Күйші ҚОЖАҚАН

Күйші ҚОЖАҚАН

Күйші ҚОЖАҚАН

күй
Фото:

Қожақанның шәкірті Сауқынбек

 

Қазақтың айтылмай жүрген ақындарын, әншілерін, күйшілерін, жыршыларын жоқтап тағы да атқа қондым. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Жаңатұрмыс ауылына Мергенбай күйші батырдың бүгінгі жалғасы, жетпістің мол ішіндегі күйші әрі домбырашы Сауқынбек Шаханұлын іздеп бардым.

Сауқынбек ағаның тұрпатына қарап Мергенбай батыр тау тұлғалы болған деп бірден топшылайсың. «Ассалаумағалейкум!» деп қолыңды ұсынғанда саған қарай созылған күректей алақанды, сәбидің білегіндей саусақтарды көріп ойыңыз одан сайын беки түседі. Екі иығына екі кісі мінгендей артық еті жоқ, жараған аттай тартылған денесін тік ұстаған күйі жылы жымиып қана қараған жанарының ар жағынан от көрінеді. Қаһарланса қос жанардан найзағай атылатындай қуатты ұшқын өңменіңді тесіп жіберердей қадала қалады. «Мына өткір қарашық талай аңды да, адамды да атып құлатқан-ау» дейсің іштен. Тура қарап тұра алмай, көзіңді өзіңнен-өзің тайдырып әкеткеніңді байқамай да қаласың. Жуан-жуан саусақтарымен «күрек, балта, қайла ұстар, бірақ домбыра ұстай қоймас» деп ойлайсыз. Сауқынбек қоңыр домбырасын қолына алып, құлақ күйін келтіріп алып күмбірлете жөнелгенде Құдайдың құдыретіне, күйшінің шеберлігіне шексіз иланасыз, Мергенбайдың да асқан күйші, домырашы болғанына шәк келтірмей, сүйсіне құлақ түресіз. Сол қолдың жуан саусақтары жіңішке мойынның бойымен ойнақши жөнелгенде пернелерді таба алмай қала ма деп ойлап үлгірмейсіз, дәл басылған пернелерден анық шыққан дыбыстар мың құбыла еріксіз еліктіріп әкетеді. Кейде перненің үстіне кідіріп, ішекті саусақтың ұшымен езгілеп жатқандай болса, енді бірде сипай өтеді. Әуелде жуан секілді көрінген домбыраның мойны мына алақанның аясында жіңішкеріп кеткен секілді көрінеді де, күй дыбысы домбыраның шанағынан емес, осы мойынның өзінен шығып жатқандай болады. Бір сәт оң қолға көңіл аударасыз. Домбыраның шанағын түгел жауып қалардай алақанның астында қақпақ тұншығар ма екен деп те ойлайсыз. Жоқ, оныңыз бекер. Әбден машықтанып алған жуан, салалы саусақтар ішектің үстінде жіңішкеріп, нәзіктеніп кеткен секілді. Саусақтар қақпақты қақпайды, ішекті ұрмайды, жәй ғана аймалайды, сипалайды, жұмсақ қана іліп әкетіп кері қайтқанда тырнақтың үстімен жанай өтеді. Содан да болар, дыбыс жұмсақ естіледі. Кейде бас бармақ пен сұқ саусақ қана алма-кезек жоғары, төмен сипай тартса, кейде атыжоқ қол мен ортанқол, шынашақ та қосыла кеткенде күй күмбірі дүбірлі жойқын күшке айналып кетеді. Кейде бас бармақ пен ортанқол, атыжоқ қол, шынашақ түгел қақпақты басып тұрады да, тек сұқ саусақ қана шертеді. Сауқынбек ішекті көбінесе саусақтың ұшындағы етімен ғана сипап отырады екен. Тырнақты шанда ғана қосады. Сөзге сараңдау күйші әрі домбырашы нақ та нық айтады. Әсірелеп, сипаттап, суреттеп, болмағанды болғандай, көрмегенін көргендей етіп айту бұл кісіде жоқ.

– Мынау – Мәсімбайдың терме күйі. Руы – Жәнібек. Алматы облысы Кеген ауданының Жылысай, Ұзынбұлақ, Шыбышы деген жерлерінде туып өскен, – деп, бір соны күйді бүлкілдете жөнеледі. Күй біткен соң сен «тағы» деп сұрамасаң да:

– Ал мынау «Бестібайдың тепеңкөгі», – деп, тағы жаңа күйді бастайын деп отырып:

– Бестібай өзі ақын да болған екен. Бірақ өлеңдерін білмеймін. Тұрмыстың тауқыметін көп тартқан. Үлкендердің айтуынша, ол өзі керемет ақын әрі күйші болғанымен, мұрны пұшық екен. Айтысқандар, күй тартысқандар оның он екі мүшесіндегі осы кемшілікті бетіне баса бергеннен кейін тәнінің саулығын армандап «Арман» деген күй де шығарып таратыпты. Оның ең көп тараған күйі «Бестібайдың тепеңкөгі» деп аталады. Бестібайдың өзінде жалғыз көк қасқа ат болыпты. Ол өзі артқы бір аяғынан ақсайды екен. Бірде осы тепеңкөгімен ел аралап келе жатса, алдынан үлде мен бүлдеге оранған, кіл жорғаға мінген бір топ қыз-келіншектер шыға келеді. Бұл мұрнының пұшықтығына, атының ақсақтығына намыстанып, кілт бұрылып, бөлек кетейін деп қамшыланса аты тез жүре алмай, тепең-тепең етіп, ызасын келтіріпті. Қыздар артында мазақтап қала беріпті. Сондағы ыза болып шығарған күйі осы, – деп, бір әдемі күйді тарта жөнелді.

Ел ішіндегі өнер адамдарының мінезі әртүрлі болады. Бірі – тұйық, енді бірі – ашық, енді бірі – қуақы, тағы бірі – қырсық, кейбірі – мақтаншақ, енді бірі – сөзге сараң келеді. Кейбірі мақтағанды жаны қалап тұрады. Кейде өзі туралы сұрап алмай, бірден өзге туралы сұрасаң, ештеңе айтпай қоятыны да болады. Сауқынбек күйші де білгенін айтпай қоя ма, әуелі «өзі туралы біліп алайын» деп сұрақты өзінен бастадым:

– Қай жылы тудыңыз?

– Мың тоғыз жүз қырық жетінші жылы, жиырма жетінші қаңтарда...

– Қандай оқу бітірдіңіз?

– Он бірінші сыныпты бітірдім...

– Мамандығыңыз?..

– Мамандық?.. Оқуды бітіргеннен кейін ақырын-ақырын ұсталықты жағалап, әкемнен темір ұсталықты үйрендім. Моншашы болдық. Кейін колхоздың шаруашылығында әртүрлі жұмыс істедік. Екі жыл әскерге бардық... Одан қайтып келдік. Қайтып келіп шопырлық курсты бітірдік. Бітірген соң жүргізуші болдық. Одан кейін барып үйлендік. Таушелекте. Сексен алтыншы жылы осы жаққа көшіп келіп жұмыс істедім. «Құрылысшы» деген, «ағаш шебері» деген куәлігім бар. Одан басқа да өнерлерім бар. Бәрін жария ете беруге болмайды. Мысалы, аңшылығымды...

– Ыммм... Өмір бойғы меңгерген кәсіптеріңізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын домбырашылықты, күйшілікті кімнен үйрендіңіз?

– Енді... әкелеріміздің бәрі домбыра тартады ғой. Анау Мергенбай деген атамыздан төмен қарай бәрі тартады домбыраны. Домбыра ұстамайтыны жоқ. Алдында отырып алып күй тыңдаймыз. Әуелі домбыраның құлақ күйін келтіруді үйрендім. Содан Темірхан деген әкем –туған әкеміздің ағасы, күйші болатын. Сол кісі домбыра үйретті. Үйреткенде алдымен әртүрлі ән әуезін тартқызып үйретті. Ән тартып үйрендім бірінші. Содан Темірхан әкемнің тартқан күйлерін үйрене бастадым. Келтіре алмасам да тартқызады. Алты-жеті жасқа келгенімде кәдімгідей күй тартатын болдым. Әкелерімнің күйлерін үйреніп, өздеріне қазіргі попури секілді қылып бірінен соң бірін ілестіре тартып беріп жүріп үйреніп кеттік. Санаңа күй сарыны толық қонса, саусақ өзі-ақ жүре береді. Оған нотаңның керегі жоқ. Көп күй тарта білсем де, соңына түсіп, кәсіп қылған жоқпын. Кейін көркемөнерпаздар үйірмесі деген шықты ғой. О кезде Нарынқол ауданындамыз. Соған қатысып жүріп талай концертте күй тарттым. Мэлс Кеңесбаев деген кісі бірталай күй үйретті.

– Кімдердің күйін тартасыз?

– Темірхан әкемнен үйренген Есенақын дегеннің күйін тартам. Бөлтіріктің күйін Ыбырайымхан әкемізден үйрендім. Оралхан деген кісіден жаңағы Бестібайдың күйін, Сары Қасым деген кісіден үйренген «Халық шертпесі» деген күйді, Қожақан деген әкемізден үйренген «Әшімнің шертпесін» тартамын.

Сауқынбек күйші жаны жадырап, арқасын кеңге салып жайғасты да «енді не сұрайсың?» дегендей маған сұрақты пішінмен көз тастады. Білгім келіп барған негізгі сұрағым – Қожақан күйшіге қатысты ғой. Сұраудың сәті енді келгендей.

– Қожақан деген күйші туралы білгім келеді...

– Ой, ол кісі туралы ауыл-аймақ жыр ғып айтады. Әлі күнге аузынан тастамайды. Өзі палуан, өзі күйші, домбырашы. Бағана айттым ғой, маған бала күнімде «Әшімнің шертпесін» үйреткен деп. Алдымен оған күйдің қайдан, кімнен тарағанын жазып ал. Көңілдегі күй де, бойдағы күш те тұқым қуалайды. Сондықтан алдымен тегін біліп алған дұрыс. Арғы атасы Қожбанбет. Одан – Тілеу. Тілеуден – Қалдау. Одан – Батырша. Батыршадан сегіз ұл туған. Соның бірі – Сақау. Сақаудан – Сырдақ, Боздақ деген екі ағайынды тарайды. Соның Боздағынан тағы да сегіз ұл дүниеге келеді. Сол сегіздің Бижанынан Байғазы алты ағайынды болады. Тұңғышы Байғазыдан бес ұл ұрпақ жалғастырған. Бесеудің бірі Ердене өте бай және асқан күйші әрі палуан болыпты. Сол Ердене байдан тағы да бес ұл өрбиді. Бесеудің тұңғышы Мергенбай өзі батыр, өзі күйші, домбырашы болған адам. Мергенбай атамыз тоғыз әйел алған. Сол тоғыздың ішінде алтыншысы Айқан деген ұйғыр шешемізден Айтақын және Тоқай деген екі ұл дүниеге келеді. Екеуі де ел үшін туған ер болғандар. Ер Тоқайдан өзі палуан өзі күйші Қожақан дүниеге келген. Қожақанның Қуанышқан және Жайырбек, Мүптібек деген інілері болған.

Менен гөрі Қожақанның Еркінбек деген ұлынан туған Ерболат деген немересі бар, сол нақтырақ айтып береді. Сөз шындығынан бұзылмайды, –деп әңгімесін доғарған сыңай танытты.

Содан Ерболатты іздеп тауып, Қожақан туралы сұрадым. Қожақанның өзіне ғана қатысты екі-үш оқиғаны баласы Еркінбек өз ұлы Ерболатқа айтыпты.

Күш атасын танымас

Дүбірлі той. Тойда атшабыс, көкпар, жамбы ату, теңге алу, қыз қуу бәрі болып жатыр. Үлкен дүрмектің бірі палуандар күш сынасқан жерде. Палуандар ортаға шығып кезек-кезек бақтарын сынады. Жеңгені жүлдесін алып, жеңілгені де бос қайтпаған бұл майданға әлден уақытта екі қолын және екі аяғын шынжырлап, екі жақтан төрт адам жетектеген қара дәу ақырып, бақырып шығып келе жатты. Басына томаға кигізіп қойыпты. Көзі ешкімді көрмейді. Тек жетекке ғана еріп келеді. Денесі ірі, әбден бордақылағандай буылтық-буылтық бұлшық еті сыртына шығып салбырап, былқ-былқ етеді. Мынадай сұсты көрініс бұрын-соңды болған емес. Ел ішіне «қалмақтар бір қара дүлейін шынжырлап ұстап отыр. Босанса көзіне көрінгенді аң демей, адам демей өлтіріп тастайды екен» деген дақпырт тарағалы біраз уақыт өткен. Мына дүлей сол болды. Қара дүлей ортаға шыққанда елдің тілі байланды да қалды. Айнала құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Ортадағы қара дүлей анда-санда жұлқынып, ақырып-ақырып қояды. Екі жақтан екі-екіден ұстаған төртеу жібермей ұстап тұр. Алдында иесі бірдеңе деп былдырлап қояды. Анау тыныш тұрады да әлден уақытта қайта тықырши бастайды. Төреші: «Қалмақтың қара дүлейіне кім шығады?» деп айғайлап жатыр. «Мен шығамын!» деп суырылып алға ұмтылған ешкім жоқ. Ел күбірге көшті.

– Ойпырым-ай, қазақта еркек кіндік жоқ па? – дегенді құлағы шалып қалған Қожақан намыстан булығып, алға ұмтыла берді. Иін тіресе тұрғандар ығысып жол берді. Қожақанның дене бітімі ана дүлейдікіндей майлы емес. Екі иығына екі кісі мінгендей зор. Қожақанның қасында тұрған үлкен кісінің бірі:

– Мыналардікі өтірік дақпырт. Әдейі сес көрсету үшін шынжырлап әкеп тұр. Мына дүлейдің өзінде жүрек жоқ. Күші сенен көп емес, – деген. Дүлейдің қол аяғы босатылды, томағасы сыпырылды. Ел сонда көрді мынаның денесі ғана емес, ұсқыны да қорқынышты екен. Кәдімгі қабаған итті айтақтағандай иесі Қожақанды көрсетіп «айтақ!» деді. Дүлей ақырып алға ұмтылды. Келе сала Қожақанның сол иығынан шап беріп ұстап, күшеніп тұрып тартып қалды. Бірдеме шарт еткендей болды. Қожақанның бір иығы салбырады да қалды. Оны елеген Қожақан жоқ. Шулаған ел. Ұрандаған қазақтар алақандай алаңды екі палуанымен бірге аспанға көтеріп жіберердей. Алпамса Қожақан да қарап қалмады. Ұмтылып барып, дүлейдің қос қапталынан қабырғасының астына қолын сала тікке ышқына көтеріп алып, бір сілкіп, жерге тастай салды. Анау шалқасынан солқ ете қалып, бүк түсті де көтеріле алмай ішін басқан күйі өкіріп жатып қалды. Сөйтсе Қожақан дүлейдің қабырғаларын сындырып жіберген екен. Ал дүлей Қожақанның бұғанасын сындырып жіберіпті. Ет қызумен намыс буғанда ауырғанын байқамай да қалған. Дереу оташылар, сынықшылар келіп сынған бұғананы орнына келтіріп берді.

Жер астындағы ерлік

Әкелері Айтақын мен Тоқайға ілесіп ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан Қожақанды Қытай соты 25 жылға бас бостандығынан айырып, түзелмесе «өлім жазасы кесіледі» деп соттайды. Алдымен көмір шығаратын шахта қазудың қара жұмысына салады. Өзі алпамса денелі әрі атанның күшіндей күші бар Қожақан бір өзі күн сайын он кісінің жоспарын орындап жүреді. Еңбек қауіпсіздігі сақталмаған шахтада ешкім бойын тіктеп жүре алмайды. Жер шанамен қазындыларды сыртқа еңкейіп, кейде еңбектеп жүріп сүйреп шығарады. Күндердің бір күнінде қазынды тиелген шананы сүйреп келе жатқан Қожақан шахтаның жоғары жағының опырыла бастағанын көреді. Айырылған сызықтар сәт сайын ұлғайып бара жатады. Енді бір сәт кешіксе, айырылып барып жерге опырыла құлауы анық. Ол жерге түссе, талай адам астында қалады. Шахтаның аузы бітеледі. Түкпірдегі жұмыс істеп жатқандар сыртқа шыға алмай қалады. Сыртқа шыға алмаған талай адам өліп те кетеді. Қожақан шанасын тастай бере әлгі опырылып келе жатқан тастың астына жотасын тосып тұра қалады да: «Шығыңдар!» деп айғай салады. «Өлесіңдер, Шығыңдар!» дейді ақырып. Кен қазып жүргендер жанталаса сыртқа шыға бастайды. Қожақан жалғыз өзі жотасымен опырылып келе жатқан тасты тіреп тұрғанда ешкім оған болыспайды. Болыспайтын себебі – «қылмыскерге көмектестің» деген бәле жабыла ма деп қорқады. Шахтаның астындағылар түгел шығып болған соң Қожақан арқасын босата сала ытырыла алға ұмтылғанда сәлден кейін артындағы әлгі үйдей опырынды гүрс етіп жерге құлайды. Құлаған дәу тас шахтаның көмейін жауып қалады. Шахта жұмысы тоқтап қалады.

Басшылары келіп болған жағдайдың мән-жайын анықтайды. Жұмысшылар Қожақанның арқасында өлімнен аман қалғандарын айтып, разылығын білдіреді. Мұны көзі көрген күзетші, бақылаушылар да айғақтайды. Басшы Қожақанды ортаға шығарып, рахмет айтып:

– Бұл Қожақан Тоқайұлы адамға жау емес, қайта адамдардың жанашыр досы екен. Бүгіннен бастап шахтаның қара жұмысынан босатылып, жер үстіндегі жұмысқа ауыстырылады, – деп шешім шығарады.

Жер үстіндегі ерлік

Жер үстіне шыққан соң тынысы ашылып, бұрынғыдан да еселеп еңбек етуге құлшынған Қожақанды қолына орақ беріп, егін оруға салады. Жер астындағы ерлігінен кейін неғұрлым адал еңбек етсе қытайлар да оң көзбен қарайтындығына сене бастайды.

Орақ орып жүргенде алдындағылардың бірталайынан озып кетеді де. өзгелердің астығынан бірнеше есе көп орып, көзге түседі. Мұны көрген егістік басшылары оған жеке дара алқап беріп, соны орғызады. Қожақан мұнда да күн демей, түн демей тынымсыз егін орады.

Күндердің бір күнінде Қожақан орып жатқан егістікке қарай үстінде адамдары бар арбаны алып қашқан екі ат құйын-перін шауып келе жатады. Денесі қызып алған қос ат тізгіншіге бас бермейді. Не оңға, не солға бұрылмай тура тартып келеді. Олардың алдында жар бар. Оған дейін бір амалын жасамаса, екі ат екі адамы бар арбасымен бірге жардан ұшып кетеді. Одан тірі қалу мүмкін емес. Қожақан тұра ұмтылады. Алдынан шығып бұрмақ болғанмен, екпіндеп келе жатқан екі аттың кілт бұрылуға шамалары келмейтінін біліп, жанынан өте бергенде арбаның артынан шап беріп ұстап, шіреніп тұра қалады. Аттардың екпінінен, өзінің салмағынан Қожақанның екі аяғы жерге кіріп кетеді. Екі аттың күшіне және Қожақанның қуатына шыдас бермей сарт етіп арбаның ағылобы үзіледі. Арбадан ажыраған екі ат екіленген екпінімен алға атырылып барып жардан ұшып кетеді. Арба орнында қалады.

Арбаның үстіндегі есі шыққан екеу егіс даласындағы еңбекті көздерімен көруге келе жатқан өкімет адамдары екен. Қожақанның мынадай көзсіз ерлігіне дән разы болған олар Қожақанға ресми алғыс жариялайды. Артынша-ақ, Қожақан Тоқайұлының жер астындағы және жер үстіндегі ерліктерін айтып, сотқа ұсыныс жасайды. Сот Қожақанды 25 жылға кесілген айыбын өтеу мерзімінен біржолата босатады.

Осыдан екі жарым жыл бұрын сотталып кетіп, біржола бостандық алып елге аман-есен келген Қожақан «Бостан» деген күй шығарады.

Әттең, дүние...

Қайран Қожақан өзімен бірге қаншама күйді, қаншама тағдырлы деректі ала кетті десеңізші...

«Қаншама күй» деп өкінетініміз – Қожақан – әйгілі күйші әрі батыр Мергенбайдың туған немересі. Мергенбай әулеті қалыптастырған күй мектебінің белді бір өкілі болған Қожақан әкелерінен, ағаларынан талай күйді үйренген еді. Өзі де талай күй шығарған болатын. Сол күйлер не таспаға жазылмай, не басқаға толық үйретілмей күмбірлеген күйінше кеудесінде кетті ғой. Ол күйлер ұлтымыздың күй өнерінің қайталанбас үлгілері еді...

«Қаншама дерек кетті» деп өкінетініміз – ол бала кезінде кеңес өкіметінің қалай орнатылып жатқанын, «колхоздастыру», «отырықтандыру», «ұжымдастыру» деген науқандардың қалай жүзеге асырылғанының зобалаңдарын; сол солақай саясаттың кесірінен айрандай ұйып отырған ел ішінің бүлінгенін; інісі ағасына жау болып, тапқа бөлінгенін; осындай шырғалаңды қиракезік сұрапылға көнбей бай да бақуатты қазақтардың амалсыз ұрпағын сақтап қалу үшін жат елге кетуге мәжбүр болғанын ерте есейген 13-14 жасар Қожақан көкейіне тоқып алған еді. Сол қазақтармен бірге Қытайға ауып бара жатқан көште Қожақан да бар. Кейін ұсақ ұлттардың «Шығыс Түркістан мемлекетін құрамыз» деп атқа қонғаны, көтеріліс аяусыз басып-жаншылып, қатысқандарды, басқарғандарды Қытай өкіметінің жаппай қудалағаны; атылғандардың ішінде әкелері Айтақын мен Тоқайдың да болғаны, өзінің 25 жылға сотталғаны да шындық еді. Сол шындықтар ұлт тарихы мен тағдырын айғақтайтын еді. Бірақ соның бәрі айтылмаған, хатқа түспеген, тарихта жазылмаған қалпы Қожақанмен бірге келмеске кеткеніне қалай өкінбейсің?!

Сағатбек Медеубекұлы

Бөлісу: