Ұлттық жады-қазақы дәстүр

Ұлттық жады-қазақы дәстүр

Аңдатпа: Қазақ ұлтына ғана тән ата дәстүрдің ұғымдық мәні, түрлері және олардың ара қатынасы, ұлт руханияты мен өркениетіне жасайтын игі әсері, ұлттық дәстүрді қорғап, сақтау жолдары, қоғамның, мәдениеттің ұлттық болмысқа жасайтын ықпалы, ұрпаққа жеткізудің маңызы туралы ізденіс жасалады. Мәдениет, өркениет, ұлттық дәстүр, салт, әдет, дағды қатарлы салалардың жеке дара сипаты ашылып, зерделенеді.

  Түйін сөз: Қазақ ұлты, ата дәстүр, салт, ұлттық жады, жаңашылдық,

 

  Қазақы дәстүр-ұлттық мәдениеттің, ұлттық болмыстың айнасы. Ата салт-қазақы болмыс, қазақы дағды. Қазақ дәстүрі деген ұғым тек қана қазақ ұлтының тарихы мен тұрмыс әдетінде сақталған рухани және материалдық қажеттілік саналады. Тарихта адам баласы екі түрлі мәдениетті бастан кешірді. Бірі, рухани өркениет немесе материалдық емес мәдениет. Бұл салаға музика, әдебиет, сәулет өнері, сурет өнері, кескін өнері кіреді. Енді бірі, материалдық мәдениет. Бұған адам баласының тұрмыс дағдысына, шаруашылығына байланысты туған заттық дүниелер мен қажетті бұйымдар, құбылыстар секілді материалдық өркениет салалары жатады. Қазақы дәстүр-материалдық және материалдық емес мәдениеттің толық құрамы, ұлттық жәдігерліктердің ортақ қоймасы. Ұлттық дәстүр-бір ұлыс елдің өзіне ғана меншікті қастерлі тұрмыстық ілімі, мәдениеттік білімі. «Дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар» деген екен дәнішпан қазақ. Қазақы дәстүрдің де жақсы жағы, жаман тұстары өмір сүреді. Қазақ ұғымында жақсы дәстүр, жаман дәстүр, ізгі дәстүр, жағымсыз дәстүр, актив дәстүр, фассив дәстүр, шын дәстүр, жалған дәстүр, жаңа дәстүр, көне дәстүр деп аталып келеді. Анығы дәстүрдің жаманы болмайды. Ұлттық дәстүр бір күнде қалыптасқан емес. Бір дәстүр үлгісі бірнеше ғасырдың екшеуінен өтіп санаға сіңген, тұрмыста қолданылған ескірмейтін жәдігерлік. Әдет 50-60 жыл бойы жалғаса болса, салтқа айналады, Ол салтты бір ғасыр немесе 4-5 ұрпақ пайдаланса, дәстүрге айналады. Дәстүр әдеттен, салттан, дағдыдан парықталып тұратын өміршең мұрағат. Дағды бірнеше жылда, әдет он неше жылда, салт елу неше жылда ұлт болмысына, тұрмысына жалпыласады. Дәстүр болса бір ғасыр мерзімде талдау, тасқаудан өтіп ұлт игілігіне жарайды. Күнделікті тұрмыста бір әрекетке бой үйретіп қалсаңыз «әдеттеніп», «дағдыланып» қалыппын деп жатасыз. Ал салтқа айналған нәрсе ұлт игілігіне жеке бөгенайымен тарайды. Солар жиыла келе дәстүрге айналады. Дәстүрді албаты өзгертуге, жаңалауға келмейді. Оны сол қалпында қабылдап, дамытуға, жаңа заманға бейімдеуге болады. Жаман, жалған, жарыамсыз дәстүр деп жүргеніміз дәстүр емес, әдет пен дағдының көлеңкесі ғана. Өзге ұлттан формалық қабылдаған, жасанды салттардың ел арасындағы кері әсері. Тексіз қабылданған әдет, салт атаулы ұлт болмысына сіңбейді. Солардың дені жағымсыз дәстүрге айналады. Бұлар текті, ізгілікті ұлттық дәстүрімен араласып, дәстүрдің қараңқы және жарық беті ашылады. Қазақ халқы сан ғасырлардан бері қасиетті ұлттық дәстүрінен айрылған емес. Соғыс, ашаршылық, босқындық, бодандық көрген шақтарда да дәстүрін өшіріп, ұмытып көрген жоқ. Бір бөлім әдет, салттарі өзгергенмен ұлттық дәстүр таза қалпын сақтап, жаңа заманда жаңғырып келеді.

  Дәстүр дегеніміз қазақ ұлтының таным-түсінігінде бұрыннан қалыптасқан тарихи құбылыс. Қазақ ұлтының ата-бабасының өмір сүру жолын, тіршілік тәжірибесін, болмыстағы болжамын, сана өлшемін, дала заңын қорытудан келген құнды мәдени мұра. Сан ғасырлар бойы тірнектеп жинап, сұрыптап, сана тезінен өткізіп, бір жүйеге келген, қалыпқа түсірілген ғұмырлық әдет заңы. Қазақы дәстүр-қазақтың еншісі. Өзге ұлтта кездеспейтін ұлттық жады. Ол дербес те, жеке дара да өмір сүреді. Сосын көбіне «салтпен» қатар аталады. Салттың өзі де дербес, дара, жалғыз деген мағына беріп жатады. «Салт-дәстүр» деген атау бір ұлттың дәстүр тағылымының сол ұлтқа бүкілдей тәуелді, дербес еншісі болғанын ұғындырады. Ұлттық дәстүр-ұлтпен бірге өмір сүретін, ұлт өмірінен тамыр алған құндылықтар жиынтығы, яғни ол қазақ ұлтының түрлі тарихи кезеңдерде өмірлік мүддесін білдіріп отыратын, рухани дүниесі мен материалдық мәдениетін айғақтайтын тәрбие-тағылым оқулығы. Тарих пен таным тоғысы, өмір мен уақыт шындығы, талап пен талғам таразысы жаңа дәуірде ұлттық дәстүрді ұлықтап, жаңғыртуға жол береді. Дәстүрді өзгертуге өш мүмкіндік бермейді. Дәстүр өзгерсе, ұлттық болмыс пен рух әлсірейді. Ұлт мәдениетіндегі жарқын көріністер көзден бұлбұл ұшады. Дала заңы-баба заңы. Сол дала заң-жарғылары ұлттық дәстүр мен салттан бөлектеніп кетпейді. Бір тамырдан көктейді. Пифагордың: “жақсы жасалған заңнан жақсы салт-дәстүр артық”,-деген тағылымды түйін сөзі ата дәстүрдің құндылығын растай түседі. Әлихан Бөкейханов: «Қазақтың діннен кейінгі ең күшті құралы-салт-дәстүрі»,-дейді. Ата заң, магиялық дін, ұлттық дәстүр дала мәдениетін қалпын бұзбай бүгінге жеткізді. Жаңа заман-ғаламдық техниканың кезеңі. Жалпы адамзаттық деңгейде ақбараттық жаһандану үдерісі көрініс тапқан заман. Бүгінгі замана жаңалығы әлеуметтік жадының үш сатысына бағынады. Олар: жаһандық деңгей, ұлттық деңгей, жеке тұлғалық деңгей. Осы үш салаға заманалық өзгеріс әсер ете бастады. Әлеуметтік және этностық деңгейде ұлттық сана-сезімнің дәстүрлі қалпын жаңалауға әрекет жасалды. Ұлттық дәстүрді өңірлік ерекшелікке қарай бейімдеп, түсін өзгертуге ұрынған, бояма тәсілдер бой көтерді. Бұл тарихы тереңде жатқан ұлт болмысына салқынын тигізе бастады. Қазақ ұлты әлемде бір қанша мемлекеттерде тұрады. Бірақ дәстүрі жойылып кеткен жоқ. Қазақтар ежелгі ата мекені Іле, Жетісу, Алтай, Сауыр, Сарарқа қатарлы Тұран даласына тән кең байтақ ен даласында жасап жатыр. Он неше миллион жан саны бар бай өлкеде дәстүрдің жоғалуы тіптен мүмкін емес. Ол үшін ең кемелді деген ұлттық дәстүрлерді ұрпақ санасына сіңіріп, оқытып отыру ауадай қажет. Қазіргі күнде көп ескерілмей, еленбей келе жатқан дәстүрлі салалар бар екені анық. Оны жеткізе алмау ұрпақ үшін қиянат. «Елу жылда ел жаңа» деп келетін бабалар сөзі тұрмыстағы жаңалықты меңзейді. Әсте дәстүрдегі шыт жаңа өзгерісті білдірмейді. Жаңа заманда барлық жұрт ортақ қабылдайтын дәстүрлі жағдаяттар болады. Ғұмыры ұзағы ғана ұлттық дәстүрдің алтын қорына қосыла береді. Төменде дәстүрдің ұлт ұлағатына әсер ететін маңызды салалары жөнінде келелі пікір қозғалып, толғамды ой тасталады.

  1. Ұрпақ жалғастығы туралы ұлағатты ұлтық дәстүр тағылымы. Дәстүр бір ұрпақтың туғаннан есейіп ержеткенге дейін санада жаңғырып жатталып жетеді. Болашақ бала ананың алтын құрсағында ұлттық санамен оянады. Анаға беретін құрсақ шашу, жарыс қазан, ананың ақ пейілі болашақ бала бақытына жомарттық пен тектілікті силайды. Ауыр аяқ ана дәстүрлі магиялық сеніммен көк аспанға телміріп, көгілдір айдынды аралап, кең алқапқа мейірін төксе ол құрсақтағы балаға дарқандықты силайды. Ұрпақ шыр етіп дүниеге келгеннен бастап қазақтың қазаны ошақтан түспейді. Жарық дүниеге жар салып туған жас сәбиді қырық күн туыстық мейіріммен ауыл болып күтіп алады. Шілдехана, кіндік той, сүйінші,  бесікке бөлеу, ат қойып, азан шақыру, әлди жыры, бесік керту, қарқынан шығару,  өс-өс жыры, тәй-тәй жыры, сүндет тойы, сапар тойы, тілашар қатарлы сәбилік шаттық жырлары мен бал бөбекке арналған мерекелік шаралар баланы қазақы кеңдік пен мол мейірге баули алады. Бұл дәстүрлер қазір ескерусіз қалып бара жатқандай әсер береді. Бүгінгі жас отау бөбектің кіндігін кім кескенін білмейді. Шипахананың туыт бөлмесінен кіндігі кесулі, омырауы шешулі шығарылады. Баланың кіндігін қазақ емші кесті ме, Орыс шипагер кесті ме бәймәлім. Кіндіктің басын алып, қасиетті жерге немесе табалдырықтың астына көметін дәстүр де өшкіндей бастапты. «Кіндік кесіп, кір жуған» деп туған жерінде қалатын бір түйір дене бөлшегін ұмытқанымыз өкінішті. Бағзы дәуірдегі қазақта болашақ баланың кіндігін елге танымалы, аузы дуалы қарт қария кесуге ұқықты болған. Данаға қарап бала өседі деген дәстүрді жоймау бүгінгі қазақ қауымының ескеруге тиісті ізгі ісі. Қазақ ежелден қыз анасы сиға тартқан тал бесікке баласын бөлейді. Бөбектің бөлену санына қарай бесіктің басы кертіледі. Сәбилік салт жырлары айтылады. Сол ұлттық дәстүрден қара көз балдырғандар жыршы, жырау, айтыскерлік өнерге жүргекте жатып жатылады немесе көкірегіне жаттап жетіледі. Ана зарығып көрген ұрпағын шекесіне қара күйе жағып, бүкіл ауылды аралап, жас босанған аналарға емізіп шығады. Сонда ғана ол баласы қатарға еріп, тоқтап қалады. Қазақ дәстүрінде балаға ат қою өте маңызды саналады. Ел ішіндегі елеулі би, батыр, өнерпаз аузынан ат қойғызып, сәби құлағына үш айғайлатып алады. Қазір бұған мән берілмей барады. Қайдағы ерке, нәзік, еліктеме есімдер қаптап кетті. Атына қарай заты солай болып, ерке, шолжаң, тәкаппар өскен ұрпақтар саны көбейді. Ал шілдехана магиялық дәстүрге құрылса, сапар тойы мен тілашар тойы мәдениеттік дәстүрге жетелейді. Онда ұрпақ ат жалын тартып мініп, «А» деген әріпті үйрену үшін ұстаз тәрбиесін алатын кезеңге өтеді. Бұл қуанышты күндерді алты алаш ортақ тойлау дәстүрі сақталғаны анық. Қазір бұл дәстүрлер еленбей, бөбектің әр жылғы туған күніне арнап, «Туған күн» шаттығы жүрілетін болды. Анығы дәстүр тұрмыста да үнемі қолданысқа түскені жөн.
  2. Ұлттық тіл ұстарту дәстүрі. Қазақ баласын бесікте жатқан кезінен бастап ана тілімен ауыздандырады. Ана тілді білу отбасы тәрбиесімен тығыз қатысты. Ұлттық тілді білмеу-ділді білмеу, дымды білмеу. Жүсіпбек Аймауытов: «Өз тілін білмеген баладан сол ұлтқа жаны ашитын қайраткер шықпайды»,-деп ашық айтып кеткен-ді. Қазақ баласының тілашары-ауызша әдебиет. Ол дәстүрдң бұзып, баланы ғаламторға, құралдық кітаптарға байлап қоюға болмайды. Қазақы ұрпақ ата тағылымын, әженің мектебін алып шығатын болу тиіс. Атаның ақыл, нақыл сөздері, әженің әдемі ертегі, аңыздары балаға қазақ болуды, идеясы азат болуды үйретеді. Ата, әже ақылы арқылы ұрпақ қазақы сөз мәдениетін игереді. «Қазақ тілі-жұмбақ, не айтса, бәрінің шешуі бар, шешуін білуге тырысу керек» (Мәшһүр Жүсіп Көбейов). Сол тілдік жұмбақты ұлкендер балаға өте қарапайым тілмен ұғындыра алады. Сөзтаным – барлық мүмкін ілім-білімді тұтас қамтитын Бестаным (Адамтану, Табиғаттану, Күнтану, Ғарыштану, Құдайтану) ғылымдарының кілті. Бұл бес таным қағидасы қазақтың аталы сөзінен табылады. Рухтық бүкіл жасампаздық (тарих, өнер, ілім, білім, ғылым, тұрмыс, салт-дәстүр, кәсіп, ым, таңба; қысқасы, Дүниеде адамға қатысты не бар, соның бәрі) негізінің де аталы сөзден келетінін ұмытпау керек. Ал бір бөлім жастар қазір сөздік қордан айрылып қалды. Байырғы тіл үйрену дәстүрін бұзып алған соң, тілді шұбарлап сөйлеу кемшілігі туылды. Өз тілін өзі менсінбеу, ана тілді үйренуді өте оңай жұмыс деп елемеу, күнделікті тұрмыста қолдануға немқұрайды қарау қазақы сөйлеу тілін өзгертуге ұрындырады. Қазақы ауыз екі сөйлеу мәнері тілдік дәстүрден алшақтап кетсе қиынның қиыны. Сол үшін жанұя мектебі мығым негіз қалау керек. ата, әже, ана тәрбиесі ана тілді үйретудың берік тағаны. Сол бұрынғы дәстүрді жоймау үшін ұлт болып жұмыс жасау аса зор қажеттілік.
  3. Ұлттық этнопедагогикалық дәстүр жалғастығы. Қазақта тілашар тойы өтіп, барша қауым алдында балаға нұрлы болашақ, ақ жол тіленеді. Сосын әрбір қазақ ұрпағы халықтық педагигикадан сусындайды. Халық педагигикасы дегеніміз-адамның жан әлеміне үңілетін, ішкі рухи дүниесін зерделейтін және тәрбиелейтін ілім. Этнопедагогика-материалдық және этнографиялық заттар арқылы (ұлттық киім, азық-түлік, үй мүліктері, түрлі мәдени жәдігерлік, ұлттық ойын) тән тәрбиесін жүргізетін ұлттық тәлім ошағы. Халық санасынан қорытылған, дәстүрлі тәрбиеге айналған «жаман болады», «ұят болады», «обал болады» деген мағыналы ойлармен түйінделген қазақтың ырым және тиым сөздері-ұлттық педегогиканың басы. Қазақтың ауызша әдебиетіндегі алғыс және қарғыс, ырым мен тиым сөздері бастауыш оқулығына еніп ұрпақ дәстүрлі тағылыммен өзін жетілдіре түсу тиімді. Қазақтың шешендік сөздерін, мақал-мәтелдерін, нақыл, тәмсіл сөздерін жатқа біліп, шешен сөйлеу мәтелін, мәнерін бала жастан үйреніп алу керек. Қазақтың этнопедагогикасына тән дүниелер қыруар санды ұстайды. Қазақы ұлттық киіммен киіну-жаңа ұрпақ атқаруға тиісті борыш. Ұлттық киімді ұлықтап, өлшемді, дұрыс киіну де оларға қойылатын ауыр талап. Отабасында ағаш, фарфор, тері ыдыстың ұлттық, жәдігерлік түрін қойып, ұрпақтң көзін соған үйрету өте қажетті. Ұлттық мәдени бұйымдарды ұлттық мұражайдан көрсетіп, ұрпақтың ұлттық санасын ашып отыру өте пайдалы тәсіл. Мектеп жасындағы балаларға ұлттық ойынмен әрекет жасатып, қазақы дәстүрді ұдайы, жалғаста дәріптеп, ұлттық жадыға сіңдіру керек.
  4. Қазақы той, мереке дәстүрінің тағылымдық құны. Ұрпақ өсіп, ұлғаусар істерге араласып, отау көтереді. Сол барыста түрлі той рәсімдерін күллі қауым шаттықпен тойлайды. Той-қазақтың бірлігі, игілікті істерді бітірудегі ірілігі. Ежелгі қазақ қауымы той, мереке секілді түрлі бас қосулар арқылы ел ішін береке кенішіне бастап келгені белгілі. Сүндет тойы, Оқуға аттандыру тойы, қүда күту рәсімі, ұрын бару тойы, жыртыс той, қыз ұзату тойы, келін түсіру тойы, енші бөлу тойы қатарлы қазақ тойларының өзіне тән дәстүрлі жол-жосындары мен мұралдық, ұлттық қағидасы бар екені анық. Қазақ тарихында дәуір жаңаланған сайын тойдың түрлері де жаңғырып қосылып отырды. Сүйінші тойы, құрсақ шашу тойы, бала асырап алу тойы, ұлға сырға салу, алу тойы, қызға сырға салу тойы, жаңа үй майлау тойы, машина алу тойы қатарлы әр дәуірде түрлі тамашалар жалғасты. Оның көп бөлімі дәстүрге айналып, халық ішінде мойындалды. Ал бір бөлімі әдет пен дағдыдан аса алған жоқ. Қазір сырға салу тойы сәнге айналды. Ал жаңа машина алу, туған күн өткізу кештері ел жүрегіне сіңген жоқ. Жалпы жұрт жат дүниені қабылдағысы келмейді. Бір машина алса бір кезек, бір жылда туған күнін бір рет тойлау дарақылық. Ол дәстүр емес, жаңа заман әдеті. Бұл іс-шараны жалғастырудың реті жоқ. Қазақтың ұлттық мерекелік дәстүрінің басы-ұлыс күні тойланатын ұлық мереке. Ол қазір консерттік бағдарлама ретінде шектеліп қалды. Бұрынғы қалпын бұзбай, ел, жұрт болып наурыз көжесін ішіп, ен дала төсінде тойлануды жоғалптауымыз керек. Сол секілді қымыз мұрындық мерекесі, мизан мерекесі, соғым басына шақыру мерекесі әр маусында еске алынып, алты алашқа жетіп жатуы ғанимет. Тойды шығынға, мерекені консертке айырбастап қоятын жаңа заман ауқымын түбегейлі болдырмаған жөн. Бұл дағдыны ұлт мұратындағы ұлы іс ретінде қарауға тура келеді. Заман өзгерсе де тойдың, мерекенің дәстүрі өзгермей сақталуға тиіс.
  5. Қазақы жерлеу, азалау дәстүрінің түрленуі. Қазақ мәйітті далаға тастап кетпеген. Мифологиялық, магиялық наным бойынша қара жерге қайтарып, көміп жерлеп, қайта түлеу сенімін пір тұтады. Кезінде қайтыс болған адамды шығысқа қаратып, істеткен дүние-мүлік, құрал-жабдықтары, айналасындағы жанашыр жақындарымен бірге жерлесе, кейін қыбылаға қаратып, кебін кигізіп жеке жерлеу дәстүрі орын алды. Пенде пәниден өтіп, бақиға барғанға дейін түрлі азалау жол-жоралғылары жасалады. Қазір соларға ерекше мән беру керек. Қаралы болған отбасы жанашырлары таяқ ұстап жыла, қоштасу айту салтын жалғастыра бергені жөн. Мәлім орындарда бұл дәстүр жоғалып барады. Қаралы болған отбасында жылау, жоқтау болмай, мал сойып мәре-сәре болып жатса ұлт болмысына сын. Сосын қабырды таза ұстау, албаты бұзбау, мүрдені жөткемеу ісі үкімет жағынан қолдау табуы тиімді. Жерлік орын бір қызыл басты құжат шығарып, үлкен қорымды бұзамыз десе, сол іс бір күнде орындалып жатады. Сол қорым көшіруді ұлт басында отырған ақсақалдар кеңесіне салып жатса құба-құп. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген нақыл сөз қабыр басына құран оқумен сабақтасып айтылғаны анық. Қазіргі жастар баба рухын ұлықтай білуімен сыналады. Сол сауапты жұмысты атқарған жастар саны сиреп бара жатқаны өкінтеді. «Өлім байдың малын шашады, жарлының артын ашады»,-деген екен дана халық. Сол үшін артық шашылып, атаққа беріліп кетуге болмас. Қазақы жаназа, жерлеу рәсімі кәдуелгі қалпында өз лайығымен қарапайым өтуді дәріптеу керек.
  6. Қазақы спорттық дәстүрдің деңгейі. Барлық ел халықтары спорттты дәстүрге айналдырып, өз ұлтының атын әлемге пәш етеді. Қазақтың спорттың түрлері мол. Ұлттық ойындардың басым бөлегі спорттық түрлермен жалғасын табады. Қазақ күресі, аударыспақ, теңге ілу, қызқуар, бәйге, көкпар, бұқа тартыс, қол күрес, кір тасын көтеру, тоғызқұмалақ, жамбы ату секілді спорттық бағдармалар тамаша дәстүрі, жаңаша түрлерімен ұлт игілігіне жарап келеді. Қара көз балдырғандардың сау денелі, сапалы, сергек жетілуіне үлесін қоса түсуде. Дей тұрғанмен қазақтың ұлттық спорт ережелері дәстүрден алшақтап, өзге ұлттың спорттық түрлеріне ұқсап кетпеуі керек. Спорттық киімдер, спорттық майдандар, спорттық ережелер, спорттық жүлделер ұлт дәстүрімен жаңғырып жетсе тіпті жақсы. Қазір қазақ күресі дәстүрді бұзбай отырып бір ғылыми арнаға түсе бастады. Қалған түрлерді халқараға танытуда дәстүрлі сипаттың бұзылмауы ерекше талапты қажетсінеді. Сол нәзік түйіндерге дейін қырағы болуымыз тиіс. Бір бөлім жаңа түрлер де қосылды. Қара жорға гемнастика биі соның бір парасы. Спорттық гемнастика ретінде қара жорғаны бүлдіршіндер жаттығу арнасына енгізді. Бұл қуанарлық жайыт. Ал осы спорттық түрдің дәстүрге айналуына бір дәуірлік барыс керек. Оның өміршеңдігін уақыт белгілейді.
  7. Қазақы этнографиялық ауыл құрудың дәстүрлі бейнесі. Қазақ ұлтының салт-санасын тану, өзге елге таныту үшін арнаулы этнографиялық ауылдар бой көтеру керек. Дәстүрлі ауыл тұрмысы бір күнде тіге салған ақ боз үйдің бейнесінен толық көрініп кептейді. Бай мазмұнды дәстүрлі ауыл тірлігі байырғы қазақ тұрмысын көз алдыға келтіретіндей жүйеге құрылғаны жөн. Қаз-қатар тізілген ақ шаңқан киіз үй жасыл жайлау желегі көз тартып тұру керек. Бұл ауыл тынысында қазақ тұрмысының барлық қырлары ашылып жатса игілік. Қазақтың қол өнері, зергерлік, аңшылық, ағашшылық, теміршілік өнері, құсбегілік, күйшілік, жыршылық сынды сан салалы, сәулетті өнер түрлері ашыла түскені жақсы. Қазір ондай кемелді ауыл бейнелері некен саяқ. Тек мұражай түсімен, саяхат көрінісімен жалаң ғана көрсетіп қою сыңайы басым. Бұл істі дереу қолға алмаса дәстүрлі ауыл ажарын солғындатып алуымыз шүбасыз шындық. Ол үшін саяхат орындарын дербестіндеру керек. Әсте таптаурын ортаға айналдыруға болмайды.
  8. Қазақы адами дәстүрдің игі әсері. Имани дәстүр-әдеп, мұрал, тәртіп, этикалық бірліктен құралады. Қазақтың сәлемдесу дәстүрі, алқау алу, сүйінші беру дәстүрі, асар салып, қайырымдылық жасау дәстүрі, үлкенге құрмет, кішіге іззет білдіру дәстүрі әлмисақтан бүгінге жалғасып, таза қалпында жетті. Осы әдеп пен ибаға тән дәстүрлі түсініктерді селдіретіп алмасақ жарар еді. Бір бөлім жастар осы нәзік әдеп-иба ілімін елеп кетпейді. Бұл өзгеріс ұлттық рухани өсу жалына тосқындық жасауы даусыз. Ол үшін әрбір ұлттық тұлға өзінен бастап, есеп алу керек. Ұлт ұрпақтарын тәрбиелеу мектептен, отырған партадан бастау алады. «Мектеп-қазақтарға білім берудің басты құралы. Біздің барлық үмітіміз, қазақ халқының келешегі осында, тек осы мектептерде ғана», деді Ыбырай Алтынсарыұлы. Әрбір ұрпақ партадан адами болмысын орнатып, тіктеп шығуы керек.
  9. Қазақы материалдық, жәдігерлік дәстүрлердің құпиясы. Қазаққа қажетті тарихи ортаның дені тұнып тұрған мәдени жәдігерлікке толы. Тасын сипап қалсаң тарихтан сыр шерткендей әсерге бөлейді. Қазақтың тарихы ауызша тараған соң, нақты деректі тасқа жазылған таңбалар мен ауыз әдебиетінен іздеу жағы басым болады. Осы дәстүрлі тарихи, мәдени орындар өз қолымызбен бүлініп отыр. «Ұшқан құстың қанаты талатын қазақ даласында 52 мыңнан астам ескерткіш бар. Солардың тек екеуі ғана (Қожа Ахмет Ясауи кешені мен Таңбалы тас) халықаралық ЮНЕСКО-ның қорғауына енгізілген. Бұл-өте өкінішті және ұят нәрсе»,-дейді белгілі археолог Зейнолла Самашев. Бұл қазақ еліндегі санақ. Қазақтар қоныстанған елді мекенде және неше мыңы орналасқан. Соларды қорғайтын үлкен жүрек, қайсар тілек болғаны әбзал. Обалар, кешендер, тарихи қала орындары, кеніштер, өстеңдер, жұмбақ жартастар, сынтастар, бұғытастар, балбалдар өз қалпында сақталуы тиіс. Осы арқылы ұлттық тарихтың шындығына көз жеткізіп ізденуге болады.

  10.Қазақы ұлттық өнердің дәстүрлі ұстанымы. Қазақ санасын тез өсіретін рухани әлем-әдебиет пен өнер. Әдебиет пен өнерде, кинода ұлттық дәстүр, қазақы идея мен өрнек айшықталып тұруы керек. Анығы, әдебиет саласында, өнер әлемінде, ұлттық кинода, философия, этика тағылымында болсын ұлттық дәстүр сақталуы тиіс. Қазіргі дәуір-жаһандану кезеңі. Қазір елімізде жасалған санаулы көркем филімнің өзі дәстүрден ағаттық жіберіп жатқаны қарынды аштырады. Көркем шығарма жазғанда да ұлт өркениетіне үйлесетін, дәстүрлі ұстанымы бар тақырыпты көтеріп, қалам тербеу керек. Ұлттық оқу құралын жазуда, құрастыруда қазақы дәстүрлі дүниелердің салмағы басым болғаны орынды. Сол арқылы ұлт ұрпақтарын саналы қазақы қалыпта өсіруге болады.

  Түйін: Қазақ-дәстүрге берік, өркениет ошағында тербетілген ұлт. Өркениет-латынша ұғым. Азаматтық, қоғамдық деген сөзбен барабар. Мәдениетпен мағыналас термин. Ұлт-өркениеттің собиектісі. Ұлт жоқ жерде өркениет болмақ емес. Ұлттық сана өркениетті жұртта өсіп өнеді, ұлттық дәстүрмен бірге орнайды. «Уықты басқұр сақтайды, ұлтты дәстүр сақтайды», «ұрпаққа басқұр қалғанша, қазыналы дәстүр қалсын!» деген екен дәнішпан халық. Сол қадым заманнан жеткен дарқан дәстүрлерді ұмытпай, ұлықтап, аялап істете білу барынша маңызды. Жаһандану үдерісінде бір бөлім дәстүрлер шет қалатыны шындық. «Мәдениет-бұл өркениетті жасайтын да, сонымен қатар оны жойып жіберу мүмкіндігі бар ұлы күш» (М.Б.Туровский). Өркениет өзгергенмен ата дәстүр ұлттық санадан өшпеуі керек. Барша алаш баласының арманы, тілегі осы түйін. Балашақта жатталған ұлттық дәстүр болашақта да даңғыл жолмен үдіре тарта береді. Ұрпақ барда ата дәстүрдің өшпейтініне зор сенім артуға болады.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Рахманқұл Бердібай. Дәстүр қуаты. -Алматы: «Білім», 2005 ж., -312 бет.
  2. Сейіт Кенжеахметұлы. Жеті қазына. –Алматы: Ана тілі, 2000 ж. 136 бет.
  3. Ыбырай (Ибрахим) Алтынсарин. Қазақ хрестоматиясы. Алматы. Білім, 2003 ж. 112 бет.
  4. Ж.М.Есіркенов. Мектепте ұлттық қозғалыс ойындарын жүргізіп, ұйымдастыру. –Қызырорда: Азиат, 2010 жыл.
Бөлісу: