Қаңтар айы туралы халықтық танымдар

Қаңтар айы туралы халықтық танымдар

ҚАҢТАР АЙЫНЫҢ АМАЛДАРЫ, АУА РАЙЫ БОЛЖАМДАРЫ НАҒЫЗ ХАЛЫҚТЫҚ ТАНЫМ

  Көшпенді қазақ халқы табиғатпен тілдесіп, етене жақын араласқан. Ата бабамызды "Табиғаттың тамыршысы" деуге болады. Себебі көшпенді тұрмысы мен мал шаруашылығы кәсібі көп жағдайда табиғатты терең зерттеуге, ауа райын алдын ала болжауға дағдыландырды. Бұл болжамдар күнделікті тұрмыста, қолданысқа енді. Ауа райын жұлдызға, Айға қарап болжау, төрт түліктің мінез құлығына, түз тағылары мен аң- құстың іс әрекетінен де ертеңгі күннің ауа райын бажайлап, болжау халық арасында кең танылған. Жыл он екі ай -төрт мезгіл, әр ай мен ол айдың ішіндегі Амалдарды да, яғни табиғат құбылысын ( күн күркіреуі, ай тоғысуы, аяз, боран, дауыл, желдің тұруы, бұршақ жаууы т.б.) дөп тауып болжап отырған. Және қайталанып отыратын циклдарды, Амалдарды жекелеп атап, атау берген, нақты күндерін белгілеген. Ата бабаларымыз Жеті Амал мен Тоғыз тоғысты анықтап, бөліп қарастырған. Қазекем "желтоқсанның 19-ынан қыс шілдесі басталып, қаңтардың 28-і қыс шілдесі" жоғалады деген. Қаңтарды "үштің айы, күштің айы" деп атаған. Қаңтарда қыс күшіне еніп, нағыз "сарышұнақ" аяз тұрады. Қысқы соғым соятын кез бұл. Қаңтардың 17- 27 - сі аралығы сақырлаған аяз тұратын кез "қыс шілдесі" делінген. "Бөрісырғақ" амалы да осы кезде 17- нен 18 не қараған түнге сәйкес келеді, Арланның Бөртемен қосылатын түні. Ұйытқыған ақ түтек боран даланы басады да, арты сарыаязға ұласады.
  "Жаз шілдесі шықпай- аптап басылмайды, қыс шілдесі шықпай аяздың беті қайтпайды" нақылы халықтық болжаммен айтылған сөз. Мал баққан қазақ қырық күннің алды- артын бағып, шаруасын осыған оңтайлаған. Сарышұнақ аяздың уытын Сарымен қайтарған, яғни жылқының майымен денесін майлап алған қазағым, табиғаттың қысымына шыдас берген. Қаңтар айында "күн күркіреу" құбылысы да байқалып отырған. Бұны атамыз қазақ "Қыс қысырайды" деп атаған. Ол ерте көктемнің басталуын білдіретін құбылыс, сиректе болса байқалады екен. Қаңтарда айында 11-13 аралығында "Айдың тоғауы" құбылысы өтеді. Қаңтарда жаңа туған ай батыстан көрінеді де, ақшам сөне батып кетеді. Жаңа Ай күннен күнге толысып, шеңбер жасайды. Шеңбердің шеті Үркер жұлдызына тиіп тұрады. Бұны "Айдың тоғысуы" дейді. Ай батыста, Үркер жұлдызы шығыста тұрады. Таң алдында Үркер туса да күн суытқанының белгісі бұл. 11- ші қаңтарда Ай мен Үркер жылжып, бір біріне жақындайды, бұны біз "аули қонды" дейміз. Ертесі Ай шығыста, Үркер батыста қалады, "өтіп шығуы" делінеді. Сарышұнақ аяз тұрған алты күнді, қаңтардың 11-17 сін "ақпанның ақырған алты күні" депте атайды. Марқұм әкем қыс шілдесінің қандай болуына қарап "жаз шілдесінің" күнін болжайтын еді. Қыс суық болса- жаз аптап ыстық болады. Қыс қарлы болса, жаз өз кезегінде жаңбырлы болады екен. Түптеп келгенде алдағы күнді қазағым болжау арқылы, тұрмыс тіршілігін түзеп, көрегендігін білдірді.
  Сөз соңы: Ата -бабамыз табиғат құбылыстарын бақылап зерделеп, болжау арқылы табиғаттың тілін түсінген, апаттардың алдын алған, қазақ ғұрпына керемет ырым -тыйымдар, нақылдар, ұрпағына өнеге қалдырған. Көшпенділер өмірі ашық аспан астында қызықты өткенінің бірден бір белгісі. Табиғатты, ғарышты да танып білген қазағымның мықтылығы. Ай тоғысуын, жұлдыздар айналуын дәл айтып, астрономия ғылымына, метафизикалық құбылыстарды да, қадағалап, бақылау арқылы метереология ғылымына халықтық болжамдар арқылы өзінің үлкен үлесін қосқан. Әлі де терең танып табиғатты зерттеуге жас ғалымдар, этнографтар өз үлесін қосып келеді. Халық айтса қалт айтпаған. Қазағымның дала психологиясы, педагогикасы, ұлттық салт- дәстүрімізді санамызда жаңғыртып, болашаққа бағдар берсе құба құп болар еді. Қазақтың Ай амалдары тұнып тұрған ғылым, ғибрат.

Жанаргүл Толашқызы,
ақын,жазушы.

Бөлісу: