Байырғы және қазіргі қазақ айтыс өнерінің дәуірлік сипаты

Байырғы және қазіргі қазақ айтыс өнерінің дәуірлік сипаты

Байырғы және қазіргі қазақ айтыс өнерінің дәуірлік сипаты

                                    

  Қазақ халқы ерте заманнан бері табиғатын жоймаған, тарихы бұрмаланбаған, шежіресі ұмыт болмаған, рухани байлығы ауыз екі тілі және әдеби тілімен үздіксіз кемелденіп отырған, шешендік өнерді тумысынан өркениеттің үлбіреген туы ретінде биік ұстаған, тамашашыл, өнерпаз ұлттың өкілі. Содан болар «Өлеңмен туып, өлеңмен өмірден өтетін», өнегелі қасиетімен өрелі ұрпаққа үлгі көрсетіп, аталы сөз, арналы өлең, адуынды айтыс өнерін жаратып кеткен өлеңшіл ұлт. Сәби баланы жас ерекшелігіне қарай сөз сөйлеу шеберлігіне, өлең айту мәнеріне баулып, ата-бабадан жалғасқан дәстүрлі мәдениетті, әдебиетті білуге жетелеген шешен халық.

  Қазақ ұлт болып қалыптасудан бұрын қоғамның алғашқы сатыларын бастан кешірді. Әр ел тарихның басып өткен кезеңдерін қазақ халқын құраған түркі тектес ру-тайпаларда басып өтіп, қарапайымдылықтан күрделілікке, енжарлықтан естілікке, еркін өмірден бәсекелі кезеңге қадам тастады. Ұзақ барыстық ел тарихында не бір естен кетпес рухани өркениеттің озық нұсқаларын айтып қалдырды. Қазақтың сұлу сөз өнері және суырып салма өлең өнері ұзақ тарихи дәуірдің жемісімен жалғасын тауып отырды.

  Қазақтың өлең өнері қоғамның алғашқы сатысындағы адамдардың қара сөз түріндегі жауаптасуынан бастау алады. Атамыз қазақ «Сөзге сөз келгенде айтпаса әкесі өледі» деген ғой. Тағылық дәуірде асықпай өлең тудыратын еркін сахналық орта көп жасалмаған. Қайта алаш жұрты қысқа қайырылатын шешендік шертпемен келетін ауыз екі сөздер және жауаптасуға баса назар аударды. Екі адамның немесе одан да көп қауымның сөз қағысуы, сөз таласы негізінде фольклордың кейінгі жанр түрлерін айтып қалдырды. Қазақтың ортасында сақталып жүрген «Қара сөз айтысы» байырғы тағылық дәуірдің туындысы деп қарауға болады. Оны ертедегі миф, әфсана, хикая, хикаят, аңыз-әңгіме, ертегілердің нұсқаларынан көп кездестіруге болады.

  Тарихта мәлім болған көпті көрген көсемдер, шебер тілді шешендер сөз жүйесін тапқан жанға құрмет етеді, қадыр тұтады. Сөз қағысып, сөз таласып қалғанда жүйеге жығылып, кек сақтамай, жеңілгеніне мойынсынып әріптесіне орын босатады немесе жолын береді. Қара сөзбен қағысу ежелгі дәуір адамдары түсінігінде прозалық жанрға тәуелді болып, айтыс өнеріне тән қасиеті қанық болмаған көрінеді. Осының әсерінен қазақтың қанатты сөзі, көсем сөзі, шешендік сөз жанры аса мол сақталып қалады.

  Қазақтың байырғы қара сөз айтысы, әзіл-қалжың, қара өлең айтысы бірін-бірі жоққа шығармайтын рухани мәдениеттің шым-шым бұлақтары саналады. Матриярхалдық және патриярхалдық кезеңде қара сөзбен айтысудан өлең шумақтары арқылы тартысу майданға шықты. Ертеде топтық тіршілік еткен ру-тайпалар аңшылықпен күнелту, табиғатпен етене өсу барысында дарқан көңілмен әзіл-қалжың, өлең құрауға арнап, ең алғашқы поэзиялық туындылардың үлгісін жаратты.

  Қазақта өлең мен жыр ең алғаш жарыққа шыққан жанр түрлері. Ол екеуі жеке емес, қалың халық бұқарасы әу баста топтық жараттып кеткен. Мәлім бір ақын ауызша айтып қалдырғанымен, олардың аты аталмай халықтың жасампаздығы болып кете береді. Алғашқы қоғам адамзатқа тіршіліктің жолын үйретумен бірге, рухани дүниесін жетілдіруге өлең құрайды. Өлең мен жырды тудырушы ақын мен жырау, оны таратушы жыршы саналады. Қазақ ұғымында ақынды дарын иесі деп бағалайды. Ал Грек халқының атам заманғы аңыздарында ақын-тәңір ретінде бағаланады. Бұл пікірге қарата Николай Рилонков: «Ақын-музыкалық аспап, сол арқылы құдайлар сөйлейді», -деп түсініктеме жазады. Ал жаратылыстық ғылымдардың ең алғашқы жұлдыздарының бірі Ибин Сина: «Сұңқардың көзіндей, қыз саусағының жұмсақтығындай, жыланның сақтығындай, арыстанның жүректілігіндей дәрігер денсаулық періштесі ғой. Ал, ақын болса-сөз тәңірісі, ол сұлу сөзімен емдейді», - деген. Шаман діні кезінде жалпы түркі қағанаты ақынды бақсы, тәңір, жаратушы құдай бейнесінде алып табынған екен. Ұлттық ұғымда ақын деген құдіреттің күшімен, тәңірдің ісімен, бақсылық сарынмен, жасампаздық дарынмен көзге түседі деп түсінді. Ақын дарыны ғажайып түс арқылы ата-бабаларының аян беруімен дариды деген сенімді ұстанды. Міне бұлар ақындықтың ең алғашқы шарттарының қалыптасуына халық қиялының араласып жатқанын аңғартады.

  Ақынның ертедегі өкілдері халықтық сарындағы өлеңді жырлаумен бірге, суырып-салма айтысқа да түсе білуімен ерекшеленеді. Айтыстың түп-төркіні, тарихы бағзыда жатыр. Айтыс не себептен жарыққа шығып, қай дәуірден бері қаймағын бұзбай жалғасып келе жатқаны жөнінде жазба естелік кездеспейді. Кейбір тарихи-шежірелік кітаптар мазмұнында айтысты біздің заманымыздан мың жылдықтар бұрын бар екенін сипаттап жазады.

  Қытай тарихи естеліктерінде айтылатын Солтүстік Сұң патшалығы тұсында жазылған көп бөлімді «Тайфиң Хуаңиұй жазбалары» 196 бөлім «Түрік шежіресі» тарауында: «Түріктер бие сүтінен жасалған ішімдікті ішкен соң ән шырқап, бір-бірімен айтысады», -деген дерек келтіріледі. Бұл түрік империясының дәурендеп тұрған мезгілінде айтыстың қалыптасып дәстүрлі өнерге айналғанын дәлелдейтін бірден-бір тарихи дерек көзі деуге болады. Кейінгі кезде жазылған Махмұт Қашқаридың «Түркі тілдер сөздігінде» қыс пен жаздың айтысы туралы жеті шумақ өлең кезігеді. 12-13 ғасырдағы «Алпамыс батыр» жырында жар-жардың бір нұсқасы, Бадамша сақау мен Дюананың айтысы қоса жырланып кетеді. Ғашықтық дастандардың озық үлгісі «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында да жар-жар айтысы көркем айтыс түрі ретінде жыр мазмұнына кірістіріледі.

 Айтыс өнері қазақ халқының байырғы тарихымен біте қайнасқан, қоғамдық тіршілігімен, материалдық өндіріс тәсілімен, салт-сана, ғұрып-әдетімен, эстетикалық ой, психологиялық терең тебіренісімен жаратылатын поэзиялық жанр түрі. Ал бұл өнер саласы тек қазақтың бойына ғана дарыған деуге келмейді. Өзге ел фольклорында және мәдениетінде, көркемөнерінде еміс-еміс кездесіп отырады. Ақындар айтысы басқада туысқан өзбек, қырғыз, қара қалпақ халықтары фольклорында бар болған өнер. Қытай жерінде жасап жатқан жуаңзу ұлты, Чиңхай-Гансу өлкелеріндегі хұйзу ұлттарында да айтыс өлеңдерінің өте жалаң түрі ұшырасады. Өлеңмен айтысу иран, моңғол халықтарында да бар көрінеді. Үнді, Иран тілдерінде айтысты «мүшәйра» деп атаса, арабтықтар «мұғаллахат» деп атайды. Арабтағы айтыс ақындары өлеңдерін өрнектеп жазып алып мереке, жәрмеңке күндері көшеге іліп қойып халықтың оқуына қалдырады. Бұл елдердегі айтыс өлеңдерінің мазмұны қарапайым, тұрмыстағы ұсақ істерді толғайтын, діндік идеяны сюжет еткен тек мереке мен жәрмеңкеде ғана айтылатын шектемесі бар, жаттанды өлең шумақтарына сүйенеді. Көршілес отырған түрік тектес ру-тайпалардың мәдениетінде, әдебиетінде және көркем өнерінде де айтыс өлеңдер там-тұмдап кезігеді. Өйткені айтыс мектебі ерте кездің жемісі. Түрік ұлты да айтыс өнерінен құры жаяу емес.

  Көне Грек заманынан орта ғасырға дейін көшпенділер арасында фольклорлық поэзияның сан түрі жырланып келді. Ежелгі мәдениет ошақтарының бірі-Орта Азия алқабында айтыс өнері далалықтардың биік сахарылқ сән өнері болып бағаланды. Түркі тектес тайпалар жайлауы аралас, қойы қоралас отырған себепті бірінің мәдениетін бірі толықтырады. Бірінің әдебиетін бірі қабылдайды. Қазақтар ежелден айтар ойын өлеңмен жеткізуге құмар халық. Осы ерекшелік қырғыз бен қарақалпақ халықтары арасында бүгінге дейін сақталып келеді. Деседе өлеңді тұрмыс әдетінің бір бөлшегі деп санаған бірден-бір ұлт-қазақ. Осы қасиет қазақтың айтысты ертеден қазірге дейін жырлап келуі-халықтық поэзияны мақтан тұтатын өрлік рухынан қалыптасады.

  Айтыс- қазақ мәдениетінің ұлттық бояуы ажарлы, шоқтығы биік бір саласы. Сан өнердің қасиетін бойына жиған синкретті (тоғыспалы) жанр. Тартымдылық, баурағыштық қасиетімен жұрт көңілінен жол тапқан, өміршеңдік қуаты күшті сахаралық драмалық жанр. Айтыс-«Өлеңдік қасиеті жағынан қазақ поэзяисының бір бұтағы», «Дәстүрлік қасиеті және драммалық сипаты жағынан халықтық көркем өнердің дербес бір саласы», «Халық ауыз әдебиетіндегі өзіндік ерекшелігі мейлінше мол күрделі жанрдың бірі», «Айтыс қазақ сахарасының драмасы», «Айтыс-сөз барымтасы», «Айтыс-дәстүрлі мәдениеттің қайнар бұлағы», «Айтыс-халқымыздың өмірін шынайы бейнелейтін көркем әдебиеттің бір саласы», «Айтыс-тек сөз өнеріне, тапқырлыққа жетілудің таптырмайтын мектебі ғана емес, жұртшылық қауымның тамашаға кенелетін театрлық әрі рухани-эстетикалық тәрбие алатын сәті деседе болады», «Айтыс-шешендік өнер» (Рахманқұл Бердібаев. Қазақстан әйелдері. 1989 жыл. №10 сан) деген анықтамалар айтыс мәдениетіне дәл үйлеседі. Бұл ойлардан айтыс өнері сан қырлы, алуан мазмұнды, тоғыспалы жанр екенін біліп алуға болады. Айтыс сахарада және сахнада екі және одан да көп адамдардың қатысуымен домбыра, қобыз, сырнай, гармонмен тікелей немесе жанамалай сүйемелдеу арқылы орындалады.

  Айтыс сөзінің түп мағынасы-айтысу, тартысу, дауласу немесе жарысқа түсу, сынасу деген ұғымды білдіреді. Міне бұдан айтыс шынайы өлең жарысы және өнер жарысы екенін байқауға болады. Айтыс өнері жалпылық атауда бір тұлға болғанымен, негізгі мазмұны және бейнелеу формасы жақтан өз шінен бірнеше түрге, салаға бөлінеді. Айтыс түрлері ұзақ заманнан бері жаңаланып әдебиет, мәдениет майданынан орын алып келеді. Мәселен, қара өлең айтысы, қайым өлең айтысы, жұп түр өлең, шежіре өлең, балық өлең, қыз бен жігіт айтысы (Лирикалық айтыс), төрт түлік мал туралы айтыс, жұмбақ айтыс, шешендік айтыс, ақындар айтысы, әзіл айтыс, терме айтыс, жазба айтыс болып бөлінеді. Айтыс барлыққа келгеннен қазірге дейін қарапайымдылықтан күрделілікке қарай дамып келеді. Бұрын қысқа қайырылатын түре айтысты көп жырласа, кейін сүре айтыс түрі туып дами түсті.

  Айтыс өнері-ұзақ заманнан бері өшкіндеп қалған емес, қайта жалынды шабытпен, ұшқыр оймен, өткір тілмен халық қолынан қоздап жанған жанар таудың білтесіндей жетелі ұрпаққа жетіп желдірме әуені ел санасында сақтала бастады. Айтыс өнері айқын дәуірлік сипат алады. Байырғы айтыс болсын, қазіргі айтыс болсын өзі жасаған дәуірдің картинасын сызып, ел тұрмысын тіке бейнелейді.

  1. Ру-тайпалық дәуірдегі айтыс

  Қазақтың байырғы айтыс түрлері қара өлең айтысы, қайым өлең айтысы, жар-жар, сарын айтысы, өлі мен тірінің, қыс пен жаздың айтысы дейтін халықтық айтыс өлеңдерін алғашқы қоғамдағы шамандық наным-сенім кезінде жаратылып, кейін түрленді. Қазақты құраған ру-тайпалар тағылық дәуірде тамашаның көркін асырып, көңіл көтеріп шаршауын ұмыту үшін бір-бірімен жай айтысқа түсті. Өлең өнеріне сүйенген көшпенділер мәдениеті, дала мәдениетін арқау етеді. Дала мәдениеті ат үстінде жүрген ру-тайпаларға рухани тірек болатын байлық қалдырады. Әне соның ең озығы-айтыс.

  Айтыстың барлыққа келуі халықтық өлең-жырдың жырлануымен тікелей қатысты. Әдебиет тарихында айтылуынша, поэзядан бұрын дыбыс ырғағы, мұзикалық әуен пайда болған. Қазір дыбыстың тілден де бұрын шыққаны дәлелдене түсуде. Айтыстың музикалық қасиет алуы өткен тарихымызды көзге елестетеді. Қазақ тарихының балаң дәуірінен сыр шертеді. Өйткені музиканың да, поэзяның да бірінші қасиеті-ырғақ. Ырғақсыз екеуі де болмақ емес. Айтыстың өлеңдік тегі халықтық поэзя, әсіресе оның шағын түрлері, дыбыстық орындалу қасиеті жағындағы тегі музика мен ән деп кесім жасауға болады. Содан қазақ жасаған кең сахарада заманнан заманға сыр шертетін, ескіден үзылып жеткен «Жетісу әуендері», «Қөкшетау әуендері», «Сарыарқа әуендері», «Сыр бойы әуендері», «Алтай-Қарпық әуендері», «Қоңыр әуен», «Қоңыр күйлер» сазды қалпымен ұрпақ көкірегіне нұр құяды. Байырғы айтыс түрлері халық әндерінің әуенін қабылдап, қара өлеңнің айтылу формасын түрлендіріп, көне музикалық аспаптарды істетіп, қарапайым мазмұнда барлыққа келеді. Мәселен, қара өлең айтысы 7-8 буынды жыр үлгісі немесе 11 буынды қара өлең ұйқасымен жырланып, алдыңғы екі тармағы айтар ойдан мүлде басқаша мазмұн ұстанады. Қайым өлең айтысында үш адамда өлеңнің алғашқы екі тармағын өзгертіп қайта жырлайды. Екі айтыс формасы да халықтық жырлардың жырлану үлгісімен бірдей, ал енді бадык айтыс жар- жар, сарын айтыс, өлі мен тірінің, қыс пен жаздың айтысы қатарллардың тегіне үңілсек шаманизм қалдықтарының ізін байқауға болады. Онда малды, жанды індеттен жазу жолында тәңірге, аруаққа табынып өлең айтады. Жанашыр жақынынан айырыларда туыстық қатынастың алшақтап кетпеуі үшін өлең мен көріседі. Тірінің тіршілігін айтып, өлінің аруағына бас иіп тағзым жасайды. Адамды қоршаған тілсім табиғаттың тілсіз күшіне тамсанып, табыну тұрғысында жырлайды. Міне бұл мазмұндар ежелгі шаманизм дінінен сіңген ата-баба рухына табынатын төтемдік тағылымнан дерек береді. Әрбір заттың жаратушысы, жанды нәрселердің көтеріп тұратын демеушісі болады дейтін мифтік сананың елесінде сипаттайды. Бұдан аталмыш салттық айтыс түрлерін ежелгі төменгі санада жасаған халықтардың ескі жыры деп түсінген дұрыс.

  1. Орта ғасыр дәуіріндегі айтыс

  Айтыс алғашқы сатыдағы адамдар қолынан жасалып, жалғаспай қалған байырғы өнер саласы ғана емес, әр дәуірдің таңбасы басылған өміршеңдік құны бар өзгеше жанр түрі. Байырғы айтыс түрлері төрт түлік мал туралы айтыс, мысал айтыс, діни айтыс, әзіл-сықақ айтысы, қыз бен жігіт айтысы қатарлылардың мазмұны қазақтың құлдық және феодалдық қоғамға қадам тастаған дәуірдегі ой түсінігін бейнелейді. Адамзат құлдық қоғамға өткенде бұрынғы ортақтық жойылып, жеке меншік қалыптасты. Мал дүниені, байлықты жеке иемдену, әлді-әлсізді құлдану, таптық теңсіздік жүргізу осы мезгілден басталады. «Тарихшы тарихи өлеңдерден өткен шайқастың айы мен күнін іздемеу керек. Бұлай еткен күнде оған ілкі бір өлеңдер ғана жәрдем бере алады. Ал егер ол халықтың шынайы тұрмысын, характерін, ішкі жан толғанысын білгісі келіп, өткен ғасырдың рухын іздегісі келсе, онда ол әбден риза болады. Халық тарихы өзінің бар ұлылығымен айна қатесіз оның көз алдында айқара ашылып тұратын болады» (Н.У.Гогол) дегендей тарихта жазылып және айтылып қалған тарихи өлеңдер мен айтыстар халық тарихын бейнелеуге шебер әрі оңтайлы келеді.

  Кезінде жазылған қысқа тарихи өлеңдер дамып, айтыстың мазмұнына айналып отырды. ‹‹Тек нағыз тарихи шығармаларға тән негізгі сипаттар өлеңдердің ең кішігірім түрлерінде ғана сақталады›› (Н.С.Симирнова) дегендей қазақтың қысқа өлеңдерінде де нақты болмысты жырлайды. Жұмбақ өлең, мысал өлең, тау өлең, ата өлең, су өлең, білім өлең, түлік өлең, жар-жар өлең, діни өлең, аман өлең, жұптүр өлең, арыз өлең қатарлылар түрленіп, салттық айтыстың түрлеріне айналып кетіп отырады. Бұдан тарихи өлеңдердің бір бөлімі айтысқа еніп, қазіргі күнге дейін құнын жоймай келеді деп тұжырымдауға болады.

  Ру-тайпалық дәуірдегі айтыс түрлері жар-жар айтыс, бәдік айтыс, қайым айтыстар орта ғасырдағы айтыс саласында да жойылған жоқ. Дами келе өзге айтыс түрлерін тудыруға негіз қалады. Құлдық және феодалдық қоғамға қадам тастаған орта ғасырда қазақтың көне айтыстары шындықты тіке бейнелеуге өтті. Құл иеленуші, бай-манаптар қолындағы малы мен басындағы бақ-дәулет, мансабына малданып, құлдармен кедей-кепшіктерді басынып, сөз сөйлеу, пікір білдіру еркіндігінен айырды. Сосын ақындар реал шындықты, бай-шонжарлардың басындағы мінді тіке бейнелеуден астарлы айтуға мән беріп, пернелеу тәсілін қолданды. Мысал айтыста адам мен адам, адам мен хаюанат, хайуанат пен хйуанат диалогы формасында айтыс жүргізіп, топтық тұрмыстың тәртіпсіз ортасын сындайды. Құл иеленушілер мен байларды жағымсыз образдарға жатқызып, хайуандық характірін сатира сынына салып, олардың іс-әрекеттерін бір қырынан астарлап көрсете береді. Әзіл айтыс арқылы өн-бойындағы кемшіл міндерді түзетуге жол нұсқады, ақыл-кеңес берді. Ал орта ғасырда қазақ халқы көшпенді тұрмыс кешіргендіктен төрт түлікті ерекше қастерлеп, оны өмір сүрудің тірегі санады. Төрт түлікті хан да, қарашада жырлауға ниет білдірді. Төрт түлік мал туралы айтыстар сол ақ жарқын жандардың жүрек жарды тілегінен туып, жырлану арқылы бізге жетті.

  Орта ғасырдағы тапқа бөлінген теңсіз заманда байлар мен кедейлер, құлдар мен құл иелері де айтыстың айтушылары саналды. Байлар, құл иеленушілер қатарындағы жағымсыз топтар да айтысқа қатысып, елін, жерін, төрт түлік малын жырлауға бара алады. Деседе, ең көп жырлағаны өз тобының бақ-дәулетін жырлаудан аса алмайды. Сосын, ‹‹Ауызы қисық болса да, бай баласы сөйлесін›› дейтін дәуірді артқа тастап, байға қызмет еткен ақындардың өлеңдері өшіп, нағыз шындық туын желбіреткен кедей тап өкіліндегі ақындардың өлеңдері жырланды әрі ұзақ халық аузында жатталып қалды.

 ‹‹Қыз бен жігіт айтысы›› қазақ жұртына ортақ екі жастың басындағы теңдікті көтерген ғұрыптық айтыс. Онда қазақ жігіттерінің малдың құлы болып, байлардың қолында қол жаулық болып жүргенін айтып, байларға өткір сатиралық тілменен сынайды. Әріптес қыздың елімен, жерімен қоштасатын салттық сарыны да қамтылады. Бір бөлім деректерге қарағанда алғашқы рулық жүйенің қалыптасу кезеңінде тарихи оқиғалардың ізімен шығарылған, лирикалық сарындарға негізделген тарихи өлеңдердің қоштасу түрі пайда болды. ‹‹Еңлік тауынан айырылдық, қыз-келіншектеріміз Еңліксіз қалды. Шиллиян тауынан айырылдық, алты түлік малымыз қысыр қалды›› дейтін қазақтың тарихи өлеңдеріне ұқсас, қазақ айтыстарында да шындық тұрғыда жазылған қоштасулар көп жырланды.

  ‹‹Қыз бен жігіт айтысында›› эпикалық кеңдік-лирикалық кейіпкердің терең сезімін аңғару мен бейнелеуден келеді. Ал діни айтыс болса, алғашқы қоғамдық топтардың әр кезеңдегі қабылдаған діни идеяларының үгіттік сарынымен жаратылады. Халықтың көкірегін дінмен ашу үшін, бай-шонжарларға имандылық жолын үйретеді. Қазақты құраған ру тайпалардың ұстанған шаман, бұдда, християн, ислам діндерінің хикаяттары негізінде екі ақын ұстасады және діндік тұрғыда тартысқа түседі.

3.Жыраулық әдебиет дәуіріндегі айтыс (18-19 ғасырдағы айтыс)

  Қазақтың байырғы айтыстары жыраулық әдебиет дәуіріне келгенде көркем айтыс саласына қадам тастады. Ертедегі салттық айтыстан дамып ақындар айтысы сахнасына керегесін кең жайды. Әсіресе 18-19 ғасырда айтыс ақындары әрі ақын, әрі жырау, әрі жыршы сынды тарихи міндеттерді өтейді. Ақын, актер, термеші дейтін үш қабылетті тең мәңгерді. Осы кезеңде қазақтың ақындар айтысына өкілдік ететін айтыс түрлері қалыптасып үлгерді.

  Бұл кезеңде айтыс саласы жұмбақ айтыс, шежірелік айтыс, сатиралық айтыс, ақындар айтысы дейтін жаңа түрлермен толысты. Жыраулық дәуір бір шоғыр даулескер жыраулардың шыққан дәуірі. Ол кез Шалкиз, Доспамбет, Ақтамберді, Марқасқа, Бұхар, Асанқайғы жыраулармен бірге, халық ішінде аты алашқа тарала қоймаған дарынды айтыскерлер қосыны да мол болды. Мұндай айтыс өнеріне құрмет ететін сөзден түйін түйетін ақындар отты өлеңдерді жаратуға назар аударды. Айтыс ақындары да өз дәуірінің хан-сұлтандарын өткір тілмен шенеп, майда сөзбен мадақтап, жеңіл әзілмен желкелеп отыруды сатиралық айтыстарында қолданды. Әрі сөз барымтасында күрделі жұмбақтарды шешетін, шешендік сөздерді теретін шешендік айтысты жасады. Жеті атасын тектей білетін, тектілікке баулитын шежірелік айтысқа да өріс ашты. Айтыс шумақтарын желдірме, үдемелі түрінен жазба поэзияға жақындатып, жаңа өлең формалары арқылы жүргізді.

  Түре айтыс түрімен қара өлең ұйқасы және шалыс, егіз ұйқастарға түсіріп, шумақтарды шымыр алуға бағыттады. Бұл дәуірде айтысушы екі ақынның аты-жөні анық болды. Олардың айтыстары қара байыр, тірлік күйбеңінен асып, жекенің мүддесі үшін емес, көптің көлдей көңілін көтеру мазмұнына көтерілді. Мәселен, «Біржан сал мен Сараның айтысы» (Көркем айтыс), «Сүйінбай мен Тезек төренің айтысы», «Сүйінбай мен Қатағанның айтысы» (Сатиралық айтыстар), «Әсет пен Ырысжанның айтысы» (Жұмбақ айтыс), «Бақтыбай мен Тезек төренің айтысы», «Әсет пен Кәрібайдың айтысы», «Жүсіпбекқожа мен Ләзипаның айтысы», «Ақ сұлу мен Кеншімбайдың айтысы», «Ақ бала мен Боздақтың айтысы», «Ажар мен Уахиттың айтысы», «Қадиша мен Ысқақтың айтысы», «Жүсіпбек пен Шөкейдің айтысы», «Әжек пен Шарыпжамалдың айтысы», «Болық пен Елентайдың айтысы», «Айқын мен Жарылқасынның айтысы», «Омарқұл мен Қабияның айтысы», «Күйкентай мен Оспантайдың айтысы», «Шалды мен Манаттың айтысы», «Мансүр мен Дәменің айтысы», «Тәуке мен келіншектің айтысы», «Ұлбике мен Күдерінің айтысы» қатарлы толып жатқан қөркем айтыстың көп үлгілері сақталды.

  Таяу замандағы айтыстың түрлері жаугершілік дәуірде тоқтап, тоқырап қалған жоқ. Сол шақта да айтулы ақындар ортаға шығып, жекпе-жек тартыстың сан өрнегін тудырды. Ел аралап, жер көріп, барған жерінің бәрінде халықтық құнға ие айтыс өлеңдерін халық арасына қалдырып отырды. Жоғарыдағы айтыстардың бір бөлімі 20-ғасырдың басында айтылды. Бұдан айтыстың қай кезеңде де, қандай жағдайда да кемелденіп, дамып отырғанын білуге болады. «Ескі жырлар қағаз бетіне түсірілмей-ақ әлде неше ғасыр бойы өзінің әрі мен нәрін, әу бастағы қалпын сақтай алды. Бұл көне мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудегі қалыптасқан салттың жемісі» (А.Ф.Лосев) деген тұжырым өте дәл айтылған деп қарауға болады. Қазақ айтыстары жыраулық дәуірден аттап, ақындық дәуірге өтетін мезгілде шешендік шертпелерге, көркемдік шешімдерге, эстетикалық талғамдарға ерекше мән берді. Шешендік айтыстың мазмұнын байытып, бейнелеу тәсілін молынан қолдануға бағытталып, жасампаздық дарын-қабілетті ұштастыра білді.

  1. Жазба әдебиет дәуіріндегі айтыс (20 ғасырдан кейін)

  Қазақтың қара шаңырағы өлең өрісі фольклорлық ерекшеліктен жазба әдебиеттің үдерісі сынды маңызды кезеңге қадам тастады. Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов сынды әдебиет алыптары жазба поэзияның формасын байытып, қағаз бетіне шымыр ұйқастармен түсіріп отырды. «Абайға дейін өлеңнің негізінде екі түрі болған. Біріншісі-он бір буынды өлең, екіншісі-жыр» (Мәлік Ғабдұллин) деген тұжырым өте орынды. Кейін өлең түрлері көбейіп қалмастан, айтыс өлеңдері де өз арнасын тауып дами түсті. 20-ғасырдан кейінгі классикалық әдебиет жасампаздығынан сусындаған айтыс ақындары да қарап жатпай, қоңыр әуенді домырасын асынып, құнды халықтық айтысты жасай білді. Осы кезде өткен айтыс түрлері жалғасты жырланумен бірге, кейбір жаңа мазмұндар да қосылды. Мәселен, ұлт аралық айтыс, хат арқылы айтыс, эстетикалық айтыс түрлері жаңа заманда жаңаша өрнекпен ортаға шықты. Ұлт аралық айтыс бұрын да кезіккенімен сахна төрінде айтуға мән берілмей келді. Қазіргі күнде әр ұлт арасында мәдениеттің алмасуына байланысты ұлт қатынасы дамып, айтысқа бейім әр ұлт ақындары жекпе-жек айтысқа шығатын болды. Олар ұлттар достығын, халықтар ынтымағын, өнердің өміршеңдігін, ұрпақ жалғастығын көтеріп айтысып, айтыстың ғаламдасуына, тұтастануына игі ықпал жасады.

  Хат арқылы айтыс өз ұлтымыз ішіндегі ақындары жазба поэзияның үлгісімен әрқандай басылымдарға хат жолдап, сұрау қойып, жауаптасу арқылы жүргізілді. Бұл кейде «Сәлем хат айтысы», «Сәлемдеме» деп те аталды. Бұған жазба поэзияға ысылған, майдан көріп жатылған ақындар қатысты.

  Эстетикалық айтыс жаңа дәуір айтыс майданында айтыскерлердің өлеңдерінен көрілген жаңа түр. Бұл айтысқа уған жер табиғатын жазба поэзиядай түсіретін, тарихи шежірені жазып қалдырғандай толғайтын, әріптесінің кескін келбетін әсем сипаттайтын, ішкі жан дүниені ағыл-тегіл сұлу картиналармен толғап беретін көркемдік өресі жоғары айтыстар жатады. Оразалы Досбосынов, Ренат Зайытов, Сара Тоқтамысқызы, Серік Қосанбаев, Аманжол Алтаев, Айтақын Бұлғақов қатарлы айтыс ақындарымен бірге, Қытай қазақтарынан шыққан Қайрат Құлмұқаметұлы, Еркін Ілиясұлы, Ержанат Байқабайұлы, Гүлсінай қатарлы арынды да дарынды ақындардың өлеңдері көркемдігі күшті, эстетикалық құны жоғары, жазба өлеңдей өріліп келеді. Бұл таяу заманғы немесе жаңа дәуірдегі айтыс өрісінің көтеріліп, халықтың қалауын, ақындықтың қаруын ойдағыдай жасай білуінен деуге болады.

  Айтыс тану-Өнер тану, халықтық мәдениетті тану, халықтық фольклордың асыл мұраларын ардақтай білу, ұлттық өркениеттің терең иірімдеріне бойлау сынды ауыр жүкті арқалайды. Қазір ел іші-сыртындағы әдебиет зерттеушілері, мамандар, ғалымдар халықтық асыл қазынаны дұрыс бағалауды ортаға қойып, терең зерттей бастады. Қытай қазақтарында айтыс тану ғылымын жасауды алғашқы адамда жолға қойды. Қытайдағы айтыс тану қоғамы кәсіптік жобасы, күн тәртібі, тарихи міндеті жақтан әлі кемелденіп кеткен жоқ. Жаңа дәуір, бәсекелі кезеңде ұлттық мәдениетімізді, өркениетімізді өшірмеу үшін оған жауапкершілік орнатып таныстыру, зерттеу өте қажетті. Қазақ айтыс өнері жалғасты айтыла беретін, зерттелуді күтіп тұрған жалпылық өнер. Мақалада осы өнердің дәуірлік түсін көтеру арқылы әр дәуірдегі айтыс белгілерін айқындап беруге күш шығардық. Демек айтыс өнері жаңа дәуірде де, болашақта да өшпек емес, халықпен, тарихпен бірге жасай беретін өміршеңдік жанр деп тұрақтандыруға болады. Айтыс бұдан кейінде дәуір жүгін арқалап, ұрпаққа рухани байлық жарата беретіні бұлжымас шындық.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Қ: Әбдірешіт Байболатов. Қазақтың байырғы айтыстары. ҚХР ШҰАР Үрімжі: Жастар-өрендер баспасы. 1985 жыл. 10 ай.
  2. Сәбит Мұханов. Халық мұрасы. ҚР Алматы: Жазушы. 2003 жыл.
  3. Бексұлтан Кәсейұлы. Айтыс-сөз барымтасы. ҚХР ШҰАР Пекин: Орталық ұлттар баспасы. 2005 жыл. 4 ай.
  4. Қазақ тарихи жырларының мәселелері. ҚР Алматы: Ғылым баспасы. 1979 жыл.
  5. Жұмат Тілепов. Қазақ поэзиясының тарихилығы. ҚР Алматы: Ғылым баспасы. 1994 жыл.
  6. Мағаз Сүлейменұлы. Безбен. ҚХР ШҰАР Үрімжі: Шыңжаң халық баспасы. 2004 жыл.
  7. Әдебиет тану терминдер сөздігі. ҚР Алматы: Ана тілі. 1998 жыл.
  8. Өлең той. ҚХР ШҰАР Құлжа: Іле халық баспасы. 1999 жыл.
  9. Шыңжаң қоғамдық ғылымы. ҚХР ШҰАР Үрімжі. 1993 жыл №3 сан.
  10. Іле педагогикалық институты ғылыми журналы. ҚХР ШҰАР Құлжа. 1991 жыл. №1-, №4 сан.

Нұржан Дәулеткелдіұлы,ақын,этнограф,зерттеуші

Бөлісу: