Таңжарықтың соңғы ұрпақтары
Таңжарықтың соңғы ұрпақтары
Нұржан Дәулеткелдіұлы
Таңжарық-тарихи тұлға. Алаш ері. Айтыскер. Ақын. Сазгер. Дала жырауы. Дана дарын. Таңжарық ғұмыры қараңқы мен жарықтың, жаңалық пен көнеліктің таласы жүріп тұрған дүбәра заманға тұспа тұс келеді. Ақын Алатаудан күн, Қарасаздан жыр, нағашы жұрттан білім іздеп, ұядан қияға жол тартқан алаш ардагері. Ел ен жайлауда өгізге жүк артып Адуынгерге көшіп жүргенде, жүрегінде жалыны, көкірегінде дарыны асқақ арманшыл азамат Сетіккөкпен Әулие тауын асып, Қазақ елінен білім алғаны қандай ерлік. Көрегендік. Бала жасынан өнер-білімге үйір Таңжарық оқыған-тоқығандарын місе тұтпай, 1923 жылы бір түнде Нүптебек байдың күллі Іле өңіріне аты шыққан сетік көк (жырық көк) деген жүйрігімен Қалжат арқылы Нарынқол асады. Таңдарық Жолдыұл Қазақстанда Кеген, Нарынқол аудандарында жеті жылдық мектепте (1922-1925) оқиды. Қазақ ақын, жазушыларының еңбектерімен кеңінен таныс болады. Өзі де өлең жазып, айтысқа катысады.Алаш идеясын тереңдетеді. Сол кезде Қазақ елінде де теңсіз қоғам билік басында болған соң, 1926 жылы ақын Тәкең Қытай Шыңжаң Іле Күнес жеріне қайтып кетеді. Бара сала алаш рухын елге үгіттеді деген сылтаумен 1926 жылы солшыл үкімет ақынды түрмеге жабады. Азамат арын таптаған сайқал үкіметке қарсы шыққан халық ақынын тар құрсаудан босатып шығарады. Содан тәкең серілікті тастап, отбасын құру бекіміне келеді.
Таңжарық Жолдыұлының қыздай сүйіп қосылған қосағы-Сәлихан немесе Зақан. Зақан орта жүз қызай болады. Қызай ішінде оразай елі өркенді руының қызы. “Жайқау тәте” деген жанама аты да болыпты. Анығы Қызайдың оразай руы ішінде жанмырза ауылы өмір руындағы алпыспай аталығына жатады. Әкеден Сәлихан, Әлімхан, Әкімбек, Әкімхан қатарлы екі қыз, төрт ұл өсіп, өніпті. Сәлиханның шешесі Несиен Қызай елінің Солтангелді руы болып, Күнес елі мен Тоғызтарау елі құдалық жақтан жиі қарым-қатынас жасағаны мәлім. Оразай елінде және Қызай елі дербіс сады руынан Серікжан атты қыз ұзатылады. Айтуларға қарағанда Осы құдандалы қатынасты тереңдету үшін Бозшабай Жолдыға Таңжарық ұл өмірге келген соң, 1906 жылы көктемде ауыз екі серттесіп құдаласады[1,10]. Тәкең ержетіп серілік құрып, Сәлихан бойжетіп сауынға шыққанға дейін екеуі бір-бірімен кездеспеген. Кездесті дейтін жазба дерек жоқ. Тек Тәкең Қазақстан жеріне өтерден бұрын, бесігінен атастырған екі жақ сары сүйек құда болып, Сәлихан қызға үкі тағылады дейтін әңгіме бар. Оның қаншалық шындық болары анық емес. Үкісі тағылған қызды жар екпей алты, жеті жыл жүру мүмкін болмайды. Сол үшін үлкендердің ауыз бірлігімен құдалық ажырап кетпеген десек шындыққа үйлеседі. Көне көз ақсақал Кекілбек Қарияның әңгімесінде Таңжарық пен Сәлиханның үйлену тойы 1929 жылы маусым айының соңын ала Іле өңірі Тоғызтарау ауданының Тастөбе ауылына қарасты Ілгідай бұлағының Кеңқоныс деген жерінде дүркіреп өтіпті. Аралықта Қөкқамыр сахарасы Жалғызқарағай жайлауында жүргенде қала қызы, татар сұлуы Тәлиғамен жарасып, көңілді серік болады. Тәкең Күнес жеріне қайтып кеткенде, татарлар қазаққа қыз бермеу амалын жасап, Тәлиғаны татар жігіті Рахметоллаға қосады. Бұл оқиға 1928 ж не 1929 жылға тура келеді. Тәкең сосын сұр бойдақ өмірін аяқтап, отау көтереді. Тәкеңнің замандасы, бір жерлік Ырымбек Сарқұлжаұлы қария ақын алғашқы жарымен 1929 жылы үйленгенін растайды. Кей кітаптарда Таңжарық 1934 жылы Іле аймағы Тоғызтарау ауданы оразай-жанмырза Бозшабайдың қызы Сәлиханмен үйленіп бас құрайды деп жазылады[2,6]. Бұл тұжырым шындыққа жақын келмейді. Дұрысы 1929 жылы отау көтергені ақын өмір деректеріне үйлесімді келеді. Таңжарық Жары Сәлиханнан Уәлихан атты ұл көреді. Кейін тағдыр талғысына түсіп, жарлы-байлы өмірдің оты өшіп Сәлихан туыттан көз жұмады. Сәлихан сынды сүйіп қосылған жарынан айрылып қалады. Ардақты ана 1940 жылға таяу өкпе сырқатынан және туыт ауыртпалығынан перзент өмірге әкелген соң, ұзақ өтпей, өмірден озады. Артында Уәлихан атты асыл ұлы жастай жетім қалады. Уәлиханды әжесі Мазақ және Тәкеңнің інісі Әділбек есейтеді. Таңжарықтың тәке кіндігінен осы ұл болған соң ендігі әңгіме Уәлихан жайлы болады.
Уәлиханның туған жылы мен жасы жөнінде бір ауызды пікір жоқ. Бір бөлім деректе Уәлихан Таңжарықұлы 1929 жылы шілдеде туылған делінеді. Дәл сол жылы маусымда той жасап, шілдеде ұрпақ көруге болмас. Қазақ елінде өскен Шара апай Уәлихан менен үш жас үлкен дейді. Онда ақын 1934 жылы туылған болады. Бұл санақ сенімсіз. Қалайда той болған соң, бір жыл салып болашақ ұрпақ 1930 жылы туылған көрінеді. Бір бөлім ізденулерде Уәлиханды 27 жасында, 35 жасында қайтыс болғанын жазады. Бірде 1959 жылы, және бірде 1961 жылы, енді бірде 1964 жылы қайтыс болғаны жайлы дерек айтады. Бұл көзқарастар әлі зерделену арқылы ғылыми түсінік жасауды күтеді.
Тәкеңнің тұяғы, алғашқы өркен жайған қияғы Уәлихан Күнес жерінде бастауыш, толықсыз оқиды. Осы тұста сырқаттанып, өкпесіне суық тигені мәлім болады. Сенімді естелікте ол 1954 жылы толық ортаны бітіріп, 1955 жылы Іле педагогикалық мектебіне оқуға түседі. Екі жыл оқып, Күнес ауданы Нарат ауылы Қараой бастауыш мектебінде оқытушылық мамандықпен жұмыс жасайды. 1957 жылы сол ауылдық орындағы әкімшілік қызметкері Құрманхан Сәрсенбіқызымен үйленеді. Сүйегі албан елі алжан руы шағыр ауылынан таралады. Арада Аралтөбе жеріне келіп ұстаздық кәсібін жалғастырады. Құрметті жары Құрманханнан Бақыт атты ұл, Күлаш атты қыз сүйеді. Кейін ескі сырқаты қозып, дүниеден жас кетеді. Ару денесі Кеңсу ауылы Қөктөбе қыстағына қарайтын Шилітөбе зираттығына қойылады. Басына тас орнатылмаған себепті көне қабыр шымға айналып, жотамен бірдей болып кетеді. Қабырын нақты танып алуға келмейді. Қазіргі күнде көне көздерде айтып бере алмауы өкінтеді. Бұл қорым “Аралтөбе жүрегіндей” деп жырланған Аралтөбе белесінің Кеңсуға қарайтын шығыс бөлегіне тәуелді елді мекенде.
Таңжарықтың Қос немересі Бақыт екі жаста, Күлаш бесікте қалады. Бұлай шырылдаған жас сәбилерді қатарға қосуда нағашы атасы Сәрсенбі Сайлыбайұлы, Нағашы әжесі Нұрихан Ырамыққызы бас болады. Ал шешелері Құрманхан кейін Кеңсу ауылына көрші Қарабұлақ жеріне күйеуге шығып кетеді. Кейінгі күйеуден үш қыз, бір ұл көреді. Қыз ұзатып, келін түсіріп Аралтөбе ауылы Қарабұлақ қыстағы №1 гурыппасына қоныстанып қалады. Ал бұрынғы балалары немесе Таңжарықтың немерелері Бақыт пен Күлаш Нағашы жұртына тартып, қазірге дейін Кеңсу ауылы Қазақмәлі қыстағында жасап келеді.
Таңжарықтың немересі Бақыт Уәлиханұлы 1959 жылы өмір есігін ашқан. Ал Күлаш 1961 жылы туылады. Сол жылы әкелері қайтыс болса, Уәлихан 30 да 31 жас жасағанын білуге болады.
Бақыт әзілқой, өз жанынан өлең шығаратын аңғарымды азамат. Кеңсу ауылы мал дәрігерлік маманы. 1981 жылы дербіс елі көлбай ауылының қызы Дүйсен Сылқымбекқызымен бас құрайды. Айбын, Екпін атты екі ұл, Зиынгүл, Жәзира атты екі қыз көреді. Таңжарықтың төрт шөбересі де ел көріп, жер көріп ержетеді. “Қызай дербіс сады шежірісі” атты кітапта бұл балалардың есімдері аталады: “Зиынгүл Бақытқызы, солтангелді елі қожабак руындағы Естәулет Молдабайұлына ұзатылған. Айбын Бақытұлы, Әйелі Жайна Қыдырқызы, солтангелді елі қожабек руынан. Айбыннан ұлы-Пейіл. Екпін Бақытұлы, әйелі Гіміңнұр Оралбекқызы, солтангелді елі есенбай руынан. Екпіннен Ақжол атты ұл жалғасады. Жәзира Бақытқызы оқу жасында екен”[3, 45]. Жас буын Пейіл мен Ақжол -алаш жұртына аты жайылған ақ алмастай тілге өткір, сөзге жүйрік Таңжарық ақынның өберелері саналады.
Қытайда «Тағжарық зерттеу қоғамы» 1996 жылы құрылды. Қауымдастықтың ашылу салты ҚХР ШҰАР Іле облысы Күнес ауданында өтеді. Сол мәжіліске тұңғыш рет Бақыт Уәлиханұлы шақырылады. Сахнада әкесін еске алып, әсерлі әңгіме тиегін ағытады. Кейін 2012 жылы әдебиет әуескері Нұртай Жанейев Бақыттың үйіне іздеп барып, сыр-сұхбат жүргізеді. Сол кездесуде Бақыт ақын бабасы Таңжарық пен әкесі Уәлиханға арнау өлеңін оқиды. Ол өлең мәтіні мынадай шумақтармен өріледі:
Таңжарық бабасына арнау өлеңі:
От болып, өлең болып ән салдырған,
Шындықты тас түрмеде жасырмаған.
Жар салып әділетке өмірінде,
Ешқашан, Тізе бүгіп бас ұрмаған.
Болашақ елдің қамын ойлап кеткен,
Недеген парасатты ақылды адам.
Мәңгілік жасайсыз өлеңмен де,
Жалғасып ғасырлардан ғасырларға.
Мен сенің немере ұлың Бақыт болам,
Кемеңгер қасиетті асыл бабам.
Жырыңды жасымнан-ақ аттағанмын,
Өмірде урхани бақыт табам.
Дәл бүгін атағымды аспандатты,
Берекелі бейбіт өмір шат заманым.
О, баба аруағыңмен қолдап жүрші,
Өмірде өзіңменен мақтанамын.
Таңжарықтың немересі, өз әкесі Уәлиханға арнау өлеңі:
Уәлихан туған асыл әкем менің,
Аурудан белгілі ғой жас өлгенің.
Қолында нағашымның қалыппын ғой,
Өмірдің көрдім талай қатерлерін.
Алтынның сынығы деп бағып қаққан,
Еңбегі Нағашымның әсерлі едің.
Әлпештеп, ержеткізіп, адам қылып,
Бас құрап, бақыт құсын әпергенің.
Дұға қып, бас иемін аруақтарға,
Кешерсің болса егер қатем менің. [4,10].
Таңжарықтың Немерелері Бақыт пен Күлаш нағашы жұртында өскен соң, ұзақ мезгіл сүйегін албан деп келді. Тек 1996 жылғы жиналыста елге сады болып жария етіледі. Бұлардың оқып өсуіне нағашы ағасы Әлібек пен нағашы жеңгесі Бағдат көп қарайласады. Кейін екеуіне қамқор болған нағашы ағасы Әлібек 1949 жылы 49 жасында қайтыс болады. Екеуін есейгенге дейін нағашы жұрты сүйеп, асырап ержеткізеді. Бақыт 1965 жылға дейін отбасы тәрбиесінде болады. 1966 жылдан 1974 жылға дейін Күнес ауданы Кеңсу ауылы толықсыз орта мектепте оқиды. 1975 жылдан 1976 жылға дейін Кеңсу ауылы Қазақ мәлі қыстағында жер телімін салады. Нағашылары оның сауатты болуын қузап, 1976-1978 жылдарда Күнес аудандық 7 мамыр кәдірлер тәрбиелеу мектебінде оқытады. 1978-1987 жылға дейін Кеңсу ауылдық қазақ мәлі қыстағының мал дәрігері болып жұмыс атқарады. Бақыттың нағашы атасы Сәрсенбі 1975 жылы 77 жасында Кеңсу ауылында қайтыс болады. 1983 жылы ақын Таңжарықтың 90 жылдық тойы өтеді. Соның алдында нағашы апасы Нұрихан бағып қаққан баласы Бақытты шақырып алып: «-сенің атаң Таңжарық, өз туған әкең Уәлихан. Уәлиханның қабыры Күнес Кеңсу ауылының Шитөбе зиратында. Біз әкеңнің қабыры басына ешқандай белгі қоя алмадық. Менің көзімнің тірісінде өз туған әкеңді ұмытпай, басына барып құран оқып тұр. Әкең өте маңғаз, жақсы азамат еді. Бірақ мархұм жас кетті»,-деп өсиет сөзін айтады. Сол кезде Бақыт 24 жаста болыпты. Бақытың нағашы әжесі 2002 жылы 90 жасында дүниеден өтті.
Таңжарықтың немересі Бақыттың үлкен ұлы Айбыннан Пейіл, Кіші ұлы Екпіннен Ақжол тарайды. Өлеңге әуес Бақыт Уәлиханұлы өз кіндегі, қос немересіне мынадай өлең жолдарын да жазып қалдырады:
Ақжол менен Пейіл-ай,
Жақсы болсын зейіні-ай.
Оқу оқып, білім алып,
Мұрагер болсын кейін-ай!
Күлаш Уәлиханқызы Күнес ауданы Кеңсу ауылы қазақ мәлі қыстағы Құсайын селосында тұрады. Қаптағай қарауыл жасық еліндегі Ақай Жақыпбекұлы атты ақ жарқын азаматтың жары. Қыста Кеңсу аңғары Тұрдығұл сайын (Шошқа сайын) қыстаса, жазда қазақ мәліге түсіп күнелтетін көшпелі отбасына жатады. Естуге қарағанда Күлаш отбасымен ата мекенге келіпті. Ақай мен Күлаштан төрт ұрпақ жалғасады. Үлкен қыздары Бақшагүл Күнес ауданы Аралтөбе қалашығына тұрмысқа шыққан. Екінші ұлы Жасар Нарат жеріндегі солтанкелді руы тұрдығұл елінен қыз алған. Аты Бигүл. Олардан Нағыз атты ұл бала ұрпақ жалғайды. Үшінші ұлы Қайнар үйленбеген. Үй шаруасын ретке салушы. Кезінде Пекин олимпиясын қарсы алу үшін ұстазы Аллаберген ертіп, әріптесі Думан ілесіп Кеңсу-Бижиңді жаяу жүгіріп өткен айтулы дала шабантозы. Төртінші қызы Бұлбұл Шинжияң педагогикалық университетін бітіріп, қазір Бұратала жерінде үкімет қызметін адалдықпен атқарып келеді.
Сөз соңы, Таңжарықтың ұлы, немерелері, шөберелері, өберелері жайлы бұрын көп айтылмаған. Тек ата тек шежіре кітапта аттары енгенмен, жасаған ортасы, тұрмысы, тірлігі жайлы көп сөз болмаған. Ат құяғын тай басар. Ақынның қыздан тараған ұрпақтары бұрын тектелді. Бұл мақалада тек Төл перзенті Уәлихан отбасынан өрбіген ұрпақтарды түгендеп, фотосын жариялап отырмыз. Барша оқырман шындық ізіне құрмет жасап, Тәкеңнің отбасы таихын толық сараптап түсінуін өміт етемін. Ақынның артында ізбасар, түтінін өшірмейтін мұрагер бар екенін айтқым келеді.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Серәлім Таласпай ұлы. Тұңғыш жары кім болған Таңжарықтың. ҚХР ШҰАР Үрімжі. “Мұра” журналы. 2005 жыл №3 сан. С: 10 бетте.
2.Шара Таңжарыққызы. Алмас қылыштай жарқылдап өткен дүлдүл ақын. ҚР Алматы: “Жас қазақ” гәзеті. 2013.02.08. 2013.02.15. С: 6-бетте.
3.Қызай дербіс сады шежіресі. ҚХР ШҰАР Құлжа: Іле педегогикалық институты баспасы. 2012 жыл 3 ай. С: 45 бетте.
4.Нұртай Жанейов. Таңжарықтың немересі Бақыт Уәлиханұлы туралы. ҚХР ШҰАР Құлжа: Іле газеті. 2012 жылы 20 желтоқсан. №ә бет.