Таңжарық Жолдыұлының баспа бетін көрмеген әзіл-қалжың әңгімелері мен сықақ өлеңдері
Таңжарықтың кітап бетіне түспеген әзіл-қалжыңдары мен
сықақ өлеңдері
Қазақтың көрнекті ақыны, Қытай қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, Алаш ардагері Таңжарық Жолдыұлының өлеңдері мен әзіл-қалжыңдары елішіне кеңінен таралған. Тәкеңнің кітап бетіне түспеген бір бөлім әзілқалжыңдары мен өлеңдерін Таңжарықпен дәм-тұздас болған саптастасы, Таңжарықты ұстаз тұтқан әрі ақын, әрі шешен өнегелі шәкірттері Ырымбек Сарқұлжаұлы,Құсайын Ержанов, Шәриғат Дәйірбекұлы қатарлы қарт педагог, ағартушы, абыз ақсақалдардың Тәкең жайлы айтып бергендерін оқырман қауыммен бет көрістіруді жөн көрдім.
❖
Ертеде төрт Құттыбайдың ішінде Сады руында Күндебай деген кісі (Таңжарықтың өлеңінде бұл кісінің де аты аталады) аңшы адам екен. Бір күні Күндебай, Таңжарық, Ырымбек үшеуі аң қарап, Көк шоқының күнгей бетіннің астынғы жағында Шақпының суы ағып жатқан, атты адам жүре алмайтын тік жартастағы жалғыз аяқ жолмен алдында Күндебай ақсақал, оның артынан Ырымбек, Ырымбектің артынан Күндебайдың ақ тазы иті еріп, ең соңында Таңжарық келе жатыпты. Бір кезде Таңжарық : “Жасы үлкен ақсақал болғандықтан Күндебай алдыда жүрсін, оған да мақұл. Жасы кіші болсада Қақай бидің баласымын, Сүлеймен болыстың баласымын –деп Ырымбек алдыда жүрсін, оған да мақұл. Сонда менің алдымда жүретін сен кім едің? ” – деп алдында кетіп бара жатқан тазының сирағынан шап беріп ұстап, Шақпының суына лақтырып жіберіпті. Күндебай ақсақал Таңжарықтың тапқыр сөзіне қатты күліпті.
❖
Таңжарық Үрімжінің түрмесінен шығып келе жатқанда туыс-туған, жора-жолдастары алдынан шығып қарсы алыпты. Тәкең бәрімен қауышып амандасып болған соң: “Ауылындағы ақсақалдардың анау барма? Мынау барма? ”– деп сұрап, бір кезде Күндебай ақсақалды сұрайды. Сонда қасындағылар: “Күндебай ақсақал қайтты ”–деп Күндебайдың қайтыс болғандығын жеткізіпті. Сонда Тәкең:
Күндебайдың естіп өлгенін,
Оттығымның білдім сөнгенін.
Алты қабат таралғым,
Үзілгенге сенбедім.
Кебенек киіп кетіп-ем,
Тілеуіңе өлмедім.
Құшағымыз айқасып,
Қолдасып сәлем бермедім.
Дуалы ауыз сабазым,
Сағынып келіп көрмедім.
Күндебай өлді дегенше,
Сол жақта неге өлмедім.
Күндебай қайтса ол жаққа,
Бұл жаққа неге келгенмін?
- деп өксіп: “Күндебай қайтса, менде қайтайын ”-деп артына кері бұрылып, қыстығып жылаған екен. Тәкеңнің осы «Күндебай қайтса, менде қайтайын» деген сөзі күні-бүгін ел аузында жиі айтылады. Тәкеңнің «Кебенек киіп кетіп-ем, тілеуіңе өлмедім» деп айтатыны түрмеге ұсталып бара жатқанда Күндебай ақсақал артынан қуып барып: “Мынау қызырлы Қызай анамыздың қарашаңырағының дәмі, осы дәм бұйырып елге аман-есен орал” – деп Тәкең аузына бір шақпақ құрт салып, тілеулес болғандығынан екен.
❖
Таңжарық 1936 жылы Күнес көлемінде ең алғашқы мәдениет ошағына айналған «Талды-Торан» мектебінде істеп жүрген кезі екен. Бір күні қыста қатты боран болып, мұғалімдер оқушыларды таратып жібереді. Сол күні борандатып Қаракөктің тұқымы, Қазақ-Қырғыз ұйшымасының бастығы Мақсұт келіп қалады, сонымен үйді-үйіне кеткен мұғалімдер бірін-бірі шақырып мектепке жиналған соң, Мақсұттан жасқанып, біреуі қар күреп, біреуі сыпырғыш ұстап, енді бірі пешке отын жағып қарбалас болады. Мұны көрген Мақсұт қатулы бейнеде кеңсеге жиналыңдар дейді, сонда мұғалімдер Мақсұттың алдына келіп тым-тырыс, үнсіз қалады, сол үнсіздіктті бұзып Тәкең бір кезде:
Мақаң келді Торанға,
Қарамай-ақ боранға.
Мақа сізді көргенде,
Ұқсап қалдық бәріміз,
Қасқыр көрген қоянға.
Мақа сізден қорққанда,
Шыбын жанды қоярға,
Жер таппаймыз, ой Алла.
-дегенде Мақсұт күліп кеткен екен. Содан кейін мұғалімдердің көңілдегі күдігі айығып, Мақсұтпен арқа-жарқа әңгімелескен екен.
❖
Ертеде Таңжарықтың Мақсұтқа хатшы болып жүрген кезі екен. Қыс мезгілі болса керек, Мақсұт пен Таңжарық бірнеше жолдастарымен Күнестен Құлжаға атпен жолға шығады. Дөңбазарға келгенде ымырт үйіріліп Майлыаяқ төренің немересінің үйіне қоналқыға барады. Үйге кірген соң Тәкең етігін шешіп, аяғын пешке жылытып отырып: “Майлы
аяғым тоңдың ба, майлы аяғым тоңдың ба? ” – деп аяғын сипайды екен. Таңжарықтың сөзіне жолдастары қысылып: “Аяғыңызды майлы аяғым тоңдың ба деп айтпаңыз, ұят болады, бұл үй Майлыаяқ төренің қара шаңырағы” – дейді екен. Сонда Тәкең дауыстап: “Неге айтпаймын, атағынан ат үркетін Мақсұтқа пәлен жылдан бері хатшы болып еріп жүрген менің аяғым майлы аяқ емегенде қу аяқ деппедің? ” –деген екен.
❖
Таңжарық 1940 жылдың орта шенінде Үрімжі түрмесінде жатқан кезі екен. Түрмедегі қылмыскерлерге тамақ тасып жүретін Сабырхан деген қария Таңжарыққа Махсұттың тергеу бөлімінде қтты қинау көргендігін, қан-жоса болып ес-түсін білмей зузада жатқанын бірнеше ай бұрын көргендігін айтады. Сонда Тәкең әлгі тамақтасушы ақсақалға Мақсұтты енді көріп жатсаң мына қағазды бер:
Ал Мақа ханзадасы қаракөктің,
Хабарыңды білмедім қайда кеттің?
Еш нәрседен таршылық көрмеп едің,
Жүрмісің талқысында бар мен жоқтың?
Сөзіңді ешбір пенде бұзбаушы еді,
Серкесі өзің едің жиын-топтың.
Өзеннің өрге жүзген ағысына,
Кемеңді абайсызда жарға соқтың.
Ес көріп жүруші едім бір өзіңді,
Еске алып өксідім-ау оқтын-оқтын!
Өксідім абақтының бұрышында,
Қоршалған биік дауал қуысында.
Басыңа бәле келсе арашашы,
Бола алмас ағайын-дос, туысыңда.
Бәріде көрген түстей жалған екен,
Бақ-даулет шалқып жатқан ырысың да.
Аманаты арқаңда алты Алаштың,
Аяқсыз қалмаса екен жұмысың да.
Мойыма ертеңіңнен үміт үзбе,
Ғұмырың бір Алланың ұысында.
- деп жазып береді екен. Тәкеңнің бұл өлеңі Мақсұттың қолына тигентимегені белгісіз. Мақсұтта сол жылы қайтыс болады.
❖
Ертеде Әлекен, Ырымбек, Таңжарық үшеуі жайлауда бір үйден қымыз ішіп отырады. Бір кезде қымыз құйып отырған қыздың қолындағы шөміші абайсыздан алдындағы тегенеге (шараға) түсіп кетедіде, қыз : “Ойбай, қыр жаным.” – депті. Сонда Ырымбек: “Ол қандай кісі?” – дейді. Әлекен: “Желке шашты дардай кісі.” -дегенде. Таңжарық: “Жалбаңдап
төмен қарай шапқанында, қалмайды екен артынан екі інісі.” –депті. Сонда қыз құйып отырған қымызын тастай, далаға қарай қашыпты.
❖
Таңжарықтың 1940 жылы көктемде Үрімжі түрмесіне жөткеліп барған кезі екен. Бірнеше күннен кейін түрмедегі қылмыскерлерді сапқа тұрғызып, далаға шығарыпты. Түрменің 6-камерасынан аяқ-қолы кісендеулі, шашы бұырыл тартқан, өңі сынық Жайырбек Сасанұлы шығып келе жатқанын көреді. Сонда Тәкең көңілі толқып, көзіне жас алып былай деп өлеңдетіпті:
Ассалаумағалайкум арыстаным,
Ауыздыққа күш бермей қарысқаным.
Алашқа атың мәшҺүр ақтаңгерім,
Танбаған өр-ылдиға шабыстарың.
Сыпырса талдың бүрін өрген түйең,
Жапырған жылқың ойдың қамыстарын.
Тұлпардың топтан озған бел баласы,
Қараңды көре алмаған жарысқаның.
Жаяуға ат, жарлыға тоннын берген,
Ел-жұртына ес болған данышпаным.
Кешегі бастан таймас бағың қайда?
Күнестей құт мекенің тағың қайда?
Күніне ығай-сығай жиналатын,
Белдеуден ат кетпейтін ақ үй қайда?
Қасыңда тізелесіп отыратын,
Қиғаш қас, бидай өңды Нағым қайда?
Алпысбай, Сатыпалды, Кәрім қайда?
Болатын дертке шипа дәрім қайда?
Жолықсам сұрайын деп жүрушедім,
Жібердің осылардың бәрін қайда?
Баласы қаракөктің әкең Сасан,
Босаймыз бұл бәледен енді қашан?
Адасып жол табудан кесілді үміт,
Алдына өзің шығып бастамасаң.
❖
Бөгенбай руында көкбасы болған сөзі де, ісі де қызық, басына киген жыртық бөрігіне үкі тағып алатын Абданбай деген Таңжарықтың құрдасы болыпты. Ол кісі алып кел, барып келге елпек болғандықтан ақалақшы, зәңгілер қасына ертіп алады екен. Ертеде Дербіс руында үлкен жиын той болады. Алпысбай ақалақшы, Әнкел зәңгі қатарлы ел ағаларының қасында жүрген Абданбай ел-жұртқа айқұлақтанып бала-шаға, қатын-қалаштарға ашуланып қомпылдап ұрсып жүріпті. Мұны көрген Таңжарық құрдасына:
Құрдасым үкілеген тәжі киіп,
Салық салып жүрмісің бәжі жиып?
Ақалақшы, зәңгіге еріп алып,
Құрсағыңа жүрмісің қазы жиып?
Ашуланып Абданбай қомпылдайды,
Бар Дербісті баққандай жаны күйіп.
- деп елді ду күлдірген екен.
❖
Ертеде Шақпының Көрсай жайлауында отырған руы Тастемір болатын Мәйемер деген кісінің үйіне Таңжарық пен Әлекен барса, Мәйермердің үйінде көптеген қонақ болады. Мәйемердің жаңадан түскен келіншегі Рәбиға* кісілерге шәй құйып отырады, бір кезде Әлекен Таңжарықтан сөз шығару үшін: “Мына кісіні танымадық ғой?” – деп шәй құйып отқан Рәбиғаны нұсқапты. Сонда Таңжарық:
Ағам алғаш ағытқан түйме-бауын,
Бұл жеңгем жаңа үзілген піскен қауын.
-дейді екен. Сонда Әлекен:
Сол қауынды құшақтап жатайын ба?
Төсек салып іргеде бие сауым.
-депті. Таңжарық:
Ол қауын сенікі емес, ағамдікі,
Ағам сенің емес қой ата жауың.
-деген екен.
Рәбиға*-Рәбиға Жақабекқызы Жарас руының ішінде Тілеулі болады. 2002 жылы жүз жасқа келіп, Күнес ауданның Тастемір ауылында дүниеден өтті. Бұл кісі де ақын болған, Таңжарықпен бірнеше мәрте айтысқан екен. Ол кісінің өз аузымен айтып берген әзіл-қалжың, өлеңдеріне сәтті түссе арнаулы тоқталамын.
Жинаған: Семсер Шәриғатұлы