ТҰТҚЫНҒА ТҮСКЕН АҚЫННЫҢ ӨСИЕТ ӨЛЕҢІ ТАБЫЛДЫ

ТҰТҚЫНҒА ТҮСКЕН АҚЫННЫҢ ӨСИЕТ ӨЛЕҢІ ТАБЫЛДЫ

Тұтқынға түскен ақынның өсиеті

Тұтқынға түскен ақынның өсиеті

Отызыншы жылдары тұтқында болған белгісіз тұлғаның жазбасы қолымызға түсті

ТҰТҚЫНҒА ТҮСКЕН АҚЫННЫҢ ӨСИЕТ ӨЛЕҢІ ТАБЫЛДЫ
1930 жылдардағы алапатта сотталған Шүкірхан тұрсынбайұлы деген кісінің өлеңдері және өзге жазба мұрасы қолыма түсті. Құнды мұраны Erlan Dekelbaev ағамыз биыл маусымда маған зерделеуге сеніп тапсырды. Сонымен аты белгілі, заты белгісіз автордың өлеңін шамаша зерттеп, мақала жаздым. Мақала Қазақстан дәуірі Qazaqstan Dauiri газетінің 19 қазан күнгі санына шықты. Газет ұжымына және редакцияға жеткізген Ergazy Seytkali ағамызға мың алғыс. Мақаланың сайттағы нұсқасы төменде. Жырақтан жеткен құнды мұрамен танысып, марқұмдардың із-дерегін білсеңіздер ұрпақтарына табыс етуге көмектесулеріңізді сұраймын! Өткен ғасырда жоғалтқан жоғымызды бірге түгендейік!
1930 жылдардағы алапатта сотталған Шүкірхан тұрсынбайұлы деген кісінің өлеңдері және өзге жазба мұрасы қолыма түсті. Құнды мұраны Erlan Dekelbaev ағамыз биыл маусымда маған зерделеуге сеніп тапсырды. Сонымен аты белгілі, заты белгісіз автордың өлеңін шамаша зерттеп, мақала жаздым. Мақала Қазақстан дәуірі Qazaqstan Dauiri газетінің 19 қазан күнгі санына шықты. Газет ұжымына және редакцияға жеткізген Ergazy Seytkali ағамызға мың алғыс. Мақаланың сайттағы нұсқасы төменде. Жырақтан жеткен құнды мұрамен танысып, марқұмдардың із-дерегін білсеңіздер ұрпақтарына табыс етуге көмектесулеріңізді сұраймын! Өткен ғасырда жоғалтқан жоғымызды бірге түгендейік!

 

Қолжазба дәптер жыртылған. Алдыңғы және соңғы беттері жоқ. Алайда қолжазбаның беттерін оқып, мазмұнын біршама толық түсінуге болады. Қолжазба көнерген сары түсті, сызықты дәптерге, Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуымен жазылған. Дәптердегі қолжазба екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі – дәптер иесінің зарға толы өлеңдері. Екінші бөлімі – діни білімдер. Атап айтқанда, иманның шарттары, сүрелер мен дұғалардың аудармасы, намаздың түрлері және оның оқылу қағидалары т.б. Жазбаның осы айтылған екінші бөлімі 32 беттен тұрады. Алайда осы 32 беттің де алғашқы екі беті жоғалған, үшінші беттен бастап сақталған. Жазылғанына ғасырға жуықтап қалған дәптердің екінші бөлімін зерделеуді кейінге қалдыра тұрып, бірінші бөліміне, яғни қалам иесінің ауыр тағдыры жазылған өлеңдер бөліміне назар аударалық. 

Қолжазбаның өсиет сәлем бөлімі үш өлеңнен тұрады. Үш өлеңнің мазмұны да сәлем хат мағынасында жазылған. Үшеуінде де өскен ел, етжақын туыстармен қоштасу сарыны басымырақ. Бұл үш өлең жалпы төрт бетке жинақталған. Бірінші өлеңнің басқы беттері жоғалған. Мүмкін өлеңдер мұнан да көбірек болса керек. Алайда өлең сөздің әр беттеріне бет нөмірі қойылмағандықтан, пәлен деп кесім айту қиынға соғып отыр. 

Үш өлеңнің ішінде бірінші өлеңінің тақырыбы жоқ. Себебі  тақырып өлеңнің жоғалған беттерінде кетсе керек. Қолжазбаның табылған бөлегі «Сендерге саулық берсін бір Құдайым» деген тілекпен басталады.  Екінші өлең «Сәлем хат» деп аталады. Үшінші өлең «Ағаға сәлем» деп берілген.

 Енді осы өлеңдерге жеке-жеке тоқталып өтелік. Алдымен «Сендерге саулық берсін бір Құдайым» атты өлеңді бірге оқып көрелік: 

 

Сендерге саулық берсін бір Құдайым  

 

Зайсанның тұтқын болып қаласында,

Үштердің нақақ салған жаласында. 

Рахымсыз не секілді жандар жоқ па,

Қазақтың осы жүрген баласында.

Өштессе бөле салу әдет болған,

Саңылау жоқ болғаннан соң санасында. 

Нақақтан жаза тартқан ғазиз басым,

От болып ет жүрегім жанасың да. 

Қызық көрер кезімде торға түстім,

Отыз бен жиырманың арасында. 

Ерке өскен ардакүрең жас ұлан ем,

Талпынған жас ұландай жас өмірім, 

Шынымен бұл тұтқында қаласың ба?!

 

Үкімет бізге әділдік етер ме екен,

Айырып ақ-қараға жетер ме екен?! 

Болмаса айтушының тіліне еріп,

Нақақ іс арманда боп кетер ме екен?!

Жүретін бостандықта заманым-ай, 

Өмірім осыменен өтер ме екен?!

 

Жазған – Түтем. 

1931 жылы 5 қыркүйек 

Бұл өлеңнің авторы 

өзге кісі болуы мүмкін

 

Өлеңнің бізге белгілі бөлегі міне осындай жиырма тармақтан тұрады. 

Өлең түпнұсқадан біршама анық оқылады. Өлеңнің бұл беттерінде жыртылған немесе өшіп кеткен жерлер жоқ. Мазмұнында отызыншы жылдары Зайсан қаласында тұтқынға түскен  жиырма мен отыз жас арасындағы қазақ азаматының жанын оттай қарыған өкініші бейнеленеді. Бұл жерде «Үштердің нақақ салған жаласы» деген тармаққа зер салған жөн сияқты. «Ерке өскен арда күрең жас ұлан ем» деген сөзінен де, қолды болған жалынды жастың ақсүйек қазақтың бір баласы екенінен дерек береді. Өштескенін оңдырмайтын, сол тұстағы сауаты төмен саяси белсенділердің әлдебірінің кесірінен қолға түскенін айтып зарын төгеді белгісіз автор. Өкімет әділдік етіп, істің ақ-қарасын айырар ма, жоқ әлде жала жабушының сөзіне еріп, осы беті арманда кетер ме екенмін деген шер күйігін білдіреді. Бұл бірінші өлеңнің, яғни жартысы табылмай кеткен жарты өлеңнің бізге айтары. Аталған өлеңде Зайсаннан өзге ешбір жер-су атауы немесе кісі есімдері берілмегендіктен, өлеңді әлдебір адамға телуге ерте болып отыр.  

Соңында «Жазған – Түтем. 1931 жылы 5 қыркүйек» деп, өлеңді жазған немесе көшірген адам және уақыты көрсетілген. Бұл жерде зарлы жырдың авторы Төтем бе, жоқ әлде төте жазумен жазған бір хатым осы дегенді білдірмекші ме, бұл жағы белгісіз. Егер авторы Төтем деген кісі болса, отызыншы жылдары еліміздің Шығыс өңірінде қуғын-сүргінге ұшыраған Төтем атты кісінің болған-болмағанын зерделеп іздестіру керек. Бірақ, төмендегі өлеңде автор аты өзге кісі болып жазылған. Және онда көптеген кісі есімдер де бар.  

 

Екінші өлең авторы Шүкірхан екені белгілі, бірақ ол кім? 

 

Екінші өлеңге зер салайық. Екінші өлеңнің авторы ретінде Шүкірхан деген кісі аталады. Шүкірханның оқыған кісінің ет жүрегін елжіретіп, сай-сүйегін сырқырататын өлеңін оқи отырып талдау жасайық. Дәптердегі өлеңге төрт тармақтан рет нөмірін беріп отырған.  «Үштіктің үкімі» бойынша, «Елу сегізінші тармақпен» сотталып бара жатқан автордың кейінгі тағдыры белгісіз. Бірақ, марқұм өсиет сәлемін жазып үлгерген. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы да 1929 жылы төртінші рет тұтқындалғанда осы «елу сегізінші тармаққа» ілінгенін ескерсек, өлең авторы Шүкірханның да тегін адам емес екенін шамалауға болады. Дәптердің жыртылған жеріндегі сөздердің орнына көп нүкте қоюға мәжбүр болдық. 

Ерлер ғана емес, әйелдердің де 5 жылға сотталғанын, шиеттей үш баласының артта қалғанын айтып аһ ұрады автор. Осыдан кейін қалам иесі өзінің жақындарының аттарын айтып сәлемін жолдайды. Сәлем хатта: Мұқыш, Мәмбет ақсақал, Желдібай, Әлди, Бықай, Көшен, Кәкімжан, Асқар, Есет, Қалиолда, Дәлыраш, Қожахмет, Қайсар ыстаршын, Өмірғали (жездесі), Рахила (әпкесі болса керек), Дәуіт, Бәтіш (құрбылары), Жанымхан мен жеңгесі, Шатан, Серікбай, Құрманғали (аға жолындағы сенімді адам), Кенже апасы, Көкен, Мағзи, Бөлеш, Жәмия,  Жүнісбек, Бәтима, Жамса, Құлпы, Бірісбек, Нәнем, Сымағұл, Кібіш, Ертай (бауырлары), Рахила, Гүлзағиран, Рабиға, Шәжікен, Мұқатай, Мәлика қатарлы кісілерге дұғай сәлем айтады. 

Аталған кісілердің ішінде тек екі адамға автордың реніші білінеді. Ауыр тағдырға айдап салған сол екі адам болар ма деген күмән келеді. Қожахмет пен Қайсар ыстаршын (старшина) жазба иесінің тұтқындалуына қандай да бір қатысы бар болса керек. 

Арнадым, Қожахмет, саған сәлем, 

Обал-ау демедің ғой шіркін жасқа. 

Нақақтан үштікпенен, санауыңмен, 

Алды ғой аяғымнан ит те, құс та.

 

Жанқияр, ниеті бір жолдас едің,

Қас болдың қарап жүріп осы тұста. 

Сәлем де Қайсар деген ыстаршынға, 

Сөзім жоқ айтатұғын онан басқа, – деген өлең жолдары осы ойымызды нақтылай түссе керек. Ал өлеңде аталған өзге кісілер автордың жаны жақын сыйласқан адамдары немесе туысқан жақындары. Оны өлеңді оқыған кісі түсініп ала қояды. Зерттеушілерге ең құнды ақпарат деп айтуға тұрарлық, 78 тармақтан тұратын осы өлеңнен кейін келген мәлімет мынау: 

Жазған – Шүкірхан Тұрсынбайұлы 

Жазып алушы – Нұрбан. 

Ойлы оқырман міне осында көрсетілген авторды, жазып алушыны және өлеңде кездескен  қырық шақты кісінің атына қарап-ақ ары қарай ізденіс жасап, қиын жылдарда тағдыр тауқыметімен елінен жырақ кеткен Шүкірханның кім екенін табуға жіп ұшын іздей алады деген ойдамыз. Енді оқырманға Шүкірханның осы өлеңін толықтай оқыталық: 

 

 

 Сәлем хат 

 

1.  Көп сәлем кейінгі елдің қалғанына, 

Хал сұрап бізге құлақ салғанына. 

Үш жылға жер ауатын болып тұрмын, 

Ілініп елу сегіз тармағына. 

2.  Қызықты  гүл-гүл жанған дер кезінде,

Іліндім бұл тұтқынның қармағына. 

Бес жылдан әйелді де кесіп отыр, 

... ... бұл тұтқынға арнады да. 

3.  Жүрегіме қалың байланады, 

Шуылдап үш жас бала қалғанына. 

Өмірде адам ұлы не көрмейді,

Бір бастың ... ... ... қалғанына. 

 

4. Сәлем де Мұқыш Мәмбет ақсақалға,

Естіліп жатқан шығар біздің хал да.

Желдібай, Әлди менен  Бықай, Көшен, 

Көп сәлем... ... .... 

 

5. Сапарға жолаушылап жүрмек болдық, 

қосуға нәсіп етсін сіздерге Алла. 

Көрерміз тірі болсақ бәріңді де,

Көрмесек разы бол алда-жалда. 

 

6. Тілеулес дұғада боп тұрарсыңдар, 

Кәкімжан, Асқар, Есет, Қалиолда. 

Жыласып тұтқын үйде айырылысқан, 

Көп сәлем ішіндегі қас пен досқа. 

 

7.  Көп сәлем елімдегі құрбыласқа, 

Көңілдес, ішіндегі ақылдасқа. 

Ертең-ақ ел-жұртымның кәдірі өтер, 

Көп сәлем ішіндегі қас пен досқа. 

Жыласып тұтқын үйде айырылысқан, 

Жазамын көп-көп сәлем Дәлырашқа. 

 

8. Арнадым, Қожахмет, саған сәлем, 

Обал-ау демедің ғой шіркін жасқа. 

Нақақтан үштікпенен, санауыңмен, 

Алды ғой аяғымнан ит те, құс та.

 

9.  Жанқияр, ниеті бір жолдас едің,

Қас болдың қарап жүріп осы тұста. 

Сәлем де Қайсар деген ыстаршынға, 

Сөзім жоқ айтатұғын онан басқа. 

 

10. Ішінде екі-үш күннің жүргізбекші, 

Разы бол, өкпең болса бәрің таста. 

Көп сәлем Өмірғали жездемізге, 

Рахила, сәлем жаздым және сізге. 

 

11. Көп сәлем, Дәуіт, Бәтіш құрбыларым, 

Сыйласқан іш-әй деспей көңілмен де.

Белгісіз қайсы жаққа жібереді, 

Тірлікте көреміз бе, көрмейміз бе?! 

 

12. Көп сәлем ауылымда барша жанға,

Отырмыз мұндай күйде бүгін таңда. 

Арнадым елден ала екеуіңе, 

Көп сәлем Жеңешем мен Жанымханға. 

 

13. Көп арман көңілімде бара жатыр,

Өмірді мұң ғып шағып арылтам ба.

Нақақтан үшпендер бар қаралады,

Әтім жоқ қоятұғын әділ заңға. 

 

14. Сәлем де Шатан менен Серікбайға,

Жүретін бұрынғыдай заман қайда. 

Тілеулес ниетің бір дұғада бол,

Жүргенде тұтқын болып мұндай жайда. 

 

15. Көптен-көп, Құрманғали, саған сәлем, 

Аман бол, тапсырамын бір Құдайға. 

Көп сәлем кенже апам мен Көкеніме,

... ... Мағзи, Бөлеш екеуіңе.

 

... ... ім ақ пейілім, момыным-ай, 

... ... аның көз салмайтын не екеніне. 

Сендерге ұзын өмір, саулық берсін, 

... ертең  зар болам ғой мекеніме. 

 

17. Көп сәлем Жәмия мен Жүнісбекке,

Бәтима, Жамса, Құлпы, Бірісбекке.

Есен бол сендерге енді не айтамын,

Саяқ боп елден қаңғып шықтық шетке. 

 

18. Берік бол, жүдемеңдер, жадамаңдар, 

Не қылса істің бәрі Құдіретте. 

Нәнемің болып жүр ғой көңілі жарым, 

Сымағұл, Кібіш, Ертай бауырларым. 

 

19. Рахила, Гүлзағиран, Рабиға,

Жүріңдер есен-аман баршаларың. 

Есендік, жандарыңа саулық берсін, 

Шәжікен, Мұқатайым қарақтарым.

 

20. Мәлика, уайымдап жүре берме, 

Айтайын қош-аман бол енді бәрің. 

 

Жазған – Шүкірхан Тұрсынбайұлы 

Жазып алушы – Нұрбан 

1931 жылы 2 ақпан. 

 

Шүкірханның тағы бір өлеңінде рух басым 

 

Белгісіз автор Шүкірхан Тұрсынбайұлының жырақтан жылап жеткен тағы бір өлеңі «Ағаға арнадым» деп аталады. Оқырманға алдымен белгісіз автордың белгілі болған өлеңін ұсынайық. Өлеңнің тұла-бойында жоғарыдағы қайғы мен шердің сарынынан гөрі арттағы елді жұбатып, өзін де қайрай түскені байқалады. Автордың есімі қолжазбада Шүкүрқан болып жазылған. Оқырманға түсінікті болуы үшін, өткен ғасырдағы емлелік ережелер бойынша жазылған осындай сөздерді бүгінгі емлеге түсірдік. Шәкетай – үшінші өлеңде қолжазбада кездесетін екінші кісі есімі. Мәтіндегі сөйлем мағынасына қарағанда бұл автордың баласы болуы ықтимал.

   

Ағаға арнадым 

 

Арнадым туысқанға жырақтағы, 

Хат жаз деп көңіл шіркін бұрат-тағы. 

Сіздерге ескерткішке жазған сөзім. 

Көңілге уайым алма бірақ-тағы. 

 

Көңілді ауыр қиял тербетеді,

Күн санап қалың қайғы ержетеді. 

Мен емес оған ерік беретұғын, 

Аз күнге тірі болсам нем кетеді. 

 

Мен жүрмін елді көріп, жерді көріп, 

Өкімет тәрбиелеп тәлім беріп. 

Кеңестің өкіметін «жаса» деймін, 

Жоқ-ау деп өкпе етпеймін басымда ерік.

 

Өшпенді өтірік жала салды құрап, 

Заң орны тексергенде жауап сұрап. 

Солардың жаласымен айыпталдым, 

Көңілде үлкен арман осы бір-ақ. 

 

Қайғы алма бір мен үшін көңіл бұзып,

Әр істің тіршілікте бәрі қызық. 

Үмітсіз жалғыз ғана шайтан болсын, 

Болмайды түңілуге күдер үзіп. 

 

Жаратқан пендем десе медет, жәрдем, 

Еркі бар құтқаруға нелер тардан. 

Бізбенен жақсы-жаман бәрі жатыр,

Артық па жаным, тәнім мен солардан. 

 

Хат жаздым екеуіңе туысқаным, 

Көңілге қайғы алмайды Шүкірханың. 

Жолыңа екеуіңнің ризалықпен, 

Қылар едім шын құрбан шыбын жаным. 

 

Тапсырғам екеуіңе Шәкетайды, 

Өзі де басқаны іздеп жарымайды. 

Сендерге ендігі айтар ақылым сол, 

Қылмаңдар  көп уайым біздің жайды. 

 

Ескерткіш ретінде, ерігіп отырғанда оқып жүрсін деп, үшеуіңе осы жоғарыдағы аз ғана өлеңдерді жаза салдым.

 

Жазған – Шүкірхан Тұрсынбайұлы 

Әділхан немересі, 

1932 жылы 8 сәуір  

1931 жылы ақпанның 2-сі күні тұтқындалу бұйрығы қолға тиіп, елмен қоштасу зарын жазған автор, жаза алаңында жүріп, арада 1 жыл екі ай өткенде 1932 жылы сәуір айының 8-жұлдызында өз буынын өзі бекітіп тағы бір хатты ағасына арнағаны байқалады. Тұтқындалу алдындағы үрей мен үміт арасында жазылған өлең мен жаза мекеніне бойы үйреніп, жаза мерзімі белгілі болғаннан кейін өскен елге аман оралуынан үміт көргендей болса керек. «Ескерткіш ретінде, ерігіп отырғанда оқып жүрсін деп, үшеуіңе осы жоғарыдағы аз ғана өлеңдерді жаза салдым» дегеніне қарап, қалам иесінің қамауда емес, еңбек майданында болғанын шамалауға да болатын сияқты. 

Оқырманмен ақылдаса отырып, қасіретті жылдарда тұтқын болған тұлғаның із-дерегін табуды мақсат ете жазған мақаламыз да соңына жақындап келеді. Үш өлеңнің ішінде бірінші өлеңнің бөгенайы бөлектеу секілді. Себебі, біріншіден, өлең толық емес. Екіншіден, ол өлеңде «Жазған – Төтем» дегеннен басқа өлеңде кісі аттары кездеспейді. Үшіншіден, бірінші өлеңде сотталушы 1931 жылы 5 қыркүйекте Зайсанда тұтқын болғаннан кейін жазылса, екінші өлеңдегі Шүкірханның зарлы өлеңі онан жеті ай бұрын, 2 ақпанда жазылған. Осыларды қарастыра келгенде, тақырыбы мен тағдыры бір болғанымен, осы үш өлеңнің соңғы екеуі Шүкірхан Тұрсынбайұлы Әділхан немересінің өсиеті болса, бірінші өлең Төтемнің немесе әлде өзге бір кісінің өлеңі болса керек. Кейін осындай тағдыры бір тақырыптарды әлдебір кісі жинақтап дәптеріне жазды ма екен деген ой келеді. Қолжазбада бірге жүрген 32 беттен тұратын діни тақырыптағы материалдың иесі кім екені  тіптен күңгірт. Біздің бұл жазбамызды оқыған саналы оқырманның ендігі іздейтіні өлеңдер өзі таңбалап кеткен адам аттарына қарап отырып, отызыншы жылдары отқа ілінген белгісіз тұлға Шүкірхан Әділханұлының кім болғанын табуда болса керек. 

Қолжазба біздің қолға қалай түсті?

Мен өткен ғасыр басындағы кітаптар мен қолжазбалардың бірталайын ақтарып, мақалалар жаздым. Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінде жылға жуық қызметте болдым. Өзім зерделеп жүрген көне жазбалар туралы шама келгенше еңбектеніп, түрлі басылым беттерінде мақалаларым жарияланып тұрды. Төте жазу мен қадім жазуын жетік білуден болар, бұған дейінгі кейбір тарихи тұлғалардың мұрасының бүгінгі қаріпке қате көшірілген тұстарын анықтап, жазған еңбектерімді оқырман жылы қабылдады. Сол кездердің бірінде әлеуметтік желіде жазбаларымның желісімен Ерлан атты азамат хабарласты. Кейін Ерлан ағамыз бұл қолжазбаны көтере келіп менімен танысып, тағдыры ауыр жазбаның өзіне қалай келген жайын баяндады. 

Ерлан Әбдірашитұлы Декелбаев.  1962 жылы 19 қазанда    Бұрынғы Семей облысы Жарма ауданы Бөке руднигінде дүниеге келген. 2003-2006 жылдары «Мұсылман» журналының редакция қызметінде болған. Сол кезде күндердің бірінде бір жігіт (Ерлан ол жігіттің атын ұмытып қалған) келіп,  үйлерін көшірмек болып, әбігерленіп жатқанда үйдің бір бұрышынан осы жазба табылғанын айтады. Жазуын танымаған соң, «Мұсылман» баспа үйіне әкеліп тапсыруды ойлаған. Сол кездегі Бас редактор Қайрат Иса Ерланға: «Бұл құжат өте құнды дүние екен, мықты сақта, кейін кітап ретінде шығаруға талпыныс жасап көреміз», – деген. Кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мамандарына бұл жазбаны оқытқан. Мамандар бұл жазбаның негізгі жобасын, мазмұнын түсіндіріп, мықты сақтауды, арнайы мамандарын тауып, соларға зерттеуге беруді айтқан. Арада он шақты жылдар өткенде әлеуметтік желі арқылы бізді тауып, осы дүниені маған аманаттап отыр. Ал, біз қолжазбаның аса маңызды бөлегіне талдау жасап, жұртпен бөлісіп отырмыз. 

Ғасырға жуық иесін күткен жазбаның да саф алтындай жарқырап, ақиқат биігінен көрінер күні алыс емес шығар деп үміттенеміз. 

ӘДІЛЕТ АХМЕТҰЛЫ, 

ақын, Алаш мұраларын зерттеуші

Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің бөлім меңгерушісі 

 

 
20.10.2023
Бөлісу: