Таңжарықтан тараған тұяқтар

Таңжарықтан тараған тұяқтар

Тәкеңнен тараған тұяқтар

(Талантты ақын Таңжарық Жолдыұлының туғанына 120 жыл толу мерейіне)

关于著名诗人唐加勒克的家庭子孙后代的记载

                             Нұржан Дәулеткелдіұлы

Аңдатпа. Дарқан даланың дүлдүлы, дауылпаз дарын Таңжарық Жолдыұлының ата тегі, үш жұрты және өз кіндігінен тараған, жанұяда мәпелеп өсірген төл ұрпақтарының қатары аталады. Ақын бақилық болған соң, артында қалған немере мен шөберелері туралы нанымды деректер беріледі. Ақын ұрпақтарын біліп, әдеби мұрасын зерделеу, тану ісі нәсихатталады. Тарихи тұлғаның соңғы ата тек шежіресі түгенделеді.

Түйін сөз. Таңжарық Жолдыұлы, ата тегі, ақын ұрпақтары, жанұя шаттығы, шежіре шындығы;

简要:谈论哈萨克现代文学最杰出的代表诗人唐加勒克·卓勒德的祖先,三个家族及诗人精心抚养的子孙后代。关于诗人去世后留下的子子孙孙有充足的记载。清楚地谈论诗人的祖先家谱。宣传我们应该知道诗人的子孙及研究和探讨诗人的文献。

关键词:唐加勒克·卓勒德;诗人的祖先;诗人的子孙;美满的家庭;家谱事实。

Таңжарық Жолдыұлы (1903.03.15-1947.08.06) айтулы айтыскер,  жағымды әктер, жалынды, жауынгер ақын, ұлағатты ойшыл, дарқан дәнішпан, дала пилософы. Азатшыл алаш ардағы. Әлем қазақтарына әдеби әлемі нұр құйған сәулелі жазба шайыр. Асқақ дауысты ән боздағы. Даңсалы ұстаз, білікті баспагер.

Тәкең үш жүздің ішінде орта жүздің ірі тайпасы Найманнан тарайды. Найманнан-өкіреш, өкірештен-сүгірші, ергенек, сары жомарт, бағаналы, балталы, қожанбет, жарбол, көкжарлы, бура тарайды. Бұлар “тоғыз таңбалы найман” деген атпен тарихта қалады. Сүгіршіден - құрманай. Құрманайдан - төлегетей. Төлегетайдан - дүртуыл, қаракерей, садыр, матай. Матайдан-аталық, қаптағай, кенже. Аталықтан - құтым, шағыр, тоқтар. Шағырдан - итемген, меңіс. Тоқтардан - бегімбет, дербіс. Кейін бұл төрт ата ортақ қызай ана ұрпағы деп аталып кетеді. Қызай ана немесе Күнбике Шағырмен тұрмыстанып екі құрсақ көтерген соң, Шағыр өмірден ерте өтіп, қайын інісі тоқтарға атастырылады. Ең кенжесі дербістен - сүйінбай, сүйіндік, шәуке, есенберді. Есенбердіден - ұлықол, сүйер. Ұлықолдан - жақсыбай, қошан. Сүйерден - құттыбай, тәттібай. Құттыбайдан - баян, бөгенбай, тәстемір, сады. Садыдан - атығай, қарағай, қиял, алтай, доғал, шоқпар тарайды. Сады -Атығай - Бикелді - Қанай (Қангелді) - Маңғылша - Жолды (Жолдыбай)болып ата шежіре жалғасады. Осы Жолды деген адам заңғар ойлы Таңжарықтың әкесі. Жолды екі әйел алған адам екен.

Жолдының Алғашқы әйелі Ділда (Бұлды)дан Нарынбай, Қарынбай атты екі ұл, Нұрила және есімі ұмытылған қыз болып төрт ұрпақ сүйеді. Ділда мезгілсіз дүниеден ерте озады да қамқор әке Жолды соңында қалған жатым балабарды маңдайдан қақпай өсіреді. Кейін және ұрпақтарды жақсы ана мейірін көрсету үшін төсек жаңғыртады. Кіші әйелі албан руы биеке ауылының белді азаматы Кәрібай қажының қызы Мазақтан Қайырбек, Досымбек атты екі қыз, Таңжарық, Әділбек атты екі ұл ереді. Бұл дерек 1926 жылы жазған “ойласам, айғайға ерген мен бір жазған” атты поэма мәтінінде “Атадан төртау, анадан төртеу, өндіруші бір құдай, жалғыздық көрер жерім жоқ” деп жырланады[1,98]. Ақын Таңжарықтың нағашы жұрты ұлы жүз албан руы есептеледі. Көп зерттеулер және ақын өміріне арналған ізденістерде Тәкеңнің сүйегі Сады елі аталады да арғы және бергі ата мен ұрпақ шежіресі толық таратылмайды. Кейбір оқулық кітапта Сары руы деп жаңсақ жазылады. “қазақ әдебиет тарихы” атты оқулықтың үшінші томында екі жерде Сары деп аталып кетеді[1, 128-129]. Түп тегі толық жазылмайды. Елімізде Таңжарықтың тегі Тәттібай елі деп кетеді. Оның жаны бар. Тәкең жас кезінде және кейінде Ұлы бабалары Құттыбай елінде емес, оның тетелес туысы Тәттібай елінде көп жүреді. Содан да Сады руы аталмай, Тәттібай ұлы бабасы еске келеді. Тәкең 1903 көкек айының 15 күні Күнес ауданы Бестөбе ауылының шығыс оңтүстік жағындағы Қамысты деген жерінде таң азанында жарық дүние есігін ашады. Сосын да аты “Таңжарық” қойылады.

Таңжарық Жолдыұлының қыздай сүйіп қосылған қосағы Сәлихан немесе Зақан орта жүз қызай тайпалық бірлестігі оразай елі өркенді руының қызы. “Жайқау тәте” деген балама аты да болыпты. Анығы Қызайдың оразай руы ішінде жанмырзадан тарайтын өмір руындағы алпыспай аталығына қарайды. Нақты есімі Сәлихан, Әлімхан, Әкімбек, Әкімхан қатарлы екі қыз, төрт ұл өсіп, өніпті. Сәлиханның шешесі Несиен Қызай елінің Солтангелді руы болып, Күнес елі мен Тоғызтарау елі құдалық жақтан жиі қарым-қатынаста болыпты. Оразай ауылына және Қызай елі дербіс сады руынан Серікжан атты қыз ұзатылады. Айтуларға қарағанда Осы құдандалы қатынасты тереңдету үшін Бозшабай  Жолдыға Таңжарық ұл өмірге келген соң, 1906 жылы көктемде ауыз екі серттесіп құдаласады[3,10]. Тәкең ержетіп серілік құрып, Сәлихан бойжетіп сауынға шыққанға дейін екеуі жүздескені туралы дерек шамалы. Тек Тәкең Қазақстан жеріне өтер кезде екі әке сары сүйек құда болып, Сәлихан қызға үкі тағылады дейтін әңгіме бар. Оның қаншалық шындық болары анық емес. Үкісі тағылған қызды жар екпей алты, жеті жыл жүру мүмкін болмайды. Сол үшін үлкендердің ауыз бірлігімен құдалық ажырап кетпеген десек шындыққа үйлеседі. Көне көз ақсақал Кекілбек Қарияның әңгімесінде Таңжарық пен Сәлиханның үйлену тойы 1929 жылы маусым айының соңын ала Іле өңірі Тоғызтарау ауданының Тастөбе ауылына қарасты Ілгідай бұлағының Кеңқоныс деген жерінде дүркіреп өтіпті. Бұл кезең Таңжарықтың Қазақстаң жеріне барып келу уақытымен тең келмейді. Тәкең 1923 жылы қаңтар айында Күнес жеріндегі Нүптебек дейтін байдың “Сетік көк” немесе “Жырық көк” деген жүйрік көк түсті бесті тұлпарын мініп өтіп, 1925 жылы қараша айында қайтып оралады. Осы үш жылда Нарынқұл елді мекенінде жаңа оқу оқып, санасын өсіреді. Келе салып үйленбейді. Сал мен серілік құрып, ел аралайды, өнерін көппен бірге бағалайды. Аралықта Қөкқамыр сахарасы Жалғызқарағай жайлауында жүргенде қала қызы, татар сұлуы Тәлиғамен жарасып, көңілді серік болады. Тәкең Күнес жеріне қайтып кеткенде, татарлар қазаққа қыз бермеу амалын жасап, Тәлиғаны татар жігіті Рахметолаға қосады. Бұл оқиға 1928 не 1929 жылға тура келеді. Тәкең сосын сұр бойдақ өмірін аяқтап, отау көтереді. Ал Тәкеңнің замандасы, бір жерлік Ырымбек Сарқұлжаұлы қария ақынның алғашқы жарымен 1929 жылы үйленгенін растайды. Кей кітаптарда Таңжарық 1934 жылы Іле аймағы Тоғызтарау ауданы Оразай-жанмырза бозшабайдың қызы Сәлиханмен үйленіп бас құрайды деп жазылады[5, 6]. Бұл тұжырым шындыққа жақын келмейді. Дұрысы 1929 жылы отау көтергенін нәсихаттау маңызды. Сәлихан анадан Тәкең Уәлихан атты ұл көреді. Кейін тағдыр тауқыметі мен қысқа өмірдің оты өшіп Сәлихан сынды сүйіп қосылған жарынан айрылып қалады. Ардақты ана 1940 жылға таяу өкпе сырқатынан және туыт ауыртпалығынан перзент өмірге әкелген соң, ұзақ өтпей, өмірден озады. Артында Уәлихан атты асыл ұлы жастай жетім қалады. Уәлиханды әжесі Мазақ және Тәкеңнің інісі Әділбек есейтеді.

Уәлиханның туылған жылы жасы жөнінде бір ауызды пікір жоқ. Бір бөлім деректе Уәлихан Таңжарықұлы 1929 жылы шілдеде туылған делінеді. Дәл сол жылы маусымда той жасап, шілдеде ұрпақ көруге болмас. Қазақстандағы Шара апай Уәлихан менен үш жас үлкен дейді. Онда ақын 1934 жылы туылған болады. Бұл санақ сенімсіз. Қалайда той болған соң, бір жыл салып болашақ ұрпақ 1930 жылы туылған көрінеді. Бір бөлім ізденулерде Уәлиханды 27 жасында, 35 жасында қайтыс болғанын жазады. Бірде 1959 жылы, және бірде 1961 жылы, енді бірде 1964 жылы қайтыс болғаны жайлы дерек айтады. Бұл көзқарастар әлі зерделену арқылы ғылыми түсінік жасауды күтеді.

Тәкеңнің тұяғы, алғашқы өркен жайған қияғы Уәлихан Күнес жерінде бастауыш, толықсыз оқиды. Осы тұста сырқаттанып, өкпесіне суық тигені мәлім болады. Сенімді естелікте ол 1954 жылы толық ортаны бітіріп, 1955 жылы Іле педагогикалық мектебіне оқуға түседі. Екі жыл оқып, Күнес ауданы Нарат ауылы Қараой бастауыш мектебінде оқытушылық мамандықпен жұмыс жасайды. 1957 жылы сол ауылдық орындағы әкімшілік қызметкері Құрманхан Сәрсенбіқызымен үйленеді. Сүйегі албан елі алжан руы шағыр ауылынан таралады. Арада Аралтөбе жеріне келіп ұстаздық кәсібін жалғастырады. Құрметті жары Құрманханнан Бақыт атты ұл, Күлаш атты қыз сүйеді. Кейін ескі сырқаты қозып, дүниеден жас кетеді. Ару денесі Кеңсу ауылы Қөктөбе қыстағына қарайтын Шилітөбе зираттығына қойылады. Басына тас орнатылмаған себепті көне қабыр шымға айналып, жотамен бірдей болып кеткен. Нақты танып алуға келмейді. Қазіргі күнде көне көздерде айтып бере алмауы өкінтеді. Бұл қорым “Аралтөбе жүрегіндей” деп жырланған Аралтөбе белесінің Кеңсуға қарайтын шығыс бөлегіне тәуелді елді мекенде.

Бақыт екі жаста, Күлаш бесікте қалады. Бұлай шырылдаған жас сәбилерді қатарға қосуда нағашы атасы Сәрсенбі Сайлыбайұлы, Нағашы әжесі Нұрихан Ырамық қызы бас болады. Ал шешелері Құрманхан кейін Кеңсу ауылына көрші Қарабұлақ жеріне күйеуге шығып кетеді. Кейінгі күйеуден үш қыз, бір ұл көтереді. Қыз ұзатып, келін түсіріп Аралтөбе ауылы Қарабұлақ қыстағы №1 гурыппасына қоныстанып қалады. Ал бұрынғы балалары немесе Таңжарықтың немерелері Бақыт пен Күлаш Нағашы жұртына тартып, қазірге дейін Кеңсу ауылы қазақ мәлі қыстағында жасап келеді.

Таңжарықтың немересі Бақыт Уәлиханұлы 1959 жылы өмір есігін ашқан. Ал Күлаш 1961 жылы туылады. Сол жылы әкелері қайтыс болса, Уәлихан 30 да 31 жас жасағанын білуге болады.

Бақыт әзілқой, өз жанынан өлең шығаратын аңғарымды азамат. Кеңсу ауылы мал дәрігерлік маманы. 1981 жылы дербіс елі көлбай ауылының қызы Дүйсен Сылқымбекқызымен бас құрайды. Айбын, Екпін атты екі ұл, Зиынгүл, Жәзира атты екі қыз көреді. Таңжарықтың төрт шөбересі де ел көріп, жер көріп ержетеді. “Қызай дербіс сады шежірісі” атты кітапта бұл балалардың есімдері аталады: “Зиынгүл Бақытқызы, солтангелді елі қожабак руындағы Естәулет Молдабайұлына ұзатылған. Айбын Бақытұлы, Әйелі Жайна Қыдырқызы, солтангелді елі қожабек руынан. Айбыннан ұлы-Пейіл. Екпін Бақытұлы, әйелі Гіміңнұр Оралбекқызы, солтангелді елі есенбай руынан. Екпіннен Ақжол атты ұл жалғасады. Жәзира Бақытқызы оқу жасында екен”[6, 45]. Жас буын Пейіл мен Ақжол -алаш жұртына аты жайылған ақ алмастай тілге өткір, сөзге жүйрік Таңжарық ақынның өберелері.

Күлаш Уәлиханқызы Күнес ауданы Кеңсу ауылы қазақ мәлі қыстағы құсайын селосында тұрады. Қаптағай қарауыл жасық еліндегі Ақай Жақыпбек ұлы атты ақ жарқын азаматтың жары. Қыста Кеңсу аңғары Тұрдығұл сайын (Шошқа сайын) қыстаса, жазда қазақ мәліге түсіп күнелтетін көшпелі отбасына жатады. Ақай мен Күлештан төрт ұрпақ жалғасады. Үлкен қыздары Бақшагүл Аралтөбе қалашығына тұрмысқа шыққан. Екінші ұлы Жасар Нарат жеріндегі солтанкелді руы тұрдығұл елінен қыз алған. Аты Бигүл. Алардан Нағыз атты ұл бала ұрпақ жалғады. Үшінші ұлы Қайнар үйленбеген. Үй шаруасын ретке салушы. Кезінде Бижиң олимпиясын қарсы алу үшін ұстазы Аллаберген ертіп, әріптесі Думан ілесіп Кеңсу-Бижиңді жаяу жалғап өткен айтулы дала шабантозы. Төртінші қызы Бұлбұл Шинжияң педагогикалық университетін бітіріп, қазір Бұратала жерінде үкімет қызметін адалдықпен атқарып келеді.

Таңжарықтың екінші әйелі Бәти Ұлы жүз ішіндегі суан руының қызы. Бәтима (Бәти) Қазақстан республикасы Семей облысы Аягөз ауданының тумасы. Оқыған, көзі ашық, көңілі ояу, ақылды, жас кезінде өте сұлу әйел болған әбзал жан. 15 жасында Қазақстан республикасы Алматы облысы Жаркент ауданында тұратын Байсерке атты бай кәсіпкерге ұзатылады. Ол кісіден үш балалы болып, ұлы ерте шетінеп кетеді де, Сәлима, Сара атты қыздары қалады. Байсерке биді інісімен бірге 1928 жылы бай саудагер есептеп, Сібірге жер аударады. Бәти анада бір мезгіл түрмеге отырған соң босап, колхозда жұмыс атқарады. 1933 жылғы ашаршылық кезінде күйеуінің туыстары өтініп, екі қызымен Жоңго жеріне, Қорғас шегарасынан Ілеге өтеді. 1934 жылы Құлжа қаласына кіріп, жұмыс іздейді. Бұйрық болып, Құлжа қаласында Тайжарық Жолдыұлымен 1935 жылы бас құрайды. Жуырда бұл кешірмелер жайлы Шара Таңжарыққызы қызықты дерек таратты: “Сол кезде үлкен қызы Сәлима 13 жас, кіші қызы Сара 11 жас шамасы болған. Жесір әйел жетім баламен ол жақта да көп қиындық кездескен. Дегенмен анамыз 1934 жылдары әупірімдеп жүріп, Құлжа қаласына жетіп қоныстанады. Сол аралықта бір үзім нан үшін жанталасып жүріп, үлкен қызы Сәлиманы тұрмысқа беріп жіберген екен, енді кіші қызы Сараны Құлжадағы қыздар гимназиясына оқуға түсіреді”[5,6]. “Мен 1937 жылы туыппын. Атымды әкем «Шарафат» деп қойған екен. Бірақ әдетте «Шапай» деп еркелетіп атап кеткен. Сондықтан түрмеде отырып елін, балаларын сағынып жазған толғауында (“Амандасу” атты толғауы Н.Д.) мені кейде Шапай, кейде Шарапат деп атайды”[5, 3]. Бұл екі әңгімеде дерегі ашылмаған түйінге жатады. Елімізде Тәкеңнің екі қызы мен екі ұлы барын таниды. Кезіндегі замандастары да Бәтиден ерген Шара мен Сара атты екі қызды есейткенін жазады. Ырымбек, Әсейін ақсақалдарда естелігінде үш қыздың болғанын айтқан емес. Аңғарлы ақын Тәкеңде ешбір өлеңінде Сәлима атты қызды ауызға алмайды. Ақын артында қалған фотоларда портреті ұшыраспайды. Егер ол Іле өңіріне немесе Шыңжаң өлкесіне ұзатылған болса, дерегі неге шықпайды. Ұрпақтары неге қозғап, тегін тектемейді. Аталған мақаласында кейуана Сараны өзінен 14 жас үлкен екенін, қазір Алматыда түрып жатқанын, 76 жасқа келгенін маңызды дерекпен жеткізеді. Ал Тәкең бәтиден ұрпақ көргені жөнінде ешбір жазба құжат, жанды айғақ жоқ. Нақ сөз Бәтиден Таңжарық ұрпақ көрмеген. “Уәлихан ағайым менен үш жас үлкен еді” деп жазады. Уәлихан 1929 жылы немесе 1930 жылы туылса да жеті жас үлкен болып шығады. Бұл сілтеме жаңсақ айтылған деуге болады. Ақын өмірінен сыр шертетін суретте Таңжарық, Бәти, Сара  үш жан бірге түседі. Бұл сурет Тәкеңнің Бәтимен жаңа қосылған кездегі кескіні болуы керек. Ал өлең шумақтарында Шараны ауызға алып кетеді. “Қоштасу” атты өлеңінде былай жырланады:

Хош аман бол көргенше,

Қыдырбек пен Қанағат.

Бәти, Шапай, Сараны,

Таныс қып елді аралат.

“Таңжарық шығармалары. №1 том”

Бұл өлең жолдарында ақын жақын жамағайын туыстарына жанұясында қалған үш жанды сеніп тапсырады. Шараның есімі Шапай деген еркелеткен атпен беріледі. Ал кейбір өлеңде Шараның аты аталмай қалады. Мәселен, ҚР Алматы “Жазушы” баспасынан шыққан “Таңжарық жолдыұлы шығармалары” деген кітапта мынадай жыр жолдары алынады:

Артымда жылап қалды Бәти, Сара,

Атанып жесір қатын, жетім бала.

Оқыған құрандарың болсын маған,

Жүре көр көздеріңнің қырын сала.

Бұл шумақта барлық туысқандарына Бәти мен Сараны тапсырады. Құшағына алып, әлпештеп асырау жөнінде ақ жарма көңілін арнайды. Шара қызы айтылмай қалады. Шындық керек, Шара болса не Бәти ананың алғаш ұзатқан қызы Сәлиманың ұрпағы, не бір құрсақтағы әпеке, сіңілдерінен Бәтидің бауырына басып алған қызы. Көп санды ізденушілердің пікірі Шараны Сәлиманың қызы екеніне төңіректейді.

Бәти Таңжарық түрмеге тоғытылғанда Іледе Әбдіқадырдың мұрындық болуымен Қасымажы ұрпақтары Бәти мен баласы сараны еліне көшіріп әкеліп, Қасымажы атындағы интернетке ұстаздық жұмысқа тағайындайды. 1945 жылы сады руы Бәтиді Қүнеске жөткеп кетеді. Сады елінде Таңжарық түрмеден шыққан соң, қайта қауышады. Уәлихан ұлын асырайды. Бірнеше панасыз баланы да бағып алады. 1963 жылы Қазақстанға қоныс аударады. Бір деректе ҚР Алматы облысы Жәркент ауданы Қоңырөлең ауылында жан бағыс үшін бір жалғыз бас суан шалмен бірге тұрады[7, 181]. Кейін  Сараның қолына барады. 1985 жылы Алматыда қайтыс болады.

Сара-Бәтидің екінші қызы. Қаламгер, өнерпаз Бұқара Тышқанбаевтың адал қосағы. Бұқара бұрынғы әйелімен отаса алмай, екінші рет төсек жаңғыртады. Қазақ елінде Сара Таңжарыққызы Тышқанбаева аталады. бір қыз, бір ұл екі құрсақ көтереді. Аттары Мәншүк (Мәнсия) атты бір қызы, Мәнел атты бір ұлы бар. Сара 2011 жылы өмірден озады.

Шара 1956 жылы Бейжіңге оқуда болып, бір жыл Пекин ұлттар университетінде ханзу тілін меңгереді. Сосын орталық педагогикалық университетінде ұстаздық білімін тереңдейді. Аталған жоғары оқу орнын 1962 жылы бітіреді. Оқу тауысып, ұзақ өтпей Үрімжі қаласына келеді. Шегарадан өте алмай Шинжияң университетінде ұстаздық жұмыс атқарады. 1986 жылы және 1989 жылы екі рет Алматыға қонақ ретінде барып қайтады. 28 жыл елде Үрімжіде тұрып, тұрмысқа шығып төрт ұрпақ сүйеді. Оның жолдасы Назым Қанапияұлы. Алтай қаласынан шығып, жоғары оқу орнын бітірген соң, Шинжияң ұйғыр автономиялы районы денсаулық сақтау меңгермесінде қызмет атқарады. Әкесі Қанапия мен Ағасы ғалым оқымысты болыпты. Шара Назыммен бірталай жыл тұрмыс құрған соң, некеден ажырасып, бөлек тұрады. 1990 жылы Кеңес Одағы елшілігінің тікелей араласуымен, Кеңес Одағы азаматы ретінде ата мекенге қоныс жөткейді. Алматыда ҚазМУ-ға жұмысқа орналасады, баспана беріледі. Төрт баланың тарихын Шара апа былай әңгімелейді: “Төрт балам бар. Үлкен ұлым мен қызым Қытайдан университет бітіріп келген-ді. Бірі – Бейжіңдегі халықаралық радиода ағылшын тілінде диктор, енді бірі – медицина саласының маманы болып жұмыс істеген болатын. Келе сала екеуі де мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Ал кіші қызымның екеуі де Алматыда мектеп бітірді және бірі Түркияда туризм мамандығы бойынша оқу бітірсе, енді бірі ҚазМУ-дің халықаралық қатынас факультетін қызыл дипломмен тәмамдады. Бәрі де қоғамда өз орындарын тапты. Өзім 4 жыл ҚазМУ-де және Шет тілдер институтында оқытушы болып жұмыс істедім. ҚазМУ-ден зейнеттік демалысқа шықтым. Қазір жасым 76-да, Алматыда тұрамын”[5, 3]. Бұдан күйеу бала Бұқарадан бір ұл, үш қыз жалғасқанын білуге болады. Нәдия қатарлы төрт ұрпағы да Қазақстан жерінде еселі үлестерін қосып келеді.

Таңжарық кемеңгер, көреген жан. Ақ жарқын мінезі, жомарт пейілі айналасына мейірім шуағын төгеді. Аялы алақаны сансыз жүрекке сәуле шашады. Ол жол сапарда жүргенде жетім мен жесірге көмегін аямайды. Балажан адам өз құшағына Сара, Шара (Шапай), Нұржігіт, Қайша, Тұрдақын, Кәрім, Сәлім атты өз ұлты мен өзге ұлт балаларын отбасына әкеліп, ержеткізеді. Әкелік қамқорлығына алады. Өзі түрмеге айдалып бара жатқанда жанашыр жас буындарды және әріптестерін еске алады:

Тұрысбек пен Қанағат,

Уәлихан пен Әділбек,

Қыдырбек қалды Аманат.

Деген тіркес сол ақын жанының елжіреген ақ жарма көнілі. Туыстарын қимай бара жатқан өксікті өкініші.

 Бұл ұрпақтардан Сара, Шарадан соң, Нұржігіт деген есім маңызды. Тәкең Мақсұт ақалақшыға хатшы бола жүріп, ол кісінің жұмысы Құлжа қаласына жөткелгенде бірге келіп, хатшылық, тілшілік, шығармашылық кәсібін жалғастырады. Сол шақта Уәлиханға серік болуға жарайтын Нұржігітті көшелерде кәсіп істеп жүрген жерінен бағып алады. Бәлкім қырғыз жігіті болу ғажап емес. “1920 жылдары Қырғызстаннан келген саудагерлерден Құлжа қаласында бір бала қалып қояды. Қаладағы бозаханаларда қайыр тілеп жан бағып жүреді. Кейін Күнестен келген Таңжарық ақын осы баланы-Қырғыз жігітті Күнестегі үйіне алып кетіп, бала қып алады, оқытады”[8, 65].

Нұржігіт Таңжарықұлы ақын тәрбиесі, ақ қол ана Батидің мәпелеуінде ауылдық орындардан білім алады. Кейін Қазіргі Үрімжі қаласы мен Санжы хұйзу автономиялы облысының арасында ашылған Дудыңқы районында әскери тәрбиеде болған. Ақсақал Абылаш Қасымбекұлының әңгімесінде Дудыңқы мектебі кезінде Қызыл №8 полык деп аталады. Құрамы советтен келген жасақтармен толысады. Қазақ жастарынан аңғарымды азаматтар осы мектепте білім алады да арғы бетке өтіп кетеді. Нұржігіт бір мезгіл қалып қояды. 1943 жылы Құмылда жұмыс жасайды. Бұл жерде Шара апай мен ел айтқан Уәлихан Үрімжіде оқыды деген сөз Нұржігіттің өмір деректеріне алмастырылғаны белгілі. Ұзақ өтпей совет жеріне оқуға кетеді. Белді институт тауысып, кеңес үкіметінің құрамында жұмысқа тұрады. Тешкентте комсомол одағының белді қызметкері, аудармашы болып жұміс атқарады. Еліміз азат болған соң, Құлжаға қайтып оралады. Сол кездегі үлкен білім ордасы Ахметжан Қасыми атындағы педагогикалық мектепте оқытушы болады. Кейін нақты жұмысы кожалық бөлімі, жатақхана ісін басқаруға алмасады. Аты шулы “Мәдениет зор төңкерісі” тұсында ауыр соққыға ұшырайды. Жалған жала мен орынсыз қуғындауға төзе алмай төңкерістің соңын ала Іле өзініне өзін тастап, пәни өмірмен қоштасады. Іле өзені бойынан екі күннен кейін табылып, ісіп-кепкен денені мектеп ауласына әкеліп, өз отбасынан шығарады.

Нұржігіттің әйелі Сәдет Мәлікқызы. Сәдет Іле қазақ автономиялы облысы ән-би әнсәмбілінде ұзақ жыл кәсіптік биші болып мәндет атқарды. Қазір құрметті пенсионер. Артында үш баласы ұрпақ жалғайды.  Бақытжан (Бақтияр), Нұрлан атты екі ұл мен Сайра (Сәней) атты бір қызы Қазіргі күнге дейін Құлжа қаласында өмір сүріп, Тәкеңді еске алып келеді. Кей кітапта Бақытжан мен Сайраның атын Алмастырып, Бақтияр немесе Сәней деп алады. Бұны нақтыласақ үлкен ұл Бақтияр емес, азан шақырып қойған аты Бақытжан. Ал кіші қыз Сәней емес, Сайра деген атпен жазылып келуі керек. Өйткені Сайрамен бір орында істеп жатқандықтан оның өз аузынан растадым. Үлкені сады руының шежірелік кітабында Бақтияр Таңжарықұлы деп атасының атымен аталып жүр. Дұрысы Бақытжан Нұржігітұлы болып келуі керек.

Бақытжан Қүнес ауданы Зекті ауылындағы есенгелді ұрпағы қонақбай ауылының қызы Мінаш Дәулетқызымен (1966 жылы 30 Қыркүйек туған) отбасын құрады. 1991 жылы 24 қазанда Сәбира атты қыз сүйеді. Бақытжан әйелімен ажырасып, кейін 2005 жылы 20 тамызда бақилық болады. Сәбира Қырғыз жігіті Қанатқа тұрмысқа шығып Текес ауданы Қөктерек қырғыз ауылында тұрып жатыр. 2013 жылы 4 қаңтарда Әсия атты қызы дүниеге келді. Екінші ұлы Нұрлан Тұрдығұл руынан қыз алған. Аты Жайна Зұрманбекқызы. Есіл атты ұлы, Елина атты қызы өсіп келеді. Ал Сайра Нұржігітқызы Ержан Тоқтасынұлы (1962.5.6-) атты жігітпен некеленеді. Қазір Сайра Іле педагогикалық институтының елпек қызметкері. Ержан Құлжа қалалық бажы мекемесінде бір мезгіл істейді. Кейін ішкі пенсияға шығады. Сайра аталған университетте әлі жұмысын жалғастырып келеді. Нұржігіттің күйеу баласы Ержаннан екі қыз, бір ұл тарайды. Сымбат 1992 жылы 22 маусымда туылған. Қазір Іле медитсина коллажында доқтырлық мамандықтан білім алуда. 1996 жылы 18 наурызда туған ұлы Ермек толық ортаның бірінші жылдығына түсті. Кенже ұлы Ерназар Алматы қаласында 2007 жылы 13 қыркүйекте туылады. Олар қазір Құлжа қаласында тұрады. Ержан мен Сайраның балалары оқу жасында және бала бақшада тәрбиеленіп келеді.

Таңжарық ақынның тағдыры күрделі, өнері өнегелі, отбасы берекелі өтеді. Жеті жылдан артық түрмеге жатып, талантын ұштайды. Алғашқы жары ерте дүние салып, тағдыр тәлкегін қайсарлықпен көтереді. Бәтимен жанұя шаттығын құрып, екі жарлы жұбайлар талай ұрпақтың болашағына шамшырақ жағады. Қалталы бай болмаса да ел жүрегінен орын алады. Қайырымды жұмыс жасап, қарапайым ақ еділ қасиеті соңғы буынға үлгі қалдырады. Таңжарық 1947 жылы 6 тамыз ескі сырқаты қозғалып Күнес ауданы Бестөбе ауылы Шақпы ішіндегі сады руының жайлауында көз жұмады. Бұл өңір кейін “Таңжарық өлген сай” аталады. Ақын қабыры Шақпы ішіндегі Қорысбай сайының аузындағы (Талдыбұлақ) тепсең жер сады руының мазарлығынан бұйырады. Тәкең ғұмыры таусылғанмен, өнердегі ғұмыры таусылмайтын оқулық. Соңғы тұяқтары жалғастыратын өлшеусіз өмір. Бұны әрбір оқырман танып біліп, ақын отбасына қатысты деректі жиып, нәсихаттауға бар ынтамен қатынасуға міндетті саналады.

 Пайдаланған әдебиеттер:

1.Таңжарық Жолдыұлы. Таңдамалы шығармалар. №3 том. ҚХР ШҰАР Үрімжі. Шинжияң халық баспасы. 1985 жыл. С: 98 беттерде.

2.Қазақ әдебиет тарихы. Таяу, қазіргі заман әдебиет бөлімі. №3 том. Оқу құралы. ҚХР ШҰАР Үрімжі. Шинжияң халық баспасы. 2003 жыл тамыз. С: 128-129-беттерде.

3.Серәлім Таласпай ұлы. Тұңғыш жары кім болған Таңжарықтың. ҚХР ШҰАР Үрімжі. “Мұра” журналы. 2005 жыл №3 сан. С: 10 бетте.

4.Қ:Жақып Жүнісұлы, Абылаш Қасымбекұлы. Таңжарық шығармалары. Беташар сөз. ҚХР ШҰАР Күйтүн: Іле халық баспасы. 2009 жыл 10 ай. С: 6 бетте.

5.Шара Таңжарыққызы. Алмас қылыштай жарқылдап өткен дүлдүл ақын. ҚР Алматы: “Жас қазақ” гәзеті. 2013.02.08. 2013.02.15. С: 6-бетте.

6.Қызай дербіс сады шежіресі. ҚХР ШҰАР Құлжа: Іле педегогикалық институты баспасы. 2012 жыл 3 ай. С: 45 бетте.

7. Амантай Нысанбекұлы. Таңжарық отбасының тарихы. Таңжарық шығармалары. №6 том. ҚХР ШҰАР Күйтүн: Іле халық баспасы. 2009 жылы 8 ай. С: 181 бетте.

8.Оразанбай Егеубаев. Таңжарықтану. Таңжарық шығармалары. №5 том. ҚХР ШҰАР Күйтүн: Іле халық баспасы. 2009 жылы 8 ай. С: 65 бетте.

Күләш Уәлиханқызының отбасы

Бөлісу: