Айтыс төріндегі төрт ақын

Айтыс төріндегі төрт ақын

Айтыстың алыптары

Болат Бопайұлы

  1. Өмір өнегесі

  Шығыс Түркістанның Шинжияң өлкесінде өмір сүрген, қазақ халқының айтыс өнерін биік белеске көтерген орақ ауыз, от тілді "айтыстың алыптары" атанған төрт ақын туралы сөз сабақтау, бастау, сөз айту менің хас қаламыма бұйырыпты.

  Иә, айтайын, жазайын. Сіздер оң құлақпен тыңдай беріңіздер. Тар жерде, тап бермеде тарлан сөз, тартымды ой тауып, айтарын әдемі өлең өнерімен өрнектеп жеткізіп, оны  көздеген нысанаға дүп тигізіп, қарсыласын  хақ ортада, дүйім жұрт алдында қырпымға келтірмей, аузын аштырмай жеңетін, қаусырма жақ ақындар қазы тілімен, қазыналы ойымен, киелі айтыс сахнасының төрт арысына, төрт көкжал көк бөрісіне айналған Құрманбек Зейтінғазыұлы, Жамалхан Қарабатырқызы, Бердіхан Абайұлы, Жұмағали Құйқабайұлының айтыс өнеріндегі,  өлең сайыстарын тәмәм қазақ баласының көбі біледі. Деседе кейінгі жастар біле бермесе керек деген оймен олардың өмір өткелдерін, жүріп өткен жолдарын, артына қалдырған толағай еңбек жемістерін шырпып айтып, шолып жазып өтуді жөн санадым.

  Иә, бұл төрт ақын, жай ақын емес, дұлей сөздің бәйге бермеген жүйріктері, Шығыстағы, Шинжияңдағы қазақ айтыс өнерінің патшасы. Аузымен құс тістеген айтыс өлеңнің алмас қылыштай жарқылдаған алды аспандары.  Ең үздік ерен жүйрік өр өнерпаздары. Айтыстың алып ақтангерлері, өлең сөздің хас қара нарлары. Қазір бұл алыптар арамызда жоқ. Бәрі бахиға аттанып кетті. Жандары жаннатта, топырағы торқа болғай, артына тастап кеткен мол мұралары ұрпаққа ұлағат боп қонғай, даналық болып дарығай деп тілейміз.

  Біз бұл жерде бір ерді, айтыскер ақынды да айта кетуміз, бағалай өтуміз керек. Атам қазақ "шәкіртсіз ұстаз-тұл" деуші еді?! Шығыс айтыс өнерінің алтын төрт діңгегі, артына бір керемет алтын көз шәкірт тәрбиелеп қалтырыпты. Құдайға сансыз үшкір. Міне, сіздердің қолдарыңызға ұсынып отырған "Тапберменің тарландары" атты кітапты құрастырып, төрт ұстазының ең таңдамалы өлеңдерін баспаға дайындап отырған Кәдірхан Қизатұлы осы төрт алыптың ақыл емшегін төрткүл санасымен емірене емген төрт көкжалдың төл және бел шәкірті.

  Кәдірхан Қизатұлы өте жойқын еңбек жасады. Ұстаз үмітін ақтады, шәкірттік парызын өтеді. Кәдекең де төрт ұстазымен бірге айтыс сахнасының шаңын бұрқырата қаққан, ұстаз таңдайын қақтырған дауылпаз ақын. Өз өлең қоржынында да, ақыл қалтасында да оншақты том жыр жинағы баспа бетін көрмей жатыр. Соларды бір-бірлеп шығарып үндемей жүре берсе де, оған ешкім өкпе артпас еді. Өзегіне өзімшілдік өрттің ұшқынын да түсірмеген, жүрегіне кір жыйнамай, нұр жыйнаған жарқын тілекті шәкірт, ұлылық тұғырына алдымен ұлы ұстаздарын қоя білді, алтын тұғырға қондыра білді.

  Міне ұлы шәкірт ұлы ұстаздарының артын шамшырақтай жарқырата жандырды.  Әр сандықтың түбінде жатқан қол жазбаларын жыйнап жинақ етіп оқырмаға ұсынды. Бұл қолдап, құптап қуанар жай. Кәдекеңнің ізгі ісі әр шікіртке ой салары, қалғыған ойларын ояттары хақ...

  Жә, жинаққа кірген шығыстың шыңы биік, шыңырау айтыскер ақындары туралы білудің, өнерін бағалаудың, атын танудың өзі өз алдына өте үлкен мәртебе, ұлы мақтаныш деуге болады.

  Иә, төрт ақынның айда туғаны? Қай өлкеде өмір сүргені? Халқына қандай қызмет атқарғаны? Айтыс өнерінде қандай биікті бағындырғаны туралы білу оқырман үшін бәрінен маңызды мәлімет болары хақ.

  1. Құрманбек Зейтінғазыұлы кім?Құрманбек ЗейтінғазыұлыҚұрманбек Зейтінғазыұлы

  Ол-жалпақ қазаққа таныс аса танмал айтыскер ақын, ірі қоғам қайраткері, қазақ айтыс өнеріне өлшеусіз үлес қосқан өнерлі тұлға, сүлей сөздің бәйге бермеген қадақты қарагері, ойнақы ойдың ойсыл қарасы, тап берме сөздің көкжал көк тарланы...

Құрманбек Зейтінғазы 1941-жылы 10-ақпанда Қытай халық республикасы, Алтай аймағы Шіңгіл ауданында үлкен хисагер, танмал ақын Зейтінғазы шаңырағында дүниеге келді. Ол жастайынан әке өнеріне мұрагер бола жүріп, азамат болған шағында бір жола халықаралық қазақ айтыс өнер сахнасының хақ төрінен бірақ көрінді. 1977-жылдан 2011-жылға дейін Қазақстан, Түркия, Моңғылия, Германия, франсия, Голландия елдерінде қазақ айтыс өнерінің биік мәртебесін пәш етті.  Оның "Ақындар айтысы", "Жылып өткен жылдар-ай", "Тап берменің тарланы" атты том-том жинақтарды оқынманға ұсынып үлгірді. Алтай аймақтық көркемөнершілер қоғамының, Іле қазақ обылыстық ауыз әдебиеті қоғамының құрметті төрағасы , мемлекеттік ауыз әдебиет қоғамының, Аз санды ұлт жазушылары одағының, Ауыз әдебиет қоғамының мүшесі, Шіңгіл аудандық саяси мәсілихат кеңесінің орынбасар төрағасы, Іле қазақ облысы  саяси мәслихат кеңесінің жорасы міндеттерін де өтеді. Сонымен қатар Қытай мемлекеттік "Халық ақыны", "Айтыс ардагері", " Сөз мергені" төс белгілермен он неше рет марапатталды.

      Ол 2011-жылы 8 қаңтарда өзінің туған өлкесі, Шіңгіл ауданының Қосқұйған өзені жағасында 70 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

  1. Жамалхан Қарабатырқызы кім?Жамалхан Қарабатырқызы          Жамалхан Қарабатырқызы

     Ол-Шығыс айтыс өнерінің шыңға біткен жалғыз ақ шынары, дана сөздің дарабозы, зерделі ойдың зергері, алдына қара салмаған айтыстың ай маңдай айбозы. Тілінен бал тамған өлең сөздің сүлейі. Қазақ халқының маңдайына біткен ақын Сара қыздың төл мұрагері, қоғам және мемлекет қайраткері.

  Жамалхан Қарабатырқызы 1941-жылы 29-ақпанда Қытай халық республикасы, Тарбағатай аймағы Дөрбілжін ауданы, Жайыр тауында дүниеге келген. 1978-жылдан бастап, айтыс сахнасының бел ортасынан көрініп, отыз бес жылдық өмірін айтыс өнеріне арнады. Ел ішіндегі аудан, аймақ, Облыс жене Қазақыстан, Түркия мемлекеттеріндегі айтыстарға қатынасып бас жүлдені жеңіп алды.

  Ол-Тарбағатай аймақтық көркем өнер бірлестігі қоғамының, Іле қазақ облыстық ауыз әдебиеті қоғамының құрметті төрағасы, мемлекеттік ауыз әдебиеті қоғамының, Аз санды ұлт жазушылары одағының, Тарбағатай аймақтық саяси мәслихатының жорасы міндеттерін абыроймен атқарды.

  Оның "Жыр нөсері", "Жарты әлемнің жарық жұлдыздары", "Ақындар айтысы", "Қазақ қол өнері" атты томдары оқырмандардың сүйіп оқитын таңдаулы кітаптарына айналып та кетті.    

  Жамалхан Қарабатырқызы 2022-жылы 2-шілдеде өзінің туған жері Дөрбілжін ауданында 81 жасында дүниеден өтті, бахиға аттанып кетті.

  1. Бердіхан Абайұлы кім?Бердіхан Абайұлы                          Бердіхан Абайұлы

  Ол-Шығыстың айтыс өнер аспанында қанатын кеңге жайған мұзбалағы, әзіл сөз өнері әлемінің сұрмергені, тар жерде, тап бермеде қиыннан жол тауып, қисынын келтіріп кестелі сөзбен, өнегелі оймен қарсыласын алып та, шалып та жеңетін айтыс сахнасының бұйра жал арыстаны, бұлбұл көмей әнші, көп қырлы әктер, қоғам қайраткері. "Халық ақыны" төс белгісінің иегері.

  Бердіхан Абайұлы 1940-жылы 1-наурызда Қытай Халық Республикасы, Тарбағатай аймағы Дөрбілжін ауданы, Үшқарасу ауылы, Қаракемер қыстағында дүниеге келген. Әкесі Абай ел-жұртқа танмал ақын, ауыл тойларын думанға бөлеп, сал-серілікпен өмір сүрген өнерлі шаңырақтың отағасы еді. "Әке көрген оқ жонар" деп Бердіхан әке өнерін жалғастырып, 1957-1960-жылға дейін әскер міндет өтеп, әскери ойын – сауық үйірмесінің әншісі болды. 1959-жылы Қытай мемлекетінің 30 жылдық мерей тойында, Пекинде қазақтың "Қара торғай" әнін асқақтата шырқап, миллиаттарды тамсандырды. Үлкен марапатпен ауылына оралды. Ауылда бала оқытты, ұстаздық етті. Композиторлық өнерін ары қарай жетілдірді. 1978-жылдан бастап, ол үлкен өнер сахнасына найзағай отындай жарық етіп көтеріліп, егей айтқыш, тапқыштығымен күллі көрерменнің жүрек түкпірінен өшпестей орын алды.

  Оның "Ақындар айтысы", "Теңдік", "Талғам", "Туған ел" атты сүбелі өлең-жыр жинақтары жұрт сүйіп оқитын таңдаулы шығармаларға айналды.

  Бердіхан Абайұлы Тарбағатай аймақтық көркем өнер қоғамының жорасы, Іле қазақ облысы ауыз әдебиеті қоғамының, қытай мемлекеттік ауыз әдебиет қоғамының, Аз ұлт жазушылары одағының мүшесі.

  Ол 1990-жылы 7-наурызда өзінің туған ауылы Үшқарасуда 50 жасқа қарған шағында өмірімен қоштасты.

  1. Жұмағали Құйқабайұлы кім?Жұмағали Құйқабаев Жұмағали Құйқабаев

  Ол-ұлағатты ұстаз, дарабоз дана, айлалы айтыскер, сұңғыла сыншы, сүбелі сөздің сұрмергені, қақпан ойдың хақ төресі, қоғам және мемлекет қайраткері.

  Жұмағали Құйқабайұлы 1938-жылы Қытай Халық Республикасы, Тарбағатай аймағы Жайыр тауы, Бұғыты өзені бойында дүниеге келген. 1964-жылдан кейін айтыс өнері сахнасында жасындай жанып, тапқыр сөздерімен, тап бермеде тартымды ой, талғамды сөз тауып айтып, қарсыласын қапысыз тізе бүктіріп, көп көрерменің көкейінен мәңгілік орын алды.

  Жұкең 40 жылдай бала оқытты, мектеп басшысы болды. Арасында аудан, аймақ, облыста өткен ақындар айтыстарға қатысып бас жүлдені еншілеп отырды. Ол "Мың бұлақ" атты өте көлемді жыр-жинағын артына алтындай жарқыратып қалдырып кетті.

  Жұмағали Құйқабайұлы Тарбағатай аймақтық көркем-өнер қоғамының жорасы,  Іле облыстық ауыз әдебиеті қоғамының мүшесі.  1996-жылы 22-наурызда Шәуешек қаласында 58 жасында өмірден озды, артына өшпес мұра қалтырып бахиға аттанып кетті.

  1. Өнер үлгісі

  Біз төрт айтыскер ақыннан төрт тамшы өлең алып, айтыс өнерінің үлгісі ретінде мысалға алып, ақылға салып, оқырманға ұсынып көрейік. "Теңізді тамшысынан таны" демекші төрт теңіз ақынның, төрт тамшы өлеңінен олардың қандай ақын екені тайға басқан таңбадай танылары хақ.

  Онда сіз құлақ түріңіз. 1995-жылы Шіңгіл ауданында Құрманбек пен Мейрамхан былай айтысқан екен:

  Құрманбек:

Өзің едің өлеңнің жел табаны,

Көмейден жыр, тіліңнен бал тамады.

Екеуімізге ерекше зер салады,

Сөз өнері болған соң ел талабы.

Қандай ақын қапысыз айта алады,

Қайсы ақынды қарсы ақын қайталады.

Қарымжыны қандай қып қайтарады,

Таразыда бәрі де байқалады.

  Мейрамхан:

Жырыңа айтар, Құреке, таласым жоқ,

Жыр жолында боп жүрсің қара сүмек.

Қатар ұшып Қанастан қанаттанып,

Қос қоңыр қаз секілді жарасып ек.

Талай заман үзіліп қалып қойған,

Ірге тасын айтыстың қаласып ек.

Жұбымызды жазбастан жыр жолында,

Осы өнердің өріне таласып ек.

Зәрдей ақау түсірмей арамызға,

Арымызды кірлетпей аясып ек.

  Сіз не аңғардыңыз?

  Құрманбектің сөз алысы, ой жеткізуі бейне кең жазиралы далада алшаңдай басып, қара жерді ұтып бара жатқан аяңшыл қарагер тұлпардың қадамындай ерекше елес тудырады. Ол айтқан әр өлең өрнегінің, әр тармағынан өрілген  бір ғажап көркем көріністер көз алдыңа дөңгелене келіп, жар толқындай дөңбекшіп өтіп жатады. Мына жарты тамшы теңеу сөзге ой жүгіртіңізші "Өлеңнің жел табаны", "Қарымжы қайталау" деген сөз тіркестері тап бермеде ақынның аржағындағы арда ойдан бас құрап келіп, бал тілінен ақ маржандай домалап, көңіл назына меруеттей төгіле түседі-ау, шіркін...

  Жүйрік тұлпарды бағы заман ақындары "желтабан" десе, біздің Құрекең "Өлеңнің желтабаны" деп ол теңеуді орын тауып ойнатып, сылқым көңілге сыңғыр қақтырып қолданып, тіптен әдемі образ жасап, қарсыласын ерке наздың бесігіне бөбектей бөлеп тастайды. Таң нұрындай таза керім бейне жасап, қарсыласын отырған орнында қорғасындай балқытып жібереді.  Жұрт көзіне де сүйкімді етіп көсетеді. Бұл деген қас қағымда жасалған ғажап образ, ақынның асқан шеберлігі деуге болады.

  Құрекеңнің сөз теңізін ақтарып оқысаң мұндай ақ маржан тағынған асыл сөздердің алқа таққан алып ойлардың талайын тауып танып, ақынға алғысыңды білдіресің. Сосын Құрекеңді ұстаз, өзіңді шәкірт сезінесің. Міне сізге жол алып бара жатқан жыр жинақтың әр парағынан осындай шөл басар тәтті теңеу сөздерді тауып, көз мейірің қанып, сүйсіне оқыйтын боласыздар...

  Қазақ айтыс өнері тек сахнада ғана өтпейді. Ақындар тосын күтпеген жерде кездесіп қалған кездерде де әзіл-қалжың өлеңмен айтысатын тұстары да болады. Сондай оқиғалар Бердіхан Абайұлы мен Жамалхан Қарабатырқызының да басынан өткен.  Бірде Бердіхан ауданның орталық көшесінде теңселе басып келе жатса, ойда жоқта Жамалхан кездесіп қалып:

Сау-саламат жүрсің бе, жалтақ қара,

Көз салып маңайыңа байқап қара.

Әкеңіз Абай шалдың ауылы емес,

Көшеде арақ ішіп талтақтама, -деп әзілдепті. Сонда Бердіхан ойланбастан іліп алып:

Сыртым қара болғанмен ішім аппақ,

Жақсыны ел алады, түбінде ақтап.

Сырты қара, іші аппақ адам жақсы,

Керегі жоқ қан қызыл сары сапалақ, -деп жүріп кеткен екен.

  Екі ақынның екі шумақ әзіл үшін айта салған өлеңі ел есінде мәңгі сақталып қалды. Өлең қарапайым ғана әзіл болғанымен, өмірде күнде кездесіп тұратын, көз үйреншікті қызық оқиға ғой. Ол өлең сөзге көшіп, өнер картинасына айналғанда, осындай суретті көрнісімен ел есінде мәңгілік сақталады. Ауыздан-ауызға көшіп жатталады. Бұл өлең сөздің құдіреті деп тану қажет.

  Иә, Жұмағали Құйқабайұлы мен Жамалхан Қарабатырқызының қырық жасқа толғандағы айтысынан бір мысқал өлеңін алып көрейікші.

  Жұмағали:

Жыйсаң да қанша бағлан бар маңыңа,

Жамалхан жетпедің-ау арманыңа.

Шарасыз отырмысың ойнақтамай,

Тіреліп қырық деген жарға мына?!

   Жамалхан:

Түсінсең кемеліне толған қырық,

Ағасы бір талайдың болған қырық.

Байқасаң осы жаста келеді екен,

Ашпаған есігіңді толғамдылық.

 

Тізгінін ақылыңның ұстай алсаң,

Басыңа бақыт құсы қонған қырық.

Өзіңдей боз баланы үндемей-ақ,

Тастайды айбынымен қорғандырып.

  Міне, шағын өлеңнің мазмұнында қырық жас туралы айтылған пікір бар. Ойсыл қараға жүк артқандай салмақты ой бар, тәрбие мен тағылым бар. Әдеп пен иба бар. Айтқыштық, алғыр ақындық бар. Айтысып отырған екі ақын бір-біріне ұзақ ойланып отыра алмайды. Ондай уақыт та жоқ. Қарсы жақ өлең айтып отырғанда, оның аузынан қандай өлең сөз туындап жатқанын, өлеңде қандай ой айтылғанын, айтылған өлеңдегі әр сөздің орнын тапқан, таппағанын, көркемдік көкжиегінің алыс-жақындығын қарсы жақта отырған ақын ақыл зердесіне салып, оған қарсы айтатын жауабын дайындап, ой қорытып, оған қас қағымда тойтарыс беріп үлгіруі керек. Ол ғана емес, қарсы жаққа беретін жауабында әнмен әрлеп, домбырамен тербеп, әдемі ашық, жағымды дауыспен жеткізуі керек. Айтыс өнері сөз соғысы. Әр айтылған сөз-атылған оқтай нысанаға дәл тиіп, бағыштаған ой көкірекке дүп қонып жатуы тиіс. Сондықтан айтыскер ақындарды сөздің сұрмергені, өлең сарбаздары деп атайтыны содан.

  Демек, Жұмағали мен Жамалханның айтысында бірін-бірі тосып, бірінің сұрпығына бірі орынды жауап беріп, айтыс мәдениетін таза күйде сақтап, өте сауатты айтыса білген. Бас десе құлақ деп дөй далаға қуып кетпейді. Екеуі де айтыс өнеріне әбден шығдалған сайып қырандар. Бірінің-бірі аузынан шыққан сөзді ғана емес, тас бұлақтай көмейінде мөлдіреп қайнап жатқан әлі айтыла қоймаған інжу маржан сөздерін де көздерінен түсініп, алдын ала көкіректеріне түйіп алады. Ақындық қырғидай қырандылықты, сауысқандай сақтықты, арыстандай батырлықты, бұлбұлдай әншілікті, шебер күйшілікті, мәр-мәр тілді шешендікті, терең ойшылдықты, қас қағымдай тездікті, дәп басатын дәлдікті, ерен ептілікті, қалт жібермес көрегендікті, теңіздей терең білімдарлықты, өр өнерлілікті, мәйекті мәдениетілікті, иман мен ибалылықты, ар-намыстылықты, нәркез нәзіктікті, табандағы тапқыр талғампаздылықты, ауыз аштырмас айтқыштықты қажет ететін үлкен сахналық өнер. Дүйім жұрт, шаршы топта сыналатын сынды өнер, айтыскер ақынның сахнада өзін өзі ұстауынан тартып, меңгерген тақырыбына дейін артылатын міндеттері ауыр, атқалар жүгі салмақты. Одан сырт қарсыласы түсірер қысымы тағы бар. Мың, миллион қадалған көздің нұрында отырып өнер сайысына бел байлап, айтыс сайысына ақынның ақыны ғана түседі. Сондықтан айтыскер ақын нағыз батыр ақын деп аталады. Олар үстелде шай, көпе ішіп, ұзақ ойланып, ауаша отырып өлең жазбайды ғой. Нақ майдан, хақ алдында ашық сахнада сөз өнер сайысында сөз семсерімен бірін-бірі кескілеп, ой зеңбірегімен бірін-бірі атқылап, бірінің бірі әлсіз тұсын бақылап, сөзден қапан құрып, тор жайып, қарсыласын қалт жібермей аңдып отырып, сол қақпанға, сол торға түсіріп жеңеді. Өнеге мен үлгі көрсету талабы тағы бар.

  Міне осындай қызығы көп, қиыры мол, жолы күрделі өнерді мықтап ұстап, айтарын алтындай жарқыратып айтып, мөлдір бұлақтай бұрқыратып тыңдарман құлағына, құлағы емес кен кеудесіне құя білген, көкірегіне ұялата білген ақынды нағыз айтыскер ақын деп бағалайды.

  Бұл өнер тек қазақ халқына тән меншікті өнер. Ұзақ құнды тарихы бар өнер. Сахналық көп көрермені мен тыңдарманы бар өнер. Ол-жауһар сөздің сайысы, сөз батырларының жекпе-жегі. Атам қазақ "Таяқ-еттен өтеді, сөз-сүйектен өтеді" деген сөзді тектен-текке айтпаған. Бөз ұстау оңай, сөз ұстау қиын. Өнер алды-қызыл тіл деген маржан мақалдардың түбінде түйедей-түйедей ойыл ойлар, нардай ұлы ұғымдар шөгіп жатыр.

  Жә, жоғарыда айтып өткен төрт ақын осы талаптардың бәрін толық қанды орындап, қазақ өлең сөз құржынына қомақты табыстар салған, алып ақындар. Толағай еңбек қалтырып, артына алтын шамшырақтарын сөнбестей жағып аттанғандар!!!

Болат Бопайұлы

ҚР Жазушылар Одағының, ҚР Журналистика Одағының мүшесі, ҚР қазақ ұлттық салт-дәстүр, әдеп-ғұрып академиясының академигі, ҚР мәдниет үздігі, этнограф жазушы.

 29.10.2023 ж. Алматы.

Бөлісу: