін жүйрік білетін, аса шешен кісі аудару керек. Ал егер оны білмесе, Шоқанның тілі босқа қалады. Оның айтқан тілі канцеляриямен жазсаң түк болмайды. Олай жазуда ешбір мән жоқ. Онда Шоқан табылмай қалатын болады. Сөйтіп, Шоқанның материалдары осы күнде жалғыз совет одағында емес, бүкіл дүниежүзінде белгілі болып отыр. Шоқанның кітаптары шығысымен оны көп нәрселерін жапон тіліне аударды, бір баспасы. Соның ішінде «Очерки Джунгарии» да бар...». 
2.Қайым Мұхамедхановтың «Өнегелі өмір, өшпес мұра» атты мақаласынан үзінді:
«Отанымыздың мәдениет тарихынан ең құрметті орын алып, атақ-даңқы бүкіл әлемге жайылып, танылған ұлы тұлғалардың бірі – қазақ халқының адал ұлы, ардагер азаматы, дана ғалымы, ағартушы-демократ Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов еді.
Шоқан – табиғи дарынды, кең ақылды кемеңгер, теңіздей терең ойлы, заманындағы озық пікірлі, алдыңғы қатардағы қайраткер, өз халқын жан-тәнімен шексіз сүйген, бүкіл саналы өмірін, өнер-білімін, бойындағы бар асыл қасиетін туған еліне адал еңбек етуге арнаған патриот. Ол елінің еңсесін басқан ескі салт-санаға, әдет-ғұрыпқа, әлеуметтік теңсіздікке, зорлық-зомбылыққа, надандыққа зығырданы қайнап қарсы шықты. Ол орыс халқы мен қазақ халқының, сол сияқты Россия империясының езгісінде отырған барлық ұлттың бостандығын, береке-бірлігін көксеген, халықтар достығының жалынды жаршысы болды.
ХІХ ғасырда Шоқандай сегіз қырлы ғалым, аса қабілетті, үлкен мәдениет қайраткері бүкіл Орта Азияда аз еді дей аламыз. Орыстың ұлы революцияшыл-демократтарының органы «Современник» журналы 1864 жылы 6 санында: «Ш.Уәлихановтың қабілеттілігі мен жетістігі және жігерлігі сонша, Сібірде тұратын халықтар арасында бұрын-соңды ондай адам болған емес», – деп жазды.
Шоқан – биік жанды, қызу қанды, кіршіксіз ақ көңілді, жарқын жүзді, ер жүректі, жалтаңы жоқ турашыл, әділ, адал азамат. Ол – қазақ халқының ұлттық мақтанышы, орыс халқының айнымас досы, адамзат баласын алаламайтын ізгі көңілді, кең пейілді сабаз, адамгершілігі зор нағыз гуманист. Омбы кадет корпусында бірге оқыған досы, әйгілі ғалым Г.Н. Потанин Шоқан туралы: «Шоқанның мінезі Пушкиннің де, Лермонтовтың да бейнесін, мінез-құлқын еске түсіруші еді», – дейді.
Шыңғыс ауылына қазақтың атақты ақын, жыршылары, әнші, домбырашы, қобызшы, сыбызғышы өнерпаздары көп келіп, ақындар айтысы, өнерпаздар жарысы үнемі болып тұрған. Шыңғыс өзі де шебер домбырашы, қобызшы болыпты. Шоқан жас бала шағынан қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған рухани мәдениеті дариясының тұнығын тына жұтып сусындап, халық өнерін сезініп, сүйсініп, сүйіп өскен.
Ауылына үнемі келіп-кетіп жататын орыстың зерттеуші ғалымдарын, инженер, топографтарын, суретшілерін бала күнінде көп көріп, олардың жазу-сызуларына, салған суреттеріне қызыға қарап, құмарланып, зер салған. Бір көргенін көңіліне тоқып алатын зерделі Шоқан жазу, сызуға ерте машықтанды.
Шоқанға бала күнінде сабақ берген ұстазы Ғалиақбар шығыс тілдеріне жүйрік адам болған. Бала Шоқан Шығыстың атақты ақындарының өлеңдерін жазып алып, үй-ішіне, құрбы-құрдастарына жатқа айтып береді. Бес жасында хат танып, жеті-сегіз жасында сурет сала бастаған. Сол бала кезінде-ақ «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ер Көкше» поэмаларының бірнеше нұсқасын жазып алған.
1847 жылы 12 жасқа аяқ басқан кезінде кадет корпусына оқуға түскен Шоқан туралы: «Шоқан жедел жетіліп, өзімен сабақтас орыс жолдастарынан озып, үздік шықты», – дейді Г.Н. Потанин.
Шоқан 1853 жылы кадет корпусын бітіріп, корнет атағын алып, қызметке кіріскенде 18 жаста еді. Оның алғашқы сапары 1854 жылы басталып, Орталық Қазақстанды, Жетісуды аралап, Тарбағатайға дейін сапар шегеді. Қазақтың тарихы, әдебиеті мен этнографиясын зерттеп, мол мағлұмат жинап қайтады. 1856 жылы Ыстықкөл экспедициясына қатысып, Қырғызстанда болып, ол елдің тарихын, тұрмыс-салтын, тілін, табиғатын зерттейді. Осы сапарында Құлжа қаласында болып, Қытай мен Россия арасындағы сауда, жалпы қарым-қатынас мәселесін реттеу ісіне қатысады. 1857 жылы қырғыз елінде екінші рет болып, бұл жолы атақты «Манас» эпосымен танысып, зерттейді. «Манас» эпосын жоғары бағалап, оны даланың «Иллиадасы», ал Манастың жалғасы «Семетай» эпосын – қырғыздың «Одиссеясы» деп бағалаған. «Манас» эпосынан «Көкетай ханның өлімі және оның асы» деген бөлімінің үзіндісін жазып алып, орыс тіліне аударған. Жоғарыда аталған ғылыми сапарларының нәтижесі «Ыстықкөл сапары», «Құлжа қаласы», «Қырғыздар туралы» сияқты алғашқы ғылыми-тарихи очерктерін жазған кезде Шоқан 20 жаста еді.
Осы алғашқы қадамының өзінде-ақ П.П. Семенов-Тянь-Шанский бастаған орыстың ірі ғылым қайраткерлері, Шоқанды нағыз ғалым деп танып, орыс география қоғамының толық мүшелігіне бірауыздан сайлаған кезде, ол 22 жаста болатын. Аса қауіпті Қашқар сапарына аттанып, сол қатерлі сапарда ерекше төзімділік, асқан ерлік көрсетіп, үлкен абыроймен аман-есен оралып, ержүрек саяхатшы-ғалым даңқына бөленіп, бүкіл ғылым әлеміне аты әйгілі болған шақта Шоқан 24 жасқа ғана аяқ басқан еді.
Қашқар сапарының ең басты нәтижесі «Алтышаһардың немесе Қытайдың Нан-лу провинциясының (Кіші Бұхараның) шығыстағы алты қаласының жайы туралы» деп аталатын, ғылыми-тарихтық маңызы аса зор, үлкен еңбегі болды. Шоқанның бұл еңбегі 1865 жылы Лондонда шыққан «Орыстар Орталық Азияда» деп аталатын кітапта ағылшын тілінде де жарияланды. Сөйтіп, қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың Орта Азия мен Шығыс Түркістанды зерттеу ісінде ғылымға сіңірген мол еңбегін бүкіл дүниежүзілік ғылым жоғары бағалап, тегіс мойындады.
Кемеңгер қайраткер, ұлы ғалым дүниеден мезгіліз ерте көшті. Абай сөзімен айтқанда:
Құйрықты жұлдыз секілді,
Туды да көп тұрмады.
Көрген, білген өкінді,
Мін тағар жан болмады.
      (Әбдірахман өліміне. 1895)
Шоқан шығармаларының 1904 жыл шыққан алғашқы жинағының алғысөзінде профессор Н.И. Веселовский дәл Абай сөзіне ұқсас пікір айтып: «Как блестящий метеор промелькнул над нивой востоковедения Чокан Чингизович Валиханов», дей келіп, «Русские ориенталисты единогласно признали в лице его феноменальное явление и ожидали от него великих и важных откровений о судьбе тюркских народов», – деп жазды. Бұл орыстың шығыстанушы ғалымдарының Шоқан Уәлихановқа бір ауыздан берген әділ бағасы еді.
«Ұзақ өмір не берер, көрген, білген, болмаса?» – деп Абай айтқандай Шоқан аса аз жасаса да көпті көріп, көп нәрсені біліп өтті. Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тарихы мен географиясына арналған ғылыми-зерттеу еңбектері, саяси-әлеуметтік тақырыпқа жазған көп шығармалары – Шоқанның жан-жақты терең білімді, кең ақылды, ұшқыр қиялды аса ірі ғалым болғанын танытады. Шоқан әрі әдебиетші, публицист, көркем сөздің зергері, дарынды қалам қайраткері және тұңғыш қазақ суретшісі – художник.
«Если бы Чокан имел в киргизском народе читающюю среду, он мог бы стать гением своего народа и положить начало литературному возрождению своих единоплеменников» деген Г.Н. Потанин.
Шоқан өзінің ана тілі мен орыс тіліне бірдей жетік әдебиетші. Ол ғылыми зерттеу еңбектерін орысша жазды. Ол туралы Мұхтар Әуезов былай деген: «Егер еңбектерін қазақ тілінде ғана жазып кеткен болса, біз Шоқанның бүгінгі дәрежеде, көпке мәлім болған, кең майдан тапқан, өзінің соңында қадірлі жол, дәстүр қалдырған ғалым ретінде білмеген болар едік. Өз уақытында кейінгі жастарына орыс мәдениетін үлгі, үгіт етіп тартумен қатар, өз еңбектерін орыс тілінде жазып жариялауы да ол үшін ең қажет, ең дұрыс жол еді».
Шоқан Уәлиханов, ешқашан өш­пейтін, өлмейтін мәңгі бақи маңызын жоймайтын, ұшан-теңіз бай, асыл мұра қалдырып кетті. Ғалымның бай мұрасының ішінде зерттеп, жаза бастап, аяқтай алмаған және негізін салып, жазып үлгеруге мұршасы келмей кеткен еңбектері аз емес. Осының бәрі де ғылым үшін бай қызына. Шоқанның сондай игі бастамаларын ұқыпты зерттеп, оның жүзеге асыра алмай кеткен ісін жеріне жеткізу – қазіргі ғалымдарымыздың абыройлы борышы деп білеміз»...».  
...Міне, қадірменді оқырман, Шоқан және оның бай мұрасы туралы қырық жыл бұрынғы, Совет идеологиясы заманында айтылған, жазылған екі ғұламамыздың ойтолғаулары әлі күнге дейін маңызын жоймай, керісінше өте өзекті болып тұр. 
Бұған себеп, біріншіден, Шоқан мұрасының әлі күнге дейін толық жинақталмауы, зерттелмеуі және тиісті деңгейде дәріптелмеуі. Осы жағдайға байланысты академик Ә.Марғұланнан бастап, еліміздің бірқатар ғалымдары дабыл қағумен келеді. Мысалы, «Алаш айнасы» газетінде «Шоқан өлді дегеннен кейін де 10 жыл тірі болған...» деген тақырыпқа тарих ғылымының докторы, профессор Көшім Есмағамбетов мынадай пікір айтқан екен: «Негізі, Шоқан – өте күрделі тұлға. Оған нүкте қою әлі ерте. Өкінішке қарай, бізде «Шоқантанудың» тікелей соңында жүрген адам жоқ. Дегенмен Шығыстану институты алдағы 180 жылдығына орай Шоқанның түпнұсқа еңбектерін шығару жөнінде тиісті мекемелермен келіссөздер жүргізіп жатыр. Ал соңғы шыққан 6 томдық 1985 жылғы нұсқадан аударылған. Бірақ ол нұсқаның өзі кезінде күлдібадамдау болып шыққан болатын». Ал, Мадрид және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Самат Өтениязов 2021 жылғы 5 тамызда «Ана тілі» газетінде «Шоқан Уәлиханов ғылыми мұрасының тағдыры және оған жасалған қиянаттар тарихы» атты мақала жариялады.
ХІХ ғасырда қазақ халқын «киргиз кайсаки» деген атаумен қорлап, жабайы, ғылым-білім, мәдениеттен мақұрым қалған көшпенді тайпалар деген көзқараста болған Ресей мен Батыс елдерінің алдыңғы қатарлы өкілдерін өзінің терең білімділігімен, табиғи дарынымен, ғұламалығымен, ғылыми жаңалықтарымен жерге қаратып, мойындатқан өрімдей жас Шоқанның артында қалған бай ғылыми мұрасы бүгінгі күнге дейін толық жинақталып, зерттелмей келеді.
Екіншіден, Шоқанның қайғылы қазасына, жерленуіне, бейітіне, нақты жатқан жеріне, сүйегіне қатысты осы күнге дейін бітпей келе жатқан дау-дамайлар.
Үшіншіден, Шоқан Уәлиханов тұлғасының ұлы ғалым, ағартушы-демократ, адамзат тағдырын ойлаған гуманист сияқты қырларын аша отырып, тиісті деңгейде насихатталмауы.
Білген, түсінген адамға Шоқан шынында қазақтың шамшырағы. Әр қазақ баласы Шоқандай болуға талпынуы тиіс. «Мың өліп, мың тірілген» табиғи гені болаттай берік халқымыз жекелеген дарынды, данышпан, дана, батыр, батыл, сегіз қырлы бір сырлы өнерпаз ұл-қыздарымызды дүниеге әкелуде. 
Мысалы, солардың бірегейі ХІХ ғасырда өмір сүріп, қараңғы заманда қазақ халқын күллі әлемге мойындатқан Шоқан болса, ХХІ ғасырда дүниежүзі қауымдастығы қазақ халқын Димаш Құдайбергеннің өнері арқылы танып, тәнті болуда. Реті келгенде айта кетсек, Шоқанның өзі таза мұсылман бола тұрып, жекелеген дін талаптарының қоғам дамуына кері әсері бар екенін, жастар ертелі-кеш тек қана діни мәселемен ғана айналыспай, ғылым-білімге ұмтылуы қажет деген мағынада өз пікірін ешкімнен тайсалмай айтып, жазып кеткен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Біздің нақты құндылықтарымыз болмаса, даму жолында тың серпіліс жасауымыз және көшбасшы елдер қатарына қосылуымыз неғайбыл. Сондықтан, жалпыұлттық құндылықтар жүйесін бекіту қажет. Ең бастысы – адал еңбек ету, адал жолмен табыс табу, адал азамат болу», – деп атап өткені терең ой салады.
Олай болса, қазақ жастары Шоқандай болсын деп тілейік. Биылғы жылы Шоқантану саласын жандандыруға күш салайық. Мүдделі мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың қолдауымен ғылыми-практикалық конференциялар, «Шоқан ізімен» атты тарихи-танымдық экспедициялар, Шоқан оқулары, жас ғалымдар мен суретшілер арасында байқаулар, БАҚ-да «Шоқан – 190» айдарын ашу сияқты түрлі мәдени-көпшілік шаралар өткізейік.
Дінмұхамед Қонаев атамыз жазып кеткендей, «Шоқандай перзенті бар менің халқым да бақытты, осындай ұлан-ғайыр даланы еркін жайлаған халқы бар Шоқан да бақытты. Сол Шоқандарымыз көп болса, қане!».

Бағдат Ақылбеков, 
ҚР Журналистер Одағының мүшесі,

Тезек төре және Шоқантанушы, өлкетанушы

"Ақиқат" журналы 30 Қаңтар, 2025

Бөлісу: