Таңжарық және оның жасампаздығын зерттеудегі бірқанша мәселе

Таңжарық және оның жасампаздығын зерттеудегі бірқанша мәселе

Таңжарық және оның жасампаздығын зерттеудегі бірқанша мәселе

 

Тұрсынәлі Мусаұлы Қашқынов

 

Ендік – бойлық сөз : мақаламызда Таңжарық, Таңжарықтың ақындық табиғаты, және оның жасампаздығын жүйелі зерттеу қатарлы мәселелер үстінде қысқаша сөз болады.

 

  • Таңжарық туралы толғаныс

      1993 жылы наурыз айының 15 жұлдызы қайталанбас ақын Таңжарық Жолдыұлының дүниеге келгендігінің 90 жылға толу күні. Бұл күнді өз басым еске алып, бірер мақала жазуға талпынсам да, ардагер ақын жасампаздығына қаламымның қарымы жетпей бір қыдыру уақыттан бері іштей толғанып келдім... Дара тұлғалар жөнінде алғанда дәуірдің қажетіне сай бірді-екілі мақала жаза салу әрі оңай әрі қиын. Оның оңай болатыны: әйтеуір тілектестік білдіріп, зерттеусіз одан-бұдан үзіп жұлып, жаза беретін болса «арзан қол» мақала дегенді баудай түсіруге болады. Ал қиын болатыны дәуір талабын қанағаттандыратын өміршеңдік құны күшті зерттеулер қашанда көлемділігімен өлшенбейді, қайта ондағы соны көзқарастардың заңғар биігі арқылы өлшенеді. Мұндай ғылыми мақалаларды жазып қалдыру – аз күнгі қызбалықтың жемісі болмаса керек...

      Адамзат әулеті жаралудан бұрында, кейін де тарих тасқыны мен мәңгілік созылған дәуір ағысында сан таулар көшіп тегістеліп, сан төбелер шөгіп, ғайып болып кеткен де болар... Ал Отанымыздың батыс солтүстігіндегі Тәңір тауына қарасаңыз: аспаннан түскен самұрықтай қанатын кең жайып, ту бастан қазірге дейін мұз құрсанып, қар жамылып, бауыр айы жасыл алқаппен көмкеріліп, өзінің мызғымас айбатты тұлғасын ғасырлар бойы мәңгілік әйгілеп келеді. Сөйтіп ол ұлы Отан мақтанышына, қайсарлық пен жасампаздықтың символына айналды. Таңжарық жасампаздығы да әне сондай Тәңір тауына ұқсайды. Ол өз басынан сұрапыл дауылдармен қиян кескі күрестерді өткерсе де, өз бойындағы асыл қасиетін жоғалтпады. Заңдылық пен қасырысқан ат төбеліндей ұрма жық әперпақан күштерде Таңжарық туындыларын халық жүрегінен өшіре алмады. Қайта оның туындыларының өміршеңдік кұны уақыт өткен сайын жоғарылап, халықтың рухани жан дүниесін жаңарта түсетін асыл қазынаға айналды.

      Таңжарық Жолдыұлы халықтың еңсесін басып, тынысын тарылтқан мешеу қоғамнан серпіле шыққан алғабасар ардагер; өз заманының озық идеясын өн бойына сіңірген Отаншыл қайраткер; қытай қазақ әдебиетінің негізін тұңғыш өз туындылармен қалыптастырған қайталанбас дара тұлға; ұлы төңкерісшіл демократ ақын. Біз бұл көзқарасымызды мына жақтардан дәлелдей аламыз. Бірінші, Таңжарық Жолдыұлы 1903 жылы 3 айдың 15 күні Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Күнес ауданының Қамысты деген жерінде дүниеге келді. 1910 жылдың алды-артында өз ауылындағы Мыңбай молдадан① араб әліппесі негізіндегі Шағатай жазуында хат танып сауатын ашты. 1916 жылға келгенде болашақ ақын Әбділмәжейіт, «әпендіден»② ислам діні, арифметика, тарих, жағрафия(география) қатарлы пәндерді оқып, білім алды. 1917 жылы Күнестің Шақпы деген жерінде ашылған алғашқы медреселік мектепке түсіп, шығыс мәдениетінен хабар тауып, қазақ ұлтының фольклорінен нәр алды. Ол сол тұста дін оқуын оқып, молда болудан безіп, жаңаша білім жолын қууды түп мақсат етті. 1919 жылдан 1922 жылға дейін Таңжарық Күрешуе таңына③ оқуға түсіп, қанзу (қытай) тілін үйретумен бірге қоғамдық жаратылыстық ғылымдардың бірқанша саласынан білім алып, өзінің көз аясын кеңейтті. 1922 жылы 11 айда Таңжарық Қазақстанға барып, 1925 жылдың ақырында туған жеріне қайта оралды. Ақын бұл жолғы сапарында марксизм-ленинизм қағидаларынан совет қазақ әдебиетінен және қазақ тіліне аударылған орыстың классик шығармаларынан мол мағлұмат тапты. Міне осындай ақынның ақиқат жолын іздеп құлшыну барысы ақын жасампаздығының алаулай түсуіне ерекше ықпал көрсетті.

     Екінші, Таңжарық өзінің 40 неше жылдық азғантай өмірінде халық жаулары жағынан қараланып, әділетсіз үкімет жағынан екі рет түрмеге отырды④. Алайда жан түршігерлік қинаумен қорлау азамат ақынды әсте жасыта алмады. Қайта ақын ішкі жақта іріп-шіріп, зауалға бет алған ГуоМинДаң (Қытай) үкіметіне, елімізге баса көктеп кірген Жапон албастыларына өзінің семсердей өткір пәрменді поэзиясы арқылы қарсылық көрсетті. Сонымен бірге ақын сол бір құбылмалы «лайсаң» қоғамда сақталып отырған алуан түрлі әлеуметтік теңсіздіктермен әділетсіздіктерді жеріне жете шенеді... Әрі халықты ғылым-білімге, еркіндік-теңдікке жебеп, мәдениетті жаңа қоғам құруға жігерлендірді.

     Үшінші, Таңжарық өмірінде жеке бас пайданың жетегінде кетіп, бай-манаптарды жырлаумен өмірін өткізген діншіл, ұлтшыл ақын емес. Ол өмірінің ақырына дейін жетім-жесірлерге баспана, халыққа қамқоршы, ұлттар арасына дәнекерлік рөл атқарып, ұлы Отан тұтастығын бастан ақыр көзде ұстады. Өз әмілияты арқылы өзінің азаматтық, ақындық болмысын әйгіледі. Халық тағдырына қатысты болған келелі істерге бастамашы болды.

     Төртінші, ақын мешеулік пен надандық бұлты қоршап тұрған жағдай астында қытай қазақ әдебиетіне жаңаша төңкерістік стиль қалыптастырып, қытай қазақ әдбиетін стильдік, мазмұндық, көркемдік жақтардан, әлемдік деңгейге көтерді. Міне, осы тұрғыдан алып айтқанда, Таңжарықты қытай қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі деп айту толымсыз. Әрине, бір ұлттың әдибиетін бірер адам қалыптастырып кету – қиынға соғатын іргелі мәселе десек те, Таңжарық Жолдыұлы тұңғыш рет қытай қазақ әдебиетінде лириканы, айтысты, термені және эпикалық дастан жанрын өз қаламы арқылы жаратып кетті. Сондықтан да, ақын Таңжарықты қытай қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі деуден көрі, қытай қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бас уәкілі деп кесіп айту реалдыққа жарасымды.

      Бесінші, Таңжарықтың гуманизмге толы төңкерісшіл демократтық поэзиясына негізделген де, оны әлемдік өредегі ақын деп тану бұдан кейінгі зерттеулеріміздің көкейтесті талабына айналуы керек. Өйткені, Таңжарық қазақ поэзиясы тарихында тұңғыш рет көркемдік өресі биік, төңкерісшіл демократиялық поэзияны қалыптастырды. Осы арқылы Сахарада жасап отырған мешеу халықтың рухани дүниесіне сілкініс тудырды. Ол қазақ халқының ой санасына бұрылыс жасауға талпынуымен бірге, өз Отанымен бүкіл дүние халықтарының да азаттық бейбітшілік таңын аңсай білді. Міне, осы тұрғыдан алып айтқанда, Таңжарық тек қазақ халқының ғана аяулы ақыны болып қалмастан, қайта ол Жонхуа (Қытай) ұлтының да көрнекті ақындарының бірі, әрі Отанымыздың дүние әдебиеті саханасындағы мақтанышы. Ол өзінің өшпес жасампаздығы арқылы қазір де бұдан кейінде әлемдік поэзия аспанының жарық жұлдыздарының бірі ретінде мәңгілік шұғыла шаша бермек.

 

  • Таңжарықтың ақындық табиғаты

      Ақындық – біртүрлі табиғи әуестілік, азаматтық күрес негізінде алауға айналатын ұшқыр ойлы, сезімтал таланттың туындысы. Ақындықтан азаматтықты, ақындықтан ақындық өнерге тән болған талаттылықты бөле қарауға болмайды. Таңжарықты өз көзімен көрген (және онымен бірге болған) педагог Әсейін Жақсылықұлы, ақын Әзизов Қасым (ұйғыр) және Таңжарық туралы көп ізденіп жүрген жазушы Оразамбай Егеубайев қатарлы жолдастардың жариялаған мақалаларына негізделген де, Таңжарықтың жеке өз басы: сері әрі сергек, ашық-жарқын, жұртқа жағымды, кішіпейіл көпшіл, қиуадан сөз табатын шешен болып өткен. Ол әділет алдында ешкімге де бүйрегі бұрылмайтын турашыл болған. Көңіліне жақпаған әділетсіз пиғылдарды ешкімнің қабағына қарамай, айтуға әдеттенген. Оның жүрегінде тиіттей де арамдық, бақай қулық жасырынбаған. Ол жамағат алдында ұстамды, ашық жарқын қасиетті мінез-құлық байқатып, қарапайым халыққа тамаша әсер қалдырған.

      Әрине, ежелден бергі кесек табыстарды қолға келтірген өнерпаздармен ғұламалардың мінез-құлқы тегінен ашық жарқын, көңіл күйі бүкпесіз, ағыл-тегіл болса керек... Мұны дәуірімізде кемелденген «жасампаздық психологиясы» да терістемейді. Жасампаздық қашан да адалдықты қажет етеді. Атаққұмарлық, жасандылық және пайдагөстік желегінде желпілдеу, ақиқатты бұрмалап, орай күтіп, тымырайю – жасампаздық психологиясына жат пиғыл; көре алмастық пен көр соқырлықтың көк тұманына шөгу; іштарлық күндестік әлегінде арпалысу – тек менменшілдерге ғана тән кірпі мінез. Ондайлар әлмисақтан бері, жаңалық жаратып та, ешқандай биікке шығалып та көрмеген, бұдан кейін де солай бола бермек. Ал Таңжарық міне осындай бас пайдашыл «құлғана мерез» пиғылдардан аулақ болғандықтан да, азаматтығы көкірегінде кернеген, жалынды поэзиясы қара түнді қақ жарып, ракетадай өрлеген, жасаған дәуірінің мұз балақ дауылпаз ақыны бола алды.

     Ақынның гуманизм мен табиғатшылдықты центр еткен, төңкерісшіл поэзиясы ақын психикасын тіпті де айқындап тұрады. Өйткені, «туындының мінездемесі» автор мінездемесіне тартып тұрады. Туындаған автордың жан дүниесін дүниеге көз қарасын нені құптап, неге қарсы тұратынын көріп алуға болады. Міне, осы тараптан алып айтқанда, Таңжарық өзінің азғантай өмірінде дүниеге материалистік тұрғыдан ізденіс жасап, ең алдымен туған жері, ұлтын, Отанын сүйе білді. Тар жол тайғақ кешулерде басына төнген қауіп-қатерге қарамай, жаңа демократиялық төңкеріске ат салысты; әлеуметтік күрес барысында басқа ұлттарды да өзіндей көріп олармен етене байланыс жасап, достық қатынас орнатты; жалпыға бірдей қайырымды болды, сөйтіп өзінің азаматтық ақындық сапарында төзімді, табанды болып, адамгершілігі мол, ерлігі зор, тамаша мұрат қалыптастырды. Егер Таңжарық өзінің күреске толы өмір жолында мұндай тамаша мұрат қалыптастырмаған болса, онда оның жасампаздық өресі де өскелең өреге көтерілмеген де болар еді...

      Таңжарық шығармаларының табиғатынан ақынның сезімтал қағлез екенін, көреген ойшыл екенін оңай тануға болады. Ол тек ғұлама ақын ғана емес, Сахарадағы мешеу қазақ халқының санасын жаңартуға құлшынған майталман ағартушы. Оның ағартушылық идеясы ақынның қайраткерлік, суырып салма жыраулық, әнші-күйшілік, күлдіргі актерлік, аудармашы-редакторлық тағы басқа толысқан өнері арқылы халық бұқарасына кеңінен таралды.

     Сол бір басылым өмір сүрмеген кезеңдерде ақын өлеңдері халық жүрегінен терең өрісін алып, қолдан-қолға көшіріліп, ауыздан-ауызға жатталды. Бұл реалдық Таңжарық туындыларының көркемдік-эстетикалық өресі жоғары, өміршеңдік қуаты күшті екенін дәлелдейді.

     Таңжарықтың ақындық болмысына зер салатын болсақ, ол қарымы қайтпас арыны күшті табиғи төкпе ақын. Шабыты келгенде, бірер өлең емес, бірер толғауды да жаза салады. Қиуадан сөз тауып, қиял құдіретіне мінгенде қырғидай шүйіліп, қаршығадай түйіліп, қырандай шарықтап, тебеді де, іледі де алады. Оның өлеңдерінің ой толқыны мен дастандарының сюжет ағысы бірде шуақты көктем күткендей, жадыраған жаз күніндей сезілсе; енді бірде дауылдап, нөсерлеп, борандап, тасқындап барып өз арнасынан аса жөнкіліп, көкжал теңіздей бұрқанып жатады...

      Бұл көзқарасымызды ақын туындылары өзінің табиғи бітімі арқылы еріксіз сипаттайды. Мәселен, оның «ақын сыры» деген өлеңінен мысал алып, талдап көрелік.

«Ақынға жағар жұрттың тыңдағаны,

Ол сонда өршеленіп, шыңдалады.

Ойы ашық, сөйлеушісі дана болса,

Сол кезде сөз дәмді болып тыңдалады.

Негізін әр нәрсенің білу керек,

Сыртында пышақ сынса, қын қалады.

Әдеті бұл жалғанның әне сондай,

Бір белгі тышқаннан да ін қалады.

... ... ... ...

Ақиқат, анық айтып, шынын сөйле,

Жарамсыз жалған сөзге кім нанады.

Білетін терең сөзді білгіштерге

Жұмбақ сөз, перде ішінде ымдалады.

Көңілсіз, көрсе қызар тез оңғыштар,

Су тимей, жауын жаумай дымданады.

Шыққан сөз білімдіден білгіш көрсе,

Таразы талқысында сындалады.

Ұтылып, неше тасқау өткелдерден

Жалғаны жарамсыз боп шын қалады.

... ... ... ...

Артында ақын өлсе белгі болып,

Әңгіме, өлең, тақпақ, жыр қалады.

Біреуден біреу алып, елге тарап,

Сөйленіп ол әр жерде, жырланады.

Мініскер мінін алып, сынын қосып,

Өң беріп, шырай кіріп, сырланады.

Халыққа айтқан сөзі ұнап тұрса,

Сонда ақын қыран құстай қырланады.

... ... ... ...

Дариға-ай, өтіп кеткен өмірді ойлап,

Төсегім бейне тоғай шырғанағы.

Бір басар бауырына барша жанды,

Аударып дүниенің сырғанағы

... ... ... ...

Бай патша, балуан, мырза, ақын, шешен,

Майданға тас таразы бір барады.»⑤

 

      Мұнда ақын дүниеге материалистік тұрғыда қарап, реалистік тұрғыда ізденіс жасайды. Материяның қозғалыс өзгеріс заңдылығын дәп басып таниды; дүниенің бардан жоқ болмайтындығын біртүрлі формадан екінші біртүрлі формаға айналатындығын, қозғалыс өзгеріс барысында мән мен форма өзгерісінде диалектикалық бірлік сақталып, ақырғы есепте қандай болмасын белгі қалатын, материяның қозғалыс (өзгеріс) заңын тереңнен толғайды. Сонымен бірге, ақын оқырманның көреген болса, сөз қадірін салмақтай білсе,  онда өнерпаз ақынның да өнер жолында шыңдалып халық жүрегінің пернесін табатын данаға айналады; ал ой ашық көкірегі тынысты суреткер болуы үшін, адамдық болмыспен табиғат құбылысын қалт жібермей сезе алатын тереңнен толғайтын білімдік мағлұматпен шеберлікті алғышарт етеді. Сөйтіп, ақын өзіне де, оқырманға да эстетикалық тұрғыдан ауыр талап қояды. Ол халық көңілінде сақталған көкейтесті мәселелерді шынайы сезіммен өскелең өреде жырлай алсаң ғана халық сенің сөзіңді тыңдайды (жалған сөзге ел нанбайды),  сонда ғана жасампаздығың өміршең болады; әйтеуір қашанда сені бағалайды дейтін көзқарастарынан ақын ешбір екіленбейді.

      Таңжарық шындыққа адал, ақиқат алдында екіленбейтін не болса да шынын шеберлікпен айтатын бүкпесіз ақын. Оның реалдық жөнінде майданы берік, туы айқын. Көзқарасы желдің ығына қарай жығылатын құбылмалы емес. Ол дүниеге үмітпен қарайды, болашағына әсте үмітсізденбейді. Дәуір ағысының өткелдерінде жалғандықпен көзбояушылдықтың қашанда күйреп, оның орнын шындықтың басатындығына кәміл сенеді.

      Ақынның жасампаздыққа қарата жауапкершілігі күшті. Ол қолына қалам аларда алдымен халықты еске алып, болашақты көздеу ұстайды... Онан соң, ізденіс жасап, туынды жаратуға құлшынуды дәріптейді. Туындының сапасын халықтың ұнату-ұнатпауы арқылы өлшейді. Ақын өлеңінде өзінің босқа өткен күндерінде еске алып кеййді. Сосын адам өмірінің шектілігіне көз жіберіп, уақыт көзқарасын, дәуір көзқарасын орнатуды насихаттап, адамдық өмірдің мәнімен құнына үңіледі. Осы арқылы ақын адамдық қасиетті қоғамдық қатынастарды және онымен тікелей байланысты болған ұлы табиғат болмысын тұтас тұлғадан алып, сезімдік бояумен суреттейді.

      Таңжарық поэзиясының бейнелеу ерекшелігіне көз жібергенде, тілі түсінікті болып, ақынның ой мақсаты – образбен көмкеріліп, өріліп отырады. Көкейге қонымды келеді де, оңай жатталады. Оның әрқандай шығармасының ой ағыны екпінді, толқынды сезіліп, әрбір мазмұн бір-бірімен тұтасып жатады. Бастан ақыр бір ұйқастың түрленуі, құбылуы арқылы өлең жолдары барған сайын тасқындап; кідіріссіз, үзіліссіз, ақаусыз шығады. Ақын әсте ұйқас шектемесіне ұшырамайды. Тосыннан сөз тауып, кенеттен құрастырады.

      Таңжарық кейбір ақындарымыз сияқты өлең жазғанда қиналып, қырық құрақты жамап-жасқап, кібіртіктеп отырмайды. Ұзақ толғанып, шабыт шақырып та жүрмейді. Оның поэзияға болған шабыты найзағай тездігінде оталып, өзінің қалтқысыз көңіл күйін көктем жаңбырындай төгіп-төгіп жібереді...

      Міне осы тараптан, терең толғанатын болсақ, мейлі қазақ поэзиясы тарихында болсын, мейлі дүние поэзиясы тарихында болсын, Таңжарықтай ақын бүгінге дейін туылып көргені жоқ.  Бұдан кейінде туылуы екі талай. Өйткені Таңжарықтың ақындық табиғаты тарихта өткен әрқандай ақынға ұқсамайды. Жасампаздық шеберлігі жақтан да дара тұрады. Бұл ерекшелік Таңжарық поэзиясының төкпелігінен; ақынның өлеңді тосыннан кенет құрастыратын шеберлігінен; айтыстардағы бәйгені бермейтін дүлдүлдігінен және өлеңдеріндегі бір ұйқастың түрленіп, үндестік тауып бастан-ақыр ұйқасатын бөлінбес тұтастығынан парықталады. Қысқасы, әлемдік поэзия тарихында тосыннан сөз тауып, іркіліссіз өлең шығаратын ақын өте аз болған. Бұған мысал ретінде, арғы заманнан Қытай Таң дәуірінің ақыны Ли Байды (701-762), ғасырымыздан Таңжарықты ғана атап өтуге болады. Қазақ тарихындағы жырауларды төкпе деген күннің өзінде де олардың бәрінің Таңжарықтай «алысқа ұшатын» ұшқыр ойлы бола алуы екі талай... Мұндай төкпелі сипат алатын, жалма-жан өлең құрастыратын «табиғи тума» ақындықты әлемдік поэзияның үш асқары есептелетін Гете (1749-1832), Байрон (1788-1824), Пушкиннен (1799-1837) де табу қиын.

 

  • Таңжарық жасампаздығын зерттеудегі бірқанша мәселе

      Таңжарық – ақындық табиғаты күрделі ақын. Оның жасампаздығының да қыры мен сыры мол. Осы себепті Таңжарық шығармалары қырық жылға таяу зерттелу барысында әр қырынан бағаланып, талас-тартыс тудырып келеді. Бұл бізге Таңжарықтың ақындық стилінің күрделілігін аңғартумен бірге, ақын шығармаларының мазмұндық алабы кеңдігін, құрылымның көп қаттамдылығын, көркемдік өресінің жоғарылығын әйгілеп береді.

      Дүниеге әйгілі шығармалар міне осындай мазмұны бай, құрлымы күрделі, көркемдік өресі «сырлы» болғандықтан да, заманнан заманға жалғасып, әр дәуірден өзіне тиеселі бағасын алды. Датталса да, мақталса да әйтеубір ақырғы есепте өзінің өміршеңдік құнын жоғалтпады. Таңжарық шығармалары да осындай өміршеңдік құнға ие, шөкпес те, өшпес жасампаздық. Ақын шығармалары осындай зәулім тұлғасы арқылы еліміз қазақ әдебиетінің асыл қазынасы болып қалмастан бәлкім ол, ұлы қытай әдебиетінің де тіпті дүние әдебиетінің де қастерлеуге татитын жауһары болмақ.

      Таңжарық шығармаларын жию, баспадан шығару, және оны жүйелі зерттеу рухани дүниемізді жаңғыртумен бірге, әдебиет көркем өнерімізді дамытуға қозғаушы күш болатын келелі мәселе. Өйткені, жүйелі зерттеу жоқ жерде жаңалық та, жасампаздық та жарыққа шықпайтыны баршаға аян, ақиқат.

      Таңжарық жеті, сегіз жасынан бастап өлең құрап, айта алған, әрі жаза алған ақын. Ақынның жасампаздық барысын оның өмір өткелдеріне негізделіп, мынандай төртке жіктеуге болады: 1) 1910 жылдан 1918 жылға дейінгі уақыт – ақын жасампаздығының алғашқы балғын кезеңі; 2) 1919 жылдан 1925 жылға дейінгі уақыт ақынның іздену, білім топтау кезеңі; 3) 1926 жылдан 1939 жылға дейінгі уақыт – ақынның қоғамдық әлеуметтік күрестерге белсене қатынасқан кезеңі; яғни ақын жасампаздығының кемелдену толысып ер жету кезеңі; 4) 1940 жылдан бастап 1947 жылға дейінгі уақыт ақын жасампаздығының ең шырқау өреге көтерілген кезеңі болып табылады. Таңжарық өзінің күреске толы қысқа өмірінде «Ақын сыры», «Арманым менің», «Шын тілек», «Дүние», «Көңілім қатты торықты», «Түрме халы», «Абақтыда кім жатыр», «­Өткен күн», «Іле сипаты» қатарлы толып жатқан өлеңдер мен толғауларды; «Бөрі мен бөрібасар», «Нәзигүл», «Анар сәуле» қатарлы дастандар мен айтыстарды жаратты. Мұның сыртында әлі халық арасынан жиіліп болмаған туындылары тіпті көп, ақынның қолда бар туындыларының мазмұндық көркемдік сипатына әр жақтылы зер салғанда, ақынның жасампаздық стилін жеңілтектікпен тұрақтандыруға келмейді. Мұндай болатыны: ақынның жасампаздық даралығы ұқсастықтан аулақ айқын көрінгенімен бастысы оның дүниеге көзқарасының терең, жасампаздық шеберлігінің «шектеусіз» күрделі болып көрінгендігінде... Ақын көбінше шығармаларында бірде бұрынғыдан тарихи дерек, келелі кеңес берсе; енді бірде өзі жасаған дәуірдің келбетін көз алдыға елестетеді. Сонымен бірге шабыт шалқарында шарықтап, болашаққа да «болжал» жасайды; әрі оқырманын үміткер төңкерісшілдікке баулып, халықшылдық негізінде қалыптасатын өскелең бай мазмұнды демократияны жырға қосады. Сөйтіп, ақын мазмұнмен форманы органикалық түрде қабыстырып, шығармаларында үш өлшемдік кеңістік тудырады. Сондықтан да, Таңжарық шығармаларының оқырман алабы кең болып, оның шығармаларын малшы да, диқан да, жұмысшы да, әскер де, зиялы да, үлкен де, кіші де, ұнатып оқиды. Әр қырынан әр түрлі ерекшелікке ие адамдар өз талғамдарына қарай эстетикалық ләззат алады.

     Таңжарық жасампаздығы міне осындай адамды таңдандыратын «сырлы» ерекшелікке ие болғандығы себепті, ол әр дәуірде халық жүрегінде ұяласа да алайда, ұзаққа созылған «зерттеу» барысында бір бөлім авторлардың зердесі жетпей оған нар күмәнда болып келді. Тіпті кейбіреулерінде ерекше жаңылыс болды, мәселен, «Шұғыла» журналының 1958 жылғы сандарын парақтасаңыз, кейбір авторларымыз сол тұстағы оңшылдыққа қарсы тұру күресінің әсіресе солшылдық ықпалына ұшырап, Таңжарық жасампаздығын қате бағалап, алжасады... Әлеуметтік қимылмен жасампаздықты шатастырып, Таңжарық шығармаларына ала сұра шабуыл жасайды...

      Таңжарық 1947 жылы алтыншы тамызда дүние салған, халықшыл ақын. Оның 1950 жылдардағы кері төңкерісшілдік, оңшылдық әрекетпен ешқандай қатысы жоқ. Зерттермендер қашан да, арадағы келіспестікпен бас араздықты тарихи тұлғалардың жасампаздығына араластырып алмау керек. Егер оны жасампаздықпен араластыратын болса, тарихи сипат алатын «кешіруге келмейтін» ауыр ағаттық өткізеді. Бұл тарихи сабақты бұдан кейін Таңжарықты зерттеуде болсын, қазақ әдебиетін зерттеуде болсын, үнемі еске алып, отыруымыз тиіс.

      Қытай Комунистік Партияның 11-ші кезекті орталық комитетінің 3-ші жалпы мәжілісінің рухы Таңжарық жасампаздығын зерттеуге жаңа көктем алып келді... Содан бергі он бес жылға таяу уақыт ішінде Таңжарық туралы жетпесге (70) жуық мақала жарияланды. Сөйтіп, Таңжарық жасампаздығын зерттеудің үлкен арнасымен жазушы Оразамбай Егеубайевті көш басшы еткен зерттеушілер қосыны қалыптасты. Аға буын, қарт авторлар, Таңжарықтың өмірі мен шығармаларынан тарихи сипат алатын маңызды мәлімет байқатса; орта буын және жас жеткіншек авторлар Таңжарық шығарларының әр қырына қалам тартып келеді. Мұнда Таңжарық шығармаларын зерттеуге белсене ат салысқан авторлар ішінен Әзизов Қасым (ұйғыр), Қабай (сібе), У Шияу Шың (қытай), Уи Жиен Го (қытай), Мөмин Сапар (ұйғыр), Дың Лу (қытай) қатарлы өзге ұлт авторларының өз тіліндегі шығармаларында жазылғанын ерекше атап өтуге болады. Олар жариялаған мақалалардың өресі салыстырмалы түрде өзіміздің бір бөлім мақалалардан жоғары болғандықтан да оқырман арасындағы ықпалы да тамаша болды. Ал қалған алпыстан астам мақаланың жарымыдан астамы толымды болып көрінгенімен оның ішіндегі жеті-сегізін Оразамбай Егеубайевтің мақалалары иелейді. Сонда отызға жуық мақала көтерген тақырыбының үйлеспеуі, зерттеу алабының таяздығы, ортаға қойған көзқарасының үстірттігі, жазылу өресінің төмендігі, мәселеге талдау жасау шеберлігінің доңғалдығы салдарынан әйтеуір кемінде бір жетерсіздік байқатып шикі көрініп тұрады. Тіпті кейбіреулері тілектестік білдіру (бата беру) насихат айтумен тынады. Осы фактілерге негізделгенде, Таңжарық шығармаларын зерттеудегі жетерсіздіктермен әлсіздіктерді мына бірқанша түйінге жіктеуге болады:

      (1) Таңжарық туралы бүгінге дейін бір бөлім жолдастардың танымы дұрыс емес. Бұл ғылыми зерттеумен жасампаздыққа болған танымның мешеулігі әйгілейді. Мұндай танымдағы жолдастар алдымен Таңжарық шығармаларын бір рет оқып шығып, халықшыл (отаншыл) ардагер ақынға болған күдік күмәннан арылуы тиіс. Өйткені, өз ұлтынан шыққан халықшыл (отаншыл)  ардагер алыптарды тани алмаған «мықтылар» қашанда басқа ұлттарды сүйіп, оның ардагер алыптарын қастерлеп кетуі мүмкін емес...

      (2) Таңжарықтың төңкерісшіл демократ ақын екеніне шек келтіруге болмайды. Таңжарықтың өмір белестері мен шығармаларына негізделген де Таңжарық сол тұста басқа себептерден қолға (түрмеге) алынбаған. Оның төңкерістік қимылдары мен жалынды шығармалары сол тұстағы халықтың рухани дүниесін шайқалтып, қоғамда зор дүмпу тудырып, Гуо Мин Даң (Қытай) үкіметі мен жергілікті ірі бай манаптарды үрейлендірген. Ол Үрімжі (Шин Жяң) түрмесінен босағаннан кейін де, ауылға қайтпай Гуо Мин Даң (Қытай) үкіметіне қарсы алғабасар ұйымдарға қатысқандығы себепті, қайталай түрмеген отырып, жан түршігерлік қинауды өз басынан өткерді. Гуо Мин Даң қытай үкіметі жеңіліске тап болғаннан кейін азаттық алған ақын ұзаққа бармай дүниемен қоштасты. Ақын «Абақтыда кім жатыр» деген өлеңінде:

«Жасаған бұл Шиң Жяңда барлық ұлттың,

Демеймін бірі де еркін жасап жатыр...

Күнәсі болмаса да кінәлі боп...

Барлығын Шың Цы Сайың жалмап жатыр» - деп

Гуо Мин Даң үкіметінің кейіп-кеспірін аша түссе; «Арманым менің» деген өлеңінде:

«Аударып фоедалдық өктемдікті,

Қай уақытта атар екен таңым менің.

Қапаста шырылдаған боз торғаймын,

Бұлбұлдай естілер ме әнім менің.

Есе алса, езілгендер зұлымдардан,

Түрленер еді сонда сәнім менің,

Көксеген арманыма жетіп өлсем,

Шірімес қабірғада тәнім менің.» - деп

тас қараңғы феодалдық өктемдік түнінде алау көтеріп, әр ұлт халқының азаттық таңын аңсайды. Ақын және «Шын Тілек» деген өлеңінде:

«Қазақ жүр аңдай жосып тау басында,

Танымай кім дос, кім қас жау қасында.

Ете алмай, тері-терсек саудасында,

Құлағын кім жымитса содан қорқып,

Сындырып қазан менен қау қасында.»

      Өз ұлтына күйінуімен бірге қазақ халқының қанына сінген жалқаулықпен надандықты жеріне жетеп шенеп, қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік және экономикалық жақтағы көтерген дағдылы әдетіне үзілді-кесілді бұрылыс жасауды дәріптейді; әрі ақын қазақ ұлтының ақыл-ой тарихына өз жасампаздығы арқылы пәрменді түрде төңкеріс жасап, қазақ ұлтының ой-санасын дәуірлік деңгейге ұлғайтуды мақсат етеді. Тіпті, қиянға қанат сермеп, ұшқыр шабытқа мінген ақын салт-сана, дін, ұлттық шектеме қатарлы тар өрісті орбитаны жарып өтіп, ұлы Отан топырағында тұрып, жер шарындағы бүкіл адамзат әулетінің достық, еркіндік, теңдік, бейбіттік; сәйкестік, селбестік қатарлы ірі мәселелерін де жырға қосуға талпынады. Сондықтан да, Таңжарық жасампаздығын зерттеуде оны тар өрісті бағалап, шеңберлеуге болмайды. Мәселен, көзқарасымызды айқындай түсуіміз үшін, Таңжарық туралы жазылған мына мақалалардың тақырыбына ғана талдау жасап көрелік: «Таңжарық реалист ақын» («Төңкерісшіл ақын Таңжарық», «Іле халық баспасы» 1985 жыл) , «Таңжарық материалист ақын» («Іле айдыны» 1990 жыл 2-ші сан), «Таңжарық жауынгер атеист ақын» («Іле пед. Институт ғылыми журналы» 1990 жыл 3-ші сан, өңделген нұсқасы 1994 жыл 1-ші сан) т.б мұнда үш автор Таңжарыққа «реалист ақын, материалист ақын, атеист ақын» - деп үштүрлі қалпақ кидіргеннен гөрі, өз мақалаларының тақырыбын «Таңжарық өлеңдеріндегі реализм», «Таңжарық өлеңдеріндегі материалистік көзқарастар», «Таңжарық өлеңдеріндегі атеистік идея» деп жіңішкертіп алған болса, онда бұл ғылыми зерттеудің тақырыптық өлшеміне үйлеседі де, Таңжарық шығармаларын әр қырынан зерттеудің жанды үлгісіне айналған болар еді. Керісінше, автордікін дұрыс деп қарайтын болсақ, онда Таңжарық жасампаздығының зерттелу аумағы өздігінен құрсауланып қалады. Оның үстіне «реалист» атау тек әдебиет көркем өнердің реализм ағымына ғана тәуелді болып қалады да, басқасынан сөз ашу қиынға соғады. Ал «материалист» деген атау көбінше философияда қолданылады да, әдебиет-көркем өнерде атау, ағым ретінде қолданылмайды. Қолданылады дейтін болсақ, тек «материалистік тұрғыда ізденіс жасады» дегендей айтылса керек. Әдебиет-көркем өнер обьектив және субьектив түс алатындықтан, дүние әдебиетінде «материализм» деген әдебиет-көркем ағымы жоқ. Сондықтан да, «Таңжарықты материалист ақын» деу теориялық жақтан алғанда дұрыс емес.

      Ал үшінші мақаланың авторы бұрынғы мақаласында: «Таңжарық Жолдыұлы Қытайдың жақынғы заман тарихындағы көне биология саласының құрсауынан ерте құтылған, және онымен әшкере майдандасқан жауынгер атеист»⑥ десе, кейінгі мақаласында: «Таңжарық Жолдыұлы төңкерісшіл демократ ақын деуден гөрі Шин Жяңда марксизмді қабылдаған тұңғыш қазақ  пролетариаттың жауынгер атеист ақыны»⑦ деп қорытынды шығарады. «Таңжарықты атеист ақын» деген күнде де, оның көне биология саласымен ешқандай қатысы жоқ, Таңжарықтың биология ғалымы емес екені бәрімізге аян. Бұл басылымдағы бапсыздық па? Жоқ әлде автордың өз көзқарасы ма? Оның анығына жете алмадық. Автор екінші көзқарасында логикалық жақтан жаңылады. Өйткені төңкерісшіл демократ ақын Таңжарық әрине марксизмді қабылдаған пролетариаттың жауынгер атеист ақыны да бола алатыны даусыз. Керісінше, марксизмді қабылдаған пролетариаттың «жауынгер атеист» ақындарының барлығы шетінен төңкерісшіл демократ ақын бола алуы екі талай. Сонда автор «төңкерісшіл демократ» деген атаудың қамтитын аумағын өзі де толық түсіне алмайтын сияқты... Оның үстіне әдебиет көркем өнерді зерттеуде «атеист», «атеизм» деген атаулар теориялық термин ретінде қолданылмайды. Ал Таңжарықты «ауыл арасында жүрген халық ақыны», «айтыс ақыны» деудің өзі де Таңжарықтың ақындық табиғатын түсінбестіктен келіп шыққан біртүрлі әбестік...

      (3) Таңжарық жасампаздығын зерттеуде жалпылай шолу сипатын алатын мақалалар көбірек те, жүйелі жазылған зерттеулер оған қарағанда азырақ болып келеді. Таңжарық шығармаларын мейлі қай жағынан талдаса да, мысал оңай табылады. Зерттеушісі тұйыққа тірелмейді. Демек, осыны еске алғанда, зерттеу жағында әр қырынан жүйелі зерттеу әлсіз болды, тереңдеп кете алмады.

      (4) Жун Гуо (қытай қазақ әдебиетінде) белгілі ықпалы бар кейбір оқымысты зерттермендер мен тіл мамандары қалай екені белгісіз бүгінге дейін бірер мақала жариялап, Таңжарықты зерттеуге ат салыспай білместікке салып, жатып алады... Бұл олардың қазақ әдебиетін зерттеуде өздерінің өтеуге тиісті маңдай алды борышын ұмытқандығынан дерек береді. Таңжарық жасампаздығын зерттеу өңірлік шектемелікке ұшырамай, қайта ол тұтас ұлт авторларының да, тіпті туысқан өзге ұлт авторларының да белсене ат салысуын қажет етеді. Бұл елдің тұтастығы. Ұлттар ынтымағы және ұлттар ара әдеби жасампаздықтың алмасуы жағында тарихи маңыз алатын келелі мәселе қатарында қаралуы керек.

      (5) Таңжарық жасампаздығын зерттеуде кейбір редакция орындарының көңіл бөлуі жетерсіз болды. Мақала ұйыстырылмады. Көбінше Таңжарық туралы жазылған мақалалар жарияланбай қақ байланып келеді. Бұл жасампаздық пен рухани мәдениет істеріне жасалған қиянат, басқа ешнәрсе емес. Десе де, Таңжарық жасампаздығын зерттеуде қол жеткізген табыстарды төмендегідей үш түйінге жинақтауға болады:

      (1) 80-ші жылдарда Таңжарықтың «Түрме халы», «Нәзигүл», «Анар сәуле» қатарлы үш жинағымен екі томдық таңдамалылары жарияланып, оқырман қауымының қызу қарсы алуына ие болды. Осы шығармалары негізінде Таңжарықты зерттеудің алғашқы адымда негізі қаланып, «Төңкерісшіл ақын Таңжарық» атты мақалалар жинағы жарық көрді.

      (2) Таңжарық жасампаздығын зерттеуде авторлар қосыны жыл сайын молайып, әр қырынан зерттеудің жіп-ұшы байқалып, жүйелі тармақтап, зерттеуге жол ашылды. Өте-мөте, Таңжарықты өмірбаяндық тұрғыдан зерттеу тамаша табысқа қол жеткізді. Бұған Оразамбай Егеубайевтің «Таңжарықты зерттеудегі кейбір мәселелер» («Шин Жяң қоғамдық ғылымы» 1993 жыл 1-ші сан), «Таңжарық шығармаларын зерттеуге қатысты кейбір пікірлер» («Шұғыла» 1993 жыл 3-ші сан) деген екі мақаласы жанды мысал бола алады.

     (3) Шин Жяң Автономиялы райондық партком мен үкіметтің көңіл бөлуінде Таңжарық дүниеге келгендігінің 90 жылдығы Үрімжіде, ақынның туған жері Күнесте және Іле пдегогикалық институтында салтанатпен еске түсірілді. Ақынның бай мазмұнды жасампаздығына жоғары баға берілді. Институт бұл келелі іске айрықша назар аударып, Таңжарықты зерттеуді бұдан кейінгі ғылыми зерттеу тақырыбының біріне енгізді. Демек, Таңжарықты жалғасты зерттеу үшін, төмендегі бірқанша мәселелерге көңіл бөлуге тура келеді:

      (1) Таңжарықтың халық арасынан әлі жиіліп болмаған басқаларға тәуелді болып кеткен тұрақтанбаған туындылары мол. Мұны реттеп, баспадан шығару Таңжарық шығармаларын зерттеуде кем болса болмайтын басты факторлардың бірі. Сондықтан бұл, зерттермендермен баспа орындарының ерекше көңіл бөлуін қажет етеді.

      (2) Таңжарық таңдамалы шығармаларын қытай тіліне аудару ісі – Таңжарық жасампаздығын жүйелі зерттеуде ерекше рөл атқаратын, уақыт күттірмейтін маңызды мәселе болып табылады. Таңжарық шығармалары қытай тіліне аударылып, жеке кітап ретінде жарық көретін болса, оның оқырманы мен зерттермені табиғи көбейіп, нұр үстіне нұр жауар еді.

      (3) Қазақ тілінде жарияланған бір бөлім өрелі мақалаларды қытай тіліне аударып, қытай тіліне шығатын журналдарға жариялау – Таңжарық жасампаздығын жүйелі зерттеуге түрткілік рөл атқаратын тиімді мәселе. Бұған да елеусіз қарауға болмайды.

      (4) Бүгінгі таңда одан-бұдан мысал алып, бағдарсыз жалпылай зерттеу әдісі ғылыми зерттеудің көкейтесті талабын қанағаттандырудан қалды. Сол себепті, зерттеушілеріміз алдымен ғылыми зерттеудің осы заманғы метологиясына назар аударуы тиіс. Яғни, біз қайсы деңгейде тұрмыз? Өзге ұлттардың зерттеу өресі қай деңгейде кетіп барады? Зерттеу жағында дүниеде қандай зерттеу әдістері бар? Міне осы мәселелерге көз жібергенде ғана, Таңжарық жасампаздығын зерттеуде табан тірерлік дұрыс нысана орнатуға болады. Керісінше болғанда, ізденіссіз жазылған өресіз зерттеулер уақыттың өтуіне байланысты өз құнын жоғалтатыны шүбәсіз. Демек, Таңжарық жасампаздығын мазмұндық тұрғыдан, таяздан тереңге қарай тармақтап, ұлғайта зерттеумен бірге, Таңжарық шығармаларының жанрлық-стилдік, көркемдік-эстетикалық тарабын тұтас тұлғадан қарап, осы заманғы дүние әдебиетінің зерттелу ағыны бойынша жіңішкелікпен бұтарлап зерттеу 90 жылдарда кесек табыстарға қол жеткізудің кепілі болатыны қақ.⑧⑨

 

 

 

 

 

 

Ескертулер мен пайдаланылған материалдар

 

① Мыңбай: тілашар алып үйінде,  бала оқытатын Таңжарықтың алғашқы ұстазы. Ол Ислам діні тарихынан араб, парсы әдебиетінен сауаты бар сол дәуірдің үздік зиялылардың бірі.

② Әбділмәжін әпенді: үй оқытушысы, орыс жерінен қашып келген татар оқымысты.

③ «Күре шуе таңы» сол тұстағы Іледегі жоғары оқу орны.

④ Таңжарық 1926 жылы Іледе, 1940 жылы Үрімжіде түрмеде отырады.

⑤ Мақалада мысалға алынған өлеңдер «Таңжарық таңдамалы шығармаларынан» алынды.

⑥ «Іле пед.институты ғылыми журналы» 1990 жыл 3-ші 4-ші сан 89 бет.

⑦ «Іле пед.институты ғылыми журналы» 1994 жыл 1-ші санға қараңыз.

⑧ Бұл мақала 1993 жылы 6 айда жазылып, 11 айда реттелді.

⑨ Мақаланы жазуда «әдебиет-көркем өнердің жаңа атаулар сөздігі» пайдаланылды.

 

Автор кезінде Іле педагогикалық институт ғылыми журнал редакциясында істеген.

 

Редакциясын қараған Бейсемхан Қауысбекұлы.

 

1993 жыл 11 қараша Құлжа қаласы

Бөлісу: